– Исатай өзің Польша, Ұлыбритания, АҚШ елдерінде білім алдың ғой. Жалпы, қазақстандық жастар көбінесе қай мемлекеттерге барғанды жақсы көреді?
– «Біріншіден, оқуға кететін кімдер?» дегенді ажыратып алу керек. Оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – «Болашақ» бағдарламасының иегерлері. «Болашақ» бағдарламасы ашылғалы бері 13 мыңнан астам жас әлемнің 33 елінде білім алыпты. Бұл бағдарлама қазір қазақстандық жастар үшін үлкен көмек болып тұр. Екіншісі – өздерінің қаражатымен барып, жауапкершілікті өз мойнына алатындар. Жастар бірінші кезекте баға мәселесіне және университеттердің танымалдылығына назар аударады. Біздің ұл-қыздар әлі де болса АҚШ пен Ұлыбритания университеттерін идеал санайды. Бұрындары жастар ресейлік оқу орындарына қызықса, қазір ол қызығушылық төмендеген. Себебі, жүйе бірдей – посткеңестік жүйе ғой. АҚШ-тағы бакалавриат та, магистратура да өте қымбат. Англияда бір магистратура бағдарламасының құны – 18 мың фунт шамасында. АҚШ-та магистратура – 2, ал Ұлыбританияда – 1 жыл. Тиісінше АҚШ-қа барып бакалавриат оқитындар 4 жылын сарп етсе, Ұлыбританияны таңдағандар 3 жыл ғана оқиды. Бірақ онда 3 жылға қосымша, faundation (тіл курсы) бағдарламасын өтесіз. АҚШ-та тікелей тіл бойынша оқу үшін Toefl, SAT сынды қиын процедуралардан өтуге тура келеді. Медицина саласы бойынша қазақ жастары Германияға көп барады.
– Азия елдері мен Еуропаның білім беру жүйесінде айырмашылықтар бар ма?
– Азиялық студенттер, яғни, Қытай, Жапония, Корея студенттерінің өзі Еуропа елдері мен Америкаға білім іздеп ағылып жатады. Осының өзінен-ақ қаншалықты айырмашылық бар екенін бағамдай беруге болатын секілді. Бұл Азия университеттері бәсекеге қабілетсіз деген сөз емес. Аталған үш азиялық алпауыт елдерде де әлемді аузына қаратқан оқу ордалары жетерлік. Бұл жерде мәселе тағы айналып мамандыққа тіреледі. Жастар өз мамандығы, өз саласына сәйкес рейтингі жоғары университеттерді таңдайды. Сөйтіп, алдыңғы қатарға АҚШ пен Ұлыбританияның білім беру мекемелері шығып жатады. Қазір Англиядағы танымал университеттердің Сингапур, Малайзия, Корея елдерінде бөлімшелері ашыла бастады. Яғни, сіз диплом алғанда Ұлыбританиядағы университет дипломын алғандай боласыз. Бұл бір жағынан – баға жағынан қолжетімді, екіншіден – Англияға сабылмай-ақ Азия елдеріне бара салуға қолайлы.
Университет таңдау – өзіңізді қай саладан көргіңіз келетініне байланысты. АҚШ-та көбіне практикалық білім беріледі. Бакалаврдың екі жылында профилді көптеген сабақтардан тәлім алу мүмкіндігі қарастырылған. Қалған екі жыл өз мамандығы бойынша тереңдетіп білім алуға болады. Ал Ұлыбританияда басқа сала сабақтарына алаңдамай, таза өз мамандығыңыз бойынша білім аласыз. АҚШ-та инженерлік мамандықтардың мықтылығын атап өтуге болады. Олардың оқу орындары мұнай, газ, инженерия тұрғысынан қатты танымал. Ұлыбританиядағы Кембридж пен Оксфордты ғана жеке-дара бөліп алып айтсақ, АҚШ-та ондай университеттер өте көп. Сондықтан бұл ретте Американың позициясы мықтырақ.
– Өз басыңда алғаш шетелге барған кезде қиындықтар болды ма?
– Шетелге қазақстандық біліммен барып, өзімнің ешкім емес екенімді түсіндім. Мен өте көп қиналдым, көшке ілесу үшін біраз уақытымды оқуға, ізденуге жұмсадым. Менің тобымдағы ағылшындық, ирландық, шотландық азаматтар ол жүйеден хабардар, ал мен үшін бәрі таңсық. Бастапқыда шетелдік академиялық тәжірибем болмағандықтан, қазақстандық көзқараспен бардым. Зерттеуімді, диссертациямды қазақстандық тәсілмен жазатын шығармын деп ойладым. Бірақ уақыт өте олардың жүйесі мүлде басқа екені, зерттеу жасауда өзіндік әдістері бар екенін аңғардым. Онда 2 семестр бойы әлеуметтану бойынша интенсивті түрлі сабақтар оқыдық. Ағылшын жүйесі бірінші кезекте адамды сыни ойлауға үйретеді. Бұл өте керекті инструмент. Ол жерде ауызша нәрсе Қазақстандағыдай басты басымдыққа ие емес, эссе жазып, жазу қабілетіңді ерекше дамытасың. Бірақ арнайы бағдарлама бар, ол бір сөйлем ұрласаңыз да шығарып береді. Батыстық академиялық ортада плагиат қылмысқа саналады. Сондай плагиатпен ұсталсаңыз, батыстық оқу орындарына сіздің жолыңыз жабылды деп санауға болады. Менің диссертациямның тақырыбы – Қазақстанға арналды. Ұлттық бірегейлік мәселесі. Бұл ретте мен қазақстандық және орысша материалдардың бірін де пайдаланған емеспін. Себебі, талап бойынша барлық ақпарат, мәлімет ағылшын ресурстарынан алынуы тиіс. Батыстық ортада Қазақстан, ондағы саяси-қоғамдық бағдарламалар мен мәселелерді кеңінен тарқата зерттейтін ғалымдар жетерлік. Солардың атын атап, түсін түстеп көрсету керек. Себебі, ғылыми жұмыс кез келген уақытта тексерілуі мүмкін. Қазақстандағы ресми құжаттарға сүйене отырып өзім де зерттеу жүргіздім. Ал сабақтар барысында әлеуметтік зерттеу дәрістерінен көп нәрсе түйдім десе болады.
АҚШ-та Оңтүстік Калифорния университетінде бір жыл оқып, академиялық ағылшынды меңгердім. Бірақ магистратурамды Англияда жалғастырдым. Ол жақта магистратура бір жыл болғандықтан сіздің силлабустағы бағдарламаңыз өте тығыз беріледі. Өз басым социология мамандығы бойынша оқып шықтым. Бір жылдың ішінде 180 кредитті жабу керек болғандықтан сабақтан, ізденуден басқа нәрсеге уақыт қалмайды. Өз басым Орталық Азия бойынша зерттеулер, әлеуметтік жағдайлар, ұлттық бірегейлік секілді салаларға қызығушылық танытамын. Бұл салалар бойынша жақсы білім беретін АҚШ-тың таңдаулы оқу орындары бар. Қазір бұл бағытта Жапония, Корея елдері алға шығуда. Күншығыс елінің өзінде Орталық Азия, Қазақстан сынды аймақтарды зерттеумен айналысатын бірнеше институт бар.
– Қазір жастардың шетелге кетуін жаппай сынап жатады. Бұл қаншалықты қорқатын нәрсе?
– Finprom.kz мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанға келген жастардың саны 12 мың адам болса, кеткендердің саны одан екі жарым есеге көп екен. 28 200 жас. Мұны үлкен қауіпті дабыл деп бағалауға болады. Оның басты себебі – Қазақстанда жастарға тиісті жалақы бере алмаймыз. Ал шетелде қаржылық жағдайын жақсартып алады. Сондықтан кетіп жатады. Ол жастардың ішінде шетелдік дипломы бар, соны арқау етіп жұмыс таба аламын ғой деп кетіп жатқандар да бар. Тиісінше қазақстандық дипломы бар және болашақта Қазақстаннан үміт күтпейтін жастар да бар. Және олар көп. Әлбетте, ара-арасында АҚШ-қа барып қарапайым жұмыс істеп, айына 2-3 мың доллар табуға құштар жастар да бар шығар. Бірақ біздің басты қорқатынымыз – интеллектуалдық потенциалы мол жастардың шетел асуы және сол жақта тұрақтап қалуы. Бірақ біздің елде үміт жоқ деп айтуға келмейді. Ғылыми салаға қаржы бөлінуде, ғылымды дамытатын Назарбаев университеті ашылды, шетелден білікті профессорлар шақыртылды, сондықтан бірден болмаса да біртіндеп барлық жағдай түзеледі деген ой бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Абай Аймағамбет
Дереккөз: aikyn.kz