Ш. Құрманбайұлы, С. Исақова, Б. Мизамхан сынды айтулы ғалымдар құрастырған Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігінде: «Вундеркинд – феноменалды ақыл-ойы және шығармашылық қабілеті бар бала» (Алматы, 2019.) делінген.
Қазақ сөздігі (Н. Уəли жəне т.б. – Алматы, 2013.) мен Қазақ әдеби тілі сөздігінің 4-томында (Н. Әшімбаева және т.б. – Алматы, 2011.) оған: «Өз жасына сәйкес емес ерекше дарынды, қабілетті, зерек бала» деген түсінік беріліп, неміс тілінен көшкен таңғажайыптылықты нышаналайтын зат есім ретінде аталған.
Бұл жағынан дау жоқ. Анықтамалары өзі үшін өзі сөйлеп тұр.
Енді осы сөзді діни логикадан өрбіген заманауи кірме сөздер көшін бастап тұр десек, не дер едіңіз?
Совет кезінде, не бертінде неміс тілін оқыған буынға оның германдық түп-төркіні қандай да бір сөздіксіз түсінікті болса керек-ті. Мұндағы «вундер» + «кинд» мағыналары да осы тілмен тектес әлем және Еуропа тілдерін, айталық, ағылшын немесе дат, норвег, швед тілдерін білетіндер үшін де ұғынықты болмақшы. Алысқа бармай-ақ, балалар сүйіп жейтін жұмыртқа пішіндес «Киндер сюрприз» (итал. «Kinder Sorpresa» – «детский сюрприз/балалар тосын сыйы») шоколады атау бөлігінің «кинд» бірлігімен бір екендігін атап өткен жөн. Ол немістің көпше түрдегі «балалар» дегенінен шыққан.
Бұл жерде неге вундеркиндтің немістік тегіне айрықша мән беріп отырмыз? Өйткені, бұл сөздің киелі-сакральдық мән-кілті де осында жатыр.
Қалайша?
Біздің пайымдауымызша, бұл ең басында діндар неміс қауымында Иса (ғ.с.) пайғамбардың бала кезіндегі болмысына қатысты эпитет-теңеу сөз болған жәнеден мұны біз жанымыздан шығарып, яки ауадан алып отырғанымыз жоқ. Алып-қосусыз көптеген дәйектер сүй дейді.
Мысалы, орыс ғалымы Г. Крыловтың Орыс тілінің этимологиялық сөздігінде: «Вундеркинд. Неміс тілінен енген сөз. Wunder – «таңғажайып» және Kind – «бала» сөздерінің бірігуінен құралған: «таңғажайып бала, өте зерек бала». Алғашында Иса Мәсіхтің бала кезін сипаттау үшін қолданылған (орысшадан еркін аударма)» (Полиграфуслуги, 2005) деп берілген.
Тағы бір зерттеуші Н. Шанский де әріптесінің сөзін қайталағандай, «Бұл XX ғасырда неміс тілінен алынған сөз» дей келе, «әуеліде Исаның сәби шағын ғана білдірген» деп түйген (3-е изд., испр. – Москва: Дрофа, 2004.).
Сонымен, бұдан шығатын қорытынды сол, неміс тілі үстемдік еткен аймақтарда Исаны (ғ.с.) «вундеркинд» деп атап, кейіннен бұл сөз жалпылама терминге айналып, өзгелерден айрықша бір қасиет-қабілетімен ерекшеленетін бүкіл бала атаулыға телініп кеткен тәрізді. «Оның кең аяда қолданыла бастауы Австрия империясында жүзеге асып, тұңғыш рет композитор Амадей Моцартқа қарата айтылды» деседі зерттеушілердің бір шоғыры. Ағылшын тілінің этимологиялық сөздігі бойынша бұл сөз ағылшын тілі жүйесінде 1883 жылы тіркелген (1883 in English (earlier as a German word in German contexts), from German Wunderkind, literally «wonder-child».). Мұны филолог-дінтанушы М.Төлеген де назарға алған. Оның айтуынша, осынау сөз немістік-христиандық құдайшыл қисынға сүйеніп тұр. Бірақ, Иса (ғ.с.) оларға – құдай яки құдай ұлы болса, бізге – пайғамбар. Сондай-ақ, оның ғажайып бала болғаны да шындық. Сондықтан да бұл тақырып мұсылман ретінде қазаққа да ыстық және танымдық маңызға ие. Тиісінше, біріншіден, қазақ тілінде еркін, аудармасыз қолданылып жатқан сөз ретінде, екінші, Ислам танымына соншалықты қайшы келмейтін ұғым ретінде де зерттеу нысаны бола алады (Мұхиттың этимологиялық қойын дәптері).
Мәлім болғандай, Ислам діні көзқарасына сәйкес Иса (ғ.с.) Жаратқан сәлемін бұқараға жеткізген Алланың мұғжизалы елшілерінің бірі. «Ол Қиямет-қайым басталғанша аялдай тұруға, тірідей көкке көтеріліп әкетілген. Жерден Тажал шыққанда, Мәдіге болысуға қайта оралады» делінеді. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) миғраж түні пырағымен көкке самғап, аспанның әр қабатында бір пайғамбармен кездескенде, екінші қабатында осы Иса (ғ.с.) және Яхиямен (ғ.с.) дидарласты деген сөз бар.
Қош, теология орманында адасып қалмас үшін, сонымен қатар, «вундеркинд» ұғымын аша түсуге ғалым Р.Нұрғалиевтың жетекшілігімен жарық көрген Ислам энциклопедиясынан (Алматы, 1995.) бірер дерек келтіре кетелік.
Ондағы тұжырымға сәйкес, Иса/Айса/Ғайса – Құран кейіпкері. Мұхаммедтің алдында өткен пайғамбарлардың ішіндегі ерекше құрметке ие болатыны. Кұранда ол әл-масих, Ибн Мәриям, («Мәриямның ұлы») Абд Алла, («Алланың құлы») расул Алла («Алланың елшісі»), Алланның салихы («ақиқат сөзі») деп те аталады.
«Иса бейнесіне Кұранда ерекше орын берілген. Ол Аллаға «ең жақын болғандар» қатарына қосылған, жартылай періштелік жаратылысы туралы әңгімеге желеу болды. Оның Мұхаммедпен ерекше байланысы бар, себебі Иса Мұхаммедтің пайда болатынын алдын ала болжап айтқан, Мұхаммед сияқты Исаның да көмекшісі – рух әл-кудус «қасиетті рух» болды, әдетте бұл рух Жәбірейіл бейнесіне ұқсастырылады, Құранда Исаның құдайдың құлы екендігі, Құдайдың ешқандай да ұлы еместігі әрі құдайдан жаратылмағандығы анық айтылады. Исаның дүниеге келуінің таңғажайыптылығы туралы Құранда барынша егжей-тегжейлі баяндалған. Періштелер Мәриямға оның қызы болып қала отырып, ұл туатынын бұл ұл Алланың елшісі, қасиетті жазудың уағызшысы екенін хабарлайды» делінген кітапта.
Жоғарыда айтылғандай, оның таңғажайып балалығы – ең алдымен, осы ерекше туысынан өрбіп отырғандығына көз жеткіземіз. Тіптен, профессор Б.Сағындықұлының ойынша, христиандардың Исаны (ғ.с.) құдайдың ұлы деп есептеуінің басында да осы мәселе тұр. Ол өзінің «Ғаламның ғажайып сырлары» (Алматы. Ғылым. 1997.) кітабында: «Олардың бұлай пайымдауына мына жағдайлар себеп болғанға ұқсайды. Иса бұрын-соңды болмаған оқиға – қыздан туады» деп, пайғамбарға телінетін көптеген керемет-мұғжизалар мен мінездемелерді тізеді.
Аңыздалған атағы мәшһүр сұхбат – Мәлике мен Әбілданың өзара сұрақ-жауабында да бұл мәселе қозғалып өткен көрінеді.
Қыз: Ғайсаны неліктен «Рухолла» деп атады?
Жігіт: Себебі, Ғайса әкесіз туды. Құдайдың құдіретімен жаралғасын «Рухолла» деп атады.
Ол жүздесудегі Мәликенің «Анасынан туа сала тілі шыққан нәресте кімдер?» деген сауалына да, «Ең әуелі Ғайса пайғамбар. Он бес күннен соң сөйлеп кетті. Анасы Мариямды «Некесіз ұл туды» деп жұрт қаралағанда, Ғайса тілге келіп, куәлік берді» деп жауап берілген (Мың сұрақ. Отбасы хрестоматиясы. Алматы. 2019).
Әлди Иса (ғ.с.) былдырлап, сонда не деген екен қарайық:
«Мен Алланың құлымын. Маған кітап келді, мені пайғамбар етті және қайда болсам да құтты етті, тірі болып тұрады екенмін, намаз бен зекетті тастамаймын. (Мені) анама мейірімді етіп, бір оңбаған зорлықшы етпеді. Маған туылған күнімде, өлер күнімде және қайта тірілер күнімде амандық болсын» (Оңғар қажы Өмірбек, ҚМДБ жанынан шығатын «Иман» журналының Бас редакторы).
Бір айта кетерлігі, бұл жағынан ол жалғыс емес. Діни тарихнамаларға қарағанда, Ыбырайым (ғ.с.) пайғамбар да туылғаннан жиырма күннен соң, тілі шығып, анасына насихат айтқан екен. Ал Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар дүниеге келісімен «үмбетім, үмбетім, үмбетім» деп, Тәңірісінен үмбеті үшін рақым сұрағаны айтылады. Яғни, қазіргі заман тұрғысында, белгілі бір дәрежеде «вундеркинд» сөзін оларға да қатысты айтсақ болғандай екен.
Бұл ұғымды кеңірек тарқатар болсақ, онда керек десеңіз, қазақтың жыр-дастан, ертегілеріндегі бүкіл қаһарман – батырлар да тумысы бөлек, «ғажайып балалар» тобынан болып шықты. «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің мына жолдары әркімнің де есінде болар:
«Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті, алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті, алты жылда жігіт болыпты. Сондай күшті болыпты, алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті».
Немесе Алпамыс жырының А.Нысанов нұсқасы тілге тиек бола алады:
«Ұл бір жасына келгенде,
Біл тасындай жайнады.
Екі жаста Алпамыс,
Ер қаруын сайлады.
Үш жасына келгенде,
Ұшқан құстай ойнады.
Төрт жасына келгенде,
Төреге берді әділдік,
Алты жасқа келгенде,
Елдің қамын ойлады.
Жеті жасқа келгенде,
Қолына алды садағын.
Бүгінде «вундеркинд» сөзінің әдеби тілде нендей сипаттамалары барын айттық. Отбасында баланың пайда болуы – ғажап дүние, ал жұрт «вундеркинд» атаған баланың ата-анасы болу үлкен сынақ. Сөздің өз кие мәнімен келсек, бұл бір жағынан кішкентай Исаны (ғ.с.) баулығандай рухани да жауапкершілік жүктейді. Анасына да хазіреті Мариямдай болу міндеті қойылатындай ма...
Қалай десе де, шығу төркіні жағынан христиандық, оның ішінде неміс халқы сенім ортасының тіл өрнегі болса да, біздің түркі-исламдық дүниетанымға кереғар болып тұрған жері байқалмайды. Қайта тілімізді байыта түсті. Ол сонысымен де құнды. Араб пен парсы ғана емес, қаласақ мұсылманшылық пен руханият дәнін басқа да тілдер жүйесінен табуға болады екен. Тек оларды Б.Сағындықұлы айта беретін Адам (ғ.с.) атадан басталатын, жүз жиырма төрт мың пайғамбарды қамтыған кең мағынадағы Ислам тұрғысынан қарастырсақ болғаны. Ең бастысы, ол сөзге өзгелердің қандай ниет, бейне, мән-мағына үстеп қолданғанында десек, артық болмас. Әйтпесе, «вундеркинд» тұлғасының өздігінен тікелей ежелгі киелі мәтіндердің бірде-бірінде көрініс таппағаны шындық қой.
Оның синонимдері: гений, дарын, талант, уникум, қабілеттілік, (индиго).
Осылайша, біз біреуді «вундеркинд» деп айдарласақ, ерікті, я еріксіз түрде Исаға (ғ.с.) нұсқап, сілтеме берген болып шығады екенбіз. Өз кезегінде, мұның да көпшіліктен жасырылған хикмет-сыры бар ма дейміз! Енді анығын Алла біледі.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров
Дерек көзі: kazislam.kz