«Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» РҚБ төрағасы өз дәрісінде «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» деген тақырыптың айналасында ой өрбітті.
«Депутаттар елде болып жатқан барлық оқиғалардың бел ортасында жүр. Ал абырой сақтап, өз міндетін кәсіби атқару үшін әрбір мәслихат мүшесі төрағасынан бастап нендей адами-образдық яки компетенциялық үлгі мен қызметкерлік моделді басшылыққа алғаны жөн?
Сонымен, көпшілікке сындарлы сауал: мәслихат төрағасы немесе мәслихатшы қандай болуы керек?
Рас, белгілі бір міндетті қасиеттер жиынтығымен идеалды депутаттың портреті мен тұлғасын сомдап моделдеу өте қиын. Депутаттық қызмет өте алуан түрлі және әртүрлі салаларды қамтиды. Сондай-ақ оның жарқын символы бола алған өкілдер некен-саяқ. Дегенмен жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы әлемдік және ел ішіндегі тәжірибені басшылыққа ала отырып бірқатар шартты шаблондар мен кескіндерді нобайлауға болады» деп атап өтті Т.Мұқашев.
Сондай-ақ ол мәслихат депутаттары мен жалпы аумақтық басшылар қызметін ертедегі билер мен ел ағалары қызметімен салыстырды.
Оның айтуынша, бұл категория ертедегі қазақ қоғамының озық жергілікті басқару нышындары стандарттарына ұмтылса жаман болмақ емес.
Мысалы, мәслихаттың қарауына жататын мәселелер:
- аймақты дамытудың жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын жасау, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті бекіту;
- жергілікті құрылыс мәселелерін шешу; өз құзыретіндегі мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін қарау;
- өз ішінде тұрақты комиссиялар мен жұмыс органдарын кұру және олардың есептерін тыңдау;
- заңнамаға сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.
«Ал енді осыны ескі қазақ ұғымының бір мағынасына салсақ, кәдімгі белгілі бір елдің қамшы мен сөзін ұстаған «биі» немесе «елаға» деген шығады. Яғни төрге шығуға лайық төр иесі – «төр аға». Тиісінше, бұл жағдай хатшылары төраға болып отырған жаңа шақырылымға бұрынғыдан да зор жауапкершілік артады» деп түйіндеді РҚБ төрағасы.
Жас мамандар мемлекеттік қызметтегі іс-тәжірибелер бойынша сауалдар қойып, тиісті жауаптар мен кеңестер алды.
Дәріс соңында жылы лебіз тілектерін жеткізіп, мемлекеттік қызметтеріне абырой мен жауапкершілікті қатар алып жүрулеріне сенім білдірді.