Астана халықаралық форумы – әлемдік сыртқы саясат, климат және экономикалық сын-қатерлерге практикалық шешімдерді талқылау үшін Шығыс пен Батыстың, Жаһандық Солтүстік пен Оңтүстіктің сарапшыларын, бизнес көшбасшыларын және үкімет басшылары мен мүшелерін біріктіретін жаңа жаһандық алаң. Астана халықаралық форумының басты ерекшелігі - көпжақтылық мәдениетінің жаңаруы, барлық елдер үшін тең дауыс беру құқығы, біз ұмтылатын болашақ үшін ұжымдық жауапкершілікті нақты атап көрсететін теңдессіз орта.
Форум әлемнің әр түкпінен келген 1000-нан аса делегаттың басын қосты. Ашылу салтанаты мен пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемдік көшбасшылар мен халықаралық ұйымдардың делегаттары қатысты. Мәртбелі қонақтардың қатарында Катар Мемлекетінің Әмірі Тамим бен Хамад Аль Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Зелка Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Эфиопияның бұрынғы президенті Мулату Тешоме болды. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен өткен пленарлық отырыстың модераторы әлемге әйгілі танымал тұлға CNN журналисі Ричард Квест болды.
Форумға халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары басшылары да қатысты. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле, Халықаралық Валюта Қоры басқарушы директоры Кристалина Георгиева, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алисжабана, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид, ЕҚЫҰ ПА Президенті Маргарета Сёдер, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин және т.б. белді тұлғалар болды.
Форум бағдарламасы 40-тан астам панельдік сессиялардан, бейресми пікірталастардан және басқа да бағдарламадан тыс мыңызды шаралардан тұрды. Модераторлар қатарында Bloomberg, Financial Times, BBC, Le Figaro, Al Jazeera және т.б. белді ұйымдардан келген сарапшылар болды. Айта кетейік, форумның стратегиялық серіктестері БҰҰ және CNN сынды халықаралық ұйымдар.
Астана халықаралық форумы инвесторлар үшін де аса маңызды шара бола білді. Себебі, форум аясында Astana Finance Days конференциясы мен Шетелдік инвесторлар кеңесі өтті.
Астана халықаралық форумы аясында негізінен талқыға түскен тақырыптар климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сынды көпті толғантатын мәселелер болды. Форум геосаяси шиеленістің өсуіне және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерінің трансформациясына байланысты сын-қатерлерге жауап ретінде шоғырландырылған шешімдерді іздеуде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру алаңы ретінде әрекет етті.
Форумдағы аса маңызды талқылаулардың бірі геосаяси шиеленістің артуы, Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестік, климаттың өзгеруі және киберқауіпсіздік мәселелері болды. Форум делегаттары бұл сын-қатерлерге жауап ретінде БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар алаңында тікелей диалог пен ынтымақтастық болуы керек деген шешімге тоқтады.
Сарапшылар мен қатысушылар БҰҰ оның ішінде Қауіпсіздік кеңесін реформалау мәселелеріне де тоқталды. Қатысушылар БҰҰ реформасы қауіпсіздік пен бейбітшілікке, жаңа сын-қатерлерге байланысты қосымша қаржы бөлуге және ашықтықты арттыруға негізделуі керек деді.
Сонымен қатар, Астана халықаралық форумында Орталық Азияның даму жолдары төңірегінде пікірталас жүргізілді. Спикерлер Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуы сенім және тұрақтылық, геосаяси тепе-теңдікті сақтау жағдайында ғана мүмкін болады деген пікірді бірауыздан қолдады. Сондай-ақ өңірде энергетикалық хаб құрудың нақты уақыты келді деді.
Одан бөлек, форум шеңберінде қосымша сессия ретінде әйелдер көшбасшылығы мен гендерлік теңдік, цифрландыру және жасанды интеллект, азық-түлік мәселелері және COVID-19 пандемиясының салдары атты тақырыптар жіті талқыланды.