Қазақстандық ауыл әйелдерінің аймақтық форумдары Жетісудан бастау алды
15.06.2023, 17:32

Қазақстандық ауыл әйелдерінің аймақтық форумдары Жетісудан бастау алды

2023 жылғы 15 маусым. Талдықорған. Республиканың ең белсенді ауыл әйелдері бас қосып, ауылдың тұрақты дамуына қатысты сындарлы ұсыныстарын білдіре алатын форум осымен алтыншы рет өткізіліп отыр. «Ауыл әйелдерінің форумы» әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауыл тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту арқылы ауылдың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттырудың жолдарын іздейтін, бастамаларды талқылайтын алаңға айналды.

 Көшбасшы әйелдердің қатысуымен өтетін шаралар марафоны Жетісудан бастау алды. Бүгінгі жиынға оңтүстік өңірдің, оның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының өкілдері бас қосты. Осынау ауқымды жұмыстың нәтижесі биылғы жылдың қараша айында Астанада барлық облыстардан келген делегациялардың қатысуымен өтетін ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы болмақ.

 

Форум пандемиядан кейін биыл алғаш рет оффлайн өткізіліп отыр. Бұған қоса еліміз бойынша барлық мүдделі тараптар онлайн байланыспен қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика министрліктерінің, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері іскер әйелдермен тікелей байланысқа шықты.

 

«Форумның міндеті - жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын дамыту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, 2030 жылға дейін жергілікті деңгейде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылау. Форумға қатысушылар Coca-Cola Belesteri жобасының Бизнес негіздері, Farmer school мен Кооперацияның фермерлік дағдыларды дамыту бойынша тренингтеріне қатысты. Алда осындай форумдарды Батыс, Шығыс, Солтүстік және Орталық өңірлерде  өткізу жоспарланып отыр», - деді Қазақстанның ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV, V, VI шақырылымдарының депутаты Айсина Майра Арапқызы.

 

Ауыл әйелдері форумының тарихы 2018 жылы Астана қаласында өткен Бірінші республикалық форумнан басталады. Ал 2019 жылдан Қазақстанның әр аймағында өткізіле бастады. 2020 жылдан бастап барлық облыста онлайн режимінде өтеді.

 

Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастырушылар – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ және «Әлеуметтік динамика» Қоғамдық қоры. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыс әкімдіктері және «Атамекен» ҰКП қолдау көрсетті.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер