Ұлы ақын-палуан көне қалаларға тән рәуішпен Хиуаның желеп-жебеушісі саналады. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Шыңғысхан заманына дейін қаланың қорғаушысы ретінде Нұқтың ұлы – Сим аталып келген екен. Алайда ол кезеңнен кейінгі дәуірлерде халық жүрегіндегі бұл орынға «Палуан пір» (баһадүрлер желеп-жебеушісі) немесе «Палуан ата» жайғасқан.
Осынау әруақты есім тек қана Орта Азияға ғана белгілі емес, сонымен қатар көптеген шығыс елдерінде одан қалған аңыздар мен киелі жәдігер көп-ақ. Мысалы, Ирандағы кәсіби балуандар күреске түсер алдында әлі күнге аузына «Пахлаван Махмұт» сөзін алмай қоймайтын көрінеді.
Палуанның жеке өміріне қатысты мәлімет өте аз сақталған. Бір анық жайт – ол әулеттерінің 1247 жылы Хорезмнің ескі астанасы Үргеніштен Хиуаға көшіп келе жатқан жолда – арба үстінде дүниеге келген. Қарапайым тері илеушінің баласы болған Махмұт жастайынан әкесіне қолғабыс етіп, кейін өзі де пайдалы кәсіп құрған жәнеден алапат күшін игілік пен дұрыс арнаға бұруымен ел есінде қалған. Бүкіл бойда бар қасиеттерінің ішінде шайырлығын алға тарта, палуандық екпінімен көбірек танылып, қарсы келген жанды шыдатпағандықтан жастайынан «Палуан Махмұт», былайша айтқанда, «Махмуд күресші» лақап атын иемденген.
Рас, ол өз заманы деңгейінде өте сауатты, оқымысты, поэзия мен ғылымдарды жақсы біліп, бірқатар танымал рубайларды жазып қалдырған (бүгінге 300-ге жуық рубай жетіп отыр). Бұл жағынан палуанды «хорезмдік Омар Хаям» деп те атаған деген» дерек бар. Сондай-ақ оның Омар Хаямның жаны сүйген төрт таған өлең шығару дәстүрін сол дәуірде бір өзінің өшірмей ұстанғаны айтылады. Заманауи әдебиет зерттеушілері Махмұт шығармашылығының бүгінгі өзбек және жапсарлас халықтар поэзиясының қалыптасуы мен дамуына белгілі бір дәрежеде әсер еткенін ғылыми еңбектерінде дәлелдеп отыр.
Қолда бар деректер палуанды бейімі жағынан «ақын, күресші» дегенмен қатар рухы жағынан «ойшыл» деп те дәйектейтінін айта кеткен жөн. Өзінің пәлсафалық-өмірлік тұжырымдарында ол ерлік пен батылдық, адамгершілік ұғымдарын тереңінен тарқата білді. Керек десе «Жауанмәрттілік» бағытының белді өкілі ретінде ізгілік насихатшысы болып өткенін де руханият өкілдері жыр қылып айтады. Көзінің тірісінде-ақ атақ-даңқы Хиуаның аядай шегінен шығып, бүтін мұсылман әлеміне кеңінен тараған балуан ғұмырнамасы ежелгінің алыптарының өмірлік жолына дәлме-дәл. Қаншама сауапты істерін айтпағанда, адам емдейтіндігі де болыпты. Бірақ бәрінен де оның күреспен айналысқандығының өзі туралы көптеген аңыздың тууына себеп болғанын айтпай кетуге болмайды. Бозбала шағында-ақ Хиуаның ең мықты балуаны атанған Махмұт әлем елдерін армансыз аралап, бір шеті Үндістаннан екінші шеті Иракқа дейінгі аралықтағы даңқты палуандармен белдесіп, бәрін дерлік жеңіп шыққан.
Аңыздарға қарағанда жауырыны бір де жерге тимеген балуан өмірінде бір-ақ рет жеңісті өз еркімен қолдан берген-дүр. Бұл былай болыпты: Сол бір күрес сайысы өткен елдің сол шақтағы заңы бойынша жеңіліс тапқан күресші дереу өлім жазасына кесіледі екен. Ал балуан мұны білместен күш сайысына білек сыбана кірісіп кеткен көрінеді. Кейіннен мұны естіп білген оның әулиелігі сол, бір шақта әлдебір тиімді әдісін жасап, қарсыласын басынан асыра көтеріп тұрып, «бұл өлгенше өзім өлейін» деп, оны үстіне ала астына жата қалған екен.
Балуан өте көп саяхаттаған. Үндістанға жасаған сондай бір сапарында ол жергілікті палуандардың барлығын қирата жығып, жүлдені алуға келгенде оның орнына осында тұтқында жүрген бүкіл хорезмдіктердің басына бостандық беруді сұраған екен және де бұл тілегіне жеткен де. Үнді әміріне дегенін істеткен бұл оқиғада Палуан Махмұт: «Менің отандастарымды түрмеден босатыңдар» дейді. Әмірші қанша адамды босату керектігін сұрағанда, палуан сиырдың терісіне сыйатындардың барлығын алып кететінін айтады. Ол теріні жіңішке жолақтармен кесіп, оларды үлкен бір белбеуге айналдырып, оған барлық тұтқындарды сыйдырады. Сөйткен Махмұт көптеген жерлестерін құлдық құшағынан жұлып алады.
Жалпы, оның ұтып алған барлық сый-сияпаты мен ақшасын жетім-жесір, қамқорсыз балалар мен кедейлерге үлестіріп отырғаны жөнінде әңгіме көп. Яғни есіл ер күнкөрісін тері илеу кәсібі арқылы айырып отырған да, жүлдеден түскен түсімді құдай жолына атап отырғанға ұқсайды.
Тағы бір әфсаналар оның Хиуа елінің басына күн туғанда бірнеше рет қолына қару алып, халықтық жасақ басқарып, жауға тойтарыс бергенін әңгімелейді. Осылайша Палуан Махмұт тек қана дегдар да ілкімді адам болып қана қоймай, қаһармандық жолын да тұтып өткендейін.
Балуанның тірісіндегі өсиетіне сәйкес өлшеулі мерзімі бітіп, ажал жеткенде өз үйінің жанындағы тері илейтін шеберханасына жерленген. Ол қайтыс болғаннан кейін мұсылман дінбасылары оның тұлғасын бірауыздан «әулие» деп танып, моласының басы зиярат ету орнына айналған. Кейіннен хан-әмірлердің бұйрығымен оның үстіне сәулетті құрылыс бой көтерген.
Хиуа алқабын суландыратын каналды соның есімінің сойына хиуалықтар «Палуан-яб» деп атаған. Қала қақпасын да «Палуан-дарваза» деп атағанына куәлік көп. Ал осы қалаға жақын маңда көшіп-қонып жүрген түркіменнің Номуд руы оның әдеби лақа аты – «Пирьяр-Вали» есімін жауға шабатын ұран етіп алған-ды.
Бүгінгі таңда Өзбекстан аумағында орналасқан әм Хиуадағы ең көрнекі «Палуан Махмұт» кесенесі ондағы қасиетті орындардың бірі және «әулие» саналатын балуан басына өзбек, қарақалпақ, түркімен және өзге де бауырлас ұлт өкілдері құран оқи соғып, құрмет көрсетіп отырады. Ал қазақ арасында аракідік жыр-дастандарда «Ер палуан» «Палуан Ахмет» деген аттармен кездесіп қалатыны, кейде Самарқан, енді бірде Үргенішті айтып отыратыны болмаса, «Палуан» яки «Пахлаван» Махмұтқа қатысты дерек жоққа тән десе де болады.
Әуелі той бастаймын «бисмилладан»,
Білмейді бисмилласын кейбір надан.
Бастасам «бисмилла» деп бұл сөзімді,
Жағыма жәрдем болған Ер палуан.
(Ғұрыптық фольклордан)
Немесе...
Атыңнан айналайын Я, Мұхаммед,
Құрбан қып жалғызыңды деп ең «үммет».
Медет бер Ибраһим, Исмаил,
Үргеніште әзиз өткен балуан Ахмет.
(Айтайын өткен күннен бір хикаят / Майлықожа)
«Бабалар сөзі» жүз томдығының 66-томында оған қатысты: «Палуан М. (1248–1326) – Көне Үргеніште туып, Хиуада қайтыс болған Орта Азияның атақты палуаны, ақын. Шығармаларын парсыша, тәжікше және түркіше жазған, оқыған, білімдар кісі. «Ақиқаттар қазынасы» («Канз-ул-хақайық») деген қос тармақты өлеңдер (мәснәуи) жинағы бар. Сонымен бірге бізге оның бірнеше жүз рубаяттары жеткен» деп мағұлымат берілген. Сондай-ақ онда палуанның «Ақымақтың әңгімесін тыңдағанша, Зынданда жатқан жақсы» деген тәмсіл-сөзі келтірілген.
Не десе де Әл-Фараби, Махмуд Қашғари, Ахмет Ясауи мен Ұлықбек сынды ұлылардың жалпы түркіге ортақтығы секілді, оның мұрасына түркі-мұсылман жұрты – қазақтың да ортақтығының бары анық.
Мәдениеттанушы-лингвист АБЫЛАЙХАН ҚАЛНАЗАРОВ