Шымкентке қандай әкім керек? 1-жауап – Абылайхан Қалназаров
29.10.2023, 17:40

Шымкентке қандай әкім керек? 1-жауап – Абылайхан Қалназаров

Кейінгі 31 жылда Шымкент қаласында 19 рет әкім тағайындалыпты. Елдегі үш ірі мегаполистің бірі саналатын қалаға неге басшы тұрақтамайды? Әлде бұл қалыпты жайт па? «Шымкенттің жұмсақ күші» дейтін аты да, заты да ерекше кітаптың авторы, мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровпен осы мәселе жөнінде сұхбаттасқан едік.

Абылайхан мырза, сізді сыртыңыздан «елдегі жалғыз шымкенттанушы, Шымкенттің бас идеологі» деп те атайды екен. Зерттеудің мұндай түріне қалай бет бұрып жүрсіз? Шымкентті Қазақстанның өзге аймақтарынан бөле-жарып зерттеп жүруіңіз жершілдік, тіпті жікшілдік емес пе?

– Тәуелсіздік алғаннан бері Шымкент қаласында 19 рет əкім тағайындалып, 16 əкім басқарыпты. Мұны бейнелеп айтсақ, сонау 1992 жылдан бері келе жатқан 19 эпизод пен 16 актердан тұратын нағыз сериал деуге болады. Елдегі үшінші мегаполис басқа жағынан болмаса да, тіл-діл, демография тұрғысынан елдегі «донор» қаланың бірі. Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап жатқан әр шымқалалық өзімен бірге менталитетін ала барады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» дейтін ән мәтініндегі сияқты құбылыс қой. Яғни, шымкенттіктер көпшілік болу есебінен елдің дамуына, мемлекетіміздің заман талабына сай трансформациялануына еңбегімен де, экономикалық белсенділігімен де, әдет-ғұрып, мінезімен де әсер етуде. Шымкенттің жұмсақ күшін терең зерттеу осы тұрғыдан маңызды. Тіптен ел үкіметі осы жұмсақ та табиғи күшті өзі де қаруына алатын болса, талай елдік мәселені шешіп тастаған болар еді. Жаңа егемендік тарихымызда бірқатар қара күшке салған кездерімізде нендей нәтижеге қол жеткіздік, соның да теріс жағын көрсеткім келді.

Одан қалса «Не шықса да, Шымкенттен шығады» деген қыжыртпа сөз бар. Елдегі жемқорлық, парақорлық сияқты келеңсіз құбылыстардың тамырын бір ғана күнгей өңірден іздейтін сыңарезулер бар. Олардың шымжатырқауына да тойтарыс беруді көздедім. «Жікшілдік» деп солардың әрекетін айту керек шығар. Міне, осындай тенденцияларға елдік сана және ғылыми ізденіспен жауап іздеуім түрткі болса керек. Ал былай Ұлы даланың палуандары мен күш мәдениеті, мемлекетшілдік философиясы, қажылар туралы да ізденісте екенімді жеткізгім келеді.

Мұндай күрделі қаланы басқаратын адам қандай болу керек сонда?

– Аймақ – кеңістік. Әкімдік сол кеңістікті ұйымдастырушы орталық саяси ұйым. Ал әкім сол әкімдіктің бүкіл саясаты мен тиімділігіне жауапты құзіретті тұлға. Ендеше Шымкентке де әкім болу бақыты бұйырған басшы өзінің қандай болмағын анықтау үшін ең алдымен мына сұраққа жауап беруге тиіс: «Біз кімбіз? Мен кіммін?». Мысалы, менің өзім ұнататын америкалық коуч Бен Хоривицтың «What you do is who you are. How to Greate Your Business Culture»  (Не істеп жатсаңыз, сіз де солсыз. Өз бизнес мәдениетіңізді қалай құруға болады) кітабында осыған ұқсас жағдайлар кеңінен талданған.

Хоривиц ұйым басшысына қойылуы және оның тарапынан жауап берілуі тиіс сауалдар мыналар деп естептеген:

Тұтынушылармен қалай сөйлесесіз?...

Адамдар қиналғанда қол ұшын созасыз ба?...

Сізге сенім артуға бола ма?...

Өз тарапымнан бұларға жергілікті сипаттағы мына сұрақтарды қосар едім:

Астанадағы Ақорда, жалпы ел стратегтері Шымкенттен алыс-жақын перспективада не күтіп отыр? Түркістан мен Шымкент Ташкентке шекаралық баланстық күш болу керек деп ойлай ма? Шымкенттіктер болашақтан не күтеді?

Сонда әкім бұл сұрақтардан не түюі керек?

– «Әкім» – «хәкім» деген тамаша мұсылмандық шығыс сөзінен шыққан. Қазір ол әулие-хәкімдікке тән сакральды да жауапкершілігі зор ілкі мән-мағынасынан жұрдай болған. Ассоциативтік қатары да жағымсыз образдармен қалыптасты. Сондықтан да қазақи жүйеге сәл де болса жақындаймыз десек, әкімқара өзін қоғам алдына қазіргі түсініктегі «әкім» емес, «би» ретінде қоюға тиісті. Себебі жергілікті халықтың діліне осы формат жақын. Тарихи тұрғыдан алғанда, би – үштіктің бірлігі: этатист, мемлекетшіл және халықшыл құбылыс. Ал әкім деген бүгінгі жағдайда көбіне жоғарыдағылардың мүддесін түгендеумен айналысатын, билік аппаратына ғана жұмыс істейтін этатизммен шектелуде. Кім тағайындаса, соның осындағы «алтылығы» іспетті. Кейбір «мәдениеттілерінің» ел теңдік талап етіп келгенде, Конституциямызда атап көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігін ескермей, балағаттап қойып жүргені де сол.

Шаһар тарихында эталон етіп ұсынарлықтай әкім болып көрді ме?

– Шымкент тарихында ондай тұлғалар баршылық. Жаугершілік заманда Абылай хан жоңғарларды жеңгеннен кейін азат етілген жерлерге халықты орналастырғаны мәлім. Сонда Ташкентке датқа қылып қарауыл Қанай биді қалдырса, Шымкентке әкім қылып Балық мырза дегенді қалдырған. Олардан да бөлек қаншама атпал азаматтардың есімі ел жадында қалған. Сол Абылайдың Самарқан-Бұқара сапарында көрген түсі әфсанасында ауызға алынатын Сайрам мен Шымкент әкімі Ғабдылрахман туралы не білеміз? Осылардың ішінде Ғабдылрахманнан басқа қай-қайсысының өмір тарихын алсақ та өзіне тапсырылған ел мен аумақтың бағы үшін отқа да, суға да түскен нағыз қайраткер, өз уәзипасына адал адамдар болғанын көреміз.

Демек, бұдан шығатын қорытынды сол, шын әкім яки би – бұл кеңсенің қабырғасына ілініп тұрған бағдарлама я плакат емес. Көпшілік жиналған жерлердегі жалынды сөздер де емес. Ақпараттық-маркетингтік, пиарлық жұмыстар да емес. Әкім халықтың көзінде ең алдымен баяғы билердің үрдісімен нақты іс-қимыл мен халықшыл атқарылған тірліктер бейнесін толтырып тұруы керек. Нақ осы нәрсе әкімнің басты анықтауышы. Қаңтардан кейін бір қалаға жетекші болған дөкейдің оққа ұшқан боздақтардың қырық күндігін өткермеген халыққа көңіл айтудың орнына, бәзбіреулерге алғыс айтқанын, оған көпшіліктің қалай шамданғанын да көрдік емес пе? Яғни әкім кім болғысы келеді, ертең орнынан кеткенде ел есінде кім болып қалғысы келеді? Осыны өзі үшін өзі шешіп алмай болмайды.

Сіз айтқандай Шымкент сияқты тұтас бір қаланың тағдырын жалғыз әкімнің қолына тапсырып қана қарап отыру қаншалықтың дұрыс?

– Жаңа кезеңдегі қалалық әкімдік те қоғамға бұрынғыдан да тиімді қызмет етуі керек. Өйткені соңғы кездері билік онша-мұнша кем-кетігін, қателіктерін білдірмей тұратын сакральдылық жамылғысынан айырылып қалды. Ол бүкіл Қазақстан үкіметіне тән жүйелік кемшілік – қай жерде өрт болса, сонда шләнгісін ұстап, алаөкпе болып шапқылап жүретін өрт сөндіруші болмауы керек. Яғни оның жұмысының нәтижелері қоғамға ғана тиесілі және мәселелердің алдын ала білуімен де маңызды. Алайда әкімдік қоғамға толықтай бағынып немесе оған тұтастай сіңіп кете алмайды. Әкімдік мәдениет жағынан қоғамнан асып түсуі керек. Ал бұған ықпал ететін аса зор күштің бірі – әкімнің тұлғасы және адами мәдениеті мен тәртіп тудырушы лидерлік стандарты десек, артық айтқандық емес.

Меніңше, тап қазір Шымкентке басшылық етуші әкім қала аумағында жаңа этикалық нормаларды қалыптастыруы керек. Ал бұл жұмыс ең алдымен әкімдіктің өз ішінен басталуға тиіс.

«Әр компани я жоғары дәрежелі адамгершілік принцптеріне иеміз деп санайды. Алайда қарапайым қызметкерлерінен сұрасаң, олардың аузынан мүлде басқа әңгімелер естір едіңіз. Адамгершілік принциптерін ендіру өте қиын жәнеден бұл ұзақмерзімді концепция. Адамгершілік принциптері, адалдық пен тәрбиелілік – ұзақмерзімді мәдени инвестиция іспетті. Оларды енгізудің қиындығы сол, мұнда екі стандарттылыққа жол жоқ. Мінез-құлық нормалары басшыға да, қосшыға да бірдей, универсаль болуға тиіс» дейді бұл турасында әлгі Хоривицекең.

Осыны тереңінен пайымдай алса, бір Шымкент емес, қай-қайсы жердегі әкім де өз жерлестерінің адамгершілік-моральдық деңгейін жүйелі түрде асқан ыждағаттылықпен көтерген болар еді. Қысқа мерзімді пайданы ғана ойламаған басшы сөйтеді. Егер шымкенттіктер де өз қаласын мақтан тұтсын десек, ұзақмерзімді мақсаттар аясында әрекетке басымдық берілуі керек.

Лидерлік теоретиктері мұндай мақсат-міндеттерді басшылыққа алған елағаларына «шок туғызатын тәртіп енгіз» деп кеңес берген

Біріншіден, ол тәртіп есте қаларлықтай жұмыр болуға тиіс. Егер адамдар оны ұмытса, онда олар мәдениетті де ұмытады.

Екіншіден, ол тәртіп «неліктен?» деген сұрақ туғызуға тиіс. Яғни бұл тәртіптің жойқындығы сондай «әзілдеп тұрсың ба?» деп сұрайтындай болса құба-құп.

Үшіншіден, аталмыш тәртіп мәдениетке тікелей әсер етуге тиіс. Ал «неліктен» деген сұрақтың жауабы мәдени тұғырнама аясында түйінделсе ләзім.

Төртіншіден, адамдар бұл тәртіппен күнделікті бетпе-бет келулері керек. Әгәраки, сіздің таңғажайып тәртібіңіз жылына бір рет қана орын алатын ситуацияға ғана қатысты болса, онда оның іске асырылуында да мән жоқ деген сөз және тәртіптің дұрыс түзілмегендігін білдіреді.

Бір танымал блогер «Шымкентке тек жергілікті пысық жігіттер шыдайды» депті. Әкімді сынау мәселесіне қалай қарайсыз?

– Әкім халықтың қожайыны емес, малайы екендігін білдіріп отыру үшін неге сынамасқа?! Алайда айтылатын орны мен шегін білу, әдептен аспауға мұқият болған жөн. Америкалық жазушы Марк Твен айтпақшы, шындықты сулы сүлгі секілді бетке лақтырмай, пальто секілді ілтипатпен ұсыну керек.

Қоғамдағы нақақ әділетсіздікке көніп, қиянаттарды ләм демей қабыл алғандар сол заматта болмыстық суицид жасайтынын да ұмытпасақ. Мансабын ойлап, басқасын ойлап, турашылдықтан тартынғанның өз ары алдында көңілі пәс, жүрегі де тыныш емес. Мысалы, адам баласы сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысты қалай үндемей қала алады?

– Қала тарихында сынмен тиімді жұмысты жолға қойған әкім ретінде кімдерді айта аласыз? – Негізі кез-келген сынның мәні тиісті қорытынды жасау. Дәл осы қорытынды жасау тармағына қатысты кезінде бұл өңірдің басшысы болған, яғни Түркістан мен Шымкент бір кездегі «ОҚО» әкімі Асқар Мырзахметовтың тәжірибесін назарға алмай кетуге болмайды. Ол өзінің баспасөз хатшысы, баспасөз қызметі мен ондағы мониторингшілерге БАҚ, әлеуметтік желілердегі өз құзіреттілігіне кіретін салаларға қатысты бүкіл негатив пен сынды, мәселелерді жинақтап, соларды елеп, екшеп отыруды тапсыратын болған. Олардың ішіндегі аса көкейкесті немесе шын мәнінде негізі барларын бақылауға қойып, өз қолын қойып, тиісті басқарма басшыларының түйінді тарқатуын қатаң қадағалаған. Бүгінде аңыз сияқты көрінгенімен, Шымкентте осындай да оңды істер атқарылған. Бүгінде қарапайым ауыл мен ауданда шешілетін мәселелер, айталық, қарапайым жол салу мен арық қазуға да Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазу көбейді. Сонда Мемлекет басшысына дейінгі аралықтағылар түк бітірмей жалақы ала бермек пе? Олай болатын болса, жергілікті өзін-өзі басқарудың бір буыны мәслихаттардың мәртебесі мен құзіретін арттырып, іс тізгінін соларға берейік.

Бір сұхбатыңызда «Рейтингтің де рейтингісі бар, тіптен, әкімдер рейтингін жасау басшыларды бопсалаудың жаңа бір түрі болып бара жатыр» деп атап өтіпсіз. Мұны қалай түсінсек болады?

– Әкімдер рейтингтерінде қала басшылығының топ жарып жүргені, тіптен, бұл жағынан Алматы секілді лидерлерді артқа тастағаны, айталық, 2021 жылдың басты жаңалығы болғаны жасырын емес. Бірақ рейтинг жасаушылардың санына емес, сын-сапасына да қарау керек. Әсілінде рейтинг деген жекедара адамдар мен трайбалистік-топтық коммерциялық ұстанымнан ада таразылы-талдамалық болуы тиіс. Бұл ең алдымен мораль мен этиканың ауылына тиесілі жай. Сонда ғана оны төбеге тұтып, елдік ауқымда жар етуге жарайды. Шымкентте рейтингшілдіксіз де үлкен  жұмыстар атқарылып жатыр. Енді осыны тиісті деңгейде көрсету – парыз және оның оңды тұстарын кеңінен таныту қала идеологтарына зор сын. Әзірше ақпараттық жұмыстар жақсы деңгейде болса, бұдан да зор, ұлы деңгейге жеткізуге болады. Тек ерік-жігер, қажыр-қайрат түгесілмесе болғаны.

Сонымен, тұжырым жасау тұсына да келгендейміз. Өзіңіз қандай әкім моделін ұсынған болар едіңіз?

– Жалпы, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар ғой. «Шымкентке қандай әкім керек?» деген сауалға жергілікті қоғам белсендісі Әсет Әссанди ағамыз кезінде былай депті: «Шымкент – менталитеті бөлек мегаполис. Бұл қалаға халықты түсінетін, бір толқында сөйлесе алатын, қазақшаға жетік, іскерлігімен қоса адалдығы, мінезімен қоса қарапайымдылығы тең әкім керек». Менің де бұған алып-қосарым – ел мен жерге сүйіспеншілігі, қызмет ету идеясы бар адам болса деймін.

Шымкентке де кімдер келіп, кімдер кетпеген. Бұл жерді де «кезекті бір тезек тастайтын төбе» деп келіп кеткендер көп-ақ. Бұл жердегі кінә жергіліктілерде емес, астана жақтағы шешім қабылдаушыларда екендігі де анық. Десе де сауатты түрде жүргізілген көп кезеңдік бағалау процедурасы ғана емес, үміткердің психологиялық типажын анықтау да аса маңызды. Кәсіби маманды таңдау – бұл оның басқармақ құрылымның мақсат-міндеттеріне, командасына, құндылықтарына сәйкес келетініне кепілдік бермейді. Тиісінше, профилді былай ысырып қойып, сәйкес келетін жанға іздеу салынады. Компетенциялар профилі, тәжірибе, бұған дейінгі жетістіктері және басқа да биографиялық мәліметтерді танып білу оңай. Бәрінен де қиыны – кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау мен ментальдық ерекшеліктерін дөп басу. Ал кәсіби әкім таңдалып, тағайындалып жатса, бұл үлкен қуаныш. Ендігісі оның бейнесін Шымның брендтік-имидждік бейнесіне қондырып, бір-біріне оңтайлау ғана қалады.

– Сөзіңіз аузыңызда... ақпараттық жұмыс жағынан нендей кеңес берер едіңіз?

– Мемлекеттік яки үкіметтік PR ерекшелігі – халықтың барлық тармағы мен қабатын қамтуы. Аймақтың бренді мен имиджі сол аймақтың әкімдігіне және әкімдіктің бренді мен имиджі сол аймақтың жалпы бейнесіне тәуелді. Осының арасында қала басшысының образы тұр. Бірінсіз бірі жоқ. Сондықтан үш масштаб пен пунктті назарда ұстаған абзал.

Экономикалық жағынан не істеген жөн?

– Орыс ғалымдары Игорь Рожков пен Владимир Кисмерешкин «Ресей дегеніміз – тек Мәскеу мен Санкт-Петербор қана емес» деп уақытында Кремілмен тірескен екен. Қазақстан дегеніміз де Астана мен Алматы мегаполистерімен шектелмейді. Нағыз қазақ елі – Шымкенттейін қалалар мен Түркістан секілді өңірлердің жиынтығынан құралған. Шымкент сынды аймақтардың саяси-іскерлік белсенділігі оларды алыс-жақын шетелдерде де танымал ететіні де шындық. Бүгінгі таңда елдік ауқымда басымдық берілген қала ретінде тап шымкенттіктер үшін суырылып алға шығуға бірегей шанс беріліп отыр. Ал мұны сарқа пайдалана білу керек.

Мобилді активтер – капитал, технология, ноу-хау, басқарушылық әдіснамалардың жылдам қозғалысы заманында Шымқалаға бәз-баяғыша инертті активтерді – табиғи жағдайлар, климаттық ресурстар, инфрақұрылым объектілерін пайдаланумен ғана шектелу деген ұят. Рас, өркендеген аймақтарымыздың өзінде экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету, ең бастысы өздерінің табиғи ресурстарын, ғылыми-техникалық, өндірістік және кадрлық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері көкейкесті. Бірақ мәселені шешу үшін қазіргі заманғы озық менеджментке жүгінсе болмай ма? Керек десеңіз бұл, бір күнгейге қатысты түйткіл емес. Кәсіби кеңес беру және әдістемелік қолдау, оның ішінде жарнамалық-ақпараттық, политтехнологиялық салалар бойынша еліміздің барлық аймағына тиімді орталықтандырылған іс-қимыл қажет. Ақорданың құлағына алтын сырға!

Қалай дегенде де бизнесті дамыту және өңірлерге инвестициялар тарту – аймақ-өңірлер үшін де, Шымкент үшін де бірінші нөмірлі міндет. Қаланы бренд ретінде ілгерілетудің басты мән-мағынасы осында жатыр. Мұны шеше алатындар халқының күнкөріс деңгейін жақсартып, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тұрақты төленетін жалақы, жергілікті бюджеттерге салық аударымдары болады. Өкінішке қарай Шымкент қаласы да халықаралық, аймақтық және әлеуметтік еңбек қозғалысы, капитал мен тауар саласында дамымаған өңірлердің белгілерін сақтап отыр. Дотациялық жағы тағы бар. Үлкен сұрау белгі ме? Үлкен сұрау белгі! Басшылар осыны есінен еш шығармауы керек.

 

Жалғасы бар....

Мұнда: Шымкентке қандай әкім керек? 2-жауап – Абылайхан Қалназаров

Сұхбатты алған және дерек көзі Ult.kz ақпараттық порталы. 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер