Кеңестік Қазақстандағы Теміртау, Шымкент көтерілістері туралы не білеміз?
30.09.2022, 12:48

Кеңестік Қазақстандағы Теміртау, Шымкент көтерілістері туралы не білеміз?

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихы: методологиялық мәселелер» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

AP09259347 «Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының  тағылымы (1920-1991 жж.)» жобасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген семинарда Кеңес өкіметі үстемдік еткен жылдары барынша жасыруға күш салынған этносаралық шиеленіс сипатына ие болған, әлеуметтік себептерден туындаған қақтығыстарды зерттеудің ғылыми, әдістемелік мәселелері талқыланды

ХХ ғасырдың 30-жылдары ашаршылықтан және түрлі індеттерден қырылған халық, ұлт саясаты, әлеуметтік саладағы және экономикада жүргізілген ауытқуларға қарсы бас көтеруге мәжбүр болды. Большевиктік билік орын алған шаруалар көтерілістерін қарақшылық-басмашылық бас көтерулердің қатарына жатқызып, оларды барынша қаралап, әшкерелеу бағытында үгіт-насихат жүргізді.

Соғыстан кейінгі 50-60 жылдарда орын алған әлеуметтік қақтығыстардың ішінен Теміртау, Шымкент көтерілістері, 80-жылдардағы  Жаңаөзен, Ұзынағаш, Алматы бас көтерулері қазірге дейін тиянақты зерттеуді күтуде. Семинар барысында «1959 жылғы Теміртау көтерілісі»  тақырыбында сөз алған Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С.Алдажұманов Теміртаудағы бас көтерудің басты себебі әлеуметтік мәселелер болғанын атап көрсетті. Баяндамашы: «Теміртау көтерілісі барысында 16 адам қаза болған. Олардың ішінде жалғыз қазақ жігіті бар. Мәскеу архивтеріндегі ісін алып қарағанымда, Әшімхан Дарымбаев 1937 жылы туған, Теміртаудағы металлургия заводына слесарьдің көмекшісі болып барғанына 3-4 күн ғана болған екен. Теміртау көтерілісін басуға әкелінген мұздай құрсанған әскерилердің легін бұзу үшін руліне Ә. Дарымбаевты отырған «МАЗ» жүк автокөлігі бағытталған. Әскерилер 10 метрге таяп келген көлікке қарсы автоматпен оқ жаудырып, жүргізуші мерт болған.» - деп атап өтті. Теміртау көтерілісінен кейін жаппай тазалау жүргізіліп, Қарағанды обыстық партия комитетінің 1-хатшысы Беляев, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қаркеновтер қызметінен алынған. Баяндамашының мәліметінше, Теміртау көтерілісі бойынша тергеу жұмыстарына Қарағанды облыстық мемелекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу бөлімінің бастығы капитан Қылдыбаев басшылық жасаған. Көтеріліс бойынша материалдарды саралағанда дәл осы Қылдыбаевтың Теміртаудағы оқиғалардың қарсаңында метталургия заводында қауіпті ахуал қалыптасып келе жатқанын ескертіп, жоғарыға жолдаған 7-8 құпия хаты болғаны анықталған. Қылдыбаевқа осы үшін мерзімінен бұрын майор әскери атағын береді. Теміртау көтерілісінен кейін қанды бас көтеру Новочеркасск қаласында болып, партиялық эмиссар А. Микоянның басшылығымен қанға бөктіріліп басылған. Теміртау көтерілісі нәтижесінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына назар аударылып, метеллургтерге көптер пәтер салынып, жұмысшылардың тұрмысына қажетті инфроструктураға көңіл бөліне бастаған. Баяндама соңында ғалым Теміртау көтерілісіне қатысты маңызды құжаттар Мәскеудегі Ресей мемлекеттік архиві және Ресейдің қазіргі заман архивінде сақтаулы екенін айтып өтті.

Кеңестік Қазақстан тарихында сол кездегі алып тоталитарлық империя көлемінде айрықша оқиға болған, зерттелмей келген  тағы бір бас көтеру – 1967 жылғы Шымкент көтерілісі туралы тарихшы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының докторанты Е.И.Стамшалов баяндады. 

1967 жылдың 13-14 маусымы аралығында болған Шымкент көтерілісінің де астарында әлеуметтік себептер жатты. Тоталитарлық билік барынша жасырып-жапқан Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздіктердің тууына халық пен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы қарама-қайшылықтың шиеленісуі, оңтүстіктегі Шымкент сияқты ірі қалада түрме, түзету мекемелерінің, қылмыстың, сотталушылар санының артып кетуі түрткі болды.  Баяндамашы Шымкент көтерілісі Л.И.Брежнев билікте болған кезеңдегі ең ірі бас көтеру болғанын, дүрбелеңнің тұтануына автопарк жүргізушісі Остроуховтың айықтыру мекемесінде қайтыс болуы себеп болғанына тоқталды. «Шымкент ол кезде 100 мыңнан астам тұрғыны бар өндірістік қала еді. Қалада жазасын өтеу мерзімінің соңында Ішкі істер комендатурасы бақылауымен еркін өндірістік кәсіпорында жұмыс істейтіндер, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталғандар көп болды. Шымкенттегі адам көп шоғырланған ірі базар қаланың бет-бейнесіне айналып, қалада алыпсатарлық, ұрлық өршіп, тіпті есірткі заттарына дейін сату орын алады. Милиционерлердің көпшілігі қылмыспен күресудің орнына, олармен бірге ақша табуға жақын тұрған. «Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қолға алған шаралары базарларда шиеленіс туғызғанын» сол кездегі облыс басшысы В.А. Ливенцовтың естелігінде де айтылады.» - дейді баяндамашы. Шымкент көтерілісі Кеңес Одағы орталық билігінің құтын қашырғанын Мәскеуден көтерілісті басу жұмыстарына жетекшілік жасау үшін СОКП ОК хатшысы А.П.Кириленко, КСРО қоғамдық тәртіпті сақтау министрі Н.А.Щелоковтың, Қазақстан КП орталық комитетінің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың арнайы келуінен байқауға болады. Шымкенттегі бас көтеру Түркістан әскери округі әскерлерінің күшімен басылып, 40-тан астам адам әртүрлі мезгілге сотталды. Әсіресе, оқиғаға түрткі болған Остроуховты өлтірді деген айыппен алдымен ату жазасына кесіліп, артынша жазасы 8-жылға кемітілген 21 жасар Спабек Сыздықовтың тағдыры тоталитарлық жүйенің табанына тапталды. Кеңестік жазалау аппараты жаппай тәртіпсіздікте белсенділік танытқандарды аяусыз жазалап, міндеттерін тастап қашқан милиция қызметкерлерін де қызметтерінен алып, партия мүшелігінен шығарды.

Семинардың бағдарламасына сәйкес, «Қазақстандағы кеңестік билікке қарсы толқулардың шетелдік тарихнамасы» тақырыбында сөйлеген т. ғ. д., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ЖҒҚ Г.К. Көкебаева 1959 жылғы Теміртау, 1986 жылғы Алматыдағы көтерілістер туралы батыс Европа елдерінде жарық көрген ақпарат, зерттеулерге тоқталды.   Ал Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Қ.Шілдебай «Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихын зерттеудің ғылыми-әдістемелік мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік және этникалық қақтығыстардың кеңестік билік тарапынан бағалануы, тарихи оқиғалардың халық жадындағы бейнесі, тарихнамасы, қақтығыстар тарихын зерттеу әдістемесі мен әдістерін саралау өзектілігін сақтап отырғанын атап көрсетті.

Семинар тақырыбына орай пікір алмасу бөлімінде сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты А.Қ.Жұмәділ, тарих ғылымджарының кандидаты, аталған жобаның жетекшісі М.Ш. Қалыбековалар кеңестік Қазақстан кезеңіндегі әлеуметтік, этникалық қақтығыстарды зерттеудің басты сабағы әлеуметтік-саяси қателіктерден сабақ алу үшін керек екенін айрықша атап өтті.

 

А. Ыдырыс

Алматы облыстық мемлекеттік архивінің құжаттарды мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің қойма меңгерушісі

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер