Осылардың ішінде жошылық өсте бергі заманға дейін ең ұзақ өмір сүргені және «қыпшақтық, қазаққа тән» деп есептелетіні – Алтын Орда – Ұлық Ұлыстың Алаш тарихнамасында Берке мен Өзбек хандардың кезінде мұсылмандануы мәселесі терең зерттелген. Онда да оның Өзбек ханға қатысты тұсы көшпенділік діни тарихи танымда отқа салса жанбаған Бабай Түкті Шашты Әзиз әулие есімімен байланыстырылып, әфсаналық-аңыздық сипат алып кеткен. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда шымкенттік тарихшы Өмір Шыныбекұлы айта беретін қазіргі Қазақстан халқының жартысына жуығын, жерінің де басым бөлігін қамтыған, бір кездері тізгіні тікелей Шағатай тұқымдарында болған тұтас оңтүстік аймақтың ұлттық идеология мен отандық тарих назарынан тыс қалуы секілді, мұнда да күнгейдің Моңғол дәуіріндегі исламдану процесі үстірт қарастырылған. Әрине, бұл атыраптың Мың қол – Теміжүн түмендері келгенге дейін Қарахандар дәуірінен момын-мұсылман жамағатында болғанын білеміз. Алайда бұл кезге тән әңгіменің негізінен сол кездегі жаулаушы саяси әкімшіліктік-әскери элитаның дін ұстанымына қатысты екені мәлім.
Шағатай ұлысы қалай исламданды? Дәлірек айтқанда, оның қамшы үйірер билеуші және қарулы аламан бөлігі қалай, қашан, қайтіп Пайғамбар (с.ғ.с.) жолының тұтушыларына айналды?
Мұны да түрлі батыстық-ресейлік бас ауыртарлық, шырғалаңға толы тарихи-хронологиялық методологиялармен түсіндіруге болар. Десе де оның Алтын ордадағыдай әфсаналық оқиғалық баяндау тізбесі бар ма? Міне, мәселе қайда жатыр. Іздеген жетер мұратқа! Бар екен!
Мысалы, зерттеуші А.Қалназаровтың авторлығымен (осы жолдардың авторы) 2021 жылы Алматыда жарық көрген «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітабы желісінде ол тақырып «Күреске түсіп, бір ұлысты дінге кіргізген шайқы» атауымен ертеде Моғолстанда өмір сүрген тарихшы, əдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатиге сілтеме бере отырып деректі әңгіме ретінде көрініс тапқан.
Осы орайда аталмыш уақиғаны кеңінен тарқатып жазған, әрі заманы да жақын моғол әмірінің түпнұсқадағы «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінен бір тарауын қаз қалпында, өз баяндауында ұсынған жөн:
«Құдайдың сүйген құлы Маулана Қожа Аһмад <қабірі нұрланғай>, Маулана Әршәдеддиннің ұрпағы еді. Ол ірі хожалар ұрпағынан шыққан өте құрметті, құт-берекелі және тақуа адам болатын <Алла олардың жанын нұрландырсын>. Мен онымен жиырма жыл бойы жақын қатынаста бола тұра, тек екі рет олардың ғибадатханасы жұмада мешіттен өзге мекенде таппадым. Ол барлық уақытын оңашада, өз ғибадатханасының бір түкпірінде «құбылаға» бетін бұрып, құдайға құлшылық етумен отыратын. Ол өзі тектес тақуалар сөзін өте әдемі жеткізетін. Әрбір адам түрлі себеппен тыңдай қалса, оның әңгімесінен әсерленіп қалатын.
Одан естігенім бар. Ол былай айтқан: «Менің ата-бабаларым жәйлі тарихта былай жазылған: Маулана Шожаеддин Маһмұд, Хафизеддин Кәбир Бұхаридің бауыры ең соңғы мұжтәһед /фиқһ ғылымында ең биік дәрежеге жеткен ғалым/ болған. Қожа Хафизеддиннен кейін басқа мұжтәһед шықпады. Шыңғыс хан Бұқарада аялдаған кезде имамдарын жиып, Шыңғыс хан салты бойынша Қожа Хафизеддинді шәһид еткен. Ал Маулана Шожаһеддин Маһмұдты отбасымен бірге қуғындап, Қарақорымға алып кетеді, Маулана сонда дүние салады. Қарақорымның аласапыран кезінде оның ұлы луб Катак Тұрфан мен Хотан арасындағы белгілі қалаға кетеді. Ол онда қадірлі, сыйлы адам болды. Сол жерде бірнеше ұрпағы тұрды.
Олардың аттарын Мауланаға түгелдей айтып берген. Әрқайсысының хал-ахуалын кеңінен баяндап берген болатын. Бірақ, оның барлығы менің есімде қалмаған. Олардың ең соңғысының есімі Шейх Жамаледдин еді. Ол тақуа және байсалды кісі болған. Катакта тұрған.
Бірде жұма күні жұма намазын орындап болғаннан кейін уағыз айтып, халыққа былай: «Біз сіздерге бұған дейін көптеген уағыздар мен насихаттар айтсақ та ешкім құлақ асып, қабыл ала қоймады. енді мәлім болғандай хақ Сұбһантағала осы қалаға үлкен бір бәлекет жіберді. Мен осы пәлекеттен құтылуға бұйрық һәм рұқсат алдым. Бұл менің соңғы уағызым, бүгін сіздерден рұқсат сұраймын және «қайыр болсын» деп қиямет күніне дейін қош айтысқалы тұрмын» деген.
Шейх мінбеден түсті. Мешіттің азаншы оның соңынан еріп, көшейін дегенде ол Шейх сөздеріне толық сенді әрі одан өзін жол серік етуді өтінді. Шейх: «Өте жақсы болар еді» деп бұйырды. Азаншы да жолдас болды. Олар қаладан үш фәрсәх (әр фәрсәх 6 шақырым) жерге барып аялдады. Азаншы қалаға барып, бір шаруаларын тындыруға шейхтан рұқсат алып, қалаға барады. Азаншы өзінің аталған шаруасын орындаған соң, қайта ұлық шейхтың құзұрына баруға беттейді. Қайтып бара жатқанда орталық мешіттің жанына жетеді. «Қайыр болсын деген дәстүрге орай құптан намазға азан айтайын» деді. Мешіттің мұнарасына көтерілді. Құптан намазының азанын айтты. Азан айтып жатқанда аспаннан қар сияқты бірақ құрғақ бір нәрсе жауып жатқанын көрді. Азан айтып, бір сағат тоқтады. Салауат айтып, төменге түсті. Байқаса мұнараның есігі жабылған, шығуға жол таба алмады. Қайта аса сақтықпен мұнараға көтерілді. Қараса, құм жауып, қаланы түгелдей құм басқан. Бір сағат өткен соң жер беті жақындап қалған болып көрінеді. Сақтық жасап, қараса, бір қадамдай қалыпты. Баурайына түсіп, үрейден дірілдеп, жолға шықты. Түн ортасында шейхтің жанына жетіп, болған хикаяны айтты. Сол сағатта шейх жолға шығып: «Құдайдың қаһарынан алыстау болған тәуір болар» деді. Жылдамдықпен қаша бастады.
Сол қала күні бүгінде құм астында жатыр. Кейде жел құмды ұшырып алып кетсе, бір мұнараның басы немесе бір күмбездің төбесі көріне қалады. Көптеген рет жел соққанда үйдің төбесін ашып тастайтын. Ондайда үйлерге енсең үй жиһаздары сол қалпында тұр, үй иесі ақ сүйекке айналған. Үйде жансыз болған нәрсе ақаусыз қалған. Бұндай жайыт көп көрінген. Айтпағымыз – құмның астында қалған Катак үлкен қала болған. Қысқасы шейх Катактан Ақсу аймағындағы Айкөлге келді. Сол кезде Тоғлық Темір Ақсуда еді. Оның Ақсуға келгенінде жасы он алтыда болатын. Он сегізде болғанда Шейхпен кездескен еді. Ол кездесу былай болған: Хан аңға шықпақ болып, «ешкім аңға шығудан шет қалмасын» деген жарлық береді. Аң аулап жүрген кезінде хан сарбаздары бір отбасы жамағатымен кезігеді. Сарбаздар оларды байлап-матап хан алдына алып келіп, олар хан бұйрығын бұзып аңға дайындалмай келген. Енді не істеу керек?
Хан олардан:
– Сендер неге менің әмірімді орындамадыңдар? – деп сұрады. Шейх:
– Біз ойрандалған Катактан келе жатқан ғаріп елміз. Аң және аңның жарлығынан бейхабармыз. Әйтпесе бұйрықты бұзбаған болар едік, – деп жауап берді. Хан:
– Тәжіктер (Ол заманда «араб», «парсы» немесе «мұсылман» деген мағынада қолданылса керек) адам емес, – дейді. Ол бұл сәтте иттеріне шошқа етін беріп отырған еді, ызалынып шейхтан:
– Сен жақсысың ба, әлде мына ит пе? – деп сұрады. Шейх оған:
– Иман менде болса мен жақсымын, иман менде жоқ болса, онда ит артық, – деді. Хан кенет шетке барып: «Анау тәжікті құрметпен атқа мінгізіп алып келіңдер» деп біреуді оған қарай жіберді. Моғол шейхтың алдына өз атын көлденең тартты. Шейх аттың ер-тоқымына шошқа қаны тигенін көріп, одан бас тартып «жаяу-ақ барамын» деді. Моғол оған: «Бұйрық осылай атқа мініп бару керек» деп баса айтты. Маулана дәрет орамалды ер үстіне жауып, атқа мінді. Ханның бір шетте жалғыз тұрғанын көрді, оның түрін мұң басқаны байқалады. Шейх қасына жақындағанда хан одан:
– Адамды иттен артық ететін бұл не нәрсе? – деп сұрады. Шейх:
– Иман, – деп жауап береді. Содан кейін иман мен мұсылмандық шарттары жайлы толық түсіндіреді. Сонда хан жыларман болып, оған:
– Егер мен хан болып, тәуелсіздік алсам, есіңде болсын, менің жаныма келуің керек. Әрине, мұсылман боламын, – дейді. Шейхті құрметпен шығарып салады.
Осы оқиғадан кейін шейхтің әңгімесі былай болған.
Оның өте шыншыл, батыл Маулана Әршәдеддин атты бір ұлы болған. Ол да тақуа сопылар қатарында болған. (Шейх) Оған: «Мен бір түс көрдім. Онда бір төбенің басына бір шырақты көтеріп келемін, Оның нұрынан бүкіл Шығыс жақ жарқырап кеткен. Осыдан кейін мен Ақсуда Тоғлық Темір ханға кезіктім» деп, өткен оқиғаны ұлына баяндады:
– Менің өмірім опа етпей жатса: Сен ол жігіттің хан болуын аңдып жүр. Өйткені, ол өз уәдесін орындап, Ислам дінін қабылдар болар. Сол бақытқа сен еңбектенсең, сенен бүкіл әлем нұрға бөленеді, – деді.
Шейх өсиетін айтып болғаннан кейін дүниеден өтеді. Содан жақын арада (Тоғлық Темір) хан болды. Осы хабар Маулана Әршәдеддинге жеткенде ол Ақсудан Моғолстанға аттанды. Хан өте ұлы патша болған. Сондықтан ол өз тілегін айтпақ болып, қанша тырысса да ханмен кездесу мүмкін болмады. Сонда ол әр таң сайын хан ордасының жақын маңында азан айтып жататын.
Бірде таң ертеңгісін хан қызметшісінің бірін шақырып алып:
– Естіп тұрған осы дауысты бірнеше таң болды, бір кісі айғай салып тұр. Барып, алдыма алып кел, – деп бұйырды. Маулана азанын айтып, бітірмей жатып, аталған моғол жетіп келіп, Маулананың кеңірдегінен ұстап, оны сүйрей отырып, хан құзырына алып келді. Хан оған:
– Сен кімсің, таңғы тәтті ұйқының кезінде айқайлап жатасың? – деп сұрады. Шейх: «Мен сол баяғы өзіңіз оған мұсылман боламын деп уәде берген кісінің баласы едім» дей келе, болған хикаяны кеңінен баяндап берді. Хан оған:
– Қош келдің. Ал сенің әкең қайда? – деп сұрады. Маулана:
– Әкем дүниеден өткен, бұл жұмысты маған өсиет етті, – деді. Хан сонда:
– Мен хан болғаннан бері осындай уәде бергенім ылғи есіме түсіп тұратын. Тек ол кісі келмей қалды. Енді сен хош келдің, Не істеу керек? – деді. Сол таңда турашылдық күн, шапағат шығысынан шыға бастап, күпірдің қараңғы зұлматын жойды. Маулана ханды ғұсыл (дәрет) жасатып, иман сөзін айтқызды. Хан мұсылман болды. Енді олар иманды жайып, Ислам дінін қалай өрістеу керектігін әңгімелеп, былай шешім қабылдады: «Әмірлерді бір-бірлеп шақырып алсақ, әрқайсысы Ислам дінін қабылдаса, мұратқа жеткеніміз (…)» делінді. Таң атқан соң маған немере ата болып келетін әмір Түлек мемлекеттік мансапта болатын. Әуелі оны жалғыз шақырды. Ханның алдына келгенде хан шатырда бір тәжік ер адаммен отырғанын көрді. Әмір Түлек те барып, отырды. Хан сөз бастап, Исламға шақыруды жеткізді. Әмір Түлек жылап:
– Осыдан үш жыл бұрын Кашғардың жақсыларының қолынан иман келтіріп, мұсылман болдым. Сізден қорқып, көрсете алмай жүрдім. Бұдан артық қандай бақыт болмақ, – деді. Хан орнынан тұрып, кошеметпен жанына отырғызды. Үш кісі мұсылман болды. Осылайша әмірлерді бір-бірден Иманға шақырып жатты. Кезек Жарасқа келгенде ол бас тартып былайша шарт қойды: «Сәнғой Бөке атты бір кісім бар. Егер мына тәжік онымен (күресіп) жеңіп шықса, иман келтіремін» дейді. Хан және басқа әмірлер: «Бұл не деген ақылға қонымсыз шарт» десті. Маулана:
– Осылай болғаны дұрыс. Егер мен оны жеңе алмасам, оған мұсылман болуға ұсыныс жасамаймын, – деді. Хан Мауланаға:
– Мен ол кісіні білемін. Екі жасар түйені арқалап жүреді. Ол адам қатарына жатпайтын кәпір, – деп айтты. Маулана:
– Егер хақ Сұбһантағала қаласа, моғол исламды қабылдайды, әрине, бұл бақыт менің атыма тіркелетіні маған қуат береді, – деп жауап береді. Хан және мұсылман болған кісілер бұған риза еместі.
Көптеп жамағат жиналған соң ана кәпірді алып келді. Кәпір алға шықты. Маулана да ханның жанынан тұрып, алға барды. Ол кәпір өз күш-қуатына мастанып, тәкаппарлана алға келді. Маулана оның көңілінше өте әлсіз көрінді. Қол ұстасып қалғанда, Маулана бір қолын оның төсіне қойып итергенде ол кәпір құлап, естен таңды. Бір сағаттан соң есін жиып, иман сөзін аузына ала отырып, жылап орнынан тұрды. Маулананың ізінен ерді. Халайық қуаныштан думан құрды. Сол күні жүз алпыс мың адам иман келтірді де шаштарын алды. Хан өзін-өзі сүндетке отырғызды. Осылайша Ислам нұры күпір түнегіне жарық сәулесін шашты. Ислам Шағатай жұртына жайылды. Аллаға шүкір күні бүгінге дейін Ислам дәулеті осы жоғары мәртебелі әулетінде орнықты. Аталған қуаты хан бұрынғы аталары сияқтанбай, исламды ұрпақтары бірінен кейін бірі дінді күшейтуге барлық ынта-жігерін жұмсап келеді.
Бұл хикаяны мен Әзіреті Маулана Қожа Аһмед /қабірі нұрланғай/ сенімді болған адамнан есіткен едім. Бірақ, моғолдар арасында «Тоғлық Темір хан Маулана Әршәдеддин арқасында мұсылман болды» деген әңгімеден өзге хикая болмаған. Дегенмен ол жәйлі «Зафарнамеде» жазылған. Оны сол күйінде келтіреміз» (Парсы тілінен қазақшаға аударған И. Жеменей).
Қош, Мұхаммед Хайдардай тұлғаның бұл деректемесіне өзге тұщымды да бұлтартпас балама бере алмағандықтан, имандай ұйығаннан басқа лаж жоқ.
Тараздық ғалым Б.Б. Аязбеков «Қазақ күресінің әдіс тәсілдерін үйрету. Әдістемелік нұсқауы» кітабында да: «Атақты тарихшы Әбілқазы Бахадүрхан былай деп жазады: «Чурас деген бектің бірі айтты: «Осында бір күшті бар. Сол онымен күресіп көрсін. Егер ол оны жеңсе, мен мұсылман боламын». Моңғолдың күштісін алып келді. Шейх білекті түрінді. Әлгі балуан өте қарулы екен. Бірақ, Шейх оны кеуде тұсынан қатты ұрып еді, моңғол есінен танып құлап жатты... Әмір Чурас (Жарас) жағдайды көргеннен соң мұсылман дініне енді. Бұл күні жүз алпыс мың адам мұсылман дінін қабылдады. Содан бері Шағатай ұлысында Ислам мемлекеттік дін болып жария етілді. Діни-саяси мәнге ие болған күрестің құдіретін осыдан-ақ білуге болады» деп тұжырымдаған.
Айтса айтқандай-ақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) өзі айналысып, үлгі еткен күрес өнерінің сол бір дүрбелеңді дәуірлерде аса зор масштабта діни-саяси, тіптен идеологиялық, мәдени-әлеуметтік мәнге ие болғанына бұл да бір дәлелет.
Тап осыған ұқсас жағдай бұдан әрірек ғасырларда өткен «Сәдуақас сахабаның «қасапшы» атануына» қатысты оқиғада да өрбитінін атап өту керек. «Сәдуақас бастаған араб әскерлері қазіргі күнгей атыраптағы Қаратөбе қаласын қоршап алып, Ислам дініне қан-төгіссіз кіруге уағыздайды. Қарапайым халықтың қанының текке төгілмесін тілеп, ханына хабаршы жібереді. Арадағы келісімнен соң, екі ел әскерлерінің басшылары батырлары күш сынасып, жеңілгенінің дегеніне көнуге уәде байласыпты» деп шежірелетеді бұл орайда Қ.Т. Тәжиев баспаға дайындаған «Қазыналы оңтүстік» жинағы. Содан не керек, жергіліктілер арасынан алып тұлғалы, ел аузына батырлығымен ерте ілініп, Қарадәу атанған батырдың шығып: «Атыспақ па, шабыспақ па, әлде алыспақ керек пе?» деп сөз бастағанының жаңғырығы осы заманға жетіп отыр. Қысқасы, түп мәміле күресу мен жұдырықтасуға келіп тірелген бұл сайыста да Садуақас сахаба жеңіп шығып, сондағы екі тараптағы қарулы жұртшылықтың аманшылығына орай, сертіне жетеді.
Жалпы, бұдан Ұлы далаға жіберілген миссионерлердің, яғни Пайғамбар (с.ғ.с.) және Әзіреті Әлі әулеті, шадияр-сахабалар өкілдерінің шетінен руханиятқа ғана емес, «Мықты мұсылман әлсіз мұсылманнан қайырлы» дегендей-ақ, шетінен бесаспап, «сен тұр, мен атайын» болғанына көз жеткіземіз. Бұл түсінікті де. Сондықтан да Мекке мен Мединеден мұнда келгендердің барлығы дерлік қай жағынан да элитаның элитасы, ең мықтылар деуге толық негіз бар. Өз кезегінде, бұл сол әулие-баһадүрлердің тікелей ұрпақтары – қазақ ішіндегі қожалардың да өз потенциалын қайта бағамдауына жол ашады деген үміттеміз!
Қалай дегенде де, Шыңғыс ұрқы билік еткен ұлы төрт хандық-империяның Қытайдан басқа үшеуінің дін ісләм аясына толық кіруі және әлі күнге құбылалы елдердің негізінен сонда болуы қатерге толы сол шақтардағы дін қайраткерлерінің жанқияр ерлігі мен рухани тегеурінінен һәм аманатты-мәмілешіл болғанынан хабар береді. Ал ол аманат-мәмілені қабылдамаған ағайынның «Қалмақ» аталып, тарих құрдымына кеткені дәлелдеуді қажет етпейді. Бүгін жүздеген миллион адамның Хақты танып, мұсылман болып отырғаны да солардың арқасы. Бұл даусыз. Мәңгілік ештеңе жоқ. Темір құрсаулы Моңғол империясы да тот басып, қирады. Ал соның сүбелі сынықтары – Жошы мен Шағатай (белсенді бөлігі) мұрасының бөліктерінен осы таңда «Қазақстан Республикасы» деп аталатын әлемдегі тоғызыншы нөмірлі алып мемлекет қалып отыр. Қалғанда да жай қалмай, заманауи Ислам әлемінің зайырлылық пен дінді үйлестірген көшбасшы елдерінің қатарынан биік орын алуға талапты ел. Бұл да болса бағымыз-дүр!
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров