Іс-шараға сенатор-мәжілісмендермен қатар «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев бастаған 20 өңірдің мәслихат төрағалары қатысты.
Онда Сенат пен мәслихаттардың өзара бірлескен іс-қимылының көкейкесті мәселелері, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң жобасы талқыланды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты тапсырмаларынан туындайтын міндеттер пайымдалып, атқарылмақ жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Жиынды ашқан М.Әшімбаев ел Президенті белгілеген міндеттерді жүйелі түрде іске асыру үшін күш біріктірудің маңыздылығына тоқталды. Ол бойынша жаңа формациядағы заңдарды қабылдау ісіне мәслихат депутаттарын тартудың маңызы зор, ал сенаторлар өңірлерді дамытуда жергілікті инфрақұрылымның қордаланған проблемаларын жүйелі түрде шешуге ықпал етуге тиіс.
Өз сөзінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев осы отырыстың өтуіне бастамашы болған Сенат жетекшісіне бірлестік атынан алғыс білдіріп, жаңадан сайланған мәслихатшылардың қызу жұмысқа кірісіп кеткенін жеткізді.
«Салаға қатысты әрбір өткір мәселе біздің қырағы назарымызда. Қазіргі заң жобасының күшті және әлсіз жақтарының SWOT-талдауына қарағанда, қалалар мен ауылдарда мәслихаттар мен жергілікті билік тармақтарының қосарласқан гибрид жүйесінің формасын сақтау қателіктерге жол ашып отыр. Қазақстанның жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі концепциясында көзделген жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігінің құзыреті, ұйымдастырылуы және қызметінің ереже-тәртібінің заң жобасында қарастырылмауы да дұрыс емес. Ал мұндай ұрымтал да олқылыққа бастайтын тұстар қабылданып, өтіп кетпеуі керек. Бұларды қазірден шебер ойластырып қоймасақ, алдағы уақытта қалалық және ауылдық елді мекендердің онсыз да күрделі ахуалы мен оң дамуына кері әсерін тигізеді» деді РҚБ төрағасы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» ұстанымы депутаттардың білім-білігін көтеру мен тұрғындармен қарым-қатынасты қайта құру, мәслихатшының мандатын кері шақырып алу институттарын енгізуді талап етеді.
«Бұдан былай мәслихатшылар мен сенаторлар, мәжілісмендердің жаңа жағдайдағы қызмет тиімділігінің – ең алдымен өз округінде сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды ұйымдастырушылығынан көрінетінін біліп отырмыз. Меніңше, алдағы уақытта көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары халықтың талабы мен мемлекеттік бағдарламаларды өзара үйлестіру арқылы салынатын болады. Бұл да болса депутаттардың активист азаматтармен бірге аумақтық әкімдіктер жұмысына тұрақты мониторинг пен бақылау жасауының маңыздылығын бұрынғыдан да арттыра түседі» деп атап өтті Т.Мұқашев.
Отырыс барысында бірлестік мүшелері – Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы С.Ещанов, Маңғыстау облысы мәслихатының төрағасы Ж.Матаев, Алматы қаласы мәслихатының төрағасы М.Отыншиев және жаңадан құрылған Абай облысы мәслихатының төрағасы Қ.Сүлейменовтің сөз алып, баяндама жасағанын атап өту керек. Олардың ойлары Парламент пен мәслихаттардың осылайша өзара тығыз жұмыс жасауының тиімділігіне келіп тоғысты. Тек осылай ғана мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда жүйелілікті қамтамасыз етуге болады. Айталық, Абай облысы мәслихатының төрағасы «Тығыз ынтымақтастыққа жұмыс жасаудағы басты мақсатымыз – жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңдарды тиімді және сапалы қабылдауға ықпал ету. Заңнама бойынша, нақтырақ айтсақ, заңнама нормалары бойынша, аграрлық мәселе, мал шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар туындауда. Бізде заңдарды бекітуге, өзгерістер енгізуге қатысуға ниетіміз бар екенін атап өткім келеді. Себебі аймақтарда кейбір заңдар қайта қарауды талап етеді» деп түйіндеді.
Жиын ұсыныстарсыз да болмады. Мәселен, РҚБ төрағасы Т.Мұқашев былай деп тұжырды:
«Депутаттар елде болып жатқан барлық оқиғалардың бел ортасында жүр. Ал абырой сақтап, өз міндетімізді кәсіби атқару үшін әрбір мәслихат мүшесі де төрағасынан бастап үздіксіз өзін-өзі тұлғалық тәрбиелеу мен дамытып оқыту режиміне көшпей болмайды. Ендігі қоғам сұранысындағы депутат – білімді де білікті, профессионал депутат. Ол үнемі жаңа білімді іздестіру, өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын, мемлекетшіл дүниетаным-санасын және басқарушылық құзыреттілігін қалыптастыруы тиіс».
Айта кетейік, іске асырылған реформалардың арқасында жалпы депутаттық корпустың өкілеттіктері едәуір кеңейді. Екі палаталы Парламенттің жұмысы да өзгерді. Осы қатарда қазіргі мәслихатшылардың алғашқы буындарға қарағанда бірқатар артықшылыққа ие болып жатыр. Мысалы, бұрынғылар «хатшы» ғана болса, ендігілер бұл өкілеттілікке «төраға» мәртебесінде келіп отыр. Сонымен қатар мәслихат өкілдері тұңғыш рет Сенаттың Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрамына енді. Ал Т.Мұқашев осы Кеңес төрағасының орынбасарлығын атқарады.
Бұдан әрмен жиын мәслихатшылардың Сенаттың әралуан салалық комитеттерімен кездесулерге ұласты. Сол жүздесулер соңында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ мен МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа сәйкес алдағы уақытта Институт заңнама тиімділігін талдау барысында оларды өңірлердегі мәслихаттардың назарынан өткізіп, әр аймақтың ерекшеліктері мен ұсыныстарын ескеріп отыратын болады.