Бүгін елордадағы Достық үйінде «Астана қаласы мәслихатының жұмысын ұйымдастыру және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру тәжірибесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында реформаларды іске асыру жөніндегі заңнама мәселесі» тақырыбы бойынша «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырысы өтті.
Басқосу барысында мәслихаттардың ағымдағы көкейкесті мәселелері мен салалық заңнамаға енгізілмек толықтырулар мен өзгерістер талқыланып, ортақ ұсынымдар мен ориентирлер анықталды. Сонымен қатар бірнеше пленарлық сессияда мамандар арнайы баяндамалар мен дәрістер оқыды.
Іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев модераторлық етсе, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов елордалық мәслихаттың жергілікті мемлекеттік басқарудың рөлін арттыруға қатысу тәжірибесімен бөлісті.
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев өз беташар сөзінде былай деді:
«Еліміз Жаңа да Әділетті Қазақстан құруға батыл қадамдар жасап, жаңа саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайлар мен сын-тегеуріндерге байланысты Ұлттық идея мен идеологияны қайта құрылымдауда. Тіптен, тиімділік тұрғысында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін шешудің жаңа әдістемесіне көшуде. Мемлекет басшысы Жолдауында мәслихаттардың өзекті мәселелерді шешіп, аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алатынын баса айтты. Тіптен, «Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек» деп атап өтті. Бізге әлемдік жоғары деңгейге өту керек».
Бұл ретте Қостанай облысы мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанов референдумның қорытындысы бойынша Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне көшуін реттейтін бірқатар заңдар қабылданып, нәтижесінде Мәжіліс пен облыстық мәслихаттар депутаттарының бір бөлігі және аудандық мәслихаттардың барлық депутаттарының бір мандатты округтер бойынша сайланғанын атап өтті.
«Бір мандатты округтер бойынша депутаттар, партиялық тізімдердегі депутаттар сияқты сайлау алдындағы үгіт кезеңінде айтылған сайлаушылардың талап-тілектерін орындау жөнінде белсенді жұмыс жүргізуде. Егер оң тәжірибе туралы айтатын болсақ, биыл мәслихат депутаттары облыстық денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруға барынша белсенді қатысты. Түптеп келгенде, мәслихаттар өңірлерде Президент саясатын жүргізудің басты тірегі болуға тиіс» деді ол.
Айта кетейік, жиынға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, 20 өңір мәслихатының төрағалары, ҚР Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдар басшылары, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Сенаты депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқықтық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының ректоры Әбікен Тоқтыбеков сөз алып, жиын көрігін қыздырды. Олар негізінен екі мәселе – біріншіден, салалық «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң жобасында көрініс табуға тиіс толықтырулар мен өзгерістермен қатар – екіншіден, білім блогі, яғни мәслихат депутаттарын үздіксіз оқыту тұжырымдамасына басымдық берді.
Бұдан бөлек «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен мәдениеттанушы-философ, политтехнолог Абылайхан Қалназаровтың бірлескен авторлығымен шыққан «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» атты кітаптың тұсауы кесілгенін айта кету керек. Осынау бірегей саяси әдебиет, Абылайхан Қалназаровтың жеткізуінше, мәслихаттар және жалпы депутаттар тақырыбында жарық көріп отырған тұңғыш кәсіби кітап.
Отырыс соңы «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесі отырысы Қаулысының қабылдануы мен мәслихат төрағаларының Астана қалалық мәслихатының жұмыс тәжірибесімен танысып, бірнеше нысандарды аралауына ұласты.
Өз кезегінде бұл «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ мен Астана қаласы мәслихатының бірлесіп ұйымдастырған кезекті іс-шарасы. Келер жылдың наурызында елімізде жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. Тараптар осы бағытта да қала аумағында бірқатар жобаларды қолға алуды жоспарлауда.