– Төлеубек Төлеуұлы, кейінгі жылдары мәслихаттардың рөлін арттыруға күш салынатыны байқалады. Бұған Сенат қандай үлес қосып жатыр?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында мәслихаттардың өзекті мәселелерді шешіп, аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алатынын баса айтты. Тіптен жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын атап өткені мәлім.
Бұл нені білдіреді? Бұл біздің мемлекеттің осы бағытта өте жоғары деңгейде әлемдік стандарттарға талпынып жатқанымызды аңғартады. Яғни ел басшылығының өзін-өзі басқарудың ілкімді бола алатынына көзі әбден жетті. Тек тиімді жүйесін құрса болғаны. Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Сенатта өткен Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы да осы жаңа көзқарастың екпін ала бастағанын дәлелдейді. Онда сенаторлар мен мәслихат депутаттары алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап алды. Басты жаңалық –өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде Сенат мәслихаттармен өзара байланысты бұдан әрі жандандыратын болды. Атаулы кеңестің құрамы да өзгеріп, оған біздің Бірлестік мүшелері – барлық мәслихат төрағаларының мүше болғанын атап өткен жөн.
– Қазір мәслихат өкілдері халықтың, сайлаушылардың мүддесін тиімді қорғап жүр деп айта аламыз ба? Бұл тұрғыда не өзгермек?
– Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қазақстанның құрылысы» сынды жаңа міндеттемелері сайлаушылармен арадағы жұмысты қайта құру мен іс тәртібі, мәслихат өкілдерін кері шақырып алу институттарын енгізеді.
Сонымен, жаңа жағдайда мәслихаттар мен депутаттардың негізгі қызметі – өз аумағында сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшаларды, абаттандыруды, сауда нысандарын, жолдарды, кітапханаларды, мектептерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеуді ұйымдастырудан көрінбек. Алдағы уақытта елімізде көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сайлаушылардың талабы мен жергілікті мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылатын болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәслихат өкілдерінің белсенді азаматтарды тарта отырып, тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады.
– Сіздіңше, жаңа тұрпаттағы депутат қандай болуы керек?!
– Меніңше, Жаңа Қазақстан мәслихатының әрбір депутатының бойында әлемдік кәсіби стандартқа сәйкес жұмыс істеу үшін мынадай қасиеттер болуы тиіс:
Біріншіден, коммуникативті қабілеттерге ие болуы керек. Яғни халықтың әртүрлі аудиторияларына, БАҚ-та белгілі бір тақырыпта өз ойын еркін жеткізе білу, мазмұнды да мәнді сұхбаттар мен баспасөз конференцияларын беру, мемлекеттік тілге жетіктік, барлық сайлаушылармен, ҮЕҰ өкілдерімен, мемлекеттік органдармен, бизнеспен, құқық қорғау органдарымен сенімді қарым-қатынас орнату.
Екіншіден, ұйымдастырушылық қабілеттерге ие болуы керек. Яғни сайлаушылардың өтініштерімен сын-ұсыныстарына жедел және уақытылы жауап беру, барлық маңызды мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ қажет болған жағдайда тиісті органдарға сындарлы депутаттық ұсыныстармен, өтініштер және сұраныстармен жедел жүгіну.
Үшіншіден, сындарлы қабілеттерге ие болуы керек. Яғни облыста, аудан-қалада, тұрғындар арасында және БАҚ-та жоғары интеллектуалдық, адамгершілік беделге ие болуы, қажетті құқықтық, бюджеттік және қаржылық, психологиялық, саяси білімдер мен дағдыларға ие болуы шарт.
Ал ең соңғы және аса маңызды қасиет – ол депутаттың елге, жерге деген риясыз сүйіспеншілік сезімі, махаббаты дер едім.
– Сөз орайында салаға қатысты ұсынысыңыз қандай?
– Халық сайлаған әрбір мәслихат депутаты төрағасынан бастап үздіксіз өзін-өзі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіне ауысуы, басқарушылық кеңес беру, тәлімгерлік, шетелдік тәжірибені зерделеу, жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша жеке кітапханалар құру, үнемі жаңа білімді іздестіру, өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын, дүниетанымын, санасын және басқарушылық құзыреттілігін қалыптастыруы тиіс. Президенттің кешегі Түркістанда сөйлеген сөзінен де мұның толық мазмұнын табуға болады.
Мәслихатшыларды үздіксіз оқыту және депутаттар қызметінің өзге де түрлерін сапалы іске асыру мәслихаттар тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық шарттарды қамтамасыз етуді қажет етеді. Мысалы, халықаралық стандартта «Депутат қызметін қамтамасыз ету» ұғымы екі бөліктен тұрады: біріншісінде депутат қызметінің түрі мен сипаттамасы айтылады, ал екінші бөлігінде белгілі бір қызмет түрін тиімді жүзеге асыруға қажетті шарттар, құралдар мен қаражатты қамтиды.
Жалпы, іс жүзінде әлі күнге дейін мәслихат депутатының тиімді қызметін қамтамасыз етудің төрт нысаны ажыратылады.
Алғашқысы – депутаттың қызметін құқықтық қамтамасыз ету. Оның жалпы мазмұны парламенттің, үкіметтің, уәкілетті министрліктердің, мәслихаттардың мәслихатшылар қызметін ұйымдастыру тәртібі мен қызметін реттейтін қажетті құқықтық актілерді уақытылы қабылдауы, тиісті заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды шұғыл енгізіп отыру.
Екіншісі – депутаттың қызметін ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету. Мәлім болғандай, мәслихат пен мәслихатшының жұмысы ұйымдастыру жоспарлары бойынша бір жылға немесе алты айға бағдарланып жүзеге асырылады. Оның да мазмұны сол, мәслихат аппаратының және әрбір депутаттың ұйымдастыру жоспарларындағы іс-шараларын іске асыру үшін барлық жағдайлар мен құралдарды алдын-ала дайындауы.
Үшіншісі – депутат қызметінің кәсібилігін қамтамасыз ету. Бұл мәслихат аппаратының депутатты кәсібилендіру шараларын уақытылы және сапалы жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар мен құралдарды қамтамасыз етушілік.
Төртінші – депутаттың қызметін қаржылық қамтамасыз ету. Бұл депутат қызметінің қысқаша сипаттамасы көрсетілген тізбесі, сондай-ақ бұл мәслихаттың жұмысы мен өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін тиісті қызметінің барлық түрлеріне қажетті ақшалай шығындардың есебі болып табылады. Мысалы, Германияда бір ғана жергілікті депутаттың үздіксіз оқуын ұйымдастыруға аумақтық бюджеттен жыл сайын 12 мың еуроға дейін бөлінсе, Венгрияда, Польшада, Чехияда шамамен 4,5 мың еуро бөлінеді, Оңтүстік Кореяда – 13 мың АҚШ долларына дейін, Ресейде 25 мың рубль шамасында бөлінеді.
– Өз ұйымыңыздың жұмысы туралы айта кетсеңіз...
– «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ 2005 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан және мемлекет аумағындағы барша мәслихатшының басын қосқан зор әлеуетке ие бірегей ұйым. Елдегі Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, 20 облыс, республикалық деңгейдегі мәртебесі бар қаланың, 163 аудандық, 36 қалалық мәслихат өкілдерінің ынтымақтаса бірлесіп жұмыс атқару мұратын еріктілік негізде жүзеге асырады.
Осы таңда бірлестік жаңа әлемдік саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайлар мен сын-тегеуріндерге байланысты жұмысын қайта құрылымдау және тиімділік тұрғысында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін азаматтық саяси платформада шешудің жаңа әдістемесіне көшуде. Тіптен, соңғы екі жылдың көлемінде аса белсенді сипатқа енді десек артық емес. Айталық, былтыр республикалық референдумды қолдайтын қоғамдық штаб құру бастамасын көтердік және оны абыроймен басқардық. Одан кейін Президенттің Жолдауларын талқылап, халыққа ілгерілету және қоғамдық бірлестіктер атынан іске асуына қатысты үндеулер қабылдадық. Мұның сыртында «Қазақстан заңгерлері одағы» РҚБ секілді ұйымдарымен екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасып, өзге азаматтық топтармен бірлесіп жұмыс жасауды жолға қоя білдік.
Шетелдік өзіміз типтес ұйымдармен де байланыс жолға қойылуда. Біздің қызметкерлер мен Институт тарапынан әзірленген «Шымкенттің жұмсақ күші», «Депутаттың қойын кітапшасы» және әзірленіп жатқан «Депутаттың идеологиялық кітабы» өз алдына бөлек әңгіме. Үздіксіз шығарылып келе жатқан атаулы салалық журналымыз да бар.
– Мәслихаттардың рөлі артып, жұмысы жанданғаннан қарапайым халыққа қандай пайда бар?
- Еуропа елдеріне, қалаларына, ауылдық елді мекендеріне барғандар біледі, олардың әл-ауқаты, ондағы барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының тиімді жұмысына таң қалмау мүмкін емес. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап осы еуропалық қалалар мен ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және пайдалануға беру, абаттандыру бойынша барлық жұмыс жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдарының жетекшілігімен және олардың білгір депутаттарының белсенді қатысуымен жергілікті жерлерде жүргізіліп келеді.
Ендеше, бүгінгі таңда барлық мәслихат депутаты жаңғырған ел құру үшін өз алдында қандай жауапты және күрделі міндеттер тұрғанын барынша түсінуі керек. Біздің ұйым да осы бағытта аянбай еңбектенуде.
Жаңа Қазақстанды құру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, біздің елімізге қазіргі мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін білім негізіне көшіру, ал мәслихат депутаттарының қайраткерлік рухына көшуі кезек күттірмейді. Тоқетерін айтсам, депутат деген – бұл ең алдымен саптағы идеялы жауынгер. Ел қамы майданында беріспей шайқасатын айбарлы сарбаз, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған палуан. Меніңше, осыны түсінбей тұрып, құр статус пен мәртебеге ұмтылу ешкімге, ешқашан да абырой әпермек емес. Қалай дегенде де депутаттардың жеке басы табысқа жету идеалын елге пайда тигізіп, қызмет ету идеалымен алмастыратын уақыт келді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Дерек көзі: inform.kz