Ислам ғұламалары кедейлікке бастайтын ең жаман қасиет – базынашыл, тілемсек, дәмешіл болу дейді. «Сұрап алғаннан – сатып алған артық» екендігі жайлы әулиелеріміз бен ғұламаларымыз көп айтқан. Ал сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. «Тілемсектіктен арылмаған кембағалдықтан құтылмайды» деген екен. Ешкім бұдан артық айта алмас.
Еріншектік – кедейліктің туысы. Еңбек етуге ерініп, жанын аяп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрген адамның бірі екі болып, кесесі аққа тола қоймайды. Ғұламаларымыз «тек аянбай, жанкештілікпен атқарған жұмыс қана адамды ауқаттылыққа әкеледі» дейді.
«Жұрт не дейді?» деп алаңдау – кедейлікке бастайтын әдеттердің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Өзін сыйлайтын, өзіне сенімді адам бет алды айналасына қарап алаңдай бермейді. Батыл тұлғалар қоғамда қалыптасқан жаңсақ әдеттерді бұзып, жаңа, игі әдеттерді қалыптастырып отырады.
Кедей адам әдетте өзіне ұнамайтын жұмыспен шұғылданады. Кедей адам демалыс күндерін асыға күтеді, басшысын ғайбаттайды. Ұнамайтын жұмысын өзгертуге немесе өзінің жеке кәсібін ашып, «өзіне өзі – би, өзіне өзі – хан» болуға батылы жетпей, дүйсенбі күні қайта сол ұнамайтын жұмысына қарай бет алады. Өзіне ұнайтын мамандық пен жанына жалау бола алатын жар таңдай алған адам – бақытты адам. Егер бұл екеуі дұрыс болмаса оларды өзгерту керек. Ал өзгерту үшін батылдық пен жігер керек.
Уақытты босқа өткізу – кедейліктің анасы. Еврейлер «Тек жұмыс қана уақытты ақшаға айналдыра алады» дейді. Өмірде қанша аянбай жұмыс істесе де бірі екіге айналмай жүрген адамдарды білеміз. Ғұламалар мұндай жағдай ой мен еңбекті басты, табыс әкелетін жұмысқа бағыттай алмағаннан болады деп санайды. Қай саланы таңдаймыз, қай іске күш саламыз, уақытымызды қаншалықты тиімді пайдаланымыз – мұның бәрі адам өмірі үшін өте маңызды жайттар. Бүгінде бір «Фейсбук» компаниясының нарықтағы құны бүкіл Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімінен – өндірген тауар мен көрсеткен қызметінің бағасынан артық болып отыр. Сондықтан «Ойлан да, бай бол!» деген қағиданы да ұмытпауымыз керек.
Ислам әлемінің ұлы ғұламалары «Әрбір адам Алладан еңбегінің берекесін тілей жүруі керек. Құдай құрамаса, адам қанша әрекет еткенімен берекесі болмайды» деген қағиданы мұсылмандардың санасына сіңдірумен келеді.
Біздер жоғарыдағы жаман әдеттерден арылып, Алладан еңбегіміздің берекелі, күндеріміздің мерекелі, имнымыздың – қуатты, ал күніміздің –шуақты болуын тілей жүрейік!
«Бақытты» және «бақытсыз» экономикалар
«Bloomberg» ақпараттық агенттігі әлемдегі ең «бақытты» және ең «бақытсыз» экономикалардың рейтингін жариялады. Өкінішке орай, Қазақстан экономикасы ең «бақытсыз» бестікке еніп отыр. Экономиканың «бақытты» немесе «бақытсыз» болуының басты көрсеткіштері ретінде жұмыссыздық пен инфляция деңгейі алынған. Сарапшылар бұл екі көрсеткіштің алынғанын әділетті шешім деп отыр: жұмысы, яғни табысы, сондай-ақ қолындағы қаржысының құны жоқ адам мен экономика өзін қалай «бақытты» сезінсін?!
Венесуэла – әлемнің ең «бақытсыз» экономикасы деп танылыпты. Мұндағы инфляция деңгейі – 181 пайызды құрап отыр. Кейінгі «бақытсыз» экономикалар – Босния, Оңтүстік Африка Республикасы, басынан түрлі-түсті революция мен мемлекеттік төңкерісті өткізген Египет екен.
Венесуэла – тағдыры мұнайға байланған мемлекет. «Қара алтыннан» келетін табыстың күрт төмендеуі бұл елді ізінен шығарып жіберді: венесуэлықтар азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығын көре бастады. Осы тапшылық мәселесін шешу үшін Венесуэла Латын Америкасының көмек қорынан 500 миллион доллар несие алуға мәжбүр болды.
«Бақытты» экономикалар тізімінің басында Сингапур, Жапония, Швейцария мен Исландия сиқты елдер тұр.
Бұл рейтингте 74 елдің экономикалық «бақыты» өлшеніпті. «Bloomberg» ақпараттық агенттігінің зерттеулеріне қарағанда АҚШ 21, ал Аспан астындағы алып ел – 23 орында тұр.
Ресейдің Гайдар атындағы экономикалық саясат институтының қызметкері Сергей Жаворонковтың айтуынша, ТМД елдеріндегі тұрғындардың тұрмыс деңгейі Еуропа елдерімен салыстыруға келмейді, алғашқы елу елден едәуір төменде тұр.
Ия, ТМД елдерінде жұмыссыздар мен зейнетке шыққан адамдар былай тұрсын, жұмысы бар адамдардың өзі экономикалық тұрғыдан қиын жағдайда өмір сүріп келеді. Бірқатар экономистер бұл қиын жағдайдың астарында экономиканы басқарудағы осалдықтар мен еңбек үшін төленетін жалақының төмендігі жатыр деп санайды. Мысалы, Еуропа елдеріндегі тауар бағасының 57-65 пайызын жұмысшының жалақысы құрайды. ТМД елдерінде бұл көрсеткіш өте төмен: бейресми зерттеулер жалақы мөлшері тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының 10-20 пайызын ғана құрайтынын айтып келеді.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.