Пхенчхан Олимпиадасының баспасөз орталығында Қазақстаннан барған бірқатар тілшілер қауымы жұмыс істеп отырған едік. Сол сәтте, "О, менің отандастарым келіпті ғой", - деген қазақ қызының нәзік үні құлағымызға саңқ ете қалды.
Тура бір туысқанын көргендей емен-жарқын амандасып жатыр. Қазақстан тілшілері Олимпиада үшін арнайы тігілген киіммен жүргендіктен, көзіне оттай басылғанымыз анық. Аман-сәлемнен кейін таныстыққа көшіп, әңгімеге тарттық. Қарындасымыздың аты-жөні Жазира Өтесбайқызы екен.
- Мүнда қайдан жүрсің, не істейсің?
- Олимпиада ойындарына келгенмін - волонтермын.
- Қазақстанның қай өңірінен келдің? -
Туған жерім киелі Маңғыстау облысы. 1996 жылы 9 желтоқсанда Ақтау қаласында дүниеге келдім. Бірақ қазір шетелде білім алып жатқан қарындастарыңыздың бірімін.
- Қай елде, қандай оқу орынында оқып жатырсың?
- Осыған дейін, Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «физика» мамандығын бітірдім. Кейін Литва қаласындағы Каунас технологиялық университетінде "қолданбалы физика" мамандығы бойынша білім алдым және қазіргі таңда осы жоғары оқу орнында магистрлік білім алудамын.
- Мұнда, Олимпиада ойындарына ерікті ретінде қалай келдің?
- Негізі мен волонтерлік қызметпен 2015 жылдан бастап айналысып келемін. Ең алғаш ерікті ретінде Charity Wish Tree қайырымдылық шарасында болдым. Ол кезде студент едім. Университет атынан қатыстым. Одан кейін Almaty Invest Forum, The 28th Winter Universiade, EXPO-2017, республикалық хоккей жарыстарында, EURO Futsal Cup Qualifying round және UEFA Futsal Cup Finals-та аудармашы және ұйымдастырушы қызметтерін атқардым. Ал Пхенчханда өтіп жатқан төртжылдық додасына 2016 жылы "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде ерікті қабылдап жатқанын байқап қалдым. Белгіленген талаптарға сәйкес өтінішімді қалдырдым. Қызығы, ең соңғы еріктілердің бірі болып өтініш қалдырыппын.
- Соңғы күні өтініш қалдырсаң да бірден ілігіп кеттің бе? - Қабылданатынымды алғашында білген жоқпын. Кейін 2 айдан кейін «бірінші турдан өттіңіз» деген хат алдым. Бірінші, анкета бойынша іріктеу болды. Екінші турда ағылшын тілінен білімімізді тексерді. Одан да «сәтті өттіңіз» деген хат алдым. Кейін Skyp арқылы ағылшын тілінде сұхбат алды. Бағыма қарай және ағылшын тілін еркін меңгергенімнің арқасында бұл сынақтан да сүрінбей өттім. - Мұнда Олимпиада ойындары аяқталғанша боласың ба? - Әрине, XXIII қысқы Олимпиада ойындарының аяғына дейін және одан кейін келетін Паралампиада ойындарында да қызмет етемін. Жаңа айтып өткенімдей, іріктеуден сүрінбей өткен кезде олар менен соңғы рет Олимпиада ойындары мен Паралампиада ойындарының қайсысына қатыса алатынымды сұрады. Мен керек болса екеуінде де қызмет атқаруға дайын екенімді айттым. Сосын Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті маған өткен жылдың қараша айында ұсынысымның қабылданғаны туралы хабарлап, Олимпиада және Паралимпиада ойындарына да қатыса алатынымды жеткізді. Мен бірден келісімімді бердім. Міне, қазір сіздермен бірге Олимпиададамын. - Осындай ірі шарада еріктілер қатарында қызмет ету саған ұнайтын сияқты?! - Иә, мұндай қызмет ету өзімнің бала күнгі арманым болатын. Өзімді осындай ірі халықаралық шараларда көргім келген. Міне, бүгін сол армандар орындалып жатыр. Жалпы, жұмысыма ризамын. Кореяға келген бірінші күнімнің өзі белгілі каналдардың түсірілімінен басталды. Қаласаңыз, ол туралы Олимпиада ойындарының соңында айтып берермін, қазір айта алмаймын. Себебі, әзірге ол туралы айтуға бізге тыйым салынған. Әр іс-шараның өзіндік құпиялары болады ғой. - Онда қазіргі ерікті ретінде атқаратын қызметіңді айта кетсең. - Қазіргі қызметім: Main Press Centre-де IT волонтері, яғни Service Desk Media C Assistant қызметін атқарамын. Біздің мақсатымыз Press және Photo Workroom Wifi, принтер және басқа да техникалық жағынан әр елден келген журналистерге көмектесу. - Сенімен бірге Қазақстаннан осында қызмет атқарып жүрген басқа кімдер бар? - Әзірге осында мен жалғызбын. Қазақстанда туған, бірақ ұлты кәріс бір волонтердың барын естідім. Бірақ бүгінгі күнге дейін оны жолықтыра алмадым. - Ағылшын тілімен қоса, корей тілін де білесің бе? - Қазақ тілі - ана тілім ғой. Өз тілімнен басқа ағылшын және орыс тілдерінде еркін және жатық сөйлеймін. Корей тілін енді-енді үйреніп жатырмын. - Олимпиада ойындарына өзің туған Қазақстаннан ел намысын қорғауға кімдердің келгенін білетін боларсың? Кімге жанкүйер боласың? - Спортшылардың барлығын тани бермеймін. Мен елімізден қанша спортшы келсе, соның барлығына жанкүйермін. Өзім ерікті ретінде қызмет атқарып жатқан Ақ Олимпиада ойындарында жерлестерім жеңіске жете берсін деген тілегімді жеткізгім келеді. - Әңгімеңе рахмет. Еңбегің жана берсін!