«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген еді Елбасы.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген ақын Қадыр Мырза Әлінің жырын жатқа білмейтін қазақ аз шығар. Халқымыздың сан ғасырлық тағдырына куә болған домбыраның бойында бәрі бар. Нағыз қазақы болмыс сонда. Домбыра шанағындағы қос ішекке күллі қазақтың тарихы, мұң-зары, қуаныш-қайғысы қатар өрілгендей. Құран кітабынан кейін қазақ шаңырақтарында төрден орын алатын да осы домбыра.
Күй, домбыра дегенде ә дегенде ойға еліміздің батыс аймағы оралады. Ұлтымыздың әйгілі тұлғаларының домбыраларын жинау 2000-2008 жылдары Атырау облыстық тарихи өлкетану музейіне Нариман Үлкенбаев басшылық еткен жылдары белсенді жүргізіліпті. Қазіргі күні музей қорында 65 домбыра бар екен.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту және домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында барлық мектептерде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнату қолға алыныпты. Облыс мектептерінде домбыра үйірмелері бұрынғыдан көбейген. Осы орайда дәулескер күйші Құрманғазының 200 жылдығын домбыра мен қазақ күй өнерін насихаттаудың үлкен үлгісі ету қажет-ақ.
Қара домбыра қазақ халқымен бірге жасап келеді. Бұған дәлел жеткілікті. Арал маңындағы Қойқырылған қаласына қазба жұмыстарын жүргізген кезде қолында қос ішекті домбырасы бар ер адамның күйдірген саз балшықтан жасалған мүсіні табылған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ ғасырдан қалған мұра. VІ-VІІІ ғасырларда Түркі қағанаты тұсындағы көшпелі елдің музыкалық мәдениеті туралы құнды құжаттар Жапонияның Нара қаласындағы Сесоид императорының қазынасында сақталыпты. «Кодекс Куманикус» (1303 жыл) кітабында қыпшақ әуендерінің романдық квадрат ноталары түрінде жазылған нұсқасы бар екен. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка туралы ұлы трактатында» сыбызғы, домбыра, сырнай, керней, қобыз, канун, уд, цимбал (чанг), тамбур, рабаб, дабыл, даңғыра сияқты аспаптарға сипаттама берілген. Алматы облысы Жамбыл ауданы «Майтөбе» жайлауындағы тау шатқалында тасқа қашалған көне домбыраның суреті табылған. Домбыраның басына үкі тағылған. Домбыраға үкі тағу бізде әлі бар. Біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын тасқа қашалған суреттен қазақтың қара домбырасы көрініп тұруының өзі ғаламат құбылыс!
Қазақстан территориясында өмір сүрген Сақтар дәуірінде сыбызғы мен домбыра ең кең таралған аспап болған деседі. Сол заманнан жеткен ежелгі күйлер ішінен «Шыңырау», «Аққу» күйін ерекше атайды. Қазақтың бесік жырлары, олардың әуені мен ырғағы сол сақ заманынан бері еш үзілген жоқ. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда ғұндар әлемдегі қуатты мемлекеттердің бірі болды. Олар өз әндерін сыбызғы, домбыра, қобыз ойнаумен сүйемелдепті. «Кеңес», «Сары өзен», «Шұбар ат» деген күйлер сол заманнан қалған. Археологтар Хорезм қаласына қазба жұмыстарын жүргізген кезде екі шекті құралда ойнап тұрған музыканттардың терракотты бейнелерін тапқан. Демек, көшпелі сақ тайпаларының негізгі музыкалық аспабы домбыра болған!
Соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектердің 10-20-30-40 жылдық кездесулері өткізіле бастады. «Мектепке не сыйлаймыз?» деген сұрақ солардың көбінің алдынан шығады. Дайын сый домбыра емес пе? Әр түлек бір домбырадан сыйласа, оны тартуға ықылас танытатындар өздігінен көбеймей ме?! Мектептерде үзіліс кезінде оқушылар қазақ күйлерін күмбірлетіп тартып тұрса, қандай керемет?! Домбыра тартатын жас ұрпақты көбейту рухани жаңғырудың кешенді бір шарасына айналуы керек.
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz