– Еуропа ғалымдары «Қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін маңызды фактордың бірі – құқықтық мәдениет» дейді. Өткенде Қазақстан арнасындағы «Ашық алаң» тікелей эфирінде осы бағытта сөйлеп жатыр екенсіз. Жай сөйлемедіңіз, өте конструктивті сөйледіңіз. Сонда айтқаныңыздан, айтпағаныңыз көп көрінді. Сізге біз және мүмкіндік берейік. Құқықтық мәдениет дегеніміз не? Бұл өзі нендей «қызғыш құс»?
– Академиялық тұрғыдан келсек, бұл нағыз «ми қайнататын» аса күрделі тақырып. Бұл ұғым яки термин сәл-пәл абстрактілі болып көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл сізге, маған, оған, баршамызға тікелей қатысты етене жайт. Өйткені құқықтық мәдениет – бұл мемлекет, қоғам, заңдармен және бір-бірімізбен өзара іс-қимылымыздың негізі.
Құқықтық мәдениет – бұл адам мен қоғамның заңға қатынасын анықтайтын білім, сенім, құндылықтар мен мінез-құлық жиынтығы. Тағы қайталап айтамын, «заңға қатынасын анықтайтын» өте нәзік жүйе.
Оған мыналар кіреді:
Бірінші, заңдарды білу. Бұл негізгі деңгей. Адам баласы қоғамда дұрыс жүріп-тұруы мен өмір сүруі үшін өздерінің ең базалық құқықтары мен міндеттеріне жетік болуы керек.
Екінші, заңға құрмет. Жазадан қорқу емес, заң нормативінің құқықтарымыз бен бостандықтарымызды қорғайтынын ұғынуы.
Үшінші, заң басымдығында әрекет етуге дайын болу. Бұл баршаға ортақ – азаматтарға да, мемлекеттік органдарға да парыз бен борыш іс.
– Ал оның тарихы қандай?
– «Құқықтық мәдениет» терминінің гуманитария салаларында – философия, мәдениеттану, әлеуметтану мен заң ғылымдарында терең тамыры бар және бір қызығы, оның шығу тегі белгілі бір есім-сойға телінбейді. Алайда құқықтық мәдениеттің тұжырымдамасы құқықтық сананы, хақылық нормалар мен құқықтық жүйедегі жеке тұлғалардың мінез-құлқын қамтитын құбылыс ретінде ХХ ғасырда қарқынды дами бастады.
Нақты «құқықтық мәдениет» деп айдарламаса да, онымен байланысты идеяларды Платон мен Аристотель, Цицерон сияқты ежелгі дүние философтарынан табуға болады. Олар қоғамдағы құқық, адамгершілік пен мінез-құлықтың арақатынасын талқылады. Жаңа заманда Жан-Жак Руссо, Иммануил Кант және Георг Гегель қоғамдық сананы қалыптастырудағы құқықтың рөлін назарға алды.
Жақсылы-жаманды кеңестік құқықтық мәдениет мектебі де болмады емес, болды. Ол советтерде алғаш рет кеңестік заң ғылымында көрініс тапқан болатын. 1960 жылдары Сергей Алексеев пен Владимир Кудрявцев сияқты құқықтанушылардың жұмыстары осы мәдениетті насихаттау мен зерттеуге айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, Алексеев құқықтық мәдениетті құқықтық білім, құқықтық сана мен қоғамның хақы-құқыққа қатынасының шоғыры ретінде түсіндірді.
АҚШ-батыс дәстүрінде болса, бұл ұғым-термин негізінен Лоуренс Фридман бастаған зерттеушілердің еңбектерімен танымал болды. 1970 жылдары ол құқықтық мәдениетті қоғам-қауымның жалпы мәдениетінің бөлігі ретінде қарастырды. Оның құқықтық жүйемен және күнделікті өмірмен байланысын атап өтті. Онда да рухани мәдениеттің бір саласы ретінде басымдық берді.
Осылайша, «құқықтық мәдениет» термині басы бүтін бір адамға таңылмастан, әртүрлі философиялық-социологиялық тәсілдердің әсерімен қалыптасты. Ол ұзақ ғасырларға созылған адамзат зияткерлерінің ұжымдық ой еңбегінің жемісі. Дегенмен оның бітім-болмысы, концепциясына ықпал еткен негізгі атаулар мен мектептерді бөліп көрсетуге болады.
– Мәдениеттің мұндай ерекше түрі не үшін қажет?
– Өз басым оның қажеттілігін үш тұрғы – қоғамның тұрақтылығы мен сенім қалыптастыру һәм сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдан көремін.
Мұндағы «қоғамның тұрақтылығы» дегендегіміз, заңдар құрметтеліп, бұлжытпай орындалған кезде ғана әлеумет ахуалы мен жағдайы болжамды болады.
Сенім қалыптастыру болса, құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Ал ол тұрғындар арасындағы, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді қарым-қатынасқа ықпал етеді.
Сыбайластыққа қарсылықтың да мәні бар. Яғни оның құндылықтары өнебойына өткен нық ұстанымы бар білімді де білікті азамат қана өз құқықтары үшін күресіп, заңсыздықтарға қарсы тұра алады.
– Өткендегі «Ашық алаңда» әнебір атышулы заңгер депутат құқықтық нигилизмді құқықтық мәдениеттің егізі деп айтты. Бірақ сіздің оны дереу түзегеніңізді көрдік. Осы жерін кеңірек түсіндіре аласыз ба?
– Иә, ол жердегі менен басқа спикердің бәрі заңгерлер болды. Сондықтан да олар бұл мәселеге таза юриспруденция көзімен қарап, біраз «ал, шаптыққа» жол берді деп ойлаймын. «Асанның алабай итін айтуға барып, Үсеннің қорадағы меринос қойын санады» дегендейін. Мәдениеттанушы ретінде бұған құр қарап тұра алмадым. Мәдениеттану теориясы мен әдістемесі тұрғысында, сөздерінің жал бітіріп кеткен жерлерін әділ түзеп отырсам керек. Ең алдымен, бұл мәдениеттанудың нысаны. Одан кейін менің тағы бір дипломым «заңгер». Үшіншіден, 2023 жылы жарық көрген саяси технология туралы тұңғыш қазақстандық кітап «Шымкенттің жұмсақ күшінде» де оңтүстік ареалына мониторинг жасай отырып, бұл мәселенің әбден ішек-қарынын ақтарғанмын. Ол жазбамда тіптен, осыған арналған тұтас тараулар бар. Бәрі көз алдымда. Сондықтан да өз спичтерім барысында өз-өзіме аса сенімді болдым. Ол үшін олар еш ренжи қоймас. Талайы менен жасы үлкен ағалар. Әрбіріне құрметім де зор. Елге еңбегі сіңген тұлғалар. Бірақ құқықтық мәдениет пен құқықтық нигилизм қайбіреуі айтқандай, «егіз сыңарлар» емес. Бағдарлама тақырыбы да «Құқықтық нигилизм және қоғам» болса да ток-шоу жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлына да түсірілім алдында оның құқықтық мәдениеттен өрбитінін жәнеден осындай тұтас жүйенің бар болғаны бір проблемасы екендігін ескертіп үлгердім. Оның өзінде ол республикамыздағы құқықтық мәдениеттің сын-тегеуріндер мен перспективалары аясында анықталады.
Мәлім болғандай, елімізде көптеген басқа совет шинелінен шыққан елдердегідей, құқықтық мәдениет қалыптасу үдерісінен өтуде. Кезіндегі метраполия, бізден гөрі еуропалау делінетін Ресейдің өзі бұл жағынан зар жылауда!
Негізгі қиындықтардың ішінде мен бәріміз айта беретін «құқықтық нигилизм», заңи ағартушылықтың жетіспеушілігі және оған формальды катынасты атар едім. Бұдан шығатыны сол, құқықтық нигилизм құқықтық мәдениет проблемаларының бірі ғана. Бірақ қандай проблемасы десеңізші! Кез келген құқықтық мемлекеттің іргетасын эрозияға ұшыратып бұзып, қоғамдық санаға жойқын әсер ететін және елдің тұрақты дамуына кедергі келтіретін теріс құбылыс. Яғни азаматтардың заңдардың күшіне сенбеуі өте күрделі мәселе.
Одан кейінгі ағартушылық көкейжардысы – көптеген халайық-жарандарымыздың өз құқықтарын қорғау бойынша аса маңызды ақпараттан мақұрымдығынан көрінеді.
Формальдылықта – көбінесе заң әділеттілік құралы ретінде емес, айналып өтуге болатын «аномалия» ретінде қабылданудан өрбиді.
– Сонда, құқықтық нигилизм дегеніміз не? Көп сөз қандай сөз екенін білесіз, үш ауыз сөзбен түйіндеп жеткізсеңіз...
– Құқықтық нигилизм – бұл әлеуметтік-қауымдық реттеуші ретінде заңнан бас тарту немесе оған сенімсіздік танытушылық.
Әсілінде, «құқықтық нигилизм» терминінің де философия мен заң ғылымында «басынан көп тамаша күндер кешкен, толқымалы тамыр-тарихы бар» және оның шығу тегі құқықтық жүйелер мен заңның беделіне нұқсан келтіретін құбылыстарды мінеп-сынаудың дамуымен байланысты. Мұнда да терминді алғаш қолданған нақты авторды атау қиын. Десе де оның тұжырымдамасы ХІХ ғасырдағы философиялық пікірталастар мен ХХ ғасырдағы құқықтық зерттеулерден бастау алады деп батыл айта аламын.
Батыста осыған ұқсас ұғымдар заң дағдарысын зерттеп зерделеу шеңберінде, мысалы, сыни құқықтық теорияда – «Critical Legal Studies» арқылы пайда болды. Бірақ тап осылай атаулап «құқықтық нигилизм» термині қолданылмады.
Бүгінде аталмыш термин құқықтық институттарға сенімсіздік, құқықтық сананың төмен деңгейі және құқықтық нормаларды елемеу немесе бұзуға бейімділікке байланысты үдерістерді сипаттау үшін кеңінен қолданылады. Айтпақшы, терминді алғаш рет жүйелі қолдану мен танымал ету кеңестік кезеңге жататын қазақстандық құқықтық ғылым аясында болды. Мұны да ұмытпау керек.
– Ол қалай көрініс береді?
– Ол әр түрлі формада көрінеді. Мәселенки, кейде адамдар заңдарды әдейі бұзады. Яғни оларды әділетсіз немесе қажетсіз деп санайды. Бұл дегеніңіз «заңдарды елемеу». «Бір» деп қойыңыз.
Сосын біздің елімізде ең кең таралған нәрсе не? Сот төрелігіне күмәндану! Шешімдері айналасында ылғи айғай болып жатады. Бұл да соттар, полиция, бір сөзбен бүкіл билік органдарына сенімсіздікті білдіреді.
Тағы бірі көрінісі – құқықтық пассивтілік. Жұртшылықтың белден басылып бұзылған болса да, өз хақы-құқыларын қорғаудан бас тартуы. Әсіресе, бұл ауыл-аймақтардағы жайылым жер дауларында қатты байқалып қалып жатады. Көпшіліктің ерікті капитуляциясы. Заң бұзылып жатқанын көріп, бейжай болу, бұл төмен құқықтық мәдениет. Бұдан көптің жоғын жоқтап жүрген жалғыз-жарым есті кісілер зардап шегеді. Алысқа бармай-ақ ондай-ондайға Бекболат Қаржан сияқты азаматтар кейсі дәлел.
– Неге бұлай болады? Құқықтық нигилизмнің себептері қандай? Неліктен адамдар заңды жоққа шығара бастайды?
– Меніңше, мынадай бірнеше себептері бар:
Бірінші кезекте сыбайлас жемқорлық. Дәл бұған ешкім таласа қоймас. Азаматтар заңдардың алалай таңдамалы түрде қолданылатынын немесе билік өкілдерінің өздері бұзғанын көргенде, жалпы жүйеге деген сенімін жоғалтады. Үсеновшілдік, түгеншілдік, шүгеншілдік, министрлер, әкімдер, депутаттар, бәрі көз алдымызда! Тәуелсіздіктің қаралы жылнамасы дерліктей-ақ! Осы күнде халық «Балық басынан шіриді» дегенді көп айтып жүр.
Алайда әлемдік мелодрамаға айналған «Бишікбаев» ісінде бізді құдай сақтады. Ол жеңіл жазамен құтылып кеткенде, заңдық нигилизмнің әкесі мен шешеңді сыйлайыны, атасы мен әжесі болушы еді. Рас, бұл жағдайда заңның әрібі ұтқанымен, ұлт ретінде қазақ еркегінің бейнесін тұңғиыққа құлатып алу жағынан ұтылдық. Бұл енді бөлек сұхбаттың үлесі.
Одан кейін, әлбетте, құқықтық сауатсыздық. Көбісі өз құқықтарын білмей, заңнаманың қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Жол бойында екі жүргізуші сыйыса алмаса, бірін-бірі қуалап, бір жерде тоқтап, төбелесе кетеді. Май тоқтатса, тәжікелесіп жүйкесіне салмақ түсірместен тиын-тебенін қыстыра кетуге дайын. Немесе біреуді-біреу сабап кетсе, өзі достарын жиып, қайтара жұдырықпен шешпек болады, оған арыз-шағым жазуды ар санайды және тағысын тағылары. Тағы басқа...
Ооо, бұл енді проблема – тарихи контекст. Ұзақ уақыт бойы заңдар жалпы қоғамның емес, жекелеген топтардың мүдделеріне қызмет еткен елдерде заң институтына деген дәстүрлі сенімсіздік сақталады. Қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Бір кем дүние» кітабында «Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді» деп неге айтты дейсіз?
Көштің соңында заңның формализмі мәселесі. Егер заңдар қоғамның нақты ахуалы мен қажеттіліктерін, мұң-мұқтажы, рухани-матери мүмкіндіктерін ескермесе, олар «өлі нормаларға» айналады. Ал азаматтар оларды байыпты қабылдауды тоқтатады. Әлемдік практикада бұл талай көтерілген проблема. Әсіресе, Оңтүстік Америка елдерінде бұл жүйелік сипат алған түйіткіл. Мәселен, қазір де ел аузында Қазақстанды «Штрафстан» дейтін болды. Әзірге ол айыппұлдардың қандай да бір қисыны мен негізі бар. Қызықтың бәрі сол қисын мен жөні бітіп, шектен шыққанда басталмақ. Қалың бұқара олардың тармақтары мен баптарын орындамауға көшуі ықтимал. Кімдер екенін білмеймін, бірақ біреулер мүмкін, біліп, мүмкін білмей қоғамды осыған жетектеп әкеле жатқандай әсер береді. Олигархтардың Дубайдағы үйлері мен бизнесін көрмей, қарапайым қауымды қажай берген де ақылдылық па? Ел онсыз да «Халықты неге үйге қамап қоймайсыңдар, далаға шықса, штраф, аттап басса, айыппұл» деп қарғанып отыр. Шопырлар тарабы «Бұлар бәріміз ат-жылқыға, есек арбаға отырсақ та тыныштық бермейді-ау!» деп пұшайман. Мұны ойлап отырған парламентшілер де байқалмайды. Образдап айтсақ, қыстың күні бастарыңа жылы қалпақ пен малақай, үстеріңе тон, аяқтарыңа етік кимеңдер десе, бүкіл хандарымыздың арғы бабасы ұлы Шыңғыс тіріліп келсе де орындалмайды. Бұл да сол сияқты нәрсе. Қызыл сызық қай жерде, содан аспау керек қой.
– Жемқорлық, сауатсыздық пен формализмді түсіндік. Тарихи контексті дегенді антенамыз ала алмай жатыр. Тарқата кетесіз бе?
– Аңыз-әфсанаға айналған әділ де қаһарлы хан-батыр, билер заманаларын айтпай-ақ қойдық. Ол кезде қазақ қоғамының билік жүйесі саяси-потестарлық сипатта болды. Бұл ежелгі дәуірлерден ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасты. «Ханның екі сөйлегені өлгені» деп, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтатындар далалық заң үстемдігін қамтамасыз етті. Қарапайым қойшыдан ел кезген қайыршы, диуанаға дейін мыңды айдаған байлар мен шұбартөс шонжарлардың алдында әділдіктің бұлтартпастығына бек сенімді болды. Мысалы, Төле бидің Меккеге қажылыққа кетіп бара жатқан жолаушының есесін әдепсіз де қиянат іс қылған өз руластары үстінен өндіріп түгендеп беруі нағыз классика! Бұл туралы тарихи мөлдіреген әңгіме де, сала құлаш жыр да бар. Қараңызшы, айдаладағы біреу Төле би алдында өзін дәлелдеп, жөніне кете барады. Биде де бұра тарту жоқ. Ал Төле сияқтылар біреу емес, мың, он мың, бәлки бұрынғыдан тізбелесе жүз мыңдап болар. Солардың бірі әділдік принципінен бір елі тайып кетсінші, дереу күресінде қалушы еді. Себебі жалпақ елдің сенімінен дереу айырылатын. Ал ел сенімі деген ол кездері далалық потестарлық биліктің тұғыры. Көшпенді ортадағы абырой-беделдің негізі – әділдік пен туралықта. Сондықтан да Шыңғысханның «Ұлы жасағы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» деп тізе береміз. Жазылғанын айтасыз, олар тіпті сахараның жазылмаған заңдарының сақталуына дейін қатаң қадағалаған болатын. Ал жоғары құқықтық мәдениет дегеніміз осы – қоғамның барлық мүшелерінің ережелерді қабылдап, оларды қатаң ұстануы.
Сорлағанда билік тізгіні қолымыздан кетіп, Ақпатша мен жандаралдардың, олардың өз арамыздан шыққан сатқын жандайшаптарының аузына қараған заман, қала берді бергі 70 жылдық қызыл партия диктатурасы бізді «соқыр, мылқау, мақау» етті. Сондағы таңғажайыптардың бәрі – бір көсем мен бір партия, пролетариат билігі үшін-міс. Өкінішке қарай сол бергі негативті контексті батпағынан тәуелсіздіктің 30 жылында да малтығып, шыға алмай жатырмыз.
– Бізден де аз-кем байыптама болсын. «Ашық алаңда» әріптестеріңіз тарапынан Қазақстан мен қазақ, дәлірегі, қазақтілділер үшін заңдардың қазақша емес, алдымен орысшасы бекітілетіні өткір мәселе екендігі сөз болды. Бұл да формализмге жатпайды ма? Сіз шоу барысында бұл туралы ләм демедіңіз. Бұған не дейсіз?
– Иә, мұндай көкейкесті мәселе бар. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері бір шешімін таппай келе жатқан «сақалды да бейбақ» мәселе. Отыз жылдық егемендік дәуірінде үш-ақ заң алдымен қазақ тілінде әзірленіпті. Сонда әр он жылда бірден қазақ тілінде заң шығып отырған. Масқара ма? Масқара! Ұят па? Ұят! Бұл үлкен минус. Әсіресе, заң шығару органдарының бетіне салық болатын өте үлкен минус. Заңдар мен нормативтерді орыс тілінде әзірлейтіндердің уәждері белгілі. Сол баяғы «маман жоқ» деген әләулай. Маман емес, құлық пен ықылас, саяси ерік-жігер, мемлекетшілдік сана жоқ десек, дұрыс болар. Заңгер мамандығындағы мыңдаған жасты не үшін «Болашақпен» оқытты? Қазақ тілін білмесе де, білсе, бірақ жаза алмаса да соларды шекара, мұхит асыруға жол бергендер кімдер? Бір осы пунктің өзін жабуға жарамаса, осы жолда жұмсалған миллиардтаған қаржының әруағы бірінші кімді ұруы керек?
Орысша әзірленген заңның әлбетте, формальды түрде аударма қазақша нұсқасы жасалады. Бірақ клонның аты клон. Ол түпнұсқасында орыс тілінің табиғаты мен заңдылықтары, емле-ережесіне негізделгендіктен, мемтілге қотарғанда адам ұқпас абрака-дабра болып шығады. Қайтпек керек? Неге бұлай? Кімнен сұраймыз? Қазақ тілінің шет-шегі жоқ мәселелері секілді, мұның да соңы көрінбейді. Бір журналист айтқандай, «Бір ел, екі әлем, қаласақ та, қаламасақ та, бұл – факт!».
Әрине, бұл да қазақ тілді, тәнді, жанды, рухты азаматтардың біраз бөлігі үшін құқықтық нигилизмнің бір триггері болып отыр. Оқыса, тыңдаса ұқпайды, түсінбейді. Сірескен бірдеңе, көп әріп болып көрінеді де, оларды ашып қарамайды. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.
– Неліктен құқықтық нигилизм қауіпті?
– Құқықтық нигилизм тек скептицизм емес, бәрінен де бұрын бұл қоғамның ішкі тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Мінекейіңіз, негізгі рисктер:
Ең әуелі заңдар құрметтелмеген кезде құқық бұзушылықтар саны артады. «Қылмыстың өсуі» бой көтереді. Бүгінде бұл жағынан Талғардағы оқиға ел назарында. Сол қалай шешіледі, соған қарай жергілікті жерлердегі «тоқсаныншы жылдарды аңсайтын» криминал да не өседі, не өшеді.
«Сыбайлас жемқорлықтың күшеюі». Егер азаматтар «хақылап-қақылдап жүріп бәрібір ештеңеге қол жеткізе алмайсың» деп түбегейлі ой түйсе, пара алуға немесе беруге көз жұма бастайды.
«Әлеуметтік апатия». Ең қиыны да осы. Адамдар әділетсіздіктің пассивті бақылаушылары бола отырып, өз құқықтары үшін күресуді сап тияды. «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» позициясына тоқтап, немқұрайды «тобырға» айналады. Өкінішке қарай әлеуметтік желілер мен БАҚ-ғы әділет іздегендердің көбінің опа таппай, баз кешу көріністері мұндай ізденістер мен белсенділікті қоғамға «теріс рөлдік модел» ретінде танытты. Әлгі айтылып жүрген «Кеше жұмыста әділдік іздедім. Бүгін жұмыс іздеп жүрмін» дегеннің кері.
– Мынаның бәрі біздің қоғамның тұлабойында шиқаны шығып, жарылайын деп тұр ғой. Сіздіңше, бұл қашанға дейін созылады?
– Менің ойымша, Қазақстанда құқықтық нигилизм кемі алдағы он жыл, бәлки одан көп, өзекті мәселе болып қала береді. Біз оның алғышарттарын тұрмыстық дүрдараздықтардан бастап сот жүйесіне деген сенімсіздікке дейінгі аралықтағы әр түрлі салалардан көреміз.
Тап осындай сауал қойылғанда құдайы көршіміз, бауырлас қырғыз елінің қоғам қайраткері Алмаз Құлматов: «Егер мемлекет азаматы қылмыс жасап, жазадан құтылу үшін тамыр-таныс, байланыс іздесе, онда бұл жемқор мемлекет» деген етін: «Егер ол адвокат іздей бастаса, онда бұл құқықтық мемлекет. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адам құқықтарына қол жеткізу басқалардың құқықтарын шектемеуі немесе бұзбауы керек».
Қайсысына ұмтылуымыз керек, өзіңіз де аңлап тұрған шығарсыз!
– Кең ауқымда қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Қазақстандағы құқықтық нигилизмді еңсеру және құқықтық мәдениет деңгейін арттыру үшін кешенді шешім қажет. Бұл орайда мұраттас достар – мәдениеттанушы Еркін Масанов, бірнеше вестселлер кітап иесі, филолог-дінтанушы Әділбек Нәбимен ақылдылар сарабы – «brainstorming» өткізгенім бар. Әсіресе, Орта Азия мен посткеңестік кеңістіктің тарихи-психикалық ерекшеліктерін ескере отырып, үш нақты ұсыныс әзірленді:
Бірінші, халық арасында ауқымды құқықтық ағарту жұмыстарын жүргізу. Ол үшін көп деңгейлі жеке бір мемлекеттік стратегиялық бағдарлама қабылданса да артықтық етпейді. Шартты атау ретінде «Баршаға құқықтық сауаттылық» (Правовая грамотность для всех) деп атауды ұсынамын. Мысалы, оның бір бөлімі мектеп және университет бағдарламаларына адам құқықтары, азаматтық және қылмыстық құқық бойынша міндетті курстарды енгізу болса екен.
Сондай-ақ ол бағдарлама аясында танымал әлеуметтік желілер мен телеарналарды қолдана отырып, жұртшылықтың негізгі құқықтары мен міндеттерін қарапайым түсіндіретін медиа-кампаниялар жасалса. Бұл «Мәдениет және медиа арқылы заңды құрметтеуге тәрбиелеу» үдерісінің ҮЕҰ мен халықтық бастамалар тетігін іске қосумен қатар жүрсе және бұл да аса масштабты іс-шаралар жобасын қамтыса. «Заңдардың сақталуы мен олардың қоғам өміріне әсерінің оң мысалдарын көрсететін фильмдер, телехикаялар, тіптен, мультфильмдер және басқа да мәдени өнімдер шығаруды қолдау» дейсіз бе, «құқықтық тәртіп идеясын насихаттау үшін ұлттық құндылықтар мен тарихи бейнелерді, мысалы, Ұлы Дала дәстүрлеріндегі әділеттілік культін пайдалану» деп кете береді.
Өз кезегінде корпоративтік құқықтық мәдениетті дамыту да осы қатардан. Ірі мемлекеттік және жеке компанияларда құқықтық сауаттылықты арттырудың міндетті бағдарламаларын енгізу заман талабы. Жеке секторда еңбек заңнамасын, оның ішінде қызметкерлердің құқықтарын сақтау бойынша бастамаларды дамыту да керек.
Сонымен қатар тегін заңгерлік көмек орталықтары көптеп құрылса. Дәлірегі, әр өңірде өз құқықтарын қорғауға баулу бойынша тегін кеңес алатын орталықтар ашылсын. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен осындай орындарда жұмыс істеу үшін заң факультеттерінің студенттерін тарту мақсатты болып табылады.
Осы науқан барысында «құқықтық жүйені цифрландыру» бұрынғыдан да қарқындай түссе. Бәлкім, азаматтар үшін заңгерлік кеңес алу, шағымдар беру мен олардың мәртебесін бақылауға болатын eGov, E-otinish жүйелерінен дербес бірыңғай платформа құру керек болар. Онлайн өтініштер мен арыз-шағымдар арқылы сот жүйесіне қол жеткізу де жеңілдесе.
Екінші, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы. Мемлекеттік органдар мен соттардың шешімдерін олардың мәнін қолжетімді нысанда тәпсірлеп түсіндіре отырып, міндетті түрде жариялауды енгізу. Оның ішінде, әкімдіктер мен мәслихаттар жұмысының ашықтығына мониторинг жүйесін күшейту мен қызметін азаматтар үшін түсінікті ету.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін, әсіресе, билік органдарының өкілдері үшін жазаларды осы процестердің міндетті түрде жариялануымен күшейту.
«Таяқтың екі ұшы болады» демекші, мұның екінші жағы – «құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысын бағалауға мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің міндетті қатысуын енгізу» секілді қоғамдық қадағалау тетігін қалыптастырумен қатар жүрсе.
Үшіншіден, сот реформасы арқылы құқықтық нигилизмге қарсы күрес бастау. Яғни судьялардың кадр саясатын қатаң қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету арқылы сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыру күн тәртібіне шығуы тиіс. Тұрмыстық-әкімшілік дауларды шешу үшін сот процедураларын жеңілдетіп жеделдету де сәтті күнін күтіп жатыр.
Олай болса, құқықтық нигилизмді жеңу үшін құқықтық білім беру, сыбайластыққа қарсы күрес, соттар мен билік органдарының жұмысын жақсарту секілді бірнеше бағытта синхронды жұмыс істеу қажет. Бірақ ең бастысы – заңды тұтас қалпында қоғамдық қабылдаудың өзгеруі. Бұл іске де Айгүл Ешмағамбетова, Рүстем Әшетаев, Олжас Беркінбаев, Ұлан Әбішев, Серікқазы Көкенай, Марғұлан Ермағамбетұлындай ақпараттық соғыс пен PR мамандары, имиджмейкерлер мен саяси технологтарды тартпай болмайды. Бұл мәжбүрлеу құралы емес, әділеттілік пен тәртіптің кепілі болуы керек. Онда да нәтиже азаматтардың белсенді қатысуы және биліктің ашық жұмысымен ғана қолжетімді болмақ.
– Сонымен, әрқайсымыз құқықтық нигилизммен қалай күрессек болады? Құқықтық мәдениетті қалай дамытамыз?
– Заңдық білім, білім және білім. Бүгінде оларды қарапайым тілмен түсіндіретін көптеген ресурстар бар. Жеке өзім, Ата заңмен қатар бірқатар заңдарды принтерден өткізіп, қағаз күйінде үйге әкеліп қойғанмын. Аракідік көз жүгіртіп, кей жерлерін түртіп алып, қарап отырамын. Әр қараған сайын деңгейім өскендей сезімде болатынымды несіне жасырайын?!
«Әрекетке берекет» екенін де ұмытпау керек. Яки азаматтық белсенділік және ұдайы актив болу. Инстаграм мен тик-токта «Әділетсіздікке тап болсаңыз – үндемеңіз. Энергияңыз текке шашылады. Жеңіл. Мойынсұн да кете бер» дейтін коучтар бар. Шағымдар жаз, сотқа жүгін, мәселелерді ашық талқыла!
Неліктен дамыған елдерде жоғары құқықтық мәдениет бар. Себебі оларда заң бұзушылыққа жол берілмейді. Заңға томпақ нәрсені байқаса, дереу айтып, жазып, жариялап тастайды. Біздегідей өз басына күн туғанда ғана әділдік іздеп кетпейді. Ұдайы хақы сақшысы режимінде тіршілік кешеді.
Бұлардың ішінде басқаларға жеке үлгі-өнеге көрсету басты меже болса керек. Күнделікті өмірде максимальды түрде заң талабын сақтауға тырысу. Өз ықпал ету аймағыңыз – балаларыңыз, әріптестеріңіз бен достарыңызға бұл мүмкін және маңызды екенін көрсетіңіз.
Тұжыра айтқанда, құқықтық мәдениет – бұл мемлекет іргетасы. Ол берік болса ғана әрбір азамат өзін толыққанды жүзеге асыра алады.
Құқықтық нигилизм – бұл сол іргетас-фундаментке эрозия туғызушы қиын мәселе және қатардағы жәй қиындық емес, әжептәуір қиындық. Бірақ оны да сауатты іс-қимылдармен тықсыра еңсеріп, жеңуге болады. Ол үшін заң тек әріп қана емес, рух екенін жад тұтпақ керек. Бұл біздің қоғамды күшті, әділ және еркін ете алатын жойқын құрал. Тек жұмыс істете алсақ болғаны.
Өзімді бір «ғұламамын» демеймін. Бірақ мен баршаны заң-зәкүнмен қалай қарым-қатынас жасайтынымыз туралы ойлануға шақырамын. Құқықтық мәдениет менен, сізден, бізден, қоғамның әрбір мүшесінен басталады. Өз құқықтарымызды білу, басқалардың құқықтарын құрметтеу және заңды әрекет ету – бұл ел болашағына қосқан үлесіміз.
Бүгінде бір топтар көне латыннан қалған мақал-мәтел десе, екіншілері Римнің республикалық кезеңіндегі мемлекет қайраткері Цицерон айтты деп дәлелдейтін «Non rex est lex, sed lex est rex» деген лепес бар. Қысқасы, қазақша ұғымға алып келсек, бұл «Хан – заң емес, заң – хан» дегенді білдіреді. Қалай дегенде де түп мәні – заң үстемдігін әйгілеп тұр. Басқа емес, заң – патша, император, король, шах, қаған, хан. «Жоғары мәртебелі» алдияр да, тақсыр да – заң! Бірақ бір «бірақ»: ол заң барлық нюанстары ескерілген әділетті болса құба-құп. Алысқа бармай-ақ, ежелгі де, заманауи да Қытайды зор Қытай еткен осы емес пе? 100 пайыз: Әділдік бар жерде береке мен мереке бар.
«Біз заңға қалай қараймыз? Заң сіз үшін нені білдіреді? Еліміздегі құқықтық мәдениетті нығайту үшін не істейміз? Хақыңыз бұзылса, қайда бару керектігін білесіз бе?». Осыларға іштей жауап беріп көрейікші. Өйткені осыларға тұщымды жауап беріп, іштей де, сырттай да заңиланған ортақ күш-жігермен ғана біз ата-бабамыз армандаған, өзіміз балаларымыз бен немере-шөберелеріміз желбіреген туы астында өмір сүрсе екен деп тілейтін өркениетті Қазақстанды құра аламыз.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!