- Абылайхан Мамырайханұлы, сіздің «Балуан тас» атты екі томдық кітап құрастырғаныңыз мәлім. Оқырман қауым өте жоғары бағалап жатыр. Екі мың данадан бірі де қалмай өтіп кетіпті. Ол не туралы? Сөзді осыдан бастасақ.
- Кітапта қазақ халқының ұлттық күрес мәдениеті мен оның әралуан құндылықтары көрініс тапты. Онда қазақ балуандарының жігерлі, қаһармандық өмір жолы мен аңыз-әңгімелерімен ерекшеленетін күш дәстүрлерінің тарихи-фольклорлық негіздері талданды.Сондай-ақ қазақ күресінің мәдени маңызы, оның спорттық, жауынгерлік қырлары мен көшпенділік рухани тәрбиедегі орнын аштым. Көптеген әфсаналар, шежірелік және жазба деректердің арқасында палуандық өнерінің аутентикалық құпиялары мен дала қоғамының рухани кеңістігіндегі маңыздылығы көрсетілді. Қазақ жекпе-жек өнері де жай ғана сынақ емес, ел тарихында ерлік пен намыс нышаныболғаны ұдайы месседжделіп отырды. Балуан тас көтеру уәждемесі мен себептерін жан-жақты аша, оның да ерлік екенін дәріптеп, мұндай жолдармен ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту қажеттігін де көрсете алдым деп ойлаймын.
Сонымен қатар Жапония, Корея, Финляндия сияқты елдердің мифологиялық санаға негізделген ұлттық идеологияны құру мен ұлттық бірлікті қалыптастырудағы жетістіктері шығыстық жекпе-жек пен мемлекетшілдікпризмасында қарастырылып, қазақ халқының ұлттық тұтастыққа мифтік сана арқылы жетуінің үлгісін де әйгіледім.
Бұл еңбектің құндылығы – «Күш атасын танымас, Алыссаң, атаң да болса жық, Аясаң, көтеріп жібер» деген қағидатты ұзын тарих бойы басшылыққа алған далалық күш иелері мен сайысының рухани-тарихи негіздерін ашып, оны қазіргі қоғамға ұғынықты етіп жеткізуі. Күштік тарихты жаңғыртқан кітап ұлттың баһадүр-батырларын таныстырып, оқырманды ұлыдалалық құндылықтарды қайта таразылауғашақырады.
Мысалы, қазақтың Үш жүзінің шығу тегіне қатысты аңыздалған көне өлең-шежіреде де «Атам қазақ үш ұлы туғанда той жасап, күрес ұйымдастырған» деп жырлануы да кездейсоқтық па?
Атасына тартқан ер болып,
Үш бала туды Қазақтан:
Біреуі оның – Ақарыс,
Той болған үлкен ат жарыс.
Екінші бала – Жанарыс,
Халық жиып, той қылып,
Мал семізін сойдырып,
Күрескен палуан арпалыс.
Үшінші бала – Бекарыс,
Сыйлады жат пен бейтаныс.
Қазақтан туған үш бала –
Өңкей көкжал, жолбарыс.
Бұл жерден тарихта болған тұлға-азаматтарды да, аңыздалған қаһармандарды да теңдей жолықтырасыз. Әрісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар, Әзіреті Әліден бастап, берісі Жошы мен Шағатай, Ер Едіге, Қобыланды, Түркістандағы Тайқазанды он үш рет көтерген Алатау батыр, Райымбек, Наурызбай, Тіленші, Ырғызбай мен Құнанбай да баян нысандары. Осы күнге дейін «күйші» деп танып келген Құрманғазы да, «сал-сері» деген Сегіз сері, Біржан да бұл жерде анау-мынау емес, түйе палуандарды шаңын бұрқыратып тұрып алып ұрып жатыр. Қаншама әулие, ишанның балуанға түсіп, белдесудің көкесін танытқанының дерегі Шаһризада сарайындағы інжу-маржандай мол. «Кітап желісінде хәкім Абай бәстесіп, палуандарға бапкердейін күрес ұйымдастырып жүр» десем сенесіз бе? Бірақ бұл шындық. Әйелдер қауымы да Дариға, Бәну Шешек, Ұмсын қыз секілді өз кейіпкерлерімен қауыша алады. Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай батырлар бірдей ынтық болып, сөз салған, атының өзі символдық мәнге толы қыпшақ, кей деректе «шекті» қызы Күреш сұлудың махаббат хикаясы тарихи сериалға татиды.
Қажымұқанның өз тұлғасы дербес тақырып ретінде жеке келіп, одан қалса ата-әже, нағашыларына қатысты деректер мен түрлі замандастарының ғұмырнамасы аясында әр қырынан ашылғаны тағы бар. Тіптен, оның атын заманасына қарамастан әр тараудағы әңгіме-мәтіндерден ұдайы кезіктіріп отыратыныңызды да айту керек.
- Онда ұлттық күрес өнерінің тарихы қамтылған ба?
- Әрине, персонализация әдісімен кеңінен қамтылды.
- Сонда тарихтың қай нүктесінен бастау алады?
- Біз әлімсақтан көшпенді жұрт, ал ата-бабаларымыз өмірі жаугершілікте өткен. Әсіресе, б.з.д. ІІІ-ІІ ғасырлардағы Мөде қаған жетекшілігіндегі Ұлы дала мен Қытайдың алғашқы текетіресі кезінде ат үстінде орындалатын аударыспақпен қатар, жаяулағанда – қағып жіберу, кеудеден асыра лақтыру, жамбас арқылы аяғын іліп алу сынды техникалар пайда болып, майданда аман қалудың басты факторына айналды. Сондықтан да күреске дала тайпаларының ғасырлар бойы жаудан үстем түсу үшін ерекше мән бергені заңды. Бала аяғын апыл-тапыл басып емін-еркін жүргеннен бастап үйретіле бастайтын, жаңғырығы кешеге советтік әке-аталарымызға дейін жеткенкішілерге арналған «алыспақ» та сол жаугер замандардың жемісі. Белгілі зерттеуші Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» этнографиялық кітабында жазылмақшы, алыспақта жасы мен бойы деңгейлес балаларды белдеріне белбеу буындырып өзара күрестіріп, күрестің қыр-сырына баулиды. Ғұннан бастап белдесудің, тіресудің, қайқайтудың, жамбасқа алудың, аяқтан шалудың, жата қалып лақтырудың, көтеріп ұрудың сан түрлі тəсілдеріне жаттықтырған. Жастай күресіп үйренген баланың есейгенде жауырыны жерге тимес балуан болатыны даусыз. Дене мүшелері мен бұлшық еттері жақсы жетіліп, дені сау атпал азамат болып жетіледі. Балуан қостомдықты оқып отырып та, сондай аламанды ортадан шыққан бала балуандардың талайын тануға мүмкіндік бар.
- Әбеке, «бала» демекші, сіз отырыстар мен тойларда, жеке кездесулерде қазақ күресі мен балуандарының популизаторы бола отыра «балаңды бірінші кезекте дзюдоға бер, сосын қазақшасына» деп жиі айтады екенсіз. Бұл қалай? Таныстарыңыздан осыны естіп, өзім де таң қалдым. Артық эмоциям үшін кешірім сұраймын, неге, неліктен? Сөзіңіз бен ісіңіз қабыспай тұрған жоқ па?
- Бұл менің әзіргі таңғы бейресми ой-пайымым. Оның терең де астарлы себептері бар. Зерттеуші ретінде осыған келдім. Ал ресми ұстанымым әлбетте, тарихи қазақша күрес жағында: «Қазақша күрес – керемет! Қазақ күресінің палуандары шеттерінен, орысша айтқанда, «красавчіктер»».
Сосын мен тарихи қазақша күрес пен тарихтағы палуандардың популизаторымын. Жазбаларым да негізінен соларға қатысты. Қазіргі палуандардың насихатшысы емеспін. Өзіне-өзі «Бүгіннің Қажымұқаны» деген лақап таңып, ақшаға тойларда әртіс болып ән айтып, салто айналып жүрген, спортта бір жүлдесі жоқ біреулер «Мен туралы кітап жаз, тарихта қаласың» деп дөрекіхабарласқандар да болды. Өзінше заманауи насихатшы деп қалғаны ғой. Бір ол емес, қазіргілердің кейбірін, әсіресе «сақалды идеология» жетегінде кеткендерін тарихи әу бастағы мағынасына салсақ, толыққанды «палуан» деп айтуға да келмейді. Бұлар «борецтер» ғой. Тарихи да сакральды палуан ұғымының аясы өте кең. Мәселенің осы жағын түсіндіре алмай-ақ қойдым. Қазіргілер тек қана күштік жағын ғана алып жүр.
- Енді сол терең де астарлы себептерін айтсаңызшы!
- Бұл қазақ күресі дзюдодан немесе айкидо, жиу-житсулардан техникасы немесе әдіс-тәсілі, қарулылығы жағынан кем деген сөз емес. Тіптен, қимыл мен қозғалыс еркіндігі жағынан дзюдодан, керек десеңіз басқа күрес пен жекпе-жек түрлерінен артық тұстары көп. Бұл жерде мәселе ментальда және баланың болашағына ықпал-әсерінде жатыр.
Әсілінде, күрес түрлерінің қай-қайсысы болмасын, ол да адам жасап шығатын машина. Ұңғымасына түскен шикі материалды өңдеп, өз станогі арқылы өзіндік стандарты мен сапасын келтіріп, шығар ауызда өнімін береді. Бірақ ол өнім қандай болып шығуда? Бастауышта секцияға барған бала мектеп бітіргенше қандай тұлға болып қалыптасады? Осыған ой жіберген біреу бар ма?
Иә, жаман болып жатқан жоқ. Алыс ауылдарда қазақшасынан басқасының жоқтығы да рас. Бірақ күрес түрлерінің де бір-біріне ұқсамайтын менталитет, яки діл, ми мен жүрек қалыптастырып, адам табыстылығы мен өмірде жетістікке жетуінде рөл ойнайтынын неге ұмыта береміз? Күні кеше ғана Таразда кілем үстінде төбелесіп жүрген палуан қазақ балаларының видеосын көрдіңіз бе? TikTok пен instagram, facebook сынды әлемжелілер бетін бермей кетті ғой. Қарсыласқа кұрмет, күрес алаңына деген сый жоқ. Топ болып жаға ұстасып, аяқкиімдерімен адақтап жүр.
Өмірден бір мысал: Жуырда кіл миллионер мен миллиардер бас қосқан дастарханға кездейсоқ кез болдым. «Отыр, отыр» деп танитындары қауқалдасып қалды. «Күш мәдениетін зерттеуші» деп әлдеқандай етіп пұт қылып таныстырып, содан, ал, небір әңгімелер кетсін. Көбісі бала кезінде, студенттік шақтарда күреспен шұғылданғандар болып шықты. Қызығы сол, кілең бұрынғы дзюдошылар екен.
Бұлармен қатарласа күрестің өзге түрлерімен айналысқан таныс-білістерін де біраз еске алысты. Ойларының бір жерден шыққан тұсы – көбі ішіп кеткен, түрмеге түскен, өмірден өз орнын таппаған және тағысын тағылары. Қысқасы, сонша потенциалмен үлкен перспектива көрсете алмаған. Бәрі емес, әрине, бірақ дені. Көпке топырақ шашуға болмайды, арасында зор жетістікке жетіп, небір ел таныған азаматтардың жүргенін де мойындап отыр.
Ойды ой қозғап, өзім де күресші таныстарымды еске алдым. «Сол кездегі гопниктері кімдер еді?» деп те саусаққа салып санай бастадым. Студенттік кезде талайымен бір ортада жүрген де екенмін. Солар қазір не істеп жүр деп іздеу салдым. Мәссаған...!
- Сіздің сөзіңіздің ауаны «дзюдодан басқа күрестерді насихаттап дамыту криминал мен табыссыздықты таратып дамыту» дегенге келді ғой. Сосын бір шағын ортаның пікірі бүкіл елдегі жағдайға өлшем емес.
- Мұны мен емес, сіз айтып отырсыз. Олай қатты кетудің қажеті жоқ. Рас, өлшем емес. Бірақ бұл да мыңнан бір фактаж. Содан соң, ақырғы ақиқат деп отырғаным жоқ.
- Айтқандарыңыздың арғы жағында осындай ойдың басы қылтиып тұр емес пе?
- Менің де ел мен жер, тіл, діл, дін, Отан, мемлекетіміз үшін бар қазақтай жаным күйеді. Көшпенді мәдениет пен түркі-қазаққа қатысты нәрсенің бәрі ұлы құндылық болса, әлемді жоғары пробасымен елітсе деймін. Қаным да, жаным да қазақ болғандықтан кей жағдайларға от болып жанып, күйіп кетемін. Бірақ ахуалдың да көзіне тура қарау керек. Ахуал – ащы. Өтірік – тәтті. Ұзақ жылдарға созылған зерттеулер осыған алып келді дедім емес пе? Публикаға жағу үшін жалғанның атына жал біткізе алмайды екенмін. Содан соң мен басқа күрестермен айналыспа деп жатқаным жоқ. Алдымен дзюдоға бар деп жатырмын. Сосын ары қарай өздері де көреді.
- Ал, жарайды. Сөзіңізді қабылдамасам да... Неліктен дзюдо ең жақсы таңдау деп санайсыз?
- Қазақ күресі, әрине, өзінің тарихи тамыры мен маңыздылығына ие, бірақ дзюдо спортшының дамуына жүйелі және әмбебап тәсілді ұсынады. Біріншіден, дзюдо – бұл халықаралық Федерациямен және жалпы қабылданған ережелермен көтермеленген олимпиадалық спорт. Бұл Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындары чемпионыЕлдос Сметов секілді балаларға әлемдік деңгейге шығу, Олимпиада ойындарына және басқа да маңызды халықаралық турнирлерге қатысу перспективаларын ашады.Бір Елдос мың дәлелдің орнына жүрмей ме? Оның өзі бергі уақыттағы Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы Олимпиада чемпионы, сондай-ақ барлық дәрежелі олимпиада наградаларының иегері атанды.
Екіншіден, ол тек физикалық қасиеттерді дамытып қана қоймай, тәртіпті, қарсыласты құрметтеуді және эмоцияларын бақылауды дамытады. Бұл спорт «жұмсақ жол» философиясынан және жеңіске ғана емес, өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыстан туындайтын принциптерге негізделген. Дәл осындай қасиеттер балаларды күшті етіп, өзін-өзі қамтамасыз ететін тұлғалардың өсуіне көмектеседі. Төл күрес өзінің мәдени ерекшелігінде құнды болғанымен, оқу процесінің мұндай философиялық тереңдігі мен құрылымына ие бола бермейді. Бірақ бұл уақытша деп есептеймін.
Дзюдода тәртіп пен этика, жүйе, интеллект, ұстаздан ұстазға шынжыры бір үзілмеген тарих пен тарихи персонаждар, ең бастысы, қайталап айтамын, ең бастысы, төл философия бар. Бір-біріне бас иіп, жол беретіні, ізет көрсеткіштіктері қандай-ды!
Дзюдо балаларда өзін-өзі тәрбиелеу, жауапкершілік, сыйластықты және серіктеспен жұмыс істеу қабілеттеріндамытады. Бұл дағдылар оларға оқу мен жұмыста және қарым-қатынаста жақсы көмектеседі. Дзюдо – бұл ішкі тепе-теңдік пен өзіне деген сенімділіктің жолы. Сондықтан, баланы дзюдо бөліміне беру арқылы ата-аналар оған физикалық дамудан бөлек, үлкен өмірде қажет болатын комплекс – «қару-жарақтың» бәрін береді. Дзюдо балаларды күшті мінез бен сабырлыққа және төзімділікке тәрбиелейді. Көшбасшылық қасиеттерді дамытып, қиындықтарды жеңуге және командада жұмыс істеуге үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, олар кез-келген салада табысқа жетудің негізін қалайды.
Мен батыстық спорт ғалымдары айта беретін тезис – «Әр спорттың өзіндік мәдени және тарихи қалыбы бар» дегенмен келісемін. Бұл спортқа ғана тән нәрсе емес. Музыка мектептерінің ұстаздарының айтуынша, баланың мінез-құлқы мен ділі домбыра, қобыз, гитара, саксафон, сыбызғы, скрипка, барабан, қайсысын таңдайды, соған қарай қалыптасады. Өскенде мүлде бөлек болмыссомдалады.
Рас, қазақ күресі – көкпар, бәйгелер сынды біздің мәдени-спорттық мұрамыздың сүбелі бөлігі. Құдая, осы мұрамыз дамыса екен деп жүргендердің бірімін. Алайда, егер физикалық даму, дайындықтың жүйелілігі және халықаралық мансап пен тұлғалық рухани даму үшін мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, онда дзюдо көбірек перспективалар ашады. Ішің удай ашиды, бірақ амал жоқ. Кезінде «Қазақстан барысы» деп ұрандаған Арман Шораев та сол әлемдік межеге ұмтылғызып, бірақ жете алмай кетті-ау, деймін. Одан қарағанда Азиадаға еніп үлгерген өзбектің курашының мүмкіндігі жоғары сияқты. Тоқетері, балалар дзюдомен айналыса отырып, басқа күрес түрлеріне де еркін өтіп, хобби ғана емес, күні ертең өзіне нағыз мамандық бола алатын жаһандық спорт жүйесіне қол жеткізе алады.
- Дзюдоңыз сондай керемет екен, сіз неге қазақ күресін осы деңгейге алып келмейсіз? Айтуға оңай, бәрін біледі екенсіз, екі кітаптан басқа не бітіріп жатырсыз?
- Біріншіден, неге оны мен қандай да бір деңгейге алып келуім керек? Осы салада миллиондап ақша алып жатқан қаптаған мекемелер мен ұйымдар, федерациялар, тұтас министрлік бар емес пе? Мұны солардан сұраңыз.
Екіншіден, бұл менің хоббим ғана, қала берді «Ұлы даланың күш мәдениеті ғой» деп, қарапайым мәдениеттанушы ретінде тіртінектеп айналысып жүрген ісім. Маған бұл үшін ешкім жалақы төлемейді, мыс-мыстап салым салмайды. Қайта кейбір егде тренерлер мен «төбесі тесіктері» телефоныма «Сен практик емессің, бұл бағытта жазуға қақың жоқ» деп тілдеп боқтап звондамаса, ешкім қолымды алып алғыс айтқан емес. Бір парақ алғыс хат та алған емеспін. Сүйдеп хабарласқан бір шалға да «Өз ақшаңызды, уақытыңыз бен зейініңізді арнап, кітап шығарыңыз. Кім ұстап тұр? Ақыры зейнетте екенсіз, алға!» деп айтқаным бар. Өздері жазбайды, жазған адамды қолдау былай тұрсын, көре алмай етектен тартады. Көңіл-күйді бұзатын сөздермен түйрейді. Өз уақытым мен қаржым, ізденістерім мен мүмкіндіктерім деңгейіндегі шаруам. Мұнымен айналысуға да дүм мен арт керек. Дүм мен арт болмаса айналыса алмайды. Қаласам жазам, зерттеймін, қаламасам, жазбаймын, зерттемеймін. Онда да «алып-шалу, тарту, жаттықтыру» деп келетін кәсіби жағынан емес, танымдық, мәдени жағынан ғана қалам тартып жүрмін. Олардың бау-бақшасына түсіп жатқаным жоқ. Интернеттің өзінде осы бағытта плюс-минус жүзден аса мақалам бар шығар. Бәрін айт та, бірін айт, «Балуан тас» кітабының тұсаукесерін Ұлттық музейге 100 мың теңге төлеп өткізген адаммын. Бір-екі сағатқа аренда төлеткен. Ол кезде мен «Балуан тасты» шығарған баспамен толық есептесіп үлгермей, қаржы таппай сандалып жүр едім.
Үшіншіден, мен осы сіз айтқан биік меже бағытында жұмыс істеп жатырмын. Мысалы, әлі жарияланбаған, бірақ пилоттық бір нұсқасы жарық көрген «Қазақ күресі деген не?» атты балаларға арналған кітап бар. Оны былтырғы қарашадан шығарғанмын. Бірақ жаппай баспа көрмеді. Ол мына қостомдық «Балуан тастың» сөлі мен нәрі, ең сәтті де оңайлатылған түрі. Қазақ күресі туралы «база» десе де болады. Осы кішкене материалды білген бала, ең негізгі күш білімін де біледі.
Одан қалса «Күш мәдениеті» және «Палуандар әлемі» атты екі кітап та әзір. Бірақ олар word күйінше, компьютерімде сақтаулы. 70 пайызы ғана біткен, толықтыруларды қажет ететін Балуан Шолақ туралы кітап та бар. Ол Балуан Шолаққа бұрынғы таптаурын, гәккушіл әнші һәм композитор болған, сұлуларды есепсіз құшқан деген сияқты советтік қиғаш көзқарастарға балама – Алашордашыл, ел ағасы бейнесіндегі Шолақты танытатын жоба. «Қазақ күресі деген не?» атты монография да жазылуда. Айта берсек көп.
Ал осылардың ішінде «Қазақ күресі деген не?» мен «Балуандар әлемі» атты екі кітап сол сіздің сұрағыңызға жауап беруге арналған. Мен сонда қазақ күресінің тарихын, генезисін, тарихи персонаждары мен пәлсафа-философиясын тұжырымдауға талпындым. Үзілді-кесілді «Жасалды» деген артық болар, ұлттық күрестің тарих өріндегі панорамасын репрезентациялауға талпындым. Талпындым.
- Бұлар қашан шығады?
- Жазушы Антон Чеховтың әйгілі фразасымен жауап берер едім: «Егер пьесаның басында қабырғаға мылтық ілуліболса, онда ол пьесаның соңына қарай атылуы керек». Бір жарық көрер, бір басылар, құдайдан үмітімді үзбеймін.
- Мемлекеттік мекемелерге хабарласып көрмедіңіз бе? Олар не дейді? Солардың жұмысын қоғамдық негізде атқарып жүрсіз дегендей.
- Балуан таста да, бұлар бойынша да құзырлы министрліктерге қаншама рет хат жаздым. Самұрық Қазына, тіптен, әлдеқандай бір спорттық бастамаларды қолдайтын қорларға да. Бірақ кезекші бір жапырақ қағаз, бір заңнамаларға сілтеген жауаптар алдым. Бәрінен де қызығы профильді министрліктерге министр ауысқан сайын жазып тұрамын. Ал олардың біз түгілі қызметкерлерінің өзі аты-жөні мен түрін жаттап үлгере ме екен деп ойлаймын кейде. Сұмдық ауысқыш.
Тоқтаңыз... Осыдан бірнеше күн бұрын, о ғажап, вице министр Серік Жарасбаевқа бір доскөңіл кісі мені ұсынып, қабылдауында болдым. Бұл мәселе бойынша тауға да, тасқа да соғып жүрген басым, «қолға түскендерің осы шығар» деп біраз ішкі ренішім мен кернеуімді шығардым. Қаттырақ кеткен де тұстарым болды. Ешнәрсеге уәде берген жоқ. Қолдағы үлгілерімді алып қалды. Көреміз. Болар, болмас уақыт көрсетеді. Бірақ сонша басшылардың ішінде қабылдау актісін жоғары бағаладым. Бұл да білгендік.
- Сонымен, балаларымызды қазақша күреске береміз бе, бермейміз бе?
- «Бер», неге бермеске? «Берме» дейтіндей мен кімнің шікірасы едім?! Алайда «егер» дер едім. Егер дзюдодағыдай потенциал мен мүмкіншіліктер жасалса, берірек беру керек. Қазақ күресінде бәрі болған. «Болған». Тіптен дзюдодан асып түсетін жойқын киелі таным жасалған. Әдіс-тәсілдері жерде де, ат үстінде де жасала беретін әскери шайқасқа арналған түрлері де болған. Қоңырат Алатау батыр секілділер ондай айқасшыл түрлерінің тарихта аты қалған ең майталмандары. Бірақ белгілі бір себептермен тарихи тізбек үзіліп, олардан кейінгілер ажырап қалды. Баланыәзірге бірінші кезекте дзюдоға берсе ол да тиімді.Фундамент бірінші сол жақта қалыптассын. Оған дейін біз қазақшаның ескі тамырларын тірілтіп, ілкі дүниетаным мен ойлау жүйесі, әдептік қырын дзюдо, айкидодағыдай әбден пісіріп, реттеп, қалыптап алайық. Ауруын жасырған өледі. Жалған пафосқа салып, басты құмға тығып, проблеманы елемеуге болмайды. Менің де жасап жүргенім сол. Онсыз қиын қалде. Сосын біреуге «бүйт, сүйт» деу абырой бере бермейтінін менің жанашыр бейресми әңгімемнің ресмиетке жеткеніне таң қалып отырмын.
Жалпы, қазақ халқы төл күреске тәуелсіздігі, осылай ірі ел болып, әлемнің тоғызыншы территориясын иеленіп отырғаны үшін тарихи тұрғыда қарыздар. Ол батырлар институтының бір бөлімі ретінде өз миссиясын атқарды. Сол арқылы жауды жеңіп, аман қалдық. Оны мойындаймын, мойындауымыз керек.
- Әңгімеңіз енді дұрысталды...
- Қазақ халқының өз күресімен тарихи байланысы тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына, оның аумақтық тұтастығы мен мәдени бірегейлігіне ықпал еткен терең мәдени кодта жасырулы. Оның маңызы бүгінгідей спорттық жарыстар өткізумен ғана шектелетін іс-шаралар саясаты аясынан асып түседі. Біздікілер бас салып турнирлер өткізуді ғана біледі. Ал оның ментальдық негіздерін дамытуға назар аудармайды. Қазақша күрес тек физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар қазақ этносының іргелі сипаттамаларына айналған мықтылық, төзімділік және еркіндік идеясын да бейнелейді.
Тарихи қазақ күресі әрқашан күш-қуатқа ғана акцент қоймай, сонымен қатар елдік сана қалыптастырудың өзіндік «мектебі» болды. Ұлыс жерлерін сыртқы басқыншылардан қорғаған қазақ батырлары да өз денелері мен рухтарын жауға қарсы тұру үшін жетілдіре құрыштай берік етіп отырып, ең алдымен, күрес алаңында жаттықты. Қазақ үшін әлемнің тоғызыншы бөлігінің аумағын иелену ұлттық жекпе-жеккке негізделген күш пен ұлттық бірліктің ішкі ресурстарын ұдайы жұмылдырудың арқасында мүмкін болды. Бұл жерде күрес – өзін-өзі физикалық-рухани жетілдіру және дене бітімін сақтау әдісі ретінде рөл ойнады.
Айта кетерлігі, қазақ күресі дала халықтарына тән бірлік пен ынтымақтастық философиясын да символдайды. Әрбір арысқа шығу рулар жүйесінде өзінің қоғамдастығында мәртебеге деген ұмтылысты тәрбиелеу арқылы беріктікті тексеруді нышандаған және бұл бейбіт жүзеге асқан. Сөйтіп, көшпенділер мәдениетіндегі бірлік пен өзара түсіністік идеясына қызмет етіп, ғасырлар бойы мемлекеттік аумақтық тұтастықты сақтауға мүмкіндік берген маңызды факторға айналды.
Сонымен, қазақша күрес философиясы «Ұлы дала билігінің мәдениеті» ұғымымен де байланысты, онда билік, күш пен әділеттілік арасындағы үйлесімділік орталық орын алады. Тәуелсіз саяси сананың негізі бола отырып, ұлттық күрес қазақтарда қатал жағдайда өмір сүру, өзінің мәдени мұрасын қорғау және уақыттың сын-тегеуріндеріне бейімделу қабілетін қалыптастырды.
- Сөз соңы не айтасыз?
- Шәкәрім атамыз «Сөккенің болсын – сүйгенің, достығың болсын – күйгенің, ащы тілмен тигенің, жоғалсын деп міндері» деген. Қазекең жанына тигізіп айтпасаң қозғалмайды. Бәлкім, бұлай сөйлеуге менің моральдық тұрғыда хақым жоқ та шығар. «Еее, бір мәдениеттанушы, өзі палуан да емес, бізге әңгіме айтады» деуі мүмкін. Бірақ мен бұл жерде қазақ күресінің кәсіби жақтарына, әдіс-тәсілдеріне, тағы да басқа ережелеріне қатысты сөйлеп тұрғаным жоқ. Мен менталдық негіздері мен мәдени тұрғысы, тұлға қалыптастыру жүйесі мен идеологиясының әңгімесін айтудамын. Нақты қандай алгоритмдер арқылы қазақ күресін дзюдо сияқты зияткер де рухани спортқа айналдыруға болады? Бірінші кезекте тәртіп пен этика, интеллект пен философия. Міне, осы негіздердің негізі, база деуге болады. Осы бағыттарды пайда болғызып, іздеп тауып, қайта тірілтіп, дамытуға жұмыстану керек. Ал басты стратегия мен ұйымдастырушылық жағы менің шаруам емес.
Жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деген мақаласында: «Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешенін шешені сөзден тоқтатса, мардымсып, бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай» дейді. Автордың бұлай жазуында үлкен мән бар.Біз де қашан қазақ күресін әлемдік күреске айналдырып, оған қазақ шығып, бәрін жеңіп, дардияр екенбіз? Ол үшін төл күреске модернизация, бітім-тұрпатын қайта қарау мен ой тұжыру керек. Үміт үзілмесін!
- Сұхбатыңызға рақмет!