Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарды кеңінен қолдану – баланы тәрбиелеудің маңызды бағытына айналып отыр. Себебі бұл ойындар арқылы бала тек қана физикалық дағдыларын жетілдіріп қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, өз халқының дәстүріне, мәдениетіне құрметпен қарайды.
Ең алдымен, бұл жерде ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні туралы айтқан жөн.
Айтқанымыздай, ұлттық ойындар – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын бейнелейтін, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл қазынаның бірі. Олардың негізгі ерекшелігі – тәрбиелік мәнінің тереңдігінде. Бұл ойындар арқылы балалар тек қана көңіл көтеріп қана қоймай, өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгереді.
Мысалы, «Сақина салу» ойыны балаларды алғырлыққа, байқампаздыққа, зейінді болуға үйретеді. Ал «Арқан тарту» ойыны балалардың күш-қуатын арттырып қана қоймай, ұйымшылдыққа, бірлесіп әрекет етуге тәрбиелейді. Сол сияқты, «Асық ату» ойыны – мергендік пен дәлдікті дамытса, «Соқыр теке» ойыны – ептілік пен сезім мүшелерінің жұмысын жетілдіреді.
Ұлттық ойындардың түрлері және олардың ерекшеліктері туралы да мәселе қозғап өтсек, орынды.
Өйткені, қазақ халқының ұлттық ойындары сан алуан. Олардың әрқайсысы баланың белгілі бір қабілеттерін дамытуға бағытталған. Оларды бірнеше санатқа бөліп қарастыруға болады:
Қозғалыс ойындары:
«Арқан тарту» – күш пен төзімділікті арттырады.
«Теңге алу» – жылдамдық пен дәлдікті жетілдіреді.
Логикалық ойындар:
«Сақина салу» – зейін мен ойлау қабілетін дамытады.
«Асық ату» – дәлдік пен есептеуге үйретеді.
Ән-күймен байланысты ойындар:
«Айгөлек» – ән мен қимылды үйлестіруді үйретеді.
«Алтыбақан» – ұлттық дәстүр мен әдептілікті насихаттайды.
Ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны туралы айтқанда, оны өмірден алынған нақты мысалдар арқылы көрсету маңызды.
Мәселен, «Ертөстік» бөбекжайымызда ұлттық ойындарды жүйелі түрде қолдану арқылы балалардың қызығушылығы артып, белсенділігі жоғарылады. Яғни, бала басында көпшілікпен ойнауға ұялатын болса, ұлттық ойындарға қатыса жүріп, ашық, белсенді бола бастады.
Айта кетейік, ұлттық ойындардың балалардың жан-жақты дамуына тигізетін әсері мол. Оларды бірнеше бағыт бойынша қарастыруға болады:
Біріншіден, физикалық даму:
Бұлшықеттердің дамуын қамтамасыз етеді.
Қимыл-қозғалыс белсенділігін арттырады.
Дене тепе-теңдігін сақтауға үйретеді.
Екіншіден, әлеуметтік даму:
Балаларды достыққа, ұйымшылдыққа баулиды.
Әдептілікке, үлкендерді құрметтеуге үйретеді.
Топта жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.
Үшіншіден, зияткерлік даму
Логикалық ойлауды дамытады.
Тез шешім қабылдауға баулиды.
Байқампаздықты арттырады.
Төртіншіден, эмоционалдық даму:
Баланың өз сезімдерін реттеуге көмектеседі.
Қуаныш, бақыт, сергектік сыйлайды.
Стрестен арылуға ықпал етеді.
Сонымен, ұлттық ойындарды ұйымдастыру жолдары қандай?
Бұған да тұшымды жауап бермей, іс өнбек емес.
Меніңше, мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарды тиімді өткізу үшін белгілі бір әдістемелік қағидаларды сақтау қажет:
Алдымен, балалардың жас ерекшеліктерін ескеру.
Мысалы, кіші жастағы балаларға «Соқыр теке», «Қуыр-қуыр, қуырмаш» ойындары лайық болса, ересек балалар үшін «Асық ату», «Теңге алу» ойындары қолайлы.
Одан соң, ойын ережелерін дұрыс түсіндіру. Яғни тәрбиеші ойынның мәні мен мақсатын балаларға қарапайым тілде түсіндіруі қажет.
Бұлардың ішіндегі ең маңыздысы – ойын барысында қауіпсіздікті сақтау. Балалардың жарақат алмауы үшін ойын өтетін орынды алдын ала дайындау қажет.
Соңғысы, ойынның тәрбиелік мәніне баса назар аудару. Ойын соңында балалардың алған әсерлерін міндетті түрде талқылауға алып, оларға ойынның маңызын түсіндіру қажет.
Қорыта айтқанда, ұлттық ойындар – тек қана көңіл көтеру құралы емес, ол бала тәрбиесінің маңызды бөлігі. Олар баланың физикалық, интеллектуалдық және әлеуметтік дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар арқылы балалар халқымыздың салт-дәстүрімен танысып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді.
Сондықтан, мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарды кеңінен қолдану – ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Бүгінгі таңда тәрбиешілер мен ата-аналар осы бағытқа ерекше көңіл бөліп, балалардың ұлттық рухта тәрбиеленуіне барынша жағдай жасауы қажет. Бұл – келешек ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, оның болашақта ұлттық сана-сезімі жоғары азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Рысбай Гүлзада Тыныштыққызы.
«Ертөстік» бөбекжайы тәрбиешісі.