Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір нысаны – күзетілуге алынған объектілердің тұрақтылығын және адам мен азаматтардың өмірін сақтау. Себебі, адамдар көп жиналатын объектілер терроризм актілерінің негізгі нысандарына жатқызылады, сондықтан күзетілуі тиіс террористік тұрғыдан осал объектілер болып табылады. Аталған объектілер мемлекеттік және мемлекеттік емес деп бөлінеді.
«Күзет қызметі туралы»Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы N 85 Заңына сай мемлекеттік күзетілуге жататын объектілерге: аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілер; стратегиялық маңызы бар және жарғылық капиталында акцияларының бақылау пакетін (қатысу үлестерін) мемлекет тікелей немесе жанама түрде иеленетін заңды тұлғаларға тиесілі экономика салаларының объектілері жатқызылады.
Аса маңызды мемлекеттік объектілерге: Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Әскери сотының, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, Құқық қорғау органдары академиясының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестiрiлген прокуратураларының әкімшілік ғимараттары мен объектілері; Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің объектілері, оның филиалдары мен қоймалары; Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, шетелдік консулдық мекемелер, халықаралық ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері кіреді.
Стратегиялық объектілерге Қазақстандық қоғамының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, зиян келтіру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне теріс әсер етуі, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін нысандар жатқызылады. Олар: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі ішкі істер органдарының бөлімшелерімен бірлесіп күзететін, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітетін тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының объектілері, сондай-ақ маңызды мемлекеттік мәні бар объектілер; Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің, басқа да әскерлердің және әскери құралымдардың әскери бөлімдері; мемлекеттік материалдық резервтері бар объектілер – жанар-жағар май материалдарын сақтау қоймалары, азық-түлік және киім-кешек қоймалары; аса қауіпті, бактериологиялық, биологиялық, химиялық, есірткі құралдарын және прекурсорларды әзірлеу, өндіру, сынақтан өткізу, зерттеу және сақтау жөніндегі мемлекеттік ұйымдардың және мекемелердің объектілері; ғарыш инфрақұрылымы объектілері; атом энергиясын пайдалану объектілері, оның ішінде радиоактивті қалдықтары бар аумақтар; тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, оның ішінде: жылумен жабдықтау саласында жылу электр орталықтары (50 Гкал жоғары); ауыз сумен жабдықтау саласында су жинақтау құрылыстары.
Экономиканың стратегиялық маңызы Қазақстан Республикасының объектілеріне: су шаруашылығы объектілері, гидротехникалық құрылыстар, гидротораптар, шлюздер, бөгеттер; су ресурстарын басқару үшін пайдаланылатын су қоймалары; республикалық маңызы бар байланыс, теле және радиохабарларын тарату объектілері; жарылғыш және улы заттарды сақтау жөніндегі заңды тұлғалардың объектілері жатқызылады.
Жалпы мемлекеттiк күзетiлуге жататын объектiлердi күзетудi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерi, Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдары жүзеге асырады.
Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің 80% күзету Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет бөлiмшелерiне жүктелінген.Қазақстан Республикасы ІІМ мамандандырылған күзет қызметіне: облыстардағы МКҚ басқармалары, дипломатиялық күзету полкі, үкіметтік мекемелерді күзету полктері жатқызылады.
ІІМ МКҚ штат саны 15 736 адамды құрап отыр.
2022 жылы «Қаңтар оқиғасы» барысында мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет екендігінде, олардың ішінде iшкi iстер органдарының мамандандырылған күзет қызметінің (ары МКҚ) орны ерекше екендігіне тағы да көз жеткіздік.
Қазіргі таңда ІІМ МКҚ кадрларды дайындап отырған ведомсталық оқу орындарының бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы болып табылады.
Жыл сайын оқу орны мамандандырылған күзет бөлімшелеріне 1000 астам кадрларды оқытып жіберіп отыр. Одан бөлек аталған оқу орнында алғашқы кәсіптік арнайы оқудан бөлек, 300-ге жуық мамандандырылған күзет қызметінің қызметкерлері қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өтуде. Сондықтан оқу орнының орны ерекше.
Біз мамандандырылған күзет бөлімшелеріне мамандарды жан-жақты толық әзірлеу үшін Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығын оқу процессіне қатысты тағы да заманауи техникалық құралдармен толықтыру қажет.
Пайдаланылған ақпараттар көздерінің тізімі:
Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңы: Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I Заңы // Айналыс режимі: http:// kaz.zakon.kz (жүгіну күні: 25.10.2021) – интернет көздері. Қазақстан Республикасының Күзет қызметі туралы заңы: Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 19 қазандағы N 85 Заңы // Айналыс режимі: http:// kaz.zakon.kz (жүгіну күні: 24.10.2021) – интернет көздері. Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 Қаулысы // Айналыс режимі: http:// kaz.zakon.kz (жүгіну күні: 24.10.2021) – интернет көздері.
Алиев Асылбек Қайдарұлы
полиция полковнигі
Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы оқу орталығы (Шымкент қ.)
Алиев Асылбек
полковник полиции
Учебный центр Министерство внутренних дел Республики
им. Б. Момышулы (г.Шымкент)