КСРО ІІМ-нің 1974 жылғы 9 тамыздағы №0613 бұйрығына сәйкес, ІІМ Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар даярлау мектебі құрылды. КСРО-ның бес одақтас республикаларына мамандар дайындады. Қазақ КСР ІІМ-нің 1991 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес, Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар дайындайтын милиция мектебі болып қайта құрылып, әкімшілік-құқықтық және еңбекпен түзету мамандықтары бойынша орта білікті заң мамандары дайындалды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18-қыркүйектегі №1136-51 «С» Қаулысымен ІІМ Шымкент заң колледжі болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 4 тамыздағы №438 Қаулысына сәйкес Шымкент заң колледжіне Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлының есімі берілді. Қазақстан Республикасы ІІМ Шымкент заң колледжі Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің органдары мен бөлімшелері үшін «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша 7500-ге жуық мамандар дайындады. 2011 жылдың 26 шілдесінде оқу мекемесінің жүйесін жетілдіру мақсатында, ішкі істер органдарының кадрларын Қазақстан Республикасының Үкіметінің №855 Қаулысымен заң колледжі базасында Қазақстан Республикасы ІІМ Оқу орталығы құрылды.
Қазіргі таңда оқу орталығының штаты 46 аттестатталған және 34 ерікті (барлығы-80) құрамнан тұрады, оның ішінде заң ғылымдарының кандидаттары – 3; ғылым магистрлары – 13.
ІІМ бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жыл бойы біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары, орта басшы құрам мен қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына үміткерлер арнайы кәсіптік даярлық курсына тыңдаушылар оқуға қабылданады.
Оқу орталығының жеке құрамы ІІМ-нің жедел қоры болып табылады, алдына қойылған тапсырмаларды қажетті деңгейде атқарған және оны атқаруды жалғастыруда. Сонымен қатар, оқу мекемесі ІІО-ның кадрларын даярлауда көп жылдық тәжірибесі және жақсы материалдық-техникалық базасы бар. Оқу орталықтың негізгі жүйесін оқу процесін ұйымдастыру, мониторингілеу және бақылау бөлімі, үш цикл, кадр саясаты бөлімі және қамтамасыз ету құрылымынан құрылған.
Жалпы көлемі 4 гектар, оған оқу ғимараты – 1376 ш/м, асхана 500 орындық – 589 ш/м, жатақхана 600 орындық – 871 ш/м, арнайы және жалпы кітапхана, оның 70 мыңнан астамы кітаптар қорынан тұрады, интернетке еркін қосылатын 2 оқу залы, акт залы, психологиялық релаксация кабинеті, медициналық пункті, сауықтыру-кір жуатын кешені (банно-прачечный комплекс), спорт қалашығы, спорт залы, атқыштық тирі, арттехқаружарақ қоймалары, азық-түлік және киім-кешек қоймалары орналасқан.
Объектіге кіріп шығу 2 бақылап-өткізу пунктері арқылы жүзеге асырылады, барлық ғимараттар өрт сөндіру құралдарымен қамтылған, кезекші бөліміне қосылған бейнебақылау орнатылған. Сабақтар 8 дәрісханада және 28 оқу аудиторияларында, сондай-ақ, 9 арнайы кабинеттерінде өткізіледі. 23 жылы боксы, жөндеу цехы, автожуу, жанар-жағармай материалдар қоймасы және 25 автокөлікке арналған жабық жазғы тұрағы бар автокөлік кешені бар.
Заман талабына сай техникалық және көрнекілік оқу құралдарымен жабдықталған пәндік-әдістемелік кабинеттерге, аудиторияларға, компьютерлік кластар мен дәріс залдарына, «Пәтер», «Дүкен», «Ларек», «Алғашқы медициналық көмек», «Сот мәжілісі залы», «Қиылыс», «Қылмыстық іс жүргізу» полигондары жабдықталып, толық жағдай жасалынған.
Оқу орталығының мұражайы ерекше орын алған, онда оқу орнымыздың тарихы және де Кеңес Одағының батыры Б. Момышұлының өмірбаяны бейнеленген. Сондай-ақ, генералдар Қ.Қалменов, Ж.Сұлтанов, Т.Кабденовтың кабинеттері ашылған, қызмет бабында ерлік жасап қаза болған оқу орталығының түлегі Т.Шералиев арнайы кабинет ашылған, Е.Рақымбаевқа құрмет тақтасы мен халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың және С.Сүгірбаев бұрышы орнатылған. Бұл өз кезегінде қызметке жаңадан қабылданған жас мамандарға тәрбиелік, отансүйгіштік және таңдаған мамандықтарын сүю сезімдерін қалыптастыруға ықпалын тигізеді.
Жалпы Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы материалдық-техникалық базасы жағынан ішкі істер органдарына білікті маман дайындауға және олардың білімін дамытуға талапқа сай. Оқытушы құрамның оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру қабілеті жоғары.
Оқу-тәрбие процесінен бөлек, ел тыныштығын сақтау жолында оқу орталығы ІІМ жүйесіндегі көп еңбек сіңірген оқу орындарының бірі. Бұл оқу орнының құрылуына бірден бір негіз, 1967 жылы Шымкент қаласындағы жүргізушілердің көтерілісінен соң, жаппай тәртіпсіздіктер жағдайында жедел резервтің қажет екендігі салдарынан туындаған мәселе болған.
1980 жылы Мәскеудегі олимпиадада, 1988 жылы Армениядағы жер сілкінісі кезіндегі қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға оқу орнының офицерлері мен курсанттары тартылып, олардың қызметі жоғары бағаланған. Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздік пен кешегі қаңтар оқиғасы жағдайларында полиция қызметкерлердің кез келген шұғыл жағдайда әрекет етуге, жаппай тәртіпсіздіктер мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге дайын екендігі көрінді. Алайда, жеке құрамның соншалықты дайын болғанымен, көтерісшілердің санының артып, бір мезетте тосқауыл жасауға полиция мен әскерилердің жетіспей қалуы, өзінен өзі резерв қалыптастыруға сұраныстың туындауын көрсетеді. Шымкент қаласы мегаполис мәртебесіне ие. Геосаяси көзқараспен қарағанда Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекаралас орналасуының өзі тағы да жедел резервтің болуын қажет етеді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден, елімізде орын алған 2022 жылғы қаңтар оқиғасының салдарын саралап, елімізде қоғамдық тәртіпті сақтауда ІІМ резервін жасақтау үшін, Б.Момышұлы атындағы оқу орталығына «Жоғарғы колледж» мәртебесін бере отырып қайта құрып, әкімшілік-құқықтық сала бойынша мамандар дайындайтын оқу орнын ашуға ықпал етуіңізді сұраймыз.
«Жоғарғы колледж» мәртебесіндегі оқу орнында 2 жыл көлемде (1 жыл 10 ай) оқыту орта білімнен кейінгі білім санатына жатқызылады. «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша «Қолданбалы бакалавр» біліктілігіндегі кадрларды дайындау - ІІО тез арада мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мамандық бойынша оқу орнын ашу Қазақстан Республикасы «Білім туралы заңының», «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, діни білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 473 бұйрығына, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 33-бабына сай «Қолданбалы бакалавр» дәрежесі «Орта білімнен кейінгі білім беру» бағдарламасына жатқызылады. Ал, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары жоғары колледждерде жүзеге асырылуы тиіс.
Сонымен қатар «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 500 бұйрығына қосымша «Құқық қорғау қызметі» мамандығын ендіруге қажет деп есептейміз.
Жоғарғы Колледж болып құрылған оқу орнында курсанттар Ант қабылдайды және оларға қару бекітіліп, толыққанды полиция қызметкері болады. Ол өз кезегінде ІІО құралымдардың қатарында қызмет өткеріп, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсете алатындығы анық. Осы арқылы төтенше жағдайлар кезінде қажетті ІІМ резервін жасақтауға болады. Оңтүстік өңірлерде полиция қызметіне деген қызығушылық пен сұраныстың жоғары екендігін ескеріп, оңтүстіктің түлектерін еліміздің Батыс, Шығыс және Солтүстік өңірлерінің кадры есебінен оқуға қабылдап, аяқтаған соң түлектерді аталған өңірлерге жолдау арқылы ешқандай қиындықсыз мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер бар. Бұл өз кезегінде «Оңтүстіктен Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырылуына да ықпалын тигізетіндігі сөзсіз. Материалдық тұрғыдан кадрларды дайындауда Үкімет тарапынан көп қаражатты талап етпейді.
Өзбекстан Республикасы ІІМ ведомствалық оқу орындарымен бірлесе отырып тұрақты түрде оқу-жаттығуды өткізуге мүмкіншіліктер туады және білікті мамандарын тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент қаласына жиі шақыруға болады ( 100 км қашықтық).
Сонымен бірге, Шымкент қаласында және Түркістан облысында халықтың санының көп, тығыз орналасқанын ескеріп, жергілікті жоғары және орта арнайы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында полицияға қызметке қабылдау және оқу орындарына оқуға түсу бойынша және полицияның оң имиджін жетілдіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік көп. Бұл арқылы азаматтардың полицияға деген оң көзқарасын қалыптастыра отырып өз балаларын полиция қатарына жіберуіне ықпал ету, жастардың полиция қызметіне қызығушылығын арттыруға болады.
Алиев Асылбек Қадырұлы
полиция полковнигі
Қаратаев Тұрдалы Жақсылықұлы
полиция полковнигі
Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы оқу орталығы (Шымкент қ.)