Ықылым заман бері орамалды біреу ар-ұят, иман жамылғысы, тұрмыс-салт талабы ретінде тұтынса, біреу сәндік әшекей үшін немесе суықта тоңбай, қорғану үшін қолданады. Ал ендігі біреулердің оны шынымен де идеология, қандай да бір ойын, саяси мақсат-мұрат қаруына айналдырып жіберген де жайы бар.
Қазақ қоғамында ала қарғадай өзгелерден бөлініп, бет-аузын түгел тұмшалаған қыз-келіншектер бой көрсете бастағанда көпшіліктің үрке қарағаны рас. Қап-қара киінген, сығырайтып көзін ғана ашық қалдырып, жанындағы адаммен бетін бүркеген желбірдің астынан тілдесіп бара жатқан әйелдерді көргенде балалардың қорқып, тым-тырақай қашқанын көзіміз көрген кездер де аз емес. Ал сол жамылғының астында кім кетіп бара жатыр, ол шын мәнінде мұсылман әйел ме, әлде еркек пе, бәлкім ол елден қашып жүрген әлдебір қылмыскер шығар?.. Осындай сұрақтар кім-кімді де мазалап, дегбірін қашыратын.
Бертінде Президентіміздің пәрменімен дін, діни ағымдар және осындай оған киім үлгілері жайында мемлекет ұстанымы айқындалып, кейбір киім түрлеріне тыйым салынатыны белгілі болды. Ал биылғы жылдың 19 мамырында, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе қаласында өткен көшпелі отырысында қара жамылғыға тыйым салу мәселесі орамал және хижабқа қатысты емес екендігін айтып түсіндірді. Яғни, министр тыйым салу немесе шектеу адамның бет-жүзін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне, яғни, никаб, чадра, паранжы, көзі ғана көрініп тұратын бас киімге ғана қатысты екенін елге жеткізді. Расында да, орамал тағудың осы аталған үлгілері қазаққа әуелден жат еді. Бұл қажетті асыра пайдалану, соңы қоғам ауызбірлігі мен тыныштығына қауіп төндіру еді.
Қазіргі күні Үкімет «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша бірнеше заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап, мәселені заң жүзінде реттеп, тәртіп орнатуға жұмыс істеп отыр.
Біз осыған орай, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, үнемі шығармашылығымен, әрбір сөзімен имандылық пен ізгілікті насихаттап келе жатқан қазақтың аяулы қызы Күләш Ахметованың пікірін сұрап білдік.
Күләш АХМЕТОВА:
Бүгінгі жастардың орамал тартуы туралы шариғаттың атынан пәтуа айта алмаймын. Айтатын бір ғана нәрсем, талғаммен әдемі киіне білу керек және оған мүмкіндік сай болуы қажет. Мұсылман қызына сүйретілген киім кию міндет емес және солай киіну қажет деген жазуды еш жерден оқыған жоқпын. Менің ойымша, әйел баласы өте жинақы, таза, тиянақты болып жүруі тиіс. Жалғыз орамал киім болмайды, үстіңдегі костюм дейміз бе, көйлек дейміз бе, юбка ма, соның бәрі мүмкіндігінше орамалмен үйлесім табуы тиіс. Бұл бірталай қаржыны қажет ететіні рас, бірақ талғампаздық бұл мәселеде көмекке келе алады деп ойлаймын. Аз қаражатпен де көзге ерсі көрінбейтіндей, әдемі киініп жүруге болады.
Содан кейін айтпағым, орамал тақырыбы қозғалса, кейбір кісілер «қазақ қызы тақия киген, сәукеле киген, бөрік киген» деп шығады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Біз қай заманда өмір сүріп жатырмыз? ХХІ ғасырда өмір сүріп отырып, ХҮІ ғасырға қайта оралуымыз керек пе? Мен, мысалы, кимешек кие алмас едім, сол секілді қыздарымыз да көшеде басына сәукеле киіп жүре алмас еді. Сондықтан артта қалған ғасырларға да кетіп қалмай, араб елдеріне де еліктемей, өзіміздің ұлттық болмысымызға лайық, өз заманымыз бен өз талғамымызға сай, сұлу кейпімізді сақтап жүруге тырысуымыз керек. Ең алдымен жүрегіңді иманмен толтыр, ол мейірім мен махаббатқа шүпілдеп толып тұрсын, өзіңді рухани байытып ал, тіліңнен, көзіңнен сол махаббат нұры төгіліп, жаныңнан сұлулық есіп тұрсын, тәнің таза болсын. Міне, адамға алдымен керегі осы, ал орамал содан кейінгі мәселе. Біздегі бір нашар қасиет, дұрыс-бұрысына бойлап жатпастан шектен шығып кетеміз. Кейбір қыздарымыздың никаб киіп, бетін бүркемелеп, қап-қара жаулықты басына орай салып, желбіретіп жүргені де сол шектен шыққандық. Мұсылман баласына көркем мінез қандай қажет болса, сыртқы көркемдік, жарасымдылық та сондай қажет. Айналадан ала қарғадай бөлініп, өзгелердің үрейін туғызардай ұсқынсыз киініп жүрген адам өзгелерді имандылыққа, исламға шақыра алмайды. Сондықтан, әр нәрсеге ақылмен, санамен бару керек. Жалпы, исламда «Әр нәрседе орташа болыңыздар» деген сөз бар. Кез келген мәселеде алтын аралықты ұстағанға не жетсін!
Ерден Есіркеп