"Қаражорғаны" қазақтікі ету - қазақты жарылқау емес, қазақты кемсіту" мақаласына жазылған жауап.
Жазылған жайға жауап: «Қара жорға» - Көшпенділік-Тәңірлік ерліктің жорғасы
«Қаражорға" ата-бабамыздан қалған би екен. Қазақстандық қазақтар "орыстанып, мәңгүрттеніп" кеткендіктен, бұл биді ұмытқан» деген сөзді автор қандай сілтеме негізінде айтып отырғаны белгісіз. Егер осы ойды шетелден келген мәдениеттанушы айтса, сілтеме беріп отырса айтқан ойы анағұрлым дәлелді болар еді. Қазақ деген халықтың мәдениетін, өнерін, ән-күйін, биін зерттеген адам ең алдымен Қазақтың неше мың жылдық тарихын, ұлт болып ұйысу барысын жақсы білгені дұрыс болар еді. Ал Қазақ тарихынан хабары жоқ, оның ұлт болып қалыптасуындағы тарихи үрдістерден бейхабар адам Қазақ этнографиясы, мәдениеті жайлы ауыз ашудың өзі артық.
Қазақ ұлтын құрған ру-тайпалар әртүрлі қағандық-хандықтардың құрамында болды. Сонау батыс Ғұн, шығыс Ғұн, батыс Түрік, шығыс Түрік, Шыңғысхан империясы... сол кездің өзінде әртүрлі ұлыстар құрамында болды. Ондай болса арасын жылдық, айлық жол жүретін әртүрлі ірі империялардың құрамында болған Қазақ тайпаларының бір түркі дүниесінде жүргенімен әртүрлі ерекшеліктері, әртүрлі менталиттер, түрлі айырмашылықтар болуы заңдылық емес пе? Тіпті, Қазақ ордасы алғаш құрылған 1455 жылдары бұл күндері Қазақ халқының құрамында болған ірі ру-тайпалардың біразы Сібір хандығы құрамында болғанын тарихшылар жазып та, айтып та жүр. Бір Қазақ хандығының құрамында болған ру-тайпалардың өзінде өңірлік-жағырапиялық ұқсамастықтарға байланысты тіл, этно-мәдениет жақтарында айырмашылық болуы табиғи. Ондай болса Қазақтың бүгінгі мәдениетін, этнографиясын зерттейтін зерттеушілер осы жағын ескеремей, өз өңірінде жоқ болған салт-дәстүр, өнер-мәдениетті тұтас Қазақта болған жоқ деу үлкен сауатсыздық болады деп есептеймін.
Қазақты тұтас халық ретінде есептей отырып, алдымен Қазақтың биіне емес, күйіне зер салатын болсақ, бұл күндері батыстың төкпе күйлері, шығыстың шертпе күйлері жане т.б мектептер бар. Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫның көзқарасы бойынша 300 жыл Алтайда өмір сүрген менің ата-бабам Керей, Найман, уақтар батыстың төкпе күйлерін Қазақтың күйі емес деп айтуым керек екен. Себебі: Менің ата-бабам Құрманғазыны ешқашан естіген емес, тыңдаған емес, таныған емес. Ал анау Атырауда-Маңғыстауда жатқан қалың Әлімұлы, Байұлы, Адай-Беріштер шығыстың шертпе күйлерін, күйшілерін тыңдаған, таныған емес.
Олай болса олар үшін де шығыстың шертпе күйлері Қазақтың күйі болып саналмауы керек екен.
Ән-жырларды алайық, сырдың, батыстың, арқаның, шығыстың өздеріне тән ән мектептері бар. Бір-біріне ұқсамайды, өзіндік ерекшелік, өзіндік бөгенай бар. Олай болса Қазақтары жетісу ән-мектебін «Қырғыздың әуені», Батыстың ән мектепбін «Түркімендердің әуені», Сырдың ән мектебін «Сарт пен Өзбектің әуені», Шығыстың ән мектебін «Қалмақ пен Жоңғардың әуені» деп зерттеуге көшейік.
Ән-күйді айтудағы себебіміз бар. Қазақты құрап отырған ірі тайпалардың ән-күйінде ұқсамайтын тұстары көп. Олардың биінде де ұқсамастық, өзгеше тарих болу мүмкін. 550 жыл ғана болған Қазақ деген ұлттың арғы тарихында мүлде «би билемеген, би билеу қорлық!» деп қортынды шығару қандай ғылымға жатады?
Автор " Қазақтың тарихы, шежіресі, дастаны, оның өмірінің айнасы - ауыз әдебиеті. Арыға бармай-ақ 18- 21 ғасыр аралығы - 3 ғасырға шолу жасап қарайықшы. Ертегі, аңыз, дастан, жыр, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс. Бәрінде қазаққа тән сипаттар: жекпе-жек, күрес, атыс, жамбы ату, асық ойнау, қол күресі, көкпар, аударыспақ, жарыс, жаяу жарыс, ат бәйгесі, айтыс, шешендік өнер сайысы, өтірік өлең, тіпті қатын жарыс бар. Бірақ үш ғасыр қойнауына сүңгісең де, "биледі" дегенді кездестірмейсің. Өте көне ертегілерде "жын-перінің қыздары билеп жүр екен" деген кездеседі. (Көрдіңіз бе, жын-шайтанның да қыздары ғана билеп жүр. Отбасы, үйелменімен билеп жүрген жоқ.) " Сонан соң 3 ғасырда қазақ жерінен қаншама жиһангез, саяхатшы өтті. Қанша, шежіре, жылнама жазылды. Қазақтар (не түркілер) "Қаражорға" билеп жүр" деп неге Марко Поло жазбаған. Неге Махмуд Қашғари, неге Әл-Фараби жазбаған?»- деген сұрақтарды қоюдан бұрын Қазақ тарихына байланысты қытай деректерін, Қазақ даласындағы жартас суреттерін жане ол туралы жазылған шетелдік жане Қазақ зерттеушілерінің еңбектерін оқымағаны өте өкіншті.
Қытай жазбаларында мынадай деректер кезігеді.
“Қытайдың Таң дәуіріндегі “Шынжаң билері” деген кітаптың 2-том, 310-бетінде: “Таң хандығы дәуірінде “Жылқы биі, тост күйі” атты музыка болған. Хан, Таң патшалығы кезінде Орта Қытайға батыс өңірлерден көптеген жылқы кіргізіледі. Осыған байланысты Таң дәуірінде Шынжаңда “жылқы биі” көп таралды, – деп жазылған”. Сол кітапта тағы да: “Таң патшалығының жаңа тарихы” деген кітаптың шығыс тармағынан үзінді келтіре келіп: “ол кездегі музыка аспаптарынан сыбызғы, барабан, көп түтікті сыбызғы, били, табақты қоңырау болса, билерден “Жылан”, “Арыстан”, “Жылқы”, “Арқан” билері бар еді. Осыдан барып, қырғыздар арасында “Жылқы биі ” таралған. Қазір Шынжаңның жер жерінде “Жылқы биі” кеңінен ойналып жүр. Мәселен Іле, Алтайды мекендеген қазақтар мен Тасқорғанды мекендеген тәжік, Атұшты мекендеген қырғыздар арасында “Жылқы биі” таралған. Қазақ халқына жаппай таныс “Қара жорға” биі осы жылқы биінің дамыған, басқа нұсқа деген межелер бар. «Қара жорға» биі басқа ұлттарда бар болғанымене олардың биленуі қазақ биінен өзгеше екен».
Қытай түркологі Су Би Хай «Қазақтың ертедегі тарихы ғұн, үйсін, қаңлы, сиян би дәуірімен, кейінгі жұжандар, телилер, түріктер, қыпшақтар дәуіріне ұласады. Содан бері олар осы далада ту тіккен, өмір сүрген. Қазақтар мұнда тіршілік үшін заттық байлық жaрaтумен бірге, дaлa өлкесіне тән көшпелілер мәдениетін жаратты. Соның бір айғағы – Еренқабырға, Алтай, Тарбағатай, Барлық тауларының жартас беттеріне бедерленген адам бейнелері. Бұл – осы күнгі адам бойындағы сұлулықты сипаттайтын сурет пен мүсін өнерінің алғашқы үлгілері. Ондa қазақ халқына тән тарихи эстетикалық талғам мен орасан зор талант жатыр» деп жазады.
Алтай тауының Дарынбастау деген күзеулігіндегі жартастан табылған (қазiр Алтай қалалық мәдениет мекемесінің көрме залында) мына бояулы суретте қалың адам дөңгелене қоршау жасап бір ер, бір әйел ортада биге бaсудa
Су Би Хай: – «Жартас ескерткіші – тарих, этнoграфия, археология, философия, дін, би өнері, мүсін саласында өте бағалы зерттеу материалдaрмен қамдай алады. Соның ішінде этнoгрaфия үшін маңызы өте зoр. Өйткені суреттегі ер-әйелдердің пiшiн бейнесі тұрғысынан қарағанда олардың бәрі ат жақты, шұңғыл көзді, кеңсірікті, бәрі дерлік қaуырсын (үкі қадаған биік бөрік киген), әйелдердің көбі қынама белді, қысқа етекті көйлек киген. Бұл тектес дене бiтiм мен бас киім әшекейлері байырғы тарихи жазбаларда баяндалған сақтардың дене тұрқымен, бас киім ерекшеліктеріне өте ұқсайды. Сондықтан сонау ертеде Еренқабырға бөктерінен Алтай етектеріне дейінгі сақтар мекендеген жерлердегі жартас бетіндегі бұл суреттер солардан бір белгі ретінде бүгінге жеткен». «Қазақ мәдениетінің тарихы» (Алматы 2001 жыл 57-69-70-бет)
Қазақстандық тарих ғылымдарының дoктoры, Еуразия университетінің профессoры, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлының 2012 жылы Алматыдағы «Алаш жолы» баспасынан жарық көрген көк түріктердің тарихынан сыр шертетін «Мәңгі тас» атты романнының 330-бетіндегі “Қаражорға” деген тараушасында таң патшалығынан түрік елінің қағаны Қапағанның қызына құда түсіп келген құдаларды күтіп алу салтын былай деп жазады: –“Табағаштар өлкенің салқын-сабат aуaсымен тыныстап, ет жеп, қымыз ішіп, өздері ала келген қымбат шараптарын түріктерге де беріп, арқа-жарқа болып қaлды.
Түріктер олардың құрметіне үш жерден от жағып, дабыл қағып, шың тартып, қара домбырадан күй төкті. Небір апай төс жігіттер мен бура санды бикештер ортаға шығып, бұлшық еттері бұлтылдап «Қара жорға» биледі.
1998-жылы Шанши өлкесінің Фучың деген жерінен табылған. «Үңгір қабырғаларына иуан патшалығы (1206-1368) дәуірінде түсірілген суреттер» деген кітаптан кездеседі. «Суретте адамдар билеп, ең артқы адам қобыз тартып тұр деп жазылғaн. Бишілер бастарына шыт тартып, шошақ бөрік киген. Зер сала қарасақ, музыка аспабы қобыздан көрі домбыраға ұқсайды, би әрекеттері “Қара жорғaның” өзінен аумайды». (Зейнoллa Сәнікұлы «Шынжияң гaзеті 2011жыл 4-нaуpыз)
«Қазақтың ауыз әдебиетінде неге кездеспейді?» деп барлық фолклорды жаттап алғандай болған автор қазақтың «Қара өлеңін» оқымаған болып шықты.
Керегенің басында оймақ тұрар,
Кедейшілік жігітке қой бақтырар.
Алған жары жігіттің жақсы болса,
Талшыбықтай бұралып ойнап тұрар.
Қаражоға- ең алдымен күйге ғана биленген. Ал автор келтіріп отырған мәтін 2000 жылдары алғаш шыққан. Ол мәтін Қазақстандағы сыяқты тойдан нәпақа тауып жүрген өнерпаздардың «Қаражорға»-ға қосқан жаңа «үлесі». Алғаш халық арасында емес, жорыққа шыққан жауынгерлердің ат үстінде билейтін ұйқыашар биінен уақыт өте келе дәуірдің тезінен өтіп, бүгінгі күні тіпті қимыл-қозғалыстарына дейін өзгеріп, дамып, жаңарып, сахарадан той залына, той залынан сахынаға қарай дамып жатса, ол өнердің заңдылығы деп түсіну керек. Әр қандай өнердің де, салт-дәстүрдің де, ән-күйдің де, бидің де өзгеріп, құбылып, жаңарып, дамып, заманға сай ыңғайланып отыратыны айтпасада түсінкті дүние. Өйткені өнер де, мәдениет те тірі құбылыс. Өсіп, өзгеріп, дамып, түрленіп отырғанда ғана өміршең болады. Ал егер қатып қалған догмаға айналса ол құнын жоғалтады.
Автор «Ақылға сап ойлайықшы:
- атасы - келініне, әкесі - қызына, ағасы қарындасына айтатын сөзін тіке айтпай, араға шешені, жеңгені салып қана сөйлесетін қазақ;
- әйел заты ата-ене түгілі ерінің бетіне тік келіп сөйлемеген, сөзін бөлмеген қазақ; - әйел заты ер-азаматының алдын кеспей, қашан өтіп кеткенше төмен қарап күтіп тұратын қазақ;
- үйге қонақ келсе, қыз баласын бөтен үйге жөнелтетін қазақ;
- қыз баласы адымдап жүрсе, адыраңдап сөйлесе, қарқылдап күлсе "көргенсіз" деген қазақ;
- махаббаттан өртеніп бара жатса да, ата-ананың көзінше, өз әйеліне "көз салып" қараған жігітті "жетесіз" санаған қазақ енді келіп кемпірі, шалы, келіні, қызы, жігіті - бәрі мидай араласып, бөкселерін бұраңдатып, кеуделерін селкілдетіп, бір-біріне итіне төніп, билейді екен ғой, тегі. Қазақтың өстіп есірткі ішкен дей есіріп жүргенін қай ғасырда кім көріпті?»- дейді.
Дәл осы тамаша сөздермен салт-дәстүрдің қайсы қазір қазақта бар екенін, тіпті осы жолдарды жазып отырған автордың бойынан қаншасы табылатынын автор өзі атын атап, түсін түстеп бере ала ма? Әрине бере алмайды. Олай болса автор майын тамызып жазып отырған жоғардағы керемет салт-дәстүрлер тек қағаз бетінде қалса, ал «Қаражорғаның» әуелгі оргинал түрі ол оралмастай болып тарих қойнауына кетті. Өйткені енді Қазақтар ай-жылдап атқа мініп, батысқа, шығысқа жорыққа шықпайды. Ат үстінде қалғып-шұлғымайды. «Ата-бабам қаражоғаның үстінде билеген екен!» деп қызыл шырақ жанған кезде қара мерседестің ішінде отырып билемейді. Енді заманға сай, торқалы тойда, қыз-жігіт, кемпір-шал болып, буындары былқылдап, бой жазып көңіл көтеріп, қан таратып жырғап қалады. Онда тұрған не жамандық бар?
Қортып айтқанда көне мәдениет, салт-дәстүрімізді, өнерімізді бағалап, зерттеген кезде «біз бұлай болғамыз, біз керемет болғамыз!» деп өзіміз қиялымыздан қиып алған идялдық арманмен, болмаса тарих жөнінен алғанда күні кеше ғана қабылдаған ислам діннің жон-жосығымен кесіп-пішіп тастаудан аулақ болумыз керек.
Біздің тарихымыз терең жане бай. Алғаш жылқыны қолға үйретіп көшпенді болған 6000 жылдық тарихтың 5000 жылы тәңір дінімен байланысты. Ондай болса соңғы мың жылдық үшін алдынғы бес мың жылдық мәдениетті құрбанға шалуға ешкімнің құқы жоқ.
Қазақстан азат, тәуелсіз ел болды. Әлемнің қай қиырынан болса да Түркі жұртына ортақ мәдениет сақталып жатса, оны алтындай ардақтап, қазақ мәдениетінің ортақ қазанына салып қайнатудан ұтылмаймыз.
«Қара жорға» - Қазақтың көшпенділік-Тәңірлік ерлік мәдениетнің дүлдүлі. Ғасырдан ғасырға, заманнан заманға шаршамай жеткен кермет жорға. Бәрімізде жорғалаймыз.
Серік Мұратхан
Дерек көзі: BAQ.kz
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13