"Қарашы жүзімде бақ кектенбедім,
Сабырым да шықпаған шектен менің" -
Дейтін жандар басқаның бақыты үшін,
Жүреді екен астында бетперденің.
Десе де: "тамағыма тиын бітті",
Ұстайды намасымен күйін мықты.
Төнсе де көңілге мұң, күлімдейді,
Көрсе де көп кірбіңдеу қиындықты.
Міне, осылар!
Өмірге сөніп келген,
Сосын жанған, күндерін көріп термен.
Міне осылар!
Өмірдің өзегі де,
Міне осылар!
Көңілге көрік берген.
Шымырын өнеге етіп шыдамның тек,
Демейді: "тар соқпаққа бұғалдым кеп".
Ойлайды олар қиналсам Жаратқанның,
"Сүйген құлы бірі мен шығармын" - деп.
Бетперденің салып ап астына мұң,
Болашақтан күтеді басты бағын.
Ибасыздау иттермен ырылдаспай,
Сақтайтыны секілді қасқыр арын.
Келместігін білсе де тіпті бағы,
Өз өмірін өздері құт қылады.
"Шыдамның да шегі бар" - дейтіндерге,
Шексіз шыдамдықтарды ұқтырады.
Тұрса да қиялында толы алаңдар,
Бетпердеге байқатпай орағандар.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уəс-сəлəм),
Сабырын үлгі еткен ол адамдар.
Түрімен төзімдері тарқамаған,
Талдарды қайғы дейтін балталаған.
Ақылынан ашуға орын бермей,
Сабыр жүгін желкеге арқалаған.
Міне осылар!
Етсе де өмір кедей,
Керемет көңілдерге қалталы адам.
Сүйгеніңе айналып жек көргенің,
Жанашырға айналар кектенгенің.
Сабыр сақта!
Шындықтың куəсі бол.
Астындағы адамды көр бетперденің!
(Әуес Бекмұрат)