«Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, ҚазҰУ Шығыстану факультеті Түрксой ғылыми білім беру және мәдени орталығы және Иран елінің Алматыдағы Мәдени орталығы қатарлы үш ірі орынның ұйымдастыруымен өткен бұл игі шараның мәні мен мағынасы зор, өнерсүйер қауымның рухани дүниесіне берері мол болды. Парсы, Түрік, Қазақ халықтарының классиктері саналатын үш ұлы тұлғаның әлем әдебиетінде салып кеткен дара жолдары мен шығармашылықтағы сабақтастықтары жөніндегі ойларға жетелейтін тұңғыш басқосудың көрігін әр университеттерден келген жалынды жастар қыздырды. Атап айтар болсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультеті, ҚазМҚПУ, Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы университеті қатарлы білім ошақтарының және осы игі шараны өткізіп отырған Орталық ғылыми кітапхананың қызметкерлері бірегей тұлғалардың өлеңдерін қазақ, парсы, түрік тілдерінде жатқа оқып, көрермендердің көңілінен шықты. Әсіресе, көлемді залда отырар орын қалмай, өлең десе елеңдеген жастардың иін тіресе түрегеп тұрып, ыстық ықыласпен керім кештің куәсі болғанына бір кісідей тәнті болдық. Өз кезегінде ақындар жазған керемет әндерге де орын берілді.
Үш ел арасында алғашқы болып өтіп жатқан кемелді басқосудың әттеген-ай тұстары да жоқ емес. Әлем таныған Абайдың асыл сөздерін жатқа айту барысында жастардың жаңылып қалуы, Мұқағалида мүдіруі бізді аз қынжылтты. Дегенмен, мәдени сабақтастығының тамыры тереңде жатқан ежелден жақын елдер арасында болған айтулы кеш алдағы уақыттарда тағы да жалғасын табатынын естіп, қуанып қалдық. Неге десеңіз, ұлы Абай бастаған даналарымыз сусындаған шығыс классиктерінің маржан сөздері қазақ ұлтына жат дүние емес. Ал, Тұмар патшаның тұсынан бері бірде тату, бірде қату болған көршілеріміз үшін де қазақ өркениеті қашықтағы бейтаныс мұра саналмасы анық. Енді Түркия мен Қазақстан арасындағы туыстық жөніндегі әңгіме айтпасақ та түсінікті. Демек, адамзаттың рухани әлемі, әдебиеті, сондағы поэзия жанрының жан тамыры қашан да томаға тұйық күйде болмай, бір-бірмен сабақтас, іздес, іліктес келетіні әмбеге аян ақиқат.
Қазақ ғылымының қара шаңырағында өткен бұл жыр кешінен біз де осы бір силастықтың лебін аңғарғандаймыз. Кеш соңында ұйымдастырушылар сахна төрінде әлқиссаны Абайдың «Сегіз аяғымен» бастап, арада Нима мен Орханды оқып, Мұқағали мұрасымен түйіндеген студенттерге диплом табыстыды.
Әділет Ахметұлы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері