«Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма?» деп тереңнен толғайды қазақтың қазыналы қариясы.
Мемлекет басшысы «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп ХХІ ғасырдың дүние дидарындағы ең басты талапты алға тартты.
«Пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге» неге құмармыз осы?! Адамзат көшінде алға озып кеткен 30 елдің қай-қайсысына қарасаңыз да бәсекелік қабілет мықтап шыңдалған. Ешқайсысы еңбектен қашпайды. Қайта оза шауып, төске өрлеген сайын өршелене жұмыс істейді.
Оңтүстік Корея Парламенті жақында 68 сағатқа созылатын жұмыс аптасын қысқартуды ұйғарыпты. Демек, бұл ел аптасына 6 күн, әр күні 11 сағаттан астам жұмыс істеп келді деген сөз. Қазіргі таңда кәрістер тек 52 сағат жұмыс істейді екен, оның 40 сағаты міндетті жұмыс уақыты болса, 12 сағаты – үстеме жұмыс уақыты.
Оңтүстік Кореяның еңбек заңнамасына енгізілген өзгеріс биылғы шілде айында күшіне енеді. Негізінен алғанда жұмыс уақытын қысқарту мәселесі ең алдымен, елдегі ірі компанияларға қатысты. Келе-келе мұндай талап жекеменшік кәсіпорындарға да қатысты қабылдануы мүмкін көрінеді.
Жұмыс аптасын қысқартудың түпкі себебі неде? Елдегі экономикалық өсім тұсында Оңтүстік Кореяның демографиялық ахуалы нашарлай түскен. Бала туу көрсеткіштері төмендеп, жұрттың бәрі «жұмыс-жұмыс» деп жанталасып өмір сүретін болған. Жаңа жұмыс аптасы 40 жұмысшы және 12 үстеме жұмыс уақытынан тұрады екен. Алпауыт кәсіпорындар бұрынғы өндіріс көлемін сақтап қалу үшін шамамен 11 миллиард доллар жұмсайды. Әйтсе де, еңбек өнімділігіне бұл өзгерістер қатты әсер ете қоймайды. Есесіне жұмыссыздар саны азаяды.
Біздің ел озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отыр. Бәйгеде арттағы ат топтың алдына шығу үшін барын салады. Ал ел мен ел жарысқанда озатын ел жанын салады. Осы жан салысып жұмыс істеуге келгенде қаншалықты табандымыз? Абай көрсеткен «кезегендік» қалыптан аса алдық па?!
«Осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады» деген дана қарттың байламы арада жүз елу жыл өтсе де өзгеріссіз қалуына қайран қаласыз! Бос жүргенде демографиялық дүмпу болып жатса бір жөн. Ол да жоқ.
Енді қараңыз: озып кеткен, озық кеткен елдер бір жағы керенау жалқаулықпен, екінші жағы жылдан жылға, айдан айға бітіп болмайтын демалыс күндерімен уақытын босқа өткізетін, салпақтап, сандалып жүре беретін болса, алдыңғы көш қайда? Біз қайдамыз?!
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz