Ал Универсиада біткенше бұл үйлерде 64 мемлекеттен келетін спортшылар тұрады. Үй өте жайлы етіп салынған. Тұрмыстық техникасы да түгел. Қысқы ойындардан соң пәтерлер баспанаға мұқтаж жандарға берілетін болса, ішіндегі дүниесі балабақшалар мен ауруханаларға теңдей таратылады. Яғни жап-жаңа спорт нысандарының қасқайып тұрмай, кейін қарашаның қажетіне жарауын Үкімет те қалап отыр.
Спорт нысандарын тексеруге шыққан Премьер-Министр орынбасары Дариға Назарбаеваға қала басшысы барын көрсетті. Айтуынша, екі бірдей мұз айдынының құрылысы аяқталуға жақын. Ал сапасы мәнерлеп сырғанаушылардың көңілінен шыққан.
"Универсиада» арқасында Алматыда заманауи, зәулім спорт нысандары пайда болды. Тұрғынүй кешендері, кинотеатр, театрлар ашылып жатыр. Халықтың емін-еркін спортпен шұғылданып, денсаулығын шыңдауға барлық жағдай жасалған ол нысандардың ішінде. Болашақта қаланың бұл аумақтары адамдардың қолайлы өмір сүруіне жарай бермек", - деді бұл ретте Д.Назарбаева.
Айта кетейік, Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылы Брюссельде дауыс беру нәтижесінде қабылданған болатын. Басталуына небәрі жарты жылдай уақыт қалған спорттық шараға дайындығымыз 90 пайыз екен.