- ҚР ҰЭМ Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының 5 жаңашылдығын атады, деп хабарлайды primeminister.kz.
М. Жайымбетов елімізде тұрғын үй құрылысы саласындағы оң жағдайға байланысты тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететіндердің де саны артқанын атап өтті. Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша баспана алауға ниеттілер саны шамамен 2 млн адам. Оның ішінде 400 мыңнан астам адам – кезекте тұрғандар, 700 мыңнан астам адам – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары және 10 сотық жер алуға кезекте тұрғандар – 1,2 млн адам.
Осы қаншама адамның тұрғын үй мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мүлде жаңа бағдарламасын әзірлеуге қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудың орнына ипотекалық кредит беруді дамыту және жеке тұрғын үйлерді салуға ынталандыру болып табылады.
«Осы бағдарламаның негізгі міндеттері: біріншіден, салынып жатқан тұрғын үй үшін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына екінші деңгейлі банктер арқылы арзан ипотекалық қарыз беру арқылы сұранысты ынталандыруы; екіншіден, тұрғын үй салу үшін құрылыс компанияларына арзан несие беру арқылы ұсынысты ынталандыру; үшіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін «револвьерлі» әдіс бойынша кредиттік тұрғын үй салу көлемін ұлғайту; төртіншіден, әлеуметтік әлжуаз топтарға және еңбек күшінің оңай көшіп қонуын қамтамасыз ету үшін, тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; бесіншіден, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту», - деді М. Жайымбетов.
Оның айтуынша, 2014 жылмен салыстырғанда ТҚЖБ салымшыларының саны 400 мыңнан 709 мыңға дейін артқан. ТҚЖБ жүйесінде салымдардың өтімділігін сақтау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 316 мың салымшыға төлем төленді.
Бұдан өзге, үлескерлердің үй салушылармен қатынасын реттеу үшін ағымдағы жылдың сәуір айында «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» ҚР жаңа Заңы қабылданып, 10 қазаннан бастап күшіне енді. Аталған заңның жаңашылдығы енді үлескерлердің үлестік салымдары кепілдік жағдай туындаған кезде сенімді қорғалады. Ол үшін «Бәйтерек» АҚ жанында Кепілдік беру қоры құрылды, оның негізгі міндеті басталған тұрғын үй құрылысы нысанын аяқтау болып табылады.