Елімізде қағаз ең көп жұмсалатын мекемелердің дәл санын анықтау мүмкін бе? Осыған арнайы зерттеу жүргізіп көрген сарапшы бар ма? Менің ойымша, Қазақстандағы мұғалімдер мен дәрігерлер «қағаз құртуда» алдарына жан салмайтын тәрізді. Мектептегі қағазбастылық туралы қайта-қайта жазылса да, жағдай еш өзгерер емес. Әр сыныпта 20-30 бала болса, соның әрқайсына «құшақ-құшақ» қағаз толтырылады. Дәрігерлер де мұғалімдерден қалыспайды. Науқас туралы бір деректі қағазға, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелеріне және ішкі ақпараттық жүйеге 3 рет енгізеді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің түрлі қағаз толтырудан қолдары мүйізгек болуға қарады…
Астанада Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға арналған жиналыс өтті. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев биыл республикамызда мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін 900-ден астам медициналық ұйым қағазсыз форматқа көшетінін хабарлады. «Барлық мәліметті интернет арқылы ЖСН мен цифрлы қолтаңба бойынша Қазақстанның кез келген нүктесінде, тіпті шет мемлекетте де алуға болады. Қазір төрт пилоттық өңірде қағаз түріндегі есеп үлгісін алып тастадық. Дәрігер бір рет қана деректерді енгізеді, «бір терезе» арқылы барлық деректерді ала алады және бұл деректер денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп отырады. Енді амбулаториялық карта, дәрігер жолдамасы, дәрілер тізімі дегендерді алып жүрудің қажеті болмайды».
Жап-жақсы бастама. Мемлекет басшысының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінен алғанда, өмірдің өзекті салаларын жаппай цифрландыруға бағытталған. Медицина саласында цифрландыру ісінің қолға алынуы қуантады. Әйтсе де жаппай қолжетімді интернет желісі болмай тұрғанда, елдімекендер компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілмей жатқанда бұл бастама аяқсыз қалмас па екен деген де күдік жоқ емес.
Әлем цифрландыру мәселесі жағынан алға кетіп қалды. Елдегі Білім-ғылым саласы – нағыз цифрлы дәуірге бірінші болып өтуге тиіс сала. Өкінішке қарай, мектептердегі және жоғары оқу орындарындағы ұстаздардың алды қағаздан, қолы қаламнан бір босамай-ақ қойды. Деректер мен мәліметтердің бәрі қағазда қатталады. Сонда осыған дейін жүзеге асырылған компьютерлендіру ісінің керексіз болғаны ма? Неге біз қағазбастылыққа ерекше құмартып кеттік? Бұл аздай, мектептердегі оқушылар жүктемесі жыл сайын ауырлап барады. «Қағазда қатып тұрса» болды ма? Білім сапасын қадағалап жатқан кім бар?
Елбасы биылғы Жолдауында «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек. Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3D-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек», – деп нақты тапсырма да берді. Президент бастамасымен «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды.
Заман алға озған сайын ұстаздар мен дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қазақстандық азаматтардың қолы ұзаруы тиіс еді: мәліметтер базасы, ақпараттық деректер жиынтығы цифрлы нұсқаға жинақталып, жұмыс істеу жеңілдеуі қажет-ті. Оның орнына бір қағаз – мың қағазға көбейіп, адамдардың санасы сансырап, жандалбаса күн кешуде. Осы дұрыс па?
Елбасы соқырға таяқ ұстатқандай етіп, барлық меже-міндеттерді саралап, жөн-жобасына дейін көрсетіп беріп отыр. Қазір «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп бұқпантайлап отыратын кез емес. Онсыз да ғасырлар белесінен кеш аттап келе жатқан елміз, әлемдік бәсеке «қазақтар қашан қозғалар екен?» деп күтіп тұрмайтынын қаперге неге алмаймыз?
Сондықтан да Жолдаудағы Президентіміздің «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлы қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет. Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек», – деген тапсырмасын Үкімет мүшелері қайта бір оқып алса, артықтық етпейді.
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz