«Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы жағдайындағы ресурсты үнемдеу стратегиясы» – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы Ресей басқару академиясында 08.00.05 – «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы.
Биыл жазылғанына 25 жыл толатын ғылыми еңбекке ірі экономист ғалымдар, Ресей ғылым академиясының академигі А. Аганбегян, экономика ғылымдарының докторлары, профессорлар В. Иванченко, Ю. Швырковтың ресми оппонент болуы авторға қойылатын талапты күрделендіріп, ғылыми еңбектің салмағын арттырғаны анық.
Автор еңбектің преамбуласында: «Бұрын қолданыста болған басқарудың әкімшілік әдістері тән, экономикадағы мемлекеттік меншіктің басымдылығына негізделген орталықтандырылған басқару жүйесі қарқынды ұдайы өндіріске, ресурстарды үнемдеуге ықпал ете алмады» деп күн тәртібіндегі өзекті мәселені ашып көрсетеді.
Осы ойды Мемлекет басшысы соңғы жиырма жылдың жүзінде халыққа жария етуді дәстүрге айналдырған, қазіргі кезеңде мемлекет дамуының орта және ұзақ мерзімді басымдықтарын айқындап, даму мен жаңғырудың жаршысы бола білген жолдауларында кеңінен өрбітіп, тереңінен қозғайды. Басқасын айтпағанда, үстіміздегі жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында «Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді» деп ғылыми еңбегінде негізделген басымдықтардың іс жүзінде орындалғанына баса тоқталады.
Докторлық диссертациясында дәстүрлі жоспарлы экономиканың заманауи дамудың негізі бола алмайтынын айта келе, Нұрсұлтан Әбішұлы «өндірістік күштер мен өндірістік қатынастарды сапалы түрде қайта құрылымдау, тиімді кәсіпкерлік қызметке және еңбек ұжымдарының озық өндірістік нәтижелерге аз шығындармен қол жеткізуге экономикалық қызығушылықтарын арттыруға жағдай тудыратын әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономикаға көшудің қажеттілігі өсе түсті» деп жазады. Осы ойдың заңды жалғасы ретінде Мемлекет басшысы экономикадағы кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсету, шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің артуына қол жеткізуді Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп, бұл бағыттың қарқын алуы мен қалыпты дамуы жолында жемісті еңбек етіп келеді. Кәсіпкерлік дамуындағы ендігі меже – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Нәтижесінде, 2050 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 50%-ды құрайтын болады.
Ресурстарды үнемдеудің өзекті мәселелерін талдай келе, автор экономиканы жаңғырту, әлеуметтік бағыттағы нарықтық экономикаға көшу жағдайында экономикалық өсу факторларын ескере отырып, өндірісті басқарудың жаңа экономикалық әдістерін енгізу және тәуелсіз мемлекеттер мен ірі аймақтар көлемінде шешілетін міндеттердің негізгі бағыттарын қамтитын ресурстарды үнемдеудің ғылыми негізделген стратегиясын әзірлеу қажеттігі туралы тұжырым жасайды.
Ғылыми еңбекте Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа экономикалық парадигмаларды, әлемдік экономиканың бетбұрысын асқан дәлдікпен сезіне отырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтарын белгіледі деп нық сеніммен айтуға болады.
Мемлекет басшысының стратегиялық басшылық етуі, экономикалық прагматизмге негізделген болжамдар жасай білуінің нәтижесінде еліміз егемендік алған 26 жылдың ішінде ересен табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өндірістің толықтай тоқтауы, жұмыссыздықтың белең алуы мен гиперинфляцияны ауыздықтап, орнықты экономикалық реформаларды іске асырудың нәтижесінде ел экономикасының ауқымын 1990 жылғы 27 млрд. АҚШ долларына қарағанда 8 есеге дейін арттырып, ең қарқынды дамушы экономикалардың үштігіне енді.
Егемендік жылдарында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалып келеді. Мысалы, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім әлемдік орташа деңгейден асып, 10508 АҚШ долларын құрады. Қазақстан экономикасы шетелдік инвестициялар салуға қолайлы экономикалар қатарына еніп, тәуелсіздік жылдары елімізге 260 млрд. АҚШ долларынан астам инвестициялар тартылды. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10,3 есеге ұлғайды. Еңбек өнімділігі 1991 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 2014 жылы 46,7 мың АҚШ долларын құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 44%-ға жоғары.
Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Жезқазған-Бейнеу теміржол торабын салу арқылы Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы қашықтықты 1200 шақырымға қысқартып, Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралды көлік дәлізін іске қосып, ежелгі Жібек жолына жан бітірді деуге толықтай негіз бар. Тәуелсіздік тұсында 10 мың шақырымнан астам автокөлік жолы, 2,6 мың шақырымнан асатын темір жолы салынып, жаңғыртудан өтті.
Тәуелсіздік жылдарында бюджетке түсімдердің ұлғаюы себепті халық дамуына сапалы жағдай жасалды. 1996 жылмен салыстырғанда күнкөрістің төменгі деңгейінен кем табысқа ие тұрғындар саны 14 есеге азайған. 2 миллионға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 1991 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 2 есеге төмендеп, 5%-ды құрап отыр. 1990 жылдардың басында Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны кедейлік шегінде күн кешсе, қазіргі кезеңде кедейлік деңгейі 3%-дан аспайды. 1991 жылдан бергі кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 227 есеге ұлғайып, соңғы он жылдың жүзінде жыл сайын 15,7%-ға өсіп отырды.
Халықаралық аренадағы Қазақстанның экономикалық ашықтығы мен ынтымақтастығын Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы, Дүниежүзілік Банк, Халықаралық Валюта Қоры мен Еуропа қайта құру және даму банкі секілді құрылымдар жоғары бағалайды. Еліміздің әлемдік экономикаға орнықты кірігуі мен тұрақты ілгерілеуі экспорт географиясының кеңеюімен тығыз байланысты. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуын Қазақстанның сауда саясаты ашықтығының басты жемісі ретінде атауға болады. Өңірлік деңгейде Қазақстан бастамашалық еткен Кеден Одағы экономикалық интеграцияның барлық сатысынан өтіп, Еуразиялық Экономикалық Одаққа айналды.
Тәуелсіздік жылдарының белесінен қарағанда Қазақстан экономикалық дамуда қарышты қадам жасап, мемлекеттің институционалды негізін берік қалыптастырғанда елге айналды. Егемен еліміздің ендігі міндеті – ХХІ ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі басымдығын орындап, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу.
Амалбек Өміртай