Мен өзімнің компьютер индустриясындағы 35 жылдық тәжірибемді мақтан тұтамын. Бір кездері мен NeXT- те жұмыс жасайтын жас инженер болдым. Арада бірнеше жыл өткен соң, Microsoft-тың корпоративтік вице-президенті қызметіне тағайындалдым. Билл Гейтс пен Стив Джобс екеуінен ең маңызды екі сабақты үйрендім.
Мен АҚШ-та ешқандай жақын туыстары жоқ, қарны аш шетелдік студент едім. Маған уақытша тұру рұқсатын алу қажет болды. Ал бұл үшін жұмыс табу керек. Ал, АҚШ-та шетелдік студенттер бітіргеннен кейін тек бір жыл ғана жұмыс істей алады.
Егер сіз жұмыс берушіңізге ұнасаңыз, онда америкалық арман мен азаматтыққа, грин-картаға, арнайы визаға қол жеткізесіз. Егер жұмыс берушіңізге ұнамасаңыз, онда еліңізге қайтып ораласыз. Мен мағынасыз соғыс жүріп жатқан отаныма қайтқым келмеді. Сол уақытта мен әскерге алынатын жаста едім. Ал, отанымда мені иран-ирак соғысы майдан шебіндегі сарбаздың тағдыры күтіп тұрды. Рахмет, бірақ жоқ!
Мен жергілікті университеттегі информатика зертханасының менеджері болып жұмысқа тұрдым. Сол уақытта бұдан жақсырақ жұмыс табылмады. Бұл 1982 жыл еді. Иран мен Ирак арасындағы соғыс, мұнай дағдарысы, рецессия жүріп жатқан жыл болатын. Ал, университеттің арқасында грин картаны алу мүмкіншілігі мүлдем болмады. Сондықтан бұл қызметті тастап, басқа жұмыс іздей бастадым.
Көп ұзамай өзіме ұнайтын іс, операциялық жүйелермен айналысуға мүмкіндік беретін компанияны таптым. Бастапқыда Unix-та бағдарламалаушы, кейін менеджер, директор, вице-президент, ең соңында техникалық директоры болдым.
Мен Sun станциясында жұмыс істеп, құрылғыларға драйвер жазуға бірнеше жылымды жұмсадым. Содан кейін Unix-та жұмыс істедім. Маған Motorola, MIPS және PowerPC әрбір архитектурасымен істес болуға тура келді.
Өз уақытында мен Silicon Graphics-та бірнеше жобаларда жұмыс істедім. Silicon Graphics – көптеген голивудтық фильмдерде рендеринг үшін қолданылатын графикалық компьютерлер жасады. Алайда біз әлемде суперкомпьютердің артықшылығы Cray Research-пен бәсекелесетін суперкомпьютер жасаумен де айналыстық.
Сонда мен компьютер архитектурасы жайлы бәрін білдім: процессордан бастап, операциялық жүйеге дейін және жүйелік бағдарламалық қамтамасыз етуді толығымен түсінетінмін.
Мен айлар бойы осы жобалармен барынша ден салып, қалтырағанға дейін жұмыс істедім. Себебі бірнеше жыл өткен соң бәсекелестіктің жаңа шешімін ойлап тапқым келді.
Біраз уақыттан кейін ғана түсіндім. Бұл әрқашан орын алатын жағдай. Әрбір архитектура ерте ме кешпе бәрібір өледі. Индустрия солайша жұмыс жасайды. Мен көптеген революциялық жобаларға қатыстым. Олардың бәрі уақыт өте ескіріп, тарихтың қоқыс себетіне түсті.
1992 жылы мен NeXT-тен кеттім. Себебі Стив Джобс менің жобамды жауып тастады. Мен жобаны аяқтап та қалған едім. Жүйе (нарыққа) шығуға дайын еді. Бірақ аяқ астынан Стив Джобс менің жобамды жапты. Менің бұған ашуланғаным сонша, осы жұмыс орнымды түйіндемемде атап өтпедім.
Стив менен компанияда қалуымды өтінді. Бірақ қатты ашуланғандықтан, оның дұрыс жасағанын түсінбедім. Ол архитектура шайқасында Intel процессорларынан ұтылғандығын түсінді. Стив барлық жобаларды жауып, тек қана бағдарламалық жабдықтауға ден қойған екен. Мен, тіпті, оны тыңдамадым да. Менің жобамды жабуға оның қалай ғана дәті барады, деп ойладым.
Мен оның себебін түсінбеген екенмін. Процессорлар шайқасы аяқталды. Енді осыған көндігіп, бағдарламалық жабдықтау бойынша жұмыс жасау қажет.
Маған көп нәрселерді түсінуге біраз жылдар кетті. Сол кезде мен эмоцияға беріліп, әрине, ренжідім. Мен жалпы құбылысқа көз жүгіртіп қарау үшін кері қадам жасай алмадым. Стив маған дұрыс соғыстарда шайқасу керектігін үйретті.
Мен тым қырсық болғандықтан, бұны сол уақытта түсінбедім. Алайда кейін бұл сабақты жиі есіме алып тұратын болдым.
Кейін мен Microsoft-та Windows-тың түрлі нұсқаларымен 10 жыл жұмыс істедім. Егер өткенге назар салсақ, телефондар соғысында Windows Apple-ден, серверлер соғысында Linux-тан жеңілді. Сол уақытта біз Windows нұсқасын шығарумен тым қарбалас едік. Сондықтан мұны түсінбедік.
Миллиардтаған адамдар қолданатын, сәтті платформаға жауапты иженерлер командасын сипаттап жазу қиын. Олар сәтсіздікке қарай жылжып бара жатқанын ешқашан байқамайды. Көшбасшылар байқаса да, қызметкерлер байқамайды.
Олардың басым бөлігі ағымдағы тапсырмалардың тасын таудың басына дейін итермелеумен қолдары тимейді. Бұның классикалық анықтамасы – “Инноватордың дилеммасы”.
Ал, бұл Windows немесе Microsoft басшылығының бақшасындағы тас емес. Соңында өзім де осындай “бастық” болып, Windows 7 бағдарламасына жауапты болдым. Мен командамызбен жеткен нәтижелерімізді мақтан тұтамын.
Microsoft-та мыңдаған компания мен миллиардтаған адамдар қолданатын сәтті платформаны жасаудың қаншалықты қиын екендігін түсіндім. Онымен қаншалықты көп адам жұмыс жасаса, болашақта оған жаңашылдық енгізу соншалықты ауыр болады.
Мен Билл Гейтстен барлық нәрсеге егжей-тегжей қарау керектігін үйрендім. Ол жиналыстарда әрбір команданың есеп беруін үзіліссіз, бірнеше сағат бойы тыңдап отыра алады. Ол әрбір детальды ой елегінен өткізеді. Таңғаларлық қабілет.
Сэм Харрис “Зерігу – бұл назардың жетіспеуі” деп айтқан. Мен бұл нақылды одан да оң мәнерге өзгерткен болар едім. “Егер сіз жеткілікті назар қойсаңыз, сізге бәрі де қызықты болып көрінеді”. Міне, мен Билл Гейтстен осыны үйрендім.
Сізге берер кеңесім:
Өзіңізге ұнайтын іспен ғана айналысыңыз. Әрқашан оқыңыз. Қазіргі индустрияның қарқынының тездігі сонша, егер оқуға тиісті көңіл бөлмесеңіз, одан артта қалып қалу өте оңай.
Ең бастысы – дұрыс бағытта жылжу. Сапарыңызды мына жерден ана жерге баруға дейін жоспарлауға тырыспаңыз. Жәй ғана қажетті бағытта кетіп бара жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Жолда да оқыңыз. Соңғы нәтижеде бастапқыда қайда жоспарласаңыз сол жерге, тек басқа адам болып келесіз.
Қания Табыс
Дереккөз: 7kun.kz