Өңірлер мәслихат төрағалары Оралда бас қосты
13.03.2025, 21:26

Өңірлер мәслихат төрағалары Оралда бас қосты

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орал қаласында «Қаладан – Ауылға» ауылды дамыту пилоттық жобасының тәжірибесін зерделеу және жергілікті өзін-өзі басқаруды тиімді дамыту бойынша бірлескен кеңейтілген көшпелі отырысы

Бүгін  Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің (РҚБ) көшпелі отырысы өтті. Бас қосуды бірлестік өкілдерімен бірлесіп БҚО әкімдігі мен мәслихаты ұйымдастырды.

Іс-шараға БҚО әкімдігі аппараты мен аудан әкімдері, өңірлік мәслихат төрағалары және РҚБ мүшелері қатысты. Жиын барысында бірлестік төрағасы Төлеубек Мұқашев бірқатар мәселелер көтерді. 

Отырыс барысында өңірдегі «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысы мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мәселелері талқыланды.

Онда облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Кушкинбаев, Казталов ауданының әкімі Асланбек Саркулов, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Умралеев сөз сөйлеп, аймақтағы экономикалық-шаруашылық ахуалды баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында ауылды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол ауыл шаруашылығы кооперациясын қолдау, микрокредит алуға қолжетімділікті кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауылдық жерлердегі өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша нақты шараларды белгіледі. Үкімет бекіткен 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында 3,5 мың перспективті ауылды жаңғырту көзделген. Бұл ауылдық жерлердегі халықтың 90 пайызын қамтиды. Тұжырымдаманы жүзеге асыру экономикалық өсім нүктелерін қалыптастыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, инженерлік желілер мен жолдарды дамытуға және заманауи технологияларға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Алайда, мемлекеттің барлық күш-жігеріне қарамастан, ауыл халқының жыл сайын қалаға қоныс аудару үрдісі жалғасуда. 2024 жылы ауылдық аймақтардан 111 мыңнан астам адам қалаларға көшті. Бұл құбылыстың басты себептері – жұмыс орындарының тапшылығы, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы және қолайлы өмір сүру жағдайларының болмауы», - деп атап өтті Т.Мұқашев.

Айта кетейік, аталмыш жобаның мақсаты – ауылдық жерлерге қоныс аудару арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, жұмыс күші тапшылығын азайту және ауыл шаруашылығын дамыту.

Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған жаңа бастамалар қарастырылып, көптеген пікіралмасулар болды.

Осы ретте Т.Мұқашев бұл мәселелерді шешудегі мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқарудың рөліне баса тоқталды.

«Қазақстан Конституциясына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару ел билеу жүйесінің маңызды элементі және халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді дербес шешуін қамтамасыз етеді. Алайда, іс жүзінде оның әлеуеті толық іске асырылған жоқ. Сондықтан бүгінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» жергілікті өзін-өзі басқару негіздерін құру жөніндегі пилоттық жобаны әзірлеуге және енгізуге кірісуді ұсынады», - деді спикер.

Оның айтуынша, халық, қоғамдық бірлестіктер, бизнес, жастардың, ардагерлердің және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдерін қамтитын әр округте жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құруы керек. Ал оларды үйлестіру тиісті округтер мәслихаттарының депутаттарына жүктелуге тиіс. Өз кезегінде бұл халық пен билік органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ол кеңеске консультативтік-кеңесші мәртебе беру. Яғни округті дамыту, инфрақұрылым, ТКШ (тұрғын үй коммунальдық шаруашылығы), ЖҚШ (жеке қосалқы шаруашылығы), әлеуметтік сала мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу құзіретіне кірмек.

«Осыдан келіп тағы бір көптен шиеленген түйіннің мәселесіне тірелеміз. Ол үшінші тұрғы – болашақта толыққанды заңға айналуы тиіс жергілікті өзін-өзі басқару жұмысының құқықтық негізін құру. Бұл жобаны да іске асыру тұрғындардың өз тұрғылықты жерлерін басқарудағы рөлін күшейтуге жол ашады. Тіптен, мұның жер-жердегі шешімдердің тиімділігін арттыру мен ауылдық сипаты басым өңір-аймақтардың дамуын жеделдетуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз», - деп тұжырымдады модератор спикер.

Отырыс соңында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ көшпелі отырысының қаулысы қабылданды. Оған сәйкес, облыс мәслихаттары жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға, ҚР Үкіметінің Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сүйене отырып, облыс аудандарының бірінде пилоттық жоба жүргізу ұсынылды.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер