Көкпар тарихы мен мәдениетіне арналған 4-томдық кітап әзір тұр – Абылайхан Қалназаров
17.03.2025, 16:10

Көкпар тарихы мен мәдениетіне арналған 4-томдық кітап әзір тұр – Абылайхан Қалназаров

Бүгін Ұлттық академиялық кітапхананың Фариза Оңғарсынова залында «Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы» құрылғаны хабарланды. Оны «Наурызым – нұрлы ырысым» мерекелік іс-шарасы аясында өткен жиында белгілі күш мәдениетін зерттеуші, жоба құрылтайшысы Абылайхан Қалназаров мәлім етті.

«Менің «күш мәдениеті» ұғымын айналымға қосып жатқанымды білесіздер. Осы бағытты арнайы ғылым ретінде дамытуға күш салып жатырмын. Мәселен, қазіргі таңда көкпарға қатысты төрт томдық кітаптарым әзір. Мәселе, тек шығару мен қаржыға келіп тірелді. Оның ерекшелігі, ұлттық спортты, атап айтқанда, көкпарды идеологиялық негізде көрсетуінде. Ол кітаптарда Абылайхан мен Қабанбай, Бөгенбайлардың көкпар тартысқандары туралы деректер бар. Тарихтағы көкпаршы болған палуан-батыр аналарымыз да қамтылды. Салаға қатысты тың деректер мен инсайттар өте көп», – деді Абылайхан Мамырайханұлы.

Сондай-ақ ол қазірдің өзінде өз авторлығында бұған дейін жарық көрген «Балуан тас» қостомдығының үшінші томы, осы томдардан өрбіген «Балуандар әлемі» кітабы, «Қазақ күресінің» балаларға арналған оқулығы мен палуандық пен батырлықты насихаттайтын оқушыларға арналған 3 кітапшаның әзір тұрғанын баяндады.

Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл академия ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді.

Аталмыш іс-шараға бірқатар танымал тұлғалар және мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Бұл Ұлттық академиялық кітапхананың наурыз мерекесіне орай белгіленген «Шаңырақ» күнінің де мерейін асыруға бағытталған отырыстардың бірі болатын.

Жиын соңында келушілерге наурыз көже беріліп, бауырсақтар таратылды және көпшілік болып естелікке фотоға түсті.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер