«Біз АҚШ-тағы ғарыштық туризмді зерттеп шықтық, яғни аталған елдегі ғарыш айлағына 3 миллионға жуық турист барады. Сондықтан Роскосмоспен бірлесе «Байқоңыр» туристік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді. Жалпы, тұжырымдама үкіметаралық комиссияда мақұлданды. Осы орайда тиісті ұсынысты 2023 жылға дейінгі Тұжырымдаманың жобасына енгіздік»,-деді Көшербаев.
Сондай-ақ ол бұл бағыт кластер емес, ойын-сауық туристік аймағы екенін нақтылады.
«Біз онда «Қорқыт Ата» кешенін, «Қамбаш» көлін және мәдени мұраның басқа да нысандарын енгізіп отырмыз. Бүгінде 10-ға жуық компания осы туристік тұжырымдамамен жұмыс істеп жатыр»,-деді облыс әкімі.
Айта кетейік, жыл басында "Қазақстанда туристерге арналған жаңа маршруттарды іске қосуға тырысып жатыр. Олардың бірі – Байқоңыр. Жергілікті компаниялар нарықта орнығып алған ресейлік әріптестерімен бәсекелесіп көрмек", деп жазған еді Азаттық.
Қазір ғарыш айлағымен бірге жалға берілген қаланы Қазақстанның құзіретіне беру мәселесі көтерілуде. Бұл туралы Қазақстан президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов мәлімдеді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Байқоңырда 45 мың Қазақстан азаматы өмір сүріп жатыр.
Жалпы, Байқоңыр — Қазақстан Республикалық маңызы бар қаласы. Байқоңыр қаласы «Байқоңыр космодромы» мен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілуде.
Бірнеше мың га жерді алып жатқан қала ұзақ жылдар бойына “аса құпия” нысан болып саналды. Жергілікті тұрғындар да, әскери мамандар да қаланы “10-алаң” деп атап келген. Ал қалаға іргелес жатқан “Крайний” әуежайы мен көптеген шаруашылық мекемелері және Төретам темір жол стансасы “9-алаңға” кіреді.