Айтулы көрме жаңалықтары қазірдің өзінде көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Келушілердің таңдайын қақтырған соны табыстардың қатарында эко-үй, телефон қуаттайтын қаптама және ұшатын велосипед бар. Жұрттың аузындағы жаңалықтар жайында сәл кеңірек тоқталғанды жөн көрдік. Елең еткізген эко-үй Словакия павильоны заманауи үлгіде жасалған «эко-үй» бір көргеннен елең еткізеді. Шағын ғана капсуланың ішінен адамға қажетті дүниенің барлығы табылады. Бұл экологиялық баспана күннен қуат алып, жаңбыр суын тазартады екен. Сонымен қатар, мұны көлік артына тіркеп, кез келген саяхатқа алып жүруге болады. «Үйдің төбесінде күн панельдері орнатылған, сол арқылы қуат алады. Ал жаңбыр суы белгілі бір орында сақталады. Арнайы құрал жиналған суды тазартады. Мұнда тамақ істеуге болады, дәретхана, душ, ыңғайлы төсек және теледидар да бар. Эко-үйдің салмағы – 1200 кило. Егер оны сумен толтырсаңыз салмағы 1900 килоға дейін жетеді. Ауданы – 8 шаршы метр. Онда екі адам тұра алады, құтқарушылар, ғалымдар мен туристер үшін таптырмайтын баспана», дейді павильон қызметкері Людмила Затоптова. Өкініштісі сол, заманауи үлгідегі эко-үйді кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Себебі, оның бағасы – 76 млн еуро. «Рас, бағасы қымбат. Бірақ, мұны жасауға арзан материалдар қолданылған жоқ», дейді мамандар. Ал Словакия павильонының директоры Моника Софияның айтуынша, бұл ерекше үй жаңа энергияны қалай қолдануға болатындығын үйретеді. Ұшатын велосипедті білесіз бе? Чехия павильонында көпшіліктің назарына ұсынылған ұшатын велосипед – «Flying Bike» жобасын олар Германиямен бірлесіп жүзеге асырған. Авторлардың айтуынша, жаңалықты жүзеге асыруға атақты француз жазушысы Жюль Верннің шығармашылығы мен «The Flying Airship» атты чех фильмі себеп болған. Инженерлер велосипедті жасауға біраз уақыттарын жұмсапты. Олар велосипедтің виртуалды прототипін жасауға 4 ай, физикалық прототипін дайындауға 4 ай, оны сынақтан өткізуге және жұмысын жетілдіруге тағы біраз ай жоғалтқан. Велосипедтің ұзындығы – 3,8 метр, ені – 2,5 метр, ұзындығы – 1,2 метр, салмағы – 95 келі. Сондай-ақ, ол 170 килоға дейін көтеріп ұша алады. Қозғалтқыштар саны – 4, қуаты – 10 киловатт және қуаты 7 киловатт болатын 2 қозғалтқыш бар. Жалпы қозғалтқыш қуаты – 54 киловатт. Ұшатын велосипедке орнатылған ауа винттерінің диаметрі – 1 200 мм (негізгі), 650 мм (тұрақтандыру үшін). Велосипед қуатты «Li-Po» аккумуляторынан алады. Оның жалпы сыйымдылығы 50 ампер-сағат. Сонымен қатар, велосипед тек 3-5 минут қана ұша алады. Ең жоғарғы жылдамдығы – 50 км/сағат. «Велосипедті тоқпен зарядтауға болады. Сондай-ақ, педальды айналдырып, аккумуляторға энергия жинауға мүмкіндік бар», дейді павильон қызметкері. Қуатты қаптама және бірегей панель Малайзиялық ғалымдар байланыс құралын қуаттайтын телефон қаптамасын ойлап тауыпты. Күн энергиясынан күш алатын құрылғының игілігін көп ұзамай көретін боламыз. «Nanopac Innovation» компаниясының директоры Чен Кок Леоннің айтуынша, күндізгі уақытта телефонды қаптамасына салып, күн көзіне қойса жеткілікті. Қуаты ұзаққа жетеді екен. Малайзия павильонындағы тағы бір технология – күн сәулесінен қуат өндіретін панель. Оның басты ерекшелігі далада ғана емес, ғимарат ішінде де қуат өндіре береді. Ол күн сәулесімен қатар, ғимараттағы күндізгі жарықтан, электр жарығынан күш алып, қуат бөлетін әлемдегі жалғыз технология. Панельді жасауға 10 жыл уақыт кеткен. Малайзияда кеңсе, мектеп және басқа да ғимараттарда екі жылдан бері пайдаланылып келеді. Бұл технологияға көптеген ел қызығушылық танытып отыр. Таиланд өз елінде пайдалану үшін осы жобаны 1 млн долларға сатып алған көрінеді. Бірқатар елмен бірлескен жобалар да жүзеге аспақ. «Ғимарат толығымен осы панельдерден жасалса, ол электр қуатын біршама үнемдеуге мүмкіндік береді. Панельдің 1,5 шаршы метрі 600 ватт энергия береді. Ал онымен 2-3 сағат салқындатқышты және күні бойы компьютерлерді қосуға болады», дейді Чен Кок Леон.
Дерек көзі: egemen.kz