Істің ақ-қарасына жету үшін осы мәселені зерттеп, онымен айналысып жүрген қаржы мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы әрі адвокат Нұржан Биякаевпен жолыққан едік.
Оқиға қалай басталды
Есте болса, еліміз алғашқы қаржылық дағдарыс соққысын 2006 жылы сезінген еді. Әрине, бұл дағдарыс ақшаның көзі банкттерді де айналып өтпейді. Міне, осы кезде екінші деңгейлі банктер қитұрқы әрекеттерге барып, қара халықтың қалтасын қағу арқылы өз есептерін түгендеуге кіріседі. Олар жеке тұлғаларға қатысты банктік заемдар шарттарында, мейлі ол экспресс немесе тұтынушылық ақшалай кредит болсын, мейлі ол авто немесе ипотекалық несие болсын, айсайын қарыздық есепті жүргізгені үшін комиссия алу, қысқаша ҚЕЖК (комиссия за ведение ссудного счета – КВСС) тәжірибесін енгізіп, қарыз алушыларды қып-қызыл қарызға кеп батырсын. Неге 2006 жылдың басы дейтін болсақ, міне, сол кездерде ипотекалық несие алу, әсіресе, Астана, Алматы сияқты ел өңірлеріндегі ірі қалаларда белең айналған болатын. Әрине, банк жүйесіне қатысты заңнан махрұм халық баспана алу үшін ипотекалық несиені мақұлдағандарына құдды тегін беріп жатқандай қуанып, әйтеуір, ақшаны айдалаға емес, өзіміздің пәтерімізге төлеп жатырмыз десіп, қуанысқан еді. Ақшалай кредитке қатысты да жағдай осылай еді. Әрине, екінші деңгейлі банктердің бұл әрекеті әлі де жалғасып келеді. Тәуелсіз сарапшы, әсіресе, мұндай заңсыздық Альянспен біріккен Форте, Тұранәлемді қосып алған Казком, АТФ, Каспий, Сбербанк, ішінара Альфа банкте, Еуразиялық банкте кездесіп отырғанын айтады. Ал бұл заңсыз әрекеттер қалай әшкереленді десек, оған осы екінші деңгейлі банктерді қадағалаушы құзырлы Ұлттық банк тарапынан оларға жазылған ресми хат сеп болған.
Сонымен, 2012 жылдың 9-шы ақпанында Ұлттық банк еліміздің банк секторындағы барлық ойыншыларына ҚЕЖК-ны алу тәжірибесін тоқтатып, барлық қарыз алушыларға заңсыз ұсталған комиссияларын қайтарып беру бойынша шаралар қабылдауға ресми хатпен шығады. Және де бұл хатта, егер заңның бұзылуы фактілері анықталған жағдайда, банктерге белгілі бір санкциялар қолданылатыны да ескертіледі. Бұған Ұлттық банктің құзырлығы жететін. Ал екінші деңгейлі банктер не істеді десеңізші... Әлбетте, адам сауын сиырынан айырылмас болар. Сол сияқты банктер де қарыз алушылардан түсіп отырған қосымша комиссиялық кірістерден бас тартқылары келмей, Ұлттық банк жіберген хаттың және онда айтылған талаптардың қаншалықты заңдық күші бар екенін білмекке Бас прокуратураға шығады. Басында Ұлттық банкті қолдап, алынып отырған комиссиялардың Қазақстан заңына қайшы екенін айтқан құқыққорғау органының мамандары, бір кезде өз сөздерінен өздері тайып, екінші деңгейлі банктерге бұл тығырықтан шығудың жолын да көрсетіп береді. Ол қарыздық есепті жүргізу комиссиясы атауын басқаша етіп өзгерту еді. Сонда бар мәселе шешіледі-мыс.
«Бір мағыналы емес ҚЕЖК атауын алып тастау үшін, бұл комиссияның атауын өзгерту қажеттілігі туралы банктер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз» делінген болатын 2012 жылдың 5 шілдесінде Бас прокуратура жазған хатта.
Әрине, бұл шешімге банктер қуана келісіп, осы хаттан соң ҚЕЖК атауын басқаша етіп өзгертеді. «Мәселен, Казкомда бұл КОК – (комиссия за обслуживание кредита), яғни, несие қызметі комиссиясы, Альянс, Темірбанк, Фортебанктерде ол КОЗ, (комиссия за обслуживание займа), яғни заемға қызмет көрсету комиссиясы, Еуразия банкінде КОВЗ – берілген заемға көрсетілген қызмет комиссиясы, ал өзге банктерде басқаша атауға ие» дейді Нұржан Биякаев мырза.
Қарап отырсаң, алған кредитің осыншама қымбатқа түсер ме?!
Жалпы неге осындай проблема туындап отыр дейтін болсақ, қарыздық есеп жүргізу комиссиясы шын мәнінде жүргізілмеуге тиіс, өйткені, қарыздық есеп банктік есеп болып саналмайды. Яғни, «витруальдық есеп». Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» заңында «қарыздық есеп» («ссудный счет») банктік есепке кірмейтіні жазылған. Банктік есептерге ағымдық және депозиттік есептер ғана кіреді. Бұдан кейін Ұлттық банк не істеуге тырысады, тағы да екінші деңгейлі банктерге алдыңғы жазылған хаттағы талаптарды орындап, қарыз алушыларға заңсыз комиссия ақшаларын қайтарып беруді, ал бұл талап орындалмаған жағдайда заң бұзушыларға шара қолданылатынын ескерткен хат жібереді. Бірақ, бұл хатты да банктер елемей, «жабулы қазан жабулы» күйінде қалады. Бұдан кейін Ұлттық банкте екінші деңгейлі банктердың заңсыз әрекеттеріне көз жұма қарап, ешқандай шара қолданбайды.
Несие алушылар несібесін қалай қайтармақ
«2013 жылы мен өзім де Казкомнан экспресскредит алып, осындай заңсыз әрекетпен бетпе-бет кездестім. Мен жаңағыдай жөнсіз комиссия төлеуге мәжбүр болдым. Несиені төлеп болғасын, өзім төлем келген комиссия сомасын қайтарып алуға бел байладым. Сотқа дейінгі реттеу жұмысын жүргіздім, хат жаздым. Нәтиже болмаған соң, сотқа беріп, оны жеңіп шықтым. Бұдан кейін өзімнің жақындарыма көмектесуге кірістім. Бәрі де ойдағыдай болып, сот процестерінде жеңіске жеттім. Ұлттық банкке өз тәжірибеммен бөліскен, сотта жеңіп шыққанымды дәлелдеген, яғни, бұл комиссияның заңсыздығын көрсеткен іс-қағаздарымды жіберіп, тағы да бұл мәселені көтеруге ұсыныс тастадым. Бірақ, жауап болмады. Мұнымен қатар мұндай хатты парламент мәжілісіне, қаржылық мәселелер бойынша комитет төрағасы Гүлжан Қарағұсоваға да жібердім. Ол кісімен жарты жыл хат жазысып тұрдық. Ол кісіге заңдық тұрғыдан бәрін сауатты етіп түсіндіріп, сот шешімдерін де жіберіп тұрдым. Шынын айту керек, 2014 жылдың 25 маусымында депутат ҚР мәжілісінің отырысында, бұл не нәрсе, бұл неғылған комиссия, банктер мұны тоқтатыңдар, реттеңдер деп мәселені жоғары мінбеден көтергені рас, бірақ, жазғы каникулға кетер алдында, бұл мәселені реттеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, біржолата атқұйрығын кесті», деп сырымен бөлісті Нұржан Биякаев.
«Кімге барып мұңымды айтам» демекші, несие алушылардың бір ғана амалы ба - ол комиссияны төлемеу үшін сот төрелігіне жүгіну. Онда да сіз төлеген несие шартының жабылғанына үш жылдан аспау керек. Мысалы, сіз алған несиені 2015 жылғы ақпанның ортасы немесе наурыз айында жапқан болсаңыз немесе әлі күнге төлеп жүрген болсаңыз, сотқа жүгініп, «ауаға» төлеген ақшаңызды қайтарып алу мүмкіндігі бар. Ал егер несие шарты 2015 жылдың қаңтар айында жабылып қойса, онда комиссияға төлеп келген ақшаңызды қайтара алмайсыз.
«Мен 4-5 жылдан бері қазақстандық азаматтарға «босқа» төлеп келген ақшаларын қайтарып беруге көмектесіп келемін. Заң бізге сотқа бармас бұрын, жауап беруші тараппен мәселені бейбіт түрде шешуді міндеттейді. Бірақ, өз тәжірибемнен көргенім, сотқа дейінгі реттеу жұмыстары тиісті нәтижелерін бермеуде. Банктер бейбіт келісімге келмей отыр, жоғарыда айтып өткен, КВСС, кейін КОК, КОЗ болып өзгертілген комиссияларды қайтаруға құлықтары жоқ. Алайда, банк мамандары бұл комиссиялардың заңсыз екенін бек жақсы түсінеді. Банктердің ұстанымы 2012 жылы-ақ түсінікті болды, олар өз әрекеттерін Ұлттық банктің хатын елемей қойғанда-ақ білдірген» дейді қаржы мәселесі бойынша тәуелсіз сарапшы.
Нұржан Биякаев комиссияны барлық несие алушыларға бірден қайтарып бере алмайтынын айтады. Сондықтан оларға бірді-екілі клиенттермен соттасқан тиімдірек. Соңғы бірнеше жылда сарапшы шамамен сотқа 50 шағым түсіріп, төленіп қойған комиссиялардың 30 миллионға жуық теңгесін қайтарып алған және де шарттардың күшін жою арқылы несие алғандардың 60 миллион теңге жуық ақшасын үнемдеуге қол жеткізген.
«Менің бір танысым 2007 жылы Тұранәлем банкінен ипотекалық несие алды, ол осы несие бойынша ай сайын 240 доллар мөлшерінде комиссия төлеп тұрды. 2012 жылдың ортасына дейін ол ипотекалық несиені комиссиясымен қоса төледі. Не керек, жұмысынан айырылады, ақша жоқ, проблемалы қарыз төлеуші қатарына кіреді. Ол бір пәтерін сатып, екінші пәтерінің несиесін аздап жапқан болады, бірақ, проблема мұнымен шешілмейді, бұл мәселе коллекторларға беріліп, олар несие алған адамды пәтерден шығармақ болады, міне, осы кезде ол кісі менің осы мәселемен айналысатынымды естіп, маған келеді, содан ол кісінің ісін зерттеп, бәрін есептедім. Қарап отырсам, 2007 жылдан 2013 жылдың басына дейін ол 13500 доллар тек комиссия төлеп келген екен. Оны теңгеге шаққанда 5 млн теңге шамасын құрады, міне, біз осы соманы сот арқылы қайтарып алдық. Білгеніміз, банк несие алушыға қатысты дұрыс әрекет етпеген. Қалай дейсіз ғой, біріншіден банк комиссия ұстап келді, екіншіден, ол валюталық ипотека алушы еді, сондықтан үкімет қаулысына сәйкес, оны 3 процентке қайта қаржыландыру керек болатын, бұл мәселемен несие алушы банкке жолыққанымен, банк оның өтінішін қанағаттандырмаған. Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі Тұранәлем, кейін Қазком болып құрылған банк тарапынан заңбұзушылық болған. Біз не істедік, комиссия ақшасын қайтарып алдық, банкпен қайта қаржыландыру мәселесін реттедік, сөйтіп, несиенің бір бөлігін жабу мүмкіндігіне ие болдық. Бұл менің тәжірибемдегі үлкен талап-қуынымға құрылған оқиға болды» дейді көптеген несие алушылардың қорғаушысы болған Биякаев мырза.
Оның айтуынша, бастапқыда сот билері заңның бұзылуын дұрыс түсіне алмай жүрген. Ал қазір сот процесінің бірінші кезеңінде-ақ, мәселе оңынан шешіледі екен.
«Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде сот төрелігі азаматтардың қуыным шағымдарын бірауыздан қолдап отыр, өйткені, банктердің бұл әрекеті заңсыз. Десе де, бұл тез бітетін шаруа емес. Несиесі бар азаматтарға айтарым, комиссияны қайтару үшін сотқа дейінгі талап-шағымды сауатты құратын және де өз талаптарын сотқа айқын жеткізе алатын кәсіби мамандарға жүгініңіздер. Бұл біреуге оңай болып көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде әркімнің жағдайы әрқилы және де әр шарттың өз ерекшелігі бар» дейді тәуелсіз сарапшы.
Атап өтерлігі, елімізде жұмыс істеп жатқан ресейлік банктер тарапынан мұндай заң бұзушылықтар байқалмайды екен. Ресейде де, тіпті Тәжік елінің банктерінде мұндай заң бұзушылыққа жол берген қитұрқы әрекеттер жоқ деседі. Өкінішке қарай, қазақстандықтарды қанаған қазақстандық банктер қатарында жоғарыда аты аталған банктер көш бастап тұр.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: abctv.kz