– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дейін Алматы мектептерінің бірінде 8-сынып оқитын сіз секілді жас өнертапқыштың ашқан жаңалығынан көпшілік бейхабар болатын. Кейіннен елге таныла бастадыңыз, тіпті Елбасының алдында жобаңызды қорғап шықтыңыз. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» өміріңізге өзгеріс әкелген жоба деп айтуға толық негіз бар шығар?
– Расымен, сол жобадан соң өмірім өзгерді десе болады. Шыны керек, кілең ересектер қатысқан бұл жобада жеңімпаз атанамын деп ойламадым. Бұл марапат күтпеген тосынсый болды. Айта кетерлігі, бұл жобаға қатысу туралы өтінішті кім жібергенін сол күйі біле алмадым. Айналамнан сұрастырып шықтым, мұғалімдер, достарым мен үйдегілер менің атымнан өтініш жібермегенін айтады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» арқылы танылғанға дейін көптеген халықаралық сайысқа қатысып, түрлі жоба мен шағын өнертабыс құрастырып жүргенмін, бірақ бұл туралы айналамнан басқа ешкім білмейтін. Негізі, өнертапқыш атанғанға дейін математикалық есептеулер жүйесіне қызыққанмын. Сосын 5-сыныпқа көшкен соң көңілім робототехника саласына ауа бастады. Үйге берілген тапсырмалардың көбін осы саламен байланыстырып, мектепке құр қағаз күйінде емес, үлкен жоба ғып әзірлеп апаратынмын. Автоматтандыруға болатын заттың барлығын «қозғалмалы» етіп тастайтынмын (күліп). Барлығын бір күнде құрастырамын деп, тіпті таңның қалай атып кеткенін байқамай қалған кездер көп болды. 6-сыныпта оқып жүргенімде түрлі олимпиадаға жоғары сыныптың атынан қатыса бастадым. Мұндағы себеп – ең алдымен өзімнің шама-шарқымды байқап көргім келді. Одан бөлек, күрделі есептердің шешімін таба алатынымды көпшілікке дәлелдегім келді. Сөйтіп, мектеп басшылығы жас пен сыныпты ұлғайтып жазу туралы өтінішімді қабылдап, маған «жол» ашып берді. Содан жарыстан-жарысқа қатысу арқылы бірдеңе құрастыру, әлемде баламасы жоқ жоба құрастыруға шабыт алып, рухтандым.
– 9-сыныптап кейін оқуды Канадада жалғастыруға кеңес берген инвесторды сондай жарыстардың бірінде кездестіріп қалдыңыз ба?
– Иә. Ең алғаш рет ойлап тапқан дүнием – қоршаған ортаға талдау жасауға арналған, танк пішіндес робот болды. Бұл робот тұтастай бір метеорологиялық стансаның қызметін атқара алады. Онда ауадағы 87 химиялық реактивті, температураны, ылғалдылықты, зиянды заттарды анықтай алатын арнайы тетіктер бар. Осы жобаны таныстыру үшін көп сайысқа қатыстым. Сосын тек құрастырумен шектеліп қалмайын деп, кәсіпті қалай жүргізген дұрыс, жасаған өніміңді қалай сату керек екенін білу үшін түрлі дәріс тыңдадым. Сондай жиындардың бірінде канадалық инвестор физика, химия және математика бағыты бойынша Канадада білім алуға шақырды. Ол жақта оқып келген соң, елордадағы Халықаралық үздіксіз білім беру колледжінде тағы білім алдым. Өйткені Канадада алған диплом біз жақта жарамайды. Ал қазір Массачусетс технологиялық институтында (MIT) компьютер ғылымдары бойынша қашықтан оқып жатырмын.
– 2020 жылы Forbes журналының арнайы шығарылымына еніп, «Өзгеріс жаршысы» атанған 35 маманның тізіміне ендіңіз. Бұл жаңалықты да кездейсоқ білгеніңізді естіп таңғалып отырмыз.
– 2019 жылы Forbes Қазақстан журналы ұйымдастырған «30-ға дейінгі 30» рейтингіне ілінгенім бар. Сосын келесі жылдың сәуірінде Forbes журналының Америкадағы журналисі хабарласып, жобаларым жайлы сұрады. Бірақ мен әлдебір тізімге енгізгелі жатқанын білмедім. Содан соң мамыр айында әлем бойынша небір жаңалық ойлап тауып, өмірге өзгеріс әкелген 35 адамның тізімі мен өмірбаяны жарияланған журналдың арнайы шығарылымын жіберді. Ашып қарасам, ол тізімге мені де қосып қойған екен. Бір қызығы, Forbes тізіміне енгенімді білген күні Ұлттық инженерлік академия ұйымдастырған сайыста жеңіске жетіп, «2019 жылдың үздік инженері» атандым.
– Құрастырып шығарған жобаларыңыздың ішінен ең мақтан тұтатын өнертабыс ретінде қайсысын атар едіңіз?
– Бәрінен бұрын үш жобамды мақтан тұтамын. Ең алдымен, деректерді өңдеу жүйесі арқылы түрлі сервиске енгізуге болатын алгоритмді айтар едім. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында арнайы тапсырыспен түрлі тауар жеткізетін онлайн супермаркет иелері біз ойлап тапқан сол алгоритмді қолданып жүр. Бұл – курьерлердің бағытын анықтау үшін таптырмас дүние. Осыған ұқсас шетелдік жүйелерге қарағанда біз құрастырған бағдарламаның бағасы арзан. Жоғарыда айтып өткендей, мұны түрлі сервиске қолдануға болады. Канадалық мамандар да тау-кен орындарында есепті жылдам шығару үшін осы алгоритмді қолданған. Екінші мақтанатын жобам –
AbsCrypt өнімі. Бұл – құрылғыдағы барлық ақпаратты қорғайтын, Windows, MacOS, Linux, iOS, Android секілді платформаларда жұмыс істейтін криптографиялық жүйе. Мен бұл өнімді бірнеше себеп бойынша мақтан тұтамын. Біріншісі – бүгінде AbsCrypt қосымшасын әлемнің 55 елінде тұратын мыңдаған қолданушы пайданалады. Айта кетерлігі, бұл жобаны таныту үшін ешқандай маркетинг кампаниясын жүргізбедік, бар болғаны түрлі форум мен ресурсқа орналастырып, қызыққан адамдарға таныстырып жүрдік. Бірақ толық дайын болған кезде тәуекелге бел байлап, қиын әрі батыл шешім қабылдадық. Математикалық тұрғыда шифрланған файлды ешкім бұза алмайтынына көз жеткізіп, Bugcrowd платформасында сынап көруді шештік. Visa немесе Mastercard сияқты ірі компаниялар өз жүйесінің сенімділігін тексеру үшін осындай процедурадан өтеді. Мұның да алынбас қамал екеніне сенімді болу үшін AbsCrypt бағдарламасын бұзуға конкурс жарияладық. Егер біреу біз шифрлаған файлдардың кемінде біреуін бұза алса, оған сыйақы ретінде 100 мың АҚШ долларын табыстаймыз деп келістік. Бұл тестілеуге АҚШ, Ресей, Еуропа және Қытайдағы криптография мамандары мен тіс қаққан хакерлер қатысты. Бірақ ақыры ешкім сол файлдарды бұза алмады. Тіпті, көбі қандай шифр қолданылғанын білмей, басы қатты. Ал «мен жасаған дүние» деп мақтана айта алатын үшінші жобам – көпфункционалды робот-гуманоид. Ол адам сияқты қимыл-қозғалыстар жасап, деректерді талдаумен айналысады. Бұл жоба әлі толығымен дайын болмаса да, алдағы уақытта көпшіліктің көңілінен шығатын дүние болатынына кәміл сенемін. Жалпы, қазір бірнеше бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе, бағытты бағдарлау, криптографияға ден қойып, құрастырған дүниемізді әлем қолданушылары қолданатын ірі жобаға айналдырмақ ойымыз бар. AbsCrypt өнімін де ары қарай дамытуды көздеп отырмыз. Қазір хакерлердің әлдебіреудің құпия деректері мен суреттерін ұрлап, артынша сес көрсетіп жүргені туралы жиі естиміз. Бұған жол бермейтін AbsCrypt қосымшасы қазір де қолданыста, десек те біздің терминологияны түсінбейтіндер оны қолдану қиынға соғатынын айтады. Сол үшін қарапайым қолданушыға түсінікті болу үшін қайта қарап жатырмыз.
– Тағы бір сәтті шыққан жобаңыз ретінде БҰҰ Балалар қорына (ЮНИСЕФ) арнайы әзірлеген, семіздіктің алдын алуға көмектесетін мобильді қосымшаны айтуға болады.
– Бұл жобаны ұмытып барады екенмін. Негізі, бұл – кездейсоқ қолға алынған дүние. Бір сайыста қазылар қатарында отырғанымда ЮНИСЕФ-те балалардың семіруіне қатысты мәселе бар екенін, оны тез шешпесе жағдай ушығатынын білдім. Осылайша, балаларға көмектесу үшін алгоритм ойлап тауып, оны мобильді қосымша етіп әзірледім. Бұл қосымша баланың жағдайын сараптап, салмағы мен бойындағы өзгерістерді болжайды. Семіздік белгілері байқалса ескертіп, хабарлама жіберіп отырады. Қазір ЮНИСЕФ бұл жобаны ары қарай дамытуды қолға алды. Бұдан бөлек, аутизмге шалдыққан балалардың жағдайын тексеретін бағдарламаның біршене нұсқасын әзірледім. Сосын бұл жоба еліміздегі бірнеше орталықта тестілеуден өтті. Дәрігерлер осы жүйе арқылы баланың денсаулығы бойынша есеп жасайды, ал жүйе сол есеп бойынша баланың денсаулығында жағымды өзгеріс бар ма, жоқ па, соны анықтап береді.
– Жуырда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімінде болашақ жастарға криптожолдау жолданған уақыт капсуласын таныстырдыңыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай құрастырылған, 2041 жылы бір-ақ ашылатын бұл капсуланы ойлап табу идеясын өзіңіз ортаға салдыңыз ба?
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты өткен бір жиынға қатысқанымда өскелең ұрпаққа жолдау ұсыну сөз етілді. Сол кезде уақыт капсуласы арқылы криптожолдау ойлап табу идеясын ортаға салдым. 2041 жылы ашылатын бұл капсуланы шыныдан әрі ашылуы оңай етіп әзірлесек оғаш және бейзаманауи болып көрінетін еді. Сол үшін деректерді шифрлап, арнайы сақтайтын жүйе ойлап таптым. Жалпы, бұл криптожолдау екі бөліктен тұрады, біріншісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы қамтылса, екіншісіне жастарға бағытталған тілектер кіріктірілген. Бұл капсула музейге қойылады, ал 2041 жылы ІТ мамандарға оның кілтін табу керек болады.
– Сізді көбіне вундеркинд, өнертапқыш деумен қатар, жас кәсіпкер деп те атайды. Әдетте ғылымға шынайы берілген адамға кәсібін дөңгелету қиынға соғатынын естіп жатамыз. Қасыңызда көмекшіңіз бар ма, әлде барлық процесті өзіңіз бақылайсыз ба?
– Өзімді вундеркинд десе, біртүрлі сезінемін, қысыламын. Бірақ жиі айтатын болғандықтан, қазір мән бермеуге тырысамын. Үлкен жетістікке қол жеткізгенде ғана алақайлап қуануға болады. Әзірше менде қуанатындай дәнеңе жоқ. Егер мен қазір құрастырып жатқан жобаларыма марқайып, арқамды кеңге салсам, «жаңа» нәтиже болмайды. Ал компания құруды сөз етсем, бастапқыда кәсіппен айналысу ойда болмады. Бірақ клиенттермен ірі жоба жасау туралы келісімшарттар жасасқан соң, дұрысы жеке компания ашу керек екенін түсіндім. Сөйтіп, Absolute Technologies Lab компаниясын аштық. 2020 жылдың соңында Америкада филиалымыз ашылды. Қазір командамда менен бөлек үш инженер мен бір дизайнер жұмыс істейді. Жарты жыл бұрын қатарымызға инвестиция салуға дайын Рамиль Мухоряпов, Алексей Ли мен Евгений Усатов секілді кәсіпкерлер қосылды. Барлығын бір арнаға тоғыстыру қиын екені айтпаса да түсінікті, бірақ ешқандай көмекшім жоқ, барлық процесті өзім бақылаймын.
– Әлеуетіңізді байқаған NASA, Microsoft, Amazon инженерлері бас кеңседе бірігіп жұмыс істеуге шақырса, бас тартыпсыз. Қазақстанмен байланысты жобаларыңыз көп сіз осындағы ғылыми ортаны дамытқыңыз келе ме, әлде сізге біреудің қарамағында жұмыс істегеннен гөрі жекелей эксперимент жасаған ұнай ма?
– Екеуі де. Тарихқа үңілсеңіз, мықты ғалымдар өзге елге көшіп кетпей, ел тарихында елеулі еңбегімен қалған. Тіпті, олар ғасырлар өтсе де қазірге дейін ел аузында жүр. Мен де солай болғанын қалаймын. Ең бастысы, артына өшпестей із қалдырған маман ретінде есте қалғым келеді. Ел тарихында қалу – бәрінен маңызды. Ал ірі корпорациядарда жұмыс істеуден неліктен бас тартқанымды айтар болсам, олармен жұмыс істеу кезінде бір тиімді жобаны ойлап таптым делік, бірақ оны қолдану туралы маңызды шешімдерді компания өкілдері қабылдап, менде еш құқық болмайды. Түптің түбінде сен ойлап тапқан өнертабыс көпшілікке компанияның жеке өнімі ретінде таныстырылады. Тағы бір айта кетерлігі, компанияның меншігіне өткен жобаны жетеріне жеткізіп, егжей-тегжейлі жетілдіре де алмайсың. Біраз уақыттан соң жаңашыл дүниелер енгізгің келсе де, корпорация басшылығы бұдан бас тартуы мүмкін, өйткені сан мыңдаған жобасы бар оларға бір жобаны қайта-қайта шұқылап, қосымша функция қосу тиімсіз. Байқағаным, ірі корпорациялар сатып алғанға дейін алдағы уақытта әлемге танылады-ау деген стартап жобалардың даму қарқыны уақыт өте келе баяулайды. Ал олар баяу дамып жатқанда көкжиекте жалт-жұлт етіп басқа жобалар пайда болады да, ана жобалардың түк маңызы қалмайды. Сол үшін жер «жаратындай» жобасы бар маман сенімді адамдардан команда құрап, өз жобасымен өзі айналысқаны дұрыс. Осылайша, ол тәжірибе жинайды, өнімін сата алады, тиісінше табысқа кенеледі. ІТ мамандарға алысқа ұзамай-ақ, діттегеніңді отырған жерінде-ақ іске асыруға болады.
– Ал «елде ғылыми жаңалық ашу қиын, одан да шетелде өз-өзіңді танытқан дұрыс» дейтін қазақстандық ғалымдарға не дер едіңіз?
– Олай дейтін ғалымдардың дені оқушы кезінде әділетсіздік көрген болуы мүмкін. Көп жағдайда олимпиадалар мен түрлі сайыста еңбегі дұрыс бағаланбаған оқушылар «одан да шетелде оқығаным дұрыс» деп Америка, Еуропаға оқуға түсіп, сонда қалып қояды. Ал мен бұған басқа көзқараспен қараймын. Егер осы бір сайыс әділетсіз өтті десең, келесі жылы ешкім күмән келтірмейтіндей өз-өзіңді дәлелдеп шық. Қазір көптеген олимпиадаға қазы ретінде әдейі қатысамын. Жастардың сағын сындырмау үшін әділ бағалауға, бағыт-бағдар беруге тырысамын. «Олимпиадада дұрыс бағаламады, жолымды бөгеді, қазір бағаламайды, демек алдағы уақытта да бағаламайды» деп өкпелеп, сыртқа кете берсек, жағдайымыз не болмақ? Бұл мәселемен күресу керек, барлығы әділ өткенін талап ету қажет. Бірақ бізде табанды оқушылар жетерлік. Ойда жүрген идеясын іске асырғысы келетін оқушылар маған үнемі жазып, ақыл-кеңес сұрайды. Оларға жұмыс істеуге қажет құрал-жабдық сатып алуға, серверге орналастыруға қаражат аударып, көмектесіп тұрамын. Айта кетерлігі, оқушылардың басым бөлігі мектепте оқитын сабақтардың көбі теориядан гөрі, практикаға негізделгенін қалайды. Расымен, әлденені танып білуге құштарлығы артып тұрған оқушыға осы бастан эксперимент жүргізіп үйренген жөн. Мысалы, мен оқыған Канадада мұғалімдер практикалық тапсырмаларға көп уақыт бөледі, сәйкесінше оқушылар қай мамандыққа ебі бар екенін түсінеді. Ал бізде практиканы айтпағанда, есеп-қисаптарды түсіну кейде қиын. Математика оқулығына кіріктірілген есептер ақылға қонбайтын, шындыққа жанаспайтын секілді. Сол үшін біздегі білім ісіне жауапты тұлғалар практиканың мектеп кезінен маңызы зор екенін түсінсе деймін. Практика – оқушыға мамандық таңдауда әсер ететін ең маңызды фактор. Ал практика қалай жасау керек екенін білмейтін көпшілік мектеп бітірерде ештеңеге қызықпай, болашақ кәсіпті таңдау ісіне жүрдім-бардым қарап, соңында әуре-сарсаңға түседі.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Дерек көзі: turkystan.kz