Рамазан Амантай: "I go to school" сөзі жастар арасында хит болатынын білдім
27.01.2018, 12:00

Рамазан Амантай: "I go to school" сөзі жастар арасында хит болатынын білдім

Қазақстандық "Бизнес по-казахский в Америке" фильмнің басты кейіпкері Рамазан Амантаймен қызықты әңгіме құрдық.

Нұрлан Қоянбаев басты рөлді сомдап, продюсерлік еткен "Бизнес по-казахский" фильмі сәтті шықты. Туындының көрермендері көп болды. Шығармашылық топ көрерменді қуантып 2017 жылдың 28 желтоқсанында туындының екінші бөлімін ұсынды. Фильм "Бизнес по-казахский в Америке" деп аталды. Бұл фильмде басты рөлдердің бірін жас актер Рамазан Амантай сомдайды. Рамазанның фильмдегі "I go to school" сөзі жастар арасында түрлі жағдайда айтылатын сәнді тіркеске айналды. Бүгін Today.kz Рамазанның өзінен түсірілім кезіндегі қызықтар туралы сұрауды жөн көрді.

 

 

- Рамазан, қайырлы күн! Жалпы кино әлеміне қалай қадам бастыңыз? Мен сізді ең алғаш "Айналайын" сериалынан көрген едім. "Айналайын" алғашқы түскен сериалыңыз болды ма, әлде одан бұрын басқа жобаларда бой көрсетіп пе едіңіз?

- Қайырлы күні! Жоқ, сіз қателесіп отырған жоқсыз. Ең бірінші сомдаған рөлім сол "Айналайында" болатын. Сериалға кәдімгі кастингпен келдім. Ешқандай звоноксыз. Менің әкем режиссер емес, менің арғы атам Шәкен Аймановтың бөлесі емес. Киноға  ешқандай қатысым жоқ. Сол қарапайым кастингпен келдім. Алғашқы кастинг қызық болды. Шыны керек, адам ештеңе білмейтін кезде күшті нәрселер жасап қояды екен. Мен ол кастинге әкемнің қабағынан қорқып барғам. Киноға түсу, актер болу ойымда да, арманымда да жоқ еді. Өтірік бірдеңелер істей салғам. "Ыстық етті же, айнаға қарап өзіңді мақта" деді. Сондай қызықты талаптар болған.  Бірақ сол кастингтен кейін киноға деген махаббатым оянды. Сосын олардың қоңырауын қатты күттім. Кейін сериалға түсетін болдым. Басында "Айналайында" ойнап шығу қиын болды. Қиын болғанда, мен өзімнің қарабайыр “актерскийіммен” ұра бердім. Оның камераға жұмыс істеу деген сияқты техникасы бар екен. Болат Қалымбетов деген менің алтын ағам бар. Сол кісі үйретті. Сол мені киноға алып келген кісі. Одан кейін режиссер ағаларымыз, Бекжан Тұрыс, Нұржан Тұтовтар бар. Солардың көмегімен бейімделіп кеттім. Әрі қарай сериалдың 3, 4 маусымында кәдімгі ақыл айтып отыратындай боп кеттім. 

- "Айналайыннан" кейін қандай рөлдерді ойнадыңыз?

- Одан кейін көптеген рөлді ойнадым. Бірақ олар ауқымды рөлдер болған жоқ. “Айналайыннан” кейін бағымды ашқан осы “Бизнес по-казахский” болды.

- Осы жерден бірден "Бизнес по-казахский" фильміне ауыссақ. Командаға қалай келдіңіз? Кім ұсыныс білдірді? Ол жерде барлығы тәжірибелі актерлар. Топта жұмыс істеу қаншалық оңай болды?

- Командағы ешкімнің демеуінсіз, кастинг арқылы қосылдым. Еркеш Хасен деген досым бар. Сол досым сілтеме беріп,  “сен барып көрші” деді. Жәй ғана бардым. Видеобайқауларына қатыстым. Сосын өттім. Жеңісхан Төре деген ағам бар. Сол кісі қолдап, демеп, үйретіп,  командағы қосылдым. Ол команда расымен де өзімнің отбасым сияқты. Қабағым түйіліп тұрса да, қуанып тұрсам да, барлығын сезеді. Өте ұтқыр команда. Бұрыннан  жалпы Нұрлан ағаның қасында жаман команда жүрмейді ғой. Содан да түсіне берсеңіз болады.

- Фильмнен кейін сіздің "I go to school" деген сөзіңіз жастар арасында сәнді тіркеске айналып кетті. Жалпы  "I go to school" қалай шықты?

- Әуез Әуезов деген сценарисіміз бар. Сол кісі ойлап тапқан. Сол кісі ұсынды. Сөйтіп бұл жастар арасында хит болып кетті. О баста бұл сөздің "ататынын" білгенмін. Қазір қайда барсам да  "I go to school". Жақында маған  "I go to school" деген ағылшын курсын ашайық, жанында сенің суретің тұрады" деген ұсыныс келді. 

- Сценарийде  "I go to school" орнына  өзге сөз ойластыру керек болса қандай сөз ұсынар едіңіз?

-  Мен де I go to school-ды ұсынар едім.

- Рамазан, негізі сіздің ағылшыншаңыз қалай?

- Ағылшыншам Elementary-ді құшақтап тұр. Мен фильмнен бұрын Америкаға 2 рет қыдырып барғам. Жалпы менің ағылшыншам жол сұрауға жетеді, тұрмыстық деңгейде. Қатты қиналдым деп айта алмайм. Ол ортада жүрсең онсыз да үйреніп кетесің. Егер мен Америкада тағы 2 ай болғанымда мүмкін сізбен қазір ағылшынша сұхбаттасып отырар ма едім…

- Америкалық әріптестермен жұмыс істеу қалай болды? Олармен қазір  араласып тұрасыз ба?

- Жалпы бауырмалдық деген нәрсе бар екен. Адамды байланыстыратын тіл, нәсіл емес екен, жалпы адамның жаны бір болады екен. Сондай жаны бір адам болды ол кісі (Дженниферді меңзеп). Кәдімгі туған әпкем сияқты. Америкада жүргенде киноның басты рөлі менде болған соң жауапкершілік мойнымда тұрды да, өзімді еркін, жеңіл сезіне алмай жүрдім. Өмірі соны ойлаумен болдым, кейде қиын боп қалады, кейде группамызбен түсініспей қаламыз. Жұмыс болды, жұмыс болған соң бәрі кешірімді. Сол кезде мені қолдап, демеп жүрді. Өзі өте талантты актриса, өмірде де адамгершілігі мықты. Ол кісі маған хатты онлайн аудармашы арқылы қазақша жазады. Әпке мен інінің арасындағы махаббат дейді ғой сол сияқты.

- Фильмде туысыңыз болып ойнайтын Нұрлан Қоянбаевпен сөзге келісіп қаласыз. Өмірде туыстарыңызбен ренжісіп қалған кездеріңіз болды ма?

- Мен жалпы ұрыстан қашатын адаммын. Туыстарыммен ондай ұрыс болған жоқ. Өйткені ел дегеніміз отбасы, әулеттен басталады ғой. Мен елдің тұтастығын қалаймын. Тұтас болуы үшін өзімнен бастауым керек. Сол үшін ұрыстан аулақпын.

- Түсірілім қанша уақытқа жалғасты?

- Бас-аяғы 21 күнге созылды. Оның ішінде түсірілім күндері мен демалыс күндері бар. Қазақстанда 1 апталық түсірілім жасадық. Таза бір айда түсірілді.

- Дженнифердің үйіне барғанда елді сағынып, жылайтын эпизодыңыз бар ғой. Сол 21 күнде қандай сезімде болдыңыз?

- Мен елді алғашқы күндерден бастап сағынғам. 21 күн бойы сағындым. "Жұрт Америкаға жете алмай жүрсе, сенікі не?" -  деп достарым ұрысты. Өзім сондай патриот адаммын. Қазақстанның туын көрсем жылай беремін. Сол көріністі ойнайтын кезімде жүрегімде сондай бір тебіреніс болды. Туды сипайтын кезім есіңізде шығар? Сол сәт әсерлі шыққан шығар деп ойлаймын. Шынымен де менің кинодағы Еркош пен жаным бір болды ғой сол кезде.

- Шет елдік әріптестеріңізбен біраз күн бірге жұмыс істедіңіз. Сіздің қарым-қабілетіңізді байқаған болар. Егер сізді киноға түсуге шақырса барасыз ба?

- Міндетті түрде барамын. Лос-Анджелеске өзім “жәрмеңке қала” деп ат қойдым. Себебі, шынымен де, қайнап жатқан жәрмеңке. Бізде наурызда, ораза айтта мерекелер болса ол жақта күнде мереке. Екінің бірі актер, екінің бірі режиссер. Әйтеуір өнер адамына керек аура бар  ол жақта. Әлемдік киноның ошағы ғой, жүрегі десек те болады. Егер мені шақыратын болса міндетті түрде ат басын бұрамын. Осы Америкаға сапарым көп нәрсе үйретті. Киноға, өнерге  ересек көзқараспен қаратты. Тағы өсу үшін, сол жақтан ұрлап, Қазақстанға әкелу үшін мен міндетті түрде барар едім.

- Осы жылы шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Осы жылы ұсыныстар жақсы келіп жатыр. Өзімнің таң қалатыным "Бизнес по-казахский в Америке" шықпай жатып, трейлері ғана шыққанның өзінде фильмдерге шақыра бастады.  Нұртас Адамбаев бір фильмге шақырды. Қазір "Класстастар" деген фильмге түстім. Көктемде тағы бір жоба бар. Тағы бірнеше жоба бар.

- Сіздің студент екеніңізді білеміз. Шығармашылығыңыз сабаққа әсер етпей ме?

- Кім болсаң да білім керек. Мұғалімдерім де сабаққа көмектесіп, демеп отырады. Иә, қазір тарих факультетінде оқып жатырмын. Мамандығымды білетін шығарсыз? Білмейсіз бе? Кітапханашы. Күлуіңіз заңды.

- Жалпы өнер адамдарының өнер академиясына түспей қалған күннің өзінде, журналистика не филология факультетіне оқуға түсетініне үйреніп қалдық. Сіз неге тарих факультетін таңдадыңыз?

- Мен өзім логикаға сыймайтын заттар істегенді жақсы көремін.  Өмірім қызық болсын дегенім ғой. Қалжың, әрине. Грант бойынша оқуға түсіп кеттім. Кітапханашы да жаман мамандық емес. Сосын менің мансабым өсіп, биік деңгейге жетіп жатсам, кітапханашы екенімді жасырмай, керісінше қуанышпен айтар едім. Мен Қазақстандағы кітапхана мамандығына деген халықтың көзқарасын аз болса да өзгерткім келеді. Оқуымды бітірген соң осы мамандық бойынша қызмет етемін. 

- Кез келген кезде қайта-қайта оқи беретін, сізге қатты әсер еткен кітап?

- Оралхан Бөкейдің “Ұйқым келмей” кітабы қатты ұнаған. Сол кітапты өте қатты жақсы көремін. Сосын Қадыр атамыздың, Есенғали ағамыздың өлеңдерін оқыған ұнайды. Бірақ қазір кітап оқуым сиреп жүр, соған өкініп жүрмін.

- Өзіңіздің жеке кітапханаңыз бар ма?

- Әзірге жеке кітапханам жоқ. Бірақ болғанын қалаймын. Жалпы ойымда бар. Менің әкемнің өзінің жеке кітапханасы бар.

- "Бизнес по-казахский в Америке" дегенде ойыңызға түсетін қызықты жағдайлар қандай?

- Жан Байжанбаевпен 21 күн бойы 1 бөлмеде жатқаным. Нұрлан ағамен көрші болғанымыз. Әр кеш сайын аулада жиналып, сұхбат құратынбыз. Әдемі кездер болатын. Соғынып тұрмын, кетіп қалайын ба қазір? (күліп).

- Өзіңіз туралы жұрт біле бермейтін 3 дерек келтіріңізші?

- Мен кино көріп отырған кезде киноны тоқтатамын да, сол туралы ұзақ ойлаймын. Мысалы, актер жәй ғана қозғалып қалса, соны тоқтатып қоямын да “неге олай қозғалды?” деп ұзақ ойлаймын. Сондай әдетім бар. Тіпті, қасымдағы адамдарды да күттіріп қоямын. Екіншісі, өте тез істегім келеді барлық нәрсені. Бір шабыттансам барлық нәрсені сол күні істеп тастағым келеді. Үшіншісі, адамды ренжітіп қойсам, кешірім сұрағанша, жүрегім тыныш таппайды.

- Өнерге келгелі бері істеген әрі қатты өкінетін 3 қателігіңіз қандай? 

- Мен оқушы кезде ата-анам көп нәрсеге мүмкіндік берген. "Сен скрипкаға бар, әнге бар, спортпен айналыс" деді. Мен соның барлығына бармағаныма, қатыспағаныма өкінемін. Ағыншын тілін меңгермегеніме өкінем. Әлі де кеш емес, бірақ тілді үйренуді кішкентай кезімнен бастамағанымда дұрыс болар еді. Бұл біріншісі. Екінші, мен сол "Айналайыннан" бастап өсуім керек еді. Жалпы, ол сырт келбет жағынан болсын, ішкі ізденістер болсын. Содан бастап өспегеніме өкінем. Үшіншіден, кейбір әріптестерімді дұрыс таңдамағаныма өкінемін. Кейбір өнер саласындағы адамдарға сеніп қалғаныма өкінемін. Бір келісімге келгеннен кейін істің  ар жағы не болатынын көре алмағына өкінемін. Бірақ өмір үйретіп жатыр. Қаттылыққа үйретіп жатыр. Нұрлан ағамның айтатыны бар еді "өнерді қырылып жүріп істеу керек" деп. Көңілге қарауға болмайды екен.  

- Рамазан, сұхбатыңызға көп рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз! 

 

Жазба авторы:

Тойгүл Нұржанқызы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер