– Құрметті Мұхаммед-Расул мырза, ұсынысымызды қабыл алып, арнайы уақыт бөлгеніңіз үшін сізге көп-көп рақмет. Көпшілікке пайдалы, мардымды сұхбат болады деп ойлаймын. Алдымен өзіңізді аз-кем таныстыра кетсеңіз. Әсіресе, есім-сойыңыздан бастасаңыз. Бұл туралы қызық көп сияқты. Қай бағыттарда жұмыс жасап жатырсыз және кино саласына қалай келдіңіз?
– Біріншіден, сұхбатқа шақырғандарыңызға зор алғыс. Жалпы, өзім туралы өзіңіз айтпақшы «аз-кем» есімімнен бастасам деймін – Көздібай Мұхаммед-Расул Серік Аль-Фарабиұлы. Толық аты-жөнім осылай. Көпшілік біле бермейді. Бұл үшін қаншама қызыққа тап болмадым десеңізші! Тіптен, жеке бір комедиялық сериал түсіруге болады. Бүгінде ыңғайлылық үшін қысқартып алып жүрмін.
Таныстырар болсам – қазақ атын әлемге танытсам деген қазақтың тау талапты бір баласымын (күледі). Әзірше, анықтауышыма осы жетеді.
«Мамандығыңды айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген батыстық мәтел тап маған қатысты айтылмағандай. Өйткені, мен, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін программист мамандығы бойынша бітіріп шыққанмын. Бірақ жан қалауым – өнер, кино саласы болғасын, бағытымды сол жаққа бұрдым. Түптеп келгенде, таразы басын табиғатым басып кетті. Әрине, арнайы актер деген мамандығым болмаса да, ынта-жігердің арқасында көптеген дәрежеге жеттім деп білемін. Осыдан 10 жыл бұрын, яғни, 2009 жылы кино саласына келіп, қарапайым қара көбейтуші (массовка) адамнан басты рөлге дейін ойнайтын дәрежеге жеттім. Әркімнің шыққан биігі өзіне асқаралы шың. Мен үшін, соңғы жылдардағы басты жетістігімнің бірі – осы.
– Біз сізді көбінесе «Бәсеке» атты кинода сомдаған рөліңіз арқылы танимыз. Ал бұл киноға келетін болсақ, көрермендер «сәтті, жоғары деңгейде шыққан кинолардың бірі» дегенді көп айтады. Ол туралы толығырақ өзіңіз тарқата кетсеңіз.
– Иә, «Бәсеке» киносы менің пікірімде өте сәтті шыққан туындының бірі. Қоғам өкілдері де солай ойласа, демек, ісіміздің текке кетпегені. Реакция болды деген сөз. Бұл жерде үлкен идеология бар. Белгілі бір ой, астарлап жеткізілген идеясы бар. Ұғына білгенге, ол – маржан. Соны көпшілік көре білсе керек.
– Соңғы жаңалықтарыңызбен бөлісіп, «KOZ production» компаниясының асыл мұраты жайлы түсіндіре кетсеңіз.
- Біздің үлкен жаңалығымыз өткен жылы 15-16 желтоқсанда Шанхайда өткен «Silk Road Cohesion Awards» атты халықаралық кинофестивальға қатысқанымыз. Бұл орайда қазақстандық туындыдан он отандық киноны ұсындық. Және тағы бір айта кететін жәйт, біздің компания Қытай тарапымен келісімшартқа қол қойған Қазақстандағы жалғыз компания болып отыр. Қорытындысы ретінде он киноның үшеуі талдаудан өтіп, бұйыртса прокатқа шыққалы жатыр.
Ал компания мұраты барлық компаниялар мұратынан әнтек айырма емес. Табысқа жетіп, кеңейіп, іргеленіп, ел сүйсінген үлкен бір фильмдік-қозғаушы орталыққа айналсақ дейміз. Қайнардан сылдырап аққан қай бұлақ өзенге, теңізге айналғысы келмейді дейсіз. Біздікі де сол.
– Сіздерді шын жүректен құттықтаймыз. Бұл бәріміз үшін де мақтанарлық дүние. Бұл жетістіктеріңіздің басы болсын.
– Періште әумин десін... (күледі)
– Бірді айтып бірге кетіп қалмай тұрып, басын ашып алайық. Сонымен «KOZ production» компаниясы қай жылы құрылды және құрамында кімдер бар? Компания атауы қандай мағына береді?
– Компания 2016 жылы құрылды. Негізгі мақсаты – киноиндустрия саласын дамыта отырып, әр түрлі кино туындыларды, тек отандық дүниені шетелге алып шығу, әртүрлі кинофестивальдерге қатысу. Бұл жерде «KOZ» деген – жаңа бір тылсым, көбінесе адамдардың көре бермейтін дүниесін біз көрсетеміз, ұсынамыз» дегенге мағына. Негізі «көз» барлық нәрсені көруші, көз арқылы ақпаратты аламыз. Бір жағынан, атамның есімі «Көздібай» болғасын да, қазақпыз ғой, бастапқы түбірін ырымдап алып қойдық.
Қазіргі кезде команда құрамында сегіз адам. Біздің бір артықшылығымыз – бір-бірімізге деген адалдығымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауызбіршілікпен биікке өрмелеп келеміз. Қалай десе де, ақылдаса, келісе отырып, осындай дәрежеге жеттік деп ойлаймын.
– Әлгінде үш отандық кино туынды талдаудан өтіп, Қытай кеңістігіне шығады дедіңіз. Мысал үшін, солардың бірін айтса кетсеңіз.
– «Анаға апара жол» киносы ең алдымен халықаралық кинофестивальда жұртқа ұнаған отандық туындының бірі болды. Өз ойымша: үлкен еңбек, жоғары деңгейде түсірілген, ой салаларлық туынды болған соң, таңдап алынды. Зұлмат замандағы қиыншылық пен ауыртпалықты көрсетіп, шынайы суреттей білді.
Сөз орайында айта кетейік, біздің компания қытайлық тараппен ұйғарысып, «Ұлы Жібек жолы» мемлекеттерінің кино фондын аштық. Бұл жерде «KOZ production» компаниясының атынан ашылды. Міндет – Қазақстан ғана емес, басқа да мемлекеттерде орналасқан, идеясы мықты, бірақ мүмкіндігі жоқ кино компанияларына шетелге шығуға көмектесу. Тиісінше, біздің фонд Қытаймен бірлесе отырып, жұмыс жасамақ. Яғни, Францияға болса Францияға, басқа елге болса, басқа елге шығуға көмектеседі.
– Алғашқы «қарлығаштар» бар ма? Францияны текке ауызға алмаған сияқтысыз...
– Бар. Эйфель мұнарасының сөз елесі дейсіз ғой (күледі). Жуырда Францияның «Канн» халықаралық фестивалінің басты ұйымдастырушыларынан бізге хабар түсті. Осы орайда бізге түскен ұсыныс бойынша кино нарығында «Ұлы Жібек жолы» мемлекеттерінің кино фондының павилонын аштық. Біреуге өтірік, бірақ бізге шын, үш жүзге жуық ел туының арасында біздің жеке туымыз тұрады. Яғни Қазақстанның туынан бөлек, қордың туы да тұрады. Бұл жерде тудың да өзіндік бір идеологиясы бар. Тудың авторы Дулат есімді жігіт. «Ұлы Жібек жолы» деген керуенді әрі Қазақстанның туына сәйкестендіріп келтірдік.
– Өзіңіздің жеке кино әлеміңізге келсек. Компаниядан бөлек, киноиндустрия саласына қандай туынды, жаңалық дайындап жатырсыз?
– Актерлік шеберліктен басқа, режиссерлік жағынан да, сценарий жазу жағынан да өзімді дамытсам деймін. Сол үшін бес кино жобасын жаздым. Бес киноның екеуі сценарий бойынша шетелде үздік деген атқа ие болды. Жазған киноларым Қазақстанның форматына келмейтін, мүлдем басқаша кино. Дегенмен идеясы әзірше құпия болып қалсын.
– Әр сөзіңізден энергия, жалын есіп тұр. Арманы үлкен, мақсатшыл адам сияқтысыз. Тым пафосты дей көрмеңіз, сөз соңы болсын, сіз үшін арман деген не?
– Негізі, қазіргі жастар «арман» деген нәрседен көп қателеседі. Біреулер үшін арман қымбат көлікке мініп алып жүру, үй алу. Меніңше, бұл арман емес. Бұл метериалдық қажеттілік. Ал мен үшін арман деген бүкіл тарихта атымды, артымнан өнегелі із қалдырып кету. Қазақтың мәдениетін көтеру, алаш атын шығару. Міне, менің арманым. Ал осынау ұлы миссияның жолына бүтін ғұмырымды байлап, бар саусағым түскенше еңбектенуге әзірмін. Бұл жерде бақыт – ақшада, байлықта емес. Бұның барлығы жеңіл құндылықтар. Өз кезегінде, осы дәрежеге жету үшін күні-түні еңбек ету керек. Тіпті жиырма төрт сағаттың төрт сағатын ұйықтап, жиырма сағатында жұмыс жасадық. Төрт күн қатарынан ұйықтамай жұмыс жасаған кездеріміз де болды. Сол үшін де бәріне дайын болғасын, осы жолда, осындай сындарлы бағытта жүрміз. Қорыта келгенде, айтқым келетіні: «Армандар орындалады, мақсатың айқын болса».
– Уақыт бөлгеніңіз үшін мың алғыс. Тек қана жетістіктеріңіздің басында жолыға берейік. Іске сәт!
Сұхбаттасқан Ардақ Серік