Жол-көлік оқиғалары – қоғам мен мемлекеттің маңызды проблемасы, еліміздегі шамамен 2 мың адамның ажалына жол-көлік оқиғалары (ЖКО) себеп. Сондай-ақ балалар мен жастар өлімінің басты себебі де ЖКО болып отыр. Бұған қоса, жыл сайын 15 мыңға жуық адам жарақат алады.
ЖКО қайтыс болғандардың отбасыларына орны толмас шығын әкеліп, жағымсыз әлеуметтік мәселелерді тудырып қана қоймай, қоғам мен мемлекетке де айтарлықтай экономикалық шығын әкеледі. Оның көлемі еліміздің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 3,5%-ына дейін жетеді. (Азия банкі тек бір 2012 жылы ЖКО-дан келген экономикалық шығынды 1 052 млрд теңгеге бағалады, бұл 2012 жылғы ЖІӨ-нің 3,5%-на тең)
ЖКО-ның алдын алуға болатыны жайлы көптеген сенімді дәлелдер бар, бұл жағдай Қазақстандағы қазіргі жағдайды одан сайын қолайсыз етеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне көптеген жыл бойы қаржы салған елдердің тәжірибесі тиімді концепция мен стратегиялар шығынды азайтуға мүмкіндік беретіндігін көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес, «жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекет жауапкершілігінің жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігінен артықшылығы» және «жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығының шаруашылық қызметінің экономикалық нәтижелерінен басымдығы» белгіленген.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қарастыруда «реактивті» тәсілден «проактивті» тәсілге көшкен еуропалық елдердің тәжірибесін айқын мысал ретінде қарастыруға болады. Проактивті тәсілде ЖКО салдарымен жұмыс жасаудың орнына ЖКО-ның алдын алуға баса назар аударылады. Жаңа проактивті тұжырымдамаға көшу көптеген адам өмірін сақтап, өлім-жітім деңгейін төмендетіп, едәуір оң көрсеткіш көрсетті. Ең жақсы мысал – Швецияның «Vision Zero» жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету концепциясы. Ол жоғары басшылықтың саяси ерік-жігерінің арқасында, сондай-ақ жүйелі және үнемі жүргізіліп жатқан іс-шаралар арқасында оң нәтиже беріп, көптеген елге танымал болды. Швеция парламенті 1997 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы заңды қабылдады. Концепцияның мақсаты – жолдағы адам өлімі мен жарақатын толығымен жою. «Vision Zero» тұжырымдамасы бойынша жүргізілген жол қозғалысы қауіпсіздігі реформалары өзінің тиімділігін көрсетті. Тап қазіргі уақытта Швеция әлем бойынша ЖКО салдарынан болатын адам шығыны жағынан ең төмен көрсеткіштері бар мемлекеттердің қатарында.
Швеция жолдарындағы жол-көлік оқиғаларынан қайтыс болғандар санының динамикасы 1997 жылғы 541 адамнан – 2016 жылы екі есеге 270 адамға дейін азайды. Сонымен қатар Швецияда ЖКО салдарынан болған өлім саны жалпы Еуропалық Одақ елдерімен салыстырғанда төмен екенін ескере отырып, Қазақстан Республикасында жол қозғалысы қауіпсіздігін (ЖҚҚ) жақсартуда аталған тұжырымдамаға және Швецияның тәжірибесіне ерекше назар аудару керек. Әлемдік озық тәжірибелерді қолдану жол қауіпсіздігін жақсартуға айтарлықтай әсер етіп, Қазақстанда көптеген адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша тиімді шараларды жүзеге асырған, экономикалық жағдайы орташа және төмен елдердің тәжірибесін талдау нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда жол апаттарын азайтудың ең озық шешімдерін енгізсе, жол-көлік оқиғаларынан болатын адам шығындарын 3-5 жыл ішінде болжаммен екі есе азайтуға болады. Яғни, жол-көлік оқиғаларын болдырмау жөніндегі іске асырылған шаралардың әлеуетін ескере отырып, ЖКО-ны азайту бойынша іс-шараны жүзеге асырғаннан кейінгі 3-5 жыл ішінде адам өлімін мың адамға және ауыр жарақатты жеті мың адамға дейін азайтуға болатындығын болжауға болады. Сондай-ақ осы уақыт ішінде екі мыңға жуық адамның өмірін сақтап, 30 мыңға жуық адамды ауыр жарақаттан құтқаруға болады, ал бұл дегеніңіз баға жетпес адам өмірі. Егер Азия даму банкінің (АДБ) бағалауы бойынша, Қазақстанның жыл сайынғы шығыны триллион теңге болса, 3-5 жылда апатты жағдайды екі есе азайтқаннан кейін мемлекетке келер экономикалық тиімділік мөлшері триллион теңгеден асар еді. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, өмір сүру деңгейі орташа және кедей елдердегі жол-көлік оқиғаларынан болатын шығындардың әсерінен мемлекет экономикасына орасан зиян келтіреді, ал апатты жағдайдың жоғары деңгейі мемлекеттің дамуын едәуір тежейді.
2007 жылғы жол қауіпсіздігінің жай-күйі туралы Еуропалық мәліметке сүйенер болсақ, Қазақстан ЖКО-дан болатын адам шығындары деңгейі бойынша жағдайы өте мүшкіл болды, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 30-дан астам адам қайтыс болған. (1-сурет. Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы Еуропалық баяндама, Копенгаген, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросы, 2009).
Барлық ЖКО /// Жарақат алғандар саны /// Қайтыс болғандар саны
Соңғы жеті жылға жетпейтін уақыт ішінде (2013 жыл мен 2019 жыл аралығында) Қазақстанда ЖКО салдарынан 16800 астам адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш Кеңес одағының 1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған соғысында жоғалтқан адамдары санынан асып түсіп отыр. Бұл факті елде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару керектігін көрсетеді! 2-суретте Қазақстандағы 2013-2019 жылдардағы жол-көлік оқиғаларының статистикасы келтірілген, онда тұтастай алғанда жол-көлік оқиғалары санының азаю динамикасы байқалады, бірақ қазіргі уақытта 2019 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша қайтыс болғандардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 2,8% -ға өскендігін байқауға болады.
ЖКО статистикасында келтірілген барлық сандар – бұл шынайы адамдардың өмірі екенін, бұл сандардың әрбірі – бір адамның тағдыры, әрқайсысы үшін ешқандай баға жетпес ең қымбаттысы, сондықтан оған сәйкесінше көңіл бөліп, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу керек. Сондықтан қазіргі заманда жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жақсартудың көптеген әдісі мен шешімі бар екенін ескерер болсақ, біз оларды пайдалануымыз керек және өз зерттеулерімізді күшейту арқылы жол қауіпсіздігі жүйесін дамытуға тиіспіз.
Елдегі жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін көтеру үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыздау (ЖҚҚҚ) саласын институализация жүргізу керек, яғни жол қозғалысы қауіпсіздігі саласын реттеп, жүйелеп, стандарттап және маңыздылығын ең жоғары мемлекеттік деңгейде өзекті ету қажет. Оған қоса, «Жол қозғалысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жүйелі тәсілі» мен «жол қозғалысына қатысушылардың мүддесін сақтау» – жол қозғалысының негізгі принипі екенін ескеруіміз қажет.
Осыған байланысты, ЖҚҚҚ-ның дұрыс саясатын әзірлеп, енгізу үшін елдің жоғарғы басшылығын, барлық мемлекеттік органдарды, кейіннен ҮЕҰ ұлттық компанияларды, бизнесті және қоғамның өзін жұмылдырып, ЖКО себептерінің алдын алуға бағытталған саларалық ғылыми негізделген стратегияларды құру қажет. Жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту – бұл біздің азаматтарымыздың сау және әділ болашағына салынған инвестиция. ЖҚҚҚ бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу үшін, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыздау жүйесін мемлекет тарапынан мықты қолдау жасалуы қажет және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыздау жүйесінің негізгі мүдделі тараптар арасындағы синергетикалық байланыстар желісі құрылып, ЖҚҚҚ жүйесін қаржыландырудың тұрақты көздері бекітілуі керек.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның» жұмысын қайта құрып, жандандыру керек. Үкіметте басқа мемлекеттік міндерттермен шатастырмайтын, тікелей жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесін және жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша ұлттық күш-жігерді басқаратын жетекші мемлекеттік орган құру қажет.
3-сурет. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің ұсынылған ұйымдық моделі
Жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша енгізілген шешімдердің сапасы мен тиімділігі қазіргі жағдайды толық талдауға тікелей байланысты, сондықтан ЖКО-ның туындауының себептері мен жағдайларын, саясат пен институционалдық жағдайларын нақты бағалап, жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жаһандық тәжірбиеге зерттеу жасау керек. Талдау мен жаһандық зерттеу негізінде «ЖҚҚҚ-ның ұлттық тұжырымдамасы» мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұлттық стратегиясын әзірлеу қажет.
Жоғарыда айтылған құжаттар негізінде 5-10 жылға арналған «Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп, қабылдау керек. Сонымен қатар еліміздің әр өңірі мен қаласы, ауданы тиісті бағдарлама әзірлеп, онда жол-көлік оқиғаларын болдырмауға бағытталған нақты іс-шаралар сипатталып, мәселені шешу үшін қаржылық және адами ресурстар бөлінуге тиіс.
4-сурет. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін іске асыру сызбасы
Жол-көлік оқиғалары жайлы жаңалықтарды күн сайын көріп-естіп жатырмыз. Қазақстанда ЖКО-дан күн сайын орташа есеппен алты адам қайтыс болады және бұған қарап қол қусырып отыруға болмайды. Жол-көлік оқиғаларына қарсы тұру тетігін іске қосатын және оның жұмысын жеделдететін негізгі және маңызды күш – бұл елдің жоғары басшылығының «саяси еркі», алайда бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің жалғыз аспектісі емес.
Жол қозғалысы қауіпсіздігінің қамтамасыз ету жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесіне тек мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар ғана емес, сонымен бірге бүкіл жұртшылық және әрбір жол қозғалысына қатысушы атсалысуға тиіс. Жол қозғалысы процесіне қатысушы әрбір азамат өзінің жауапкершілігін терең түсінуі керек, өйткені ол жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етеді және сапарды сәтті етуіне немесе өзіне және басқа жол қозғалысына қатысушыларға кесір мүмкін екенін әрдайым жадында ұстап жүру керек.
Жүргізуші, жаяу жүргінші немесе жолаушы болған әрбір жол қозғалысына қатысушы барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі туралы ойлап, қауіпсіздікті жақсартуға тырысуы керек және жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі Қазақстандық ғылыми-зерттеу институтының «жақсы жолдар жасауға жұмыс жаса» деген ұранында жазылғандай (https://kazrap.kz/) жолда қайғылы жағдайдың орын алмауына өз үлесін қосу керек.
Масанов Арыстан Жоланұлы,
«Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі
ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры
Автордың аталған тақырыпқа орай Silteme.kz порталына берген сұхбаты келесі сілтемеде: http://silteme.kz/index.php/baska/suhbat/item/4048-zhol-auipsizdigi-m-selesine-d-rys-nazar-audarylmaj-otyr-a-masanov