Өмірден өз даңғылын тауып, сол жолда ізденіп, ісіне адал қызмет етіп келеді. «Елімізге пайдалы үлкен жобаларды іске асыруда қандай еңбек жатыр, ол үшін не істеу керек?» деген сұрақтарға Арыстан мырза жауап береді.
– Құрметті, Арыстан Жоланұлы, біраз жылдардан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қызмет етіп келесіз. Бүгінде өзіңіз осы салада институционалды компания құрып отыр екенсіз. Компанияңыздың негізгі мақсаты туралы айтып бересіз бе?
– 2017 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерімен айналысатын «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми зерттеу институты» деген мекемені құрдық. Бұл мекеменің негізгі мақсаты жол көлік оқиғаларының салдарынан болатын адам шығындарының болдырмау. Яғни, басты миссиямыз – жол қозғалысына қатысушы адам өмірін аман алып қалу, осыған байланысты «Жол Аман» деген фирмалық ұранды ту етіп еңбек етуге бет бұрдық. Институтымыздың негізгі қызметі – еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу, жол-көлік апаттарының санын төмендету, адам шығындарын болдырмау мақсатында көлік қозғалысы ағымы мәселесін ғылыми зерттеу болып табылады, зерттеп қана қоймай, көлік ағымдарын басқарудың зияткерлік жүйелерін әзірлеу. Айта кетейін, осы мекемеге қарасты kazrap.kz деген сайтымыз бар.
– Институт ашу оңай жұмыс емес, бұл іске қандай ой жетеледі, не себеп болды?
– Институтты ашуға себеп болған мәселе көп, мен М. Тынышпаев атындағы көлік және коммуникациясы академиясын «жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша тәмамдап, жол қозғалысы инженері болдым. Одан соң «Жолдарды, көпірлерді, аэродромдарды және көлік тоннельдерін жобалау және салу» мамандығы бойынша аспирантураны тамамдадым, диссертациямның тақырыбы «Бағдарланған жол қиылыстарындағы жол төсемелеріне көлік ағымының қозғалыс тәртібінің әсерін зерттеу». Біраз жылдар жол саласында жұмыс істедім, Автомобиль жолдары комитетінде, облыстық автомобиль жол басқармасында, жол инженерлік қызметтерде еңбек еттім. Осы салада күнделікті болып жатқан ақпараттарға қанық едім, статистиканы әрдайым бақылап жүретінмін. Қазақстанда оншақты жыл бұрын жылына үш мың адам жол көлік оқиғаларында қайтыс болатын. Қазір бұл көрсеткіш екі мың адамға дейін төмендеді. Бірақ, мұның өзі басқа дамыған мемлекеттермен салыстырғанда өте көп болып есептеледі. Осы салада жүрген әріптестерімнен сұрастырып көрсем, жол қауіпсіздігімен нақты институционалды түрде айналысып жатқан ешқандай мекеме жоқ екен және бұл салада жұмыс істейтін адамдар өте аз. Бұрын жол қауіпсіздігі бойынша жауапты уәкілетті орган жол полициясы комитеті болатын. Қазір оларды әкімшілік полициямен біріктіріп жіберген соң олардың функциялары араласып кетті, сол себепті болар жол қауіпсіздігі функциясына қажетті мөлшерде көңіл бөлінбей отыр. Әрине, бұл мәселемен үкімет те жүйелі түрде айналысып жатқан болар, дегенмен, нәтижесін статистикадан көріп отырмыз.
– Сіз ашқан институтта қанша адам жұмыс істейді?
– Институтта қазіргі заманауи инновациялык компаниялар пайдаланып жүрген басқару жүйесі – холократиялық басқару жүйесі бойынша қызмет етуді жоспарлап отырмыз. Штатта көп адам жоқ, бірақ көптеген қазақстандық және шетелдік ғалымдармен келісімдеріміз бар, белгілі бір жобаны қолға алғанда ғана салалық ғалымдармен бірлесе жұмыс істейміз. Негізгі бағыттар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар жасау, жол-көлік оқиғаларын зерттеу, көлік ағымдарын зерттеу, жол қауіпсіздігі жүйесін жан-жақты және түбегейлі зерттеу.
– Білім іздеп шетелдерге барған екенсіз. Қайда бардыңыз, қандай идеялар алып келдіңіз?
– Әлемдік ғылымның ең үздік жетістіктерін өзімізге сіңіру керек қой. Сондықтан мен ең бірінші сапарымды әлемдік инновациялардың ошағы Кремний алқабындағы Google, Apple, TESLA сияқты компаниялардан бастадым. Бұл компаниялардың басқару жүйелерін зерттеп, қызметкерлерімен әңгімелесіп, компаниялардың ішкі құрылысын, жұмыс істеу, басқару құрылымдарын зерттеп қайттым. Елімізге пайдасы тиетін көп идеялар туды, соның бірі бізге жол қауіпсіздігі саласында жасанды интеллектті пайдалануға болады, жол-көлік ағымдарын басқару арқылы, жол-көлік оқиғаларын болдырмауға, көлік кептелістерін тудырмауға жасанды интеллектіні пайдалануға мүмкіндіктер бар. Мәселен, жасанды интеллекттің басқарумен арнайы алгоритмдері пайдаланып Алматы қаласындағы көлік кептелісін азайта алатын жүйе жасауға болады. Жүйе сол алгоритмдер арқылы қаланың жол көше торабын тұтастай бақылап, кептеліс болуы мүмкін жерлерді бағдаршамдар арқылы жүйелі түрде реттеп отырады.
Сонымен қатар, Швеция, Норвегия елдерінде болып қайттым... Жалпы, Скандинавия елдерінде жол қауіпсіздігі өте жоғары деңгейде. Швецияға барып «Vision Zero» Академиясында «Vision Zero» деген концепция бойынша оқу оқып келдім, «Vision Zero» жол апаты бойынша адам шығынын нольге жеткізуді яғни мүлде болдырмауды мақсат қойған концепция. Концепция адамның әлсіздігін, қателесетіндігін түсінетін, сол түсініктің аясында шешім қабылдау принципі басты принциптерінің бірі болып табылады. Осы принципке байланысты жол көлік оқиғалары үшін бүкіл жауапкершілікті тек жол қозғалысы қатысушыларына ғана жүктеп қоюға болмайтындығы айтылады. Жауапкершілікті мемлекет өз мойынына алғанда ғана жол қауіпсіздігі деңгейін едәуір жақсарта алады, жол салудың техника экономикалық негіздеу кезеңінен бастап, жобалау, салу және пайдалану кезеңдерінде катысушылардың барлығына жауапкершілік жүктелуі керек. Айталық, енді құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» осы мәселелерге баса назар аударса нұр үстіне нұр болар еді.
Өткен жылдан бері Халықаралық жолды бағалау бойынша iRAP (International Road Assessment Programme) бағдарламасын оқып үйреніп жұмыс жасауға даярмыз. Компаниямыздың қызметкерлері бәріміз бірге iRAP оқуын оқыдық, бұл бағдарлама жолды бес жұлдызды тәсілмен бағалайды. Жолдарды бағалаудың арнайы бағдарламалары, құралдары бар, осы бағдарламаны өз елімізге икемдеп QazRAP бағдарламасын енгізу жоспарымызда бар.
– Жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін кімдер жауапты?
– Біз де білімімізді іске асырып, елімізге пайдамызды тигізсек деп отырмыз. Жол қозғалысы қауіпсіздігін тек жол полициясы мен жолшылардың жауапкершілігі деп түсінуге болмайды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін бүкіл ел болып атсалысқанда ғана биік жетістіктерге жете аламыз, бұл үшін әр адам бұл мәселеге немқұрайлы қарамай өз үлесін қосуы керек, осы қосқан үлесі адам өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін санасына түйіп алғаны үлкен береке. Жол дұрыс болса жолаушы да аман болады, жолаушылар мейірлі болса сапарда берекелі болар. Егер де әр қайсымыз әрекетімізбен бір адамның болса да өмірін сақтап қалуға себепші бола алсақ – сауапты іс жасаған болар едік.
– Сұхбатыңызға рахмет. Әрдайым жетістіктеріңізбен бөлісуді жазсын. Бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін!
Silteme.kz порталы редакциясы