Кемероводағы қайғылы жағдай, Шығыс Қазақстандағы су тасқыны, Ұзынағаштағы қанды оқиға, Қызылордадағы атыс – бәрі жамандық.
Күн сайынғы ақпараттық нөпір кілең негативке толы. Мұның бәрі белгілі мөлшерде адамдардың жүйкесіне теріс әсер етеді. Ал теледидар мен әлеуметтік желі алдында телміріп жастар отыратынын ескерсек, олардың көңіл-күйі қандай болып жатқанын бағамдай беруге болады. Елімізде суицид көрсеткіштері кемімей отыруының бір себебі осында жатқан жоқ па?!. Сірә, еліміздегі БАҚ-та тарайтын күнделікті ақпараттағы келеңсіз оқиғалар тізбегін заңмен шектеудің уақыты келгендей.
«Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегенді елеп-ескерді ме, Қазақстан Үкіметі Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін бірден селт етті. Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі мәселесін тексеруді тапсырды. «Назар аударатын тағы бір мәселе, Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, 60-тан аса адам қаза тапты. Оның 35-і балалар. Елбасы ресми түрде Ресей президентіне көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз қажет» деп нығыздады Б.Сағынтаев.
Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеруді бастап та кетті. Үкімет отырысынан кейін ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер:
– Есіктерін жауып қоятын сауда, ойын-сауық орталықтарына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл 120 250 теңгені құрайды. Әрбір есікке айыппұл салмаймыз, әкімшілік хаттама толтырамыз. Бұзушылық анықталғанда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ұйғарым беріледі. Егер қайта тексерілген кезде бұзушылық жойылмаса, онда материал сотқа беріліп, 100 АЕК немесе нысан қызметін тоқтату туралы шара қарастырылады. Бізде барлығы 1151 ірі сауда орталығы бар. Олардың барлығын да 2018 жылы тексеру жоспарланған. Барлығы да тексерілетін болады. Кемерово қаласындағы бірнеше адамның өмірін жалмаған сауда үйіндегі өрттің салдарын ескере отырып, кеше аумақтық органдарға арналған нұсқаулыққа қол қойылды. Онда өртті анықтау жүйесінің жай-күйіне, қауіпсіздікті кешенді қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аудару көзделген, – деді.
Дұрыс. «Сақтансаң – сақтаймын» деген. Азаматтардың амандығына ештеңе жетпейді. Әсіресе, бала-шаға атаулы қауіп-қатерден аман болғаны абзал. Кеше көрші елдегі қасіретке жаны күйзелген ақын Серікбол Хасан:
Шыңғырған бөбектің зары,
Шымырлап бойға жайылды…
Күнәсіз төгіліп қаны,
Ананы баладан айырды…
Ей, біздің опасыз қоғам,
Не «сыйлар» екенсің тағы?
Байлығың бар ма артық содан,
Баласыз бар ма өмір бағы?
Олар да жақсының көзі еді,
Құлпырған қанша гүл солды…
Өртеніп әкенің өзегі,
Ананың етегі толды…
Жүрекке батады қара сыз,
Көктемде әкелген күзді…
Үлкендер қашанда санасыз,
Балалар, кешіңдер бізді!.. – деген өлең жазды. Әлеуметтік желіде «Неге сен қайдағы орыстың жоғын жоқтап қалдың?» деген мазмұнда пікір өрістеткендер де бар.
Қайғы мен қасірет ұлт таңдамайды. Адамзат баласына бәрі ортақ.
Баяғының шалдары: «Жамандықты амандық жеңеді» деп отыратын. Лайым, қазақтың басына қайғы бұлты үйірілмесін! Амандықтың есігі ашық тұрғай!
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz