Мемлекет басшысының кешегі сөзінен Үкімет мүшелері қорытынды шығарған сияқты. Бұған дейін тек орысша шүлдірлеп, кейде екі тілді араластырып ойран-ботқа жасайтын шенеуніктер бүгін жаппай қазақыланып шыға келді. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастап берген үрдісті министрлер іліп әкетіп, бастан-аяқ мемлекеттік тілде баяндама жасады. Бірінші болып сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таза қазақша сөйледі. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та президенттің пәрменін жерге тастамайтынын көрсетті.
Облыс әкімдері де Елбасының аманатына адалдық танытып, өз баяндамаларын қазақ тілінде оқып берді. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, «Бәйтерек» холдингінің, «Қазақинвест» компаниясының басшылары да қазақша сөйледі.
Қарап отырсақ, қазақшаға ешқайсысы қара жаяу емес. Ежіктесе де, қиналса да, барлығы дерлік тырысып бақты. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген осы екен ғой. Елбасының бір ауыз тапсырмасынан шыққан нәтиже бұл.
Неге екенін қайдам, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин баяндамасын қазақ тілінде бастап келіп, соңында орысшаға ойысып кетті. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те сөйтті. Сөз ләміне мән берсең, бәрі дұрыс, бәрі орынды. Премьер-министрден ауыл мектептерін компьютермен, Интернетпен қамтамасыз етуді сұрап отыр. Бірақ орысша қоспаса сөзінің дәмі кірмей ме, әйтеуір баяндамасының бір бөлігін «ұлтаралық тілде» оқыды.
«Ұлтаралық тіл» дегеннен шығады. Осы күнге дейін орыс тіліне қажетті қатынас құралы деп қарап келдік. Көпшілік жұртқа түсінікті болған соң, амал жоқ, үндемедік. Шен-шекпенділердің ығына жығылып, қаншама отырысты орысша өткізсе де, басқа шауып, төске өрлемедік. Қазір жағдай басқаша. Бірлі-жарым дүбаралар болмаса, ешкім қазақшадан мақұрым емес. Тіпті, өзге ұлт өкілдерінің де «төбесі тесік». Сондықтан Үкімет отырысының қазақша өткеніне сүйінші сұраудың өзі ретсіз. Бұл – заңдылық. Бұл – міндет. Бұл – қалыпты құбылыс. Билік пен халық осыған үйрене беруі керек.