Н.Ә.Назарбаев: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.» дейді. Шындығында да технологияның қарқынды дамуы, жаһанданудың жастар санасына пайда мен зиянын араластырған ақпараттар мен жат қылықтарды сіңіріп жатқаны бүгінгі күннің ащы шындығына айналды. Елбасы: «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады.» дейді.
Еуразияның кіндік ортасындағы ұлан-ғайыр Ұлы дала төсінде көшпенділер өркениетін дүниеге келтірген халқымыздың дүниетанымы, сол даланың таңғажайып табиғатымен үндес сұлулығымен де, даналығымен де қайран қалдырады.
Көшпенділер арасында Темірқазық пен Жетіқарақшы жұлдыздарына байланысты мынандай аңыз бар. Темірқазықты бір ақбоз ат айналып жүреді екен. Ал Жетіқарақшы сол ақбоз атты ұрлап кеткісі келеді. Аңыздың айтарына сенсек, ақбоз ат ұрланған уақытта қиямет-қайым, яғни ақыр заман орнайды-мыс. Бүгінгі күні ақбоз ат деп қазақ халқын алар болсақ, жетіқарақшымыз – сырттағы бізге жат түрлі идеологиялар болып елестейді. Рухани өзегінен ажырап, әлсіреген, руханиятқа аш елдің «асқазанына» жымысқы пиғылын ішіне бүккен түрлі идеологиялар ілімдерін төге бастады. Бұл жайында Қазақстан тарих ғылымының қалыптасуына еңбек сіңірген академик М.Қозыбаев: «Бұл күні қазақ дініне ықпал жасаушы факторлар көбейді. Ол араб факторы, ол парсы факторы, ол Индия факторы, ол қытай факторы, түрік факторы», - дейді. Осы жерде: «Бұл аталмыш факторлар қайдан пайда болды?» «Ол факторлар бізді аранға жығып кетпей ме?» деген сұрақтар туындайды. Ол заңды да.
Ғасыр бойы атеизмнің көзге көрінбес «темір құрсауда» тұншыққан он бес мемлекеттің барлығы өз тәуелсіздігін алып, ендігі жерде қақпалары дүние жүзіне айқара ашылды. Егемендіктің байрағын көтергеннен кейін, жетпіс жыл бойы руханиятынан ажырап қалған қазақ қоғамы өзінің ұлттық негізін, тегін іздеуге кірісті. Халық өз тамырын қайдан іздеді? Ішкі рухани аштығын немен толтыруға тырысты? Оған жауабымыз, тамырын – тарихтан іздесе, рухани аштығын басатын – дін деп білді. Осы кезде сыртта бақылап отырған түрлі идеологиялық күштер қасиетті қазақ топырағына келіп, дінді қалай ұстау керек екенін үйрете бастады. Сан ғасыр бойы жалғасып келген қазақ руханиятының негізі жетпіс жыл ішінде жұтап, жұрдай болғандықтан, қазақ елі, кімге сенерін білмей көш бастаған бұзықтардың соңынан кете барды. Бірақ көп кешікпей-ақ олардың айтқан уағыз-насихаты қазақтың дүниетанымына қарсы екендігі, сол себепті ішкі сұранысын қанағаттандырмайтындығы біліне бастады. Бұл Қазақстан үшін рухани дағдарыс жайын тарихшы ғалым, дінтанушы Назира Нұртазина: «Дағдарысқа ұшыраған дәстүрге әдетте сыртқы фактордың, басқа мәдени, рухани, саяси күштердің әсері күрт өседі (айталық, өз тарихымызға жақындасақ, арабтар, Шыңғыс хан, орыстар). Сыртқы мәдени шабуылдың табандылығына төтеп беру үшін жергілікті мәдениет қатты қиналады, қоғамның ішінде талас-тартыс, идеялық ізденіс басталады, бұрынғы хаос одан әрі күшейеді,» - дейді. Біз қазір тура ғалымның айтқан рухани «хаос» кезеңінде отырмыз. Қазір идеялық ізденістердің көптігі соншалық – халық кімге сенерін білмей, дағдаруда. Сайын далада көшпелі өмір сүрген бабаларымыз Дала өркениетінің негізін қалаған. Барлық салт-дәстүрлердің негізіне Құран мен хадистің мағынасын салып, мешітін жүрегіне орнатып, әлемге әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, А.Иүгники, Қ.Яссауи сынды сансыз әулиені сыйлаған осы қазақ топырағы.
Серікбол Қондыбайдың «Арғы қазақ мифологиясы» атты еңбегінде «Қай халықтың болмасын, қандай да бір өзіндік рухани орталығы (кіндігі) болады немесе болуы тиісті. Халықтың өмір сүруі де осындай рухани орталықтың күш қуатына тікелей тәуелді, егер әлгіндей кіндіктің күш-қуаты пәрменді болса, халықтың да өзін-өзі сақтап қалу қабілеті, қиыншылақтар мен сыртқы ықпалға қарсы иммунитеті де жоғары болады, ал егер рухани кіндік әлсіресе, халық та әлсірейді, жойылса, рухани орталықсыз, рухани бағдарсыз қалған халық бірте-бірте өз сипатынан айырыла отырып жойылып кетеді не басқаға сіңіп кетеді, - дейді. Ол «рухани орталық» деген сөзді және «төретам» сөзімен алмастырады. Ал енді қазақ халқының басты төретамы, яғни темірқазығы не болып табылады деген сұраққа, С.Қондыбай: «Түркістандағы Йассауи кесенесінің, сол кесенедегі тайқазанның қазақтар (және мұсылман түркілер) үшін рухани орталық болғандығын айтар едік» деп жауап береді. Рухани орталыққа, яғни темірқазыққа байланысты ойын жалғастыра отырып, ол: «Қасиетті, киелі деп есептелген немесе ежелгі арутамдар (святилище) орналасқан алқап, тау, орман, тоғай, өсіп тұрған жеке ағаш немесе топ ағаш, құдық, бұлақ, үңгір, әулиелі бейіт, әулиенің мүрдесі, мешіт немесе кез келген діни ғимарат, ғибадатхана, т. б. жатады,» - дейді. Ол жайында Елбасымыз Н.Назарбаев та «Тарих толқынында» атты еңбегінде былай деп жазады: «Йассауидың ұстазы Арыстанбабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Йассауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары, - дей келе, – Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс,» - дейді. Яғни әр халықтың, тіпті әр заттың біріктіретін элементі, күші болады, ал қазақ халқында ол орында ең бірінші Әзірет Сұлтан алады. Маңғыстау өңірі үшін Бекет ата мазары болса, Орал аймағында Жұмағазы әулие, яғни «Дәдем ата» бейіті, Орталық Қазақстанда Ұлытау т.б. көптеген киелі жерлер. Бұл аталған темірқазықтардан айырылған уақытта ұлт ретінде жойыламыз, шабуыл жасалса, ұлттық діңгегімізге шабуыл жасағаны, бүгіндері жырларымыздың шумақтарын қасақана алып тастап жатқан, сөздерін өзгерістерге ұшыратып жатқан жайттар да кездесіп жатқандығын көріп отырмыз, ол дегеніміз мемлекеттігіміз бен елдігімізге шабуыл жасалғаны деп қабылдауымыз қажет. Ал, заңдық тұрғыдан қарайтын болсақ «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік» заңының 5 бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделерi деп: «қазақстандық қоғамның материалдық және рухани-имандылық құндылықтарын сақтау мен еселей түсу;» десе, 6 баптың 1-ші тармағында Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіп-қатерлері ретінде: «Қазақстан Республикасы халқының мәдени және рухани мұрасынан айырылуы;» деп көрсетілген. Яғни, жырларға, мәдени мұраларымызға қастық жасау тікелей ұлттық қауіпсіздігімізге шабуыл деп қабылдауымызға толық негіз бар.
Құнанбай қажының мына асыл сөздері ойға келеді:
Құм жиналып тас болады,
Іліктірер ылай болса.
Құл жиналып бас болады,
Біріктірер Құдай болса, - дейді.
Қазақ халқын біріктіретін күші өзінің ата-бабасынан мұра болып қалаған рухани орталықтары, басқаша айтқанда темірқазығы, яғни руханияты. Темірқазығымыз – ұлтты біріктіруші, ұлтты сақтаушы этностың «жаны». Бұл «жан» туралы, дәлірек айтсақ ұлттың рухы туралы американдық футуролог Самюэль Хантингтон «Кто мы?» деген еңбегінде мынадай тамаша анықтама береді: «Душа существует в святых, богах и демонах. У нации, как, например, у американцев, может существовать кредо, но душа нации – это не кредо, это нечто иное, и она определяется общей историей, традицией, культурой, общими героями и злодеями, победами и поражениями, воплощенными в «мистических аккордах памяти» дейді. (Рух әулиелерде, Құдайда және тылсым қара күштерде болады. Ұлтта, мысалы американдықтарда кредо болуы мүмкін, бірақ ұлттың жаны – кредо емес. Ол басқа нәрсе, ол ортақ тарих, дәстүр, мәдениет, ортақ батыр мен ортақ жау, жадтың мистикалық түкпірінде пайда болған ортақ жеңістер мен жеңілістер») Қорыта келгенде, ұлттың рухы дегеніміз – ол ұлттың ортақ тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті, батырлары мен жауыздары, жеңістері мен жеңілістері екен.
Адамның ішінде де өзінің темірқазығы болады. Қазақ халқы үшін ішкі темірқазық – «қазақ» сөзі мен ішкі дүниесінде ойнап тұратын қара домбыраның қоңыр үні, ұлттық рухымен дарыған, жусанның иісімен, бозжорғаның сұлу желісін көргенде тамсанып, сардаланың сағыныш саз-самалымен санамызға сіңген осындай ортақ нәрселер қай түкпірде жүрсек те ұмытылмайды. Бұл сезім әр қазақтың бойында сақталып тұрғанда, мейлі ол Қазақстан территориясында я шетелде жүрсе де өз ұлтынан бөлінбейді. Яғни өзін қазақ ұлты мен түрік өркениетінің бір бөлшегі ретінде сезіну қасиеті жоғалмайынша, халқымыз ешқашан жойылмайды.
Жоғарыдағы келтірілген мәселерді терең түсіну мен нақты шешімдер көрсетілген Елбасы мақаласының маңызы ел үшін зор екенін айтпасақта болады. «Туған жер», «Киелі география» бағдарламалары сананың қайта жаңғыруына, ұлттық қауіпсіздігіміздің беки түсуіне, жат пиғылдағыларға үлкен соққы болды деп түсінемін.
Сан ғасыр бойы қалыптасқан ұлттық дүниетанымымыздың тамырына балта шапқысы келіп жүрген түрлі топтардың бар екендігі рас. Ондай топтар біздің ұлтымызға үлкен қауіп туғызып отырғаны анық. Сондықтан халқымыз ақ пен қараны айыруы қажет. Оларға қарсы тұрудың жолын академик Ақжан әл-Машани атамыз айтып кеткен: шығыс рухы мен даналығын бойына жинаған әл-Фараби мен Ясауи, Абай мен Шәкәрім даналарымыздың бізге жеткен мұраларын ел арасында кеңінен насихаттау. «Жақсы әкенің аты жаман балаға қырық жыл азық» дейді қазақ халқы. Ата-баба мұрасын сақтап қалсақ, ол бізге қырық жыл емес, қияметке дейін азық болары кәміл! Оны да Ақжан атамыз: «Әл-Фараби мен Абай жолы – тура жол. Тура өлшеуіш осында» дейді. Қайта оралған баққа бекем болсақ, алқалы жерде сөзден, ордалы жерде орыннан құр қалмасымыз, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттер арасынан ойып орын аларымыз анық.
Саят Баймұратұлы,
Астана халықаралық университеті