Телефоны шырылдап жатыр. Ол телефонның бетіне бір қарады да қалтасына салды. Телефоны ұзақ әндетті. Маған ұнамайтын әншінің әні. «Өшірші» деп айтуға оқтала бергенімде телефон дауысы тыйыла қалды. Іштей өзіме «терең-терең тыныс ал» деп, жүйкемді тыныштандыру жаттығуын жасауға кірісе бергенімде, әлгі әнші енді басқа әнін зарлай жөнелді. Байқаймын, бұл жігіттің екінші телефоны. «Кім екен?» дегендей телефон экранына бір қарады да тағы да тұтқаны көтермеді.
Қасықтап жинаған абыройын шелектеп бір күнде төгіп алған әншінің екі әнін екі телефонына қойып алғанына ашуым келді. Терең-терең тыныс алғаныммен, тілім бұл «сабыр шақыру тәсілін» түсіне қоймады. «Жауап бер немесе өшірші телефоныңды» дедім. Айнадан маған жақтырмай қарады, содан соң асықпай қалтасынан телефонын шығарып тұтқаны көтерді.
- Ау, мама! Иә-иә, жақсы, - деді. Мені ғана емес, қоңырау соққан анасын да жақтырмай отыр.
Дыбыс тербелістерін қабылдайтын жүйкеме дейін жұқарып кеткен бе, телефонның арғы жағындағы дауыс анық естіліп тұр.
- Балам, екі нөміріңе де қайта-қайта «звандап» жатырмын. Неге тұтқаны көтермейсің? Бірдеңе боп қалды ма деп уайымдадым. Емтиханды қалай тапсырдың? Бүгін ауылға келесің бе?
Жігіт анасының сұрақтарына «ммм» дегеннен басқа ешнәрсе демеді. Телефонның арғы жағындағы адамның түрін көргің келсе, дауыс ырғағына мән берсең болғаны. Тіпті, тұрып немесе отырып сөйлесіп жатқанын да адамның дауысынан «көруге» болады. Анасы баласының жақтырмай отырғанын сезді-ау деймін, дауысы енді қатқылдау шыға бастады.
- Жалғыз анаңның қоңырау шалғанын естімейтін болсаң, екі телефонды несіне ұстап жүрсің?
Байланыс үзілді. Осы кезде «Байланыс үзілгендей бір күні анаңның жер бетіндегі өмірі де үзіледі. Сол кезде анаңның дауысына зар болып қалма! Анаң қоңырау соққанда түріңді тыржытпай, дұрыстап сөйлес!» деп айтқым келді. Бір жөткерініп алып сөзімді бастамақ боп дайындала бергенімде, «Анау бұрылыстан түсіріп кетіңізші» деді жігіт. Шарапханадан түсіп қалды. Бірақ, оның анасының «Телефоның екеу, ал мамаң біреу-ақ. Бұдан былай мен қоңырау шалғанда уайымдатқызбай жауап бер» деген дауысы көлікте қалып кеткендей. Қарабауға жеткенше сол дауыс қайта-қайта құлағыма келе берді.
Күнде түрлі жағдай орын алып жатады, көшеде, автобуста, дүкенде қаншама адамды кездестіреміз, танымайтын біреулердің басқамен өрбіген әңгімесін де естіп қаламыз. Бұның бәрін кездейсоқтық деп ойлайсың ба?
Кездейсоқ ешнәрсе болмайды. «Бұл оқиғамен өмір маған не ұқтырғысы келді?» деп ойға шомдым.
«...Жанымда дәйім аман жүрсе екен, әкешім менен анашым...» деген Сара Тоқтамысоваға қосылып мен де әндетіп қоямын. Бір уақытта телефоныма көзім түсіп кетті. Радиода емес, Сара телефонымда ән салып жатыр. Экранда «Анашым» деген жазу тұр.
- Ау, мама! - дедім. Сосын мойнымды созып айнаға қарадым. Қабағым түйіліп, «Иә-иә! Жетіп қалдым» дедім.
Үйге келген соң, қуаты таусылып қалған екінші телефонымды тоқ көзіне тықтым. Ақтаудан хабар күтіп жүргенмін. Күткен адамым «Актив» нөміріме емес, «биллайн» нөміріме қоңырау шалып, менімен хабарласа алмай жатқан шығар деп ойлағаным ғой. Қуаты толмай жатып, асығып телефонымды қостым. Смс-тер келіп жатыр. Ашып қарадым. Бірнеше рет қоңырау соққан анам екен. Осы кезде жолай мінген студент жігіттің анасының дауысы тағы да құлағыма келді. Иә, менде де екі телефон. Анам біреу-ақ! Шарапханадан түсіп қалған жігіт арқылы өмір маған өзіме-өзімді көрсеткісі келген сияқты.
Сол күннен бастап мен анам қоңырау соққанда, жылдам тұтқаны көтеретін болдым. Бір күнде бес рет қоңырау шалса, бесеуіне де жауап беремін. Ал, оқырман, сенің анаң күніне неше рет қоңырау соғады? Анаңмен сөйлескенде айнаға қарашы, қабағың түйіле ме?..
Бір күні анаңның бұл өмірдегі миссиясы бітіп, басқа өмірге аттанады. Сол кезде күні бойы телефоннан көз алмай күтсең де ол «звандамайды». Анаңмен бірге екі телефонды қоса көмсең де хабарласпайды.
...Анам тірі, бірақ қоңырау шалмайды дейсің бе? «Бірлігі» таусылған шығар, өзің хабарлас. «Ау, мама!» деп емес, «Анашым менің!» деп баста сөзіңді. Сондай-ақ, дәл қазір анаңның телефонына 1000 бірлік сал. Анаңның дауысын күнде естігің келсе, ай сайын 1000 бірлік салуды әдетке айналдыр, оқырман!
Жазира СМАҒҰЛОВА,
ERNUR.KZ