Клетка мен плазма
05.10.2018, 18:31

Клетка мен плазма

Қанның пайдалы екенін әу баста ақылды адамдар сезгенмен оның терең құпиясы туралы ештеме білмеген. Гиппократ «қан–дененің сығынды шырыны» деп қанды құметтеуден ары аса алмапты. Әлбетте, клеткаларды үлкейтіп көрсететін микроскоп болмаған соң қызыл кереметтің ішінде нендей мұғжизалар болып жатқанын қалай білсін?

ХҮІІІ ғасырда ғана ғалымдар қанның әртүрлі пішіндегі элементтерден құралғанын танып біле бастады. Ақиқатында қанның өзі үш бірдей элемент эритроцит, лейкоцит, тромбоцит, және олардан бөлек плазма болып бөлінеді. Плазманың 90-92% су. Одан бөлек плазмада аздаған мөлшерде белок пен витаминдер бар. Құрамында осынша судың көптігіне қарамастан плазма сумен салыстырғанда әлдеқайда былқылдап тұрған қоймалжың затқа қатты ұқсайды. Қанды бұлайша қоюлатып тұрған оның құрамындағы белоктар мен эритроциттер.


a_4341_3747

Микроскоппен қанның құрамына үңіліп қараған кісі таң қалып, тұрып қалады. Ұсақ, хәм жіңішке нәзік өзен секілді тамырлар кейде томпайып, кейде жіңішкеріп, өзгеріп тұрады. Оның жағалауында сары түсті, сарғылт, сұр, тағы басқа түйіршіктер ағып бара жатады. Бұлар қанның ішінде жүрген тірі клеткалар. Олардың ішінде ең көбі эритроциттер. Қанға қып- қызыл рең беріп тұрған дәл осы майда «мақұлықтар». Бұлардың пішіні де қызық. Екі жағынан қысылып, ортасы сай болып қалған дөңгелек дискіге ұқсайды. Ұлық Алла оларды асқан шеберлікпен осындай формаға әдейіге келтіріп жасаған. Осындай пішінде ғана олар ең жіңішке, ең нәзік капилляр қан тамырларына емін-еркін кіріп-шығып жүреді.
Себебі, эритроциттің диаметрі 7,5-8,3мкм ал капиллярдың ені 3мкм ғана, сонда дөңгеленген қызыл клетка майысып, иіліп, мыжылып осындай қалтарыс қуысқа дейін дөңгелеп кіріп, дөңгелеп шығады. Эритроциттің ортасы ойық болғандықтан оның дөңес төбесіне көбірек оттегі сияды. Бұл оның атқаруға тиісті ең басты парызы. Осындай әмбебап түрінің арқасында олар кез-келген қуысқа оттегіні қиналмай жеткізеді. Ең қызығы эритроцитте ядро деген атымен болмайды. Бұл да болса біраз жерді бос ұстап, көбірек оттегі тасуға сеп. Адам денесінде дәл осылай доңғалақ құсап дөңгелеп жүрген эритороциттердің көптігі сонша, егер соның бәрін бір жіптің бойына тізіп, ұшынан созатын болса оның ұзындығы 200 мың км ге дейін жетер еді. Ондай шұбатылған қызыл жіппен жер шарын бес рет емін-еркін орап тастауға болады. Ал егер осы қызыл клеткаларды жалпағынан жатқызып жазыққа жаяр болсаң, онда үш мың км шаршы метрді қызыл кілемдай жауып қалар еді. Бұл адам денесінен 1500 есе үлкен деген сөз. Эритроциттерге де ұлық Алла өлшеулі өмір берген. Олар 90 немесе 120 күн тағдыр кешеді. Осы ғұмырында олар тамырлармен 200 км ұзындықты ағып, айналып шығады. Эритроциттің ең бірінші парызы клеткаларға оттегі жеткізіп, жарамсыз көмір қышқыл газдарын алып шығу. Бұл шаруаны адал атқару үшін әр бір эритроцитке ұлық Алла гемоглабин белогын жәрдемші етіп қосып берген. Гемоглабин үш түрлі формада ауысып өзгеріп жүреді. Организм оттегінің аштығына ұшырап өлмес үшін ер адамның бойында 145 г ал әйел адамның денесінде 130 г гемоглабин болу керек. Сондықтан да тау халықтарының қанында оттегі құрамы көбірек болады. Гемоглабин денеде жеткілікті болу үшін адамдар үнемі ет, алма, тағы басқа жаңа піскен жеміс-жидекті жеп тұруы тиіс.


566

Қызыл «дарияда» ағып жүретін клеткалардың екінші тобын «лейкоциттер» деп атайды. Грек тілінен аударғанда ақ түсті дегенді білдіреді. Олардың түсі аты айтып тұрғандай аппақ болады. Бұлардың жұмысы қанға кеп түсетін барлық зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы қорғаныс қимылдарын ұйымдастырып, қас дұшпанмен қайтпай ұрысу. Өте түсінікті тілмен айтқанда бұлар Алаш жұртындағы Кіші Жүздің (турасын айтар болсақ алшындардың. Одан да ашып айтар болсақ шеркештердің) міндетін атқарады. Лейкоциттер үнемі соғыс жағдайында жүретін болғандықтан олардың ядросын шебер Алла өте берік етіп жасаған. Бұлардың саны эритроциттерден мың есе аз. Аз да болса саз. Аздығы сонша қызыл қан бұрқырап аққанда оларды адам көзі шалмайды да. Сондықтан да қан үнемі қызыл болып көріне береді. Қанды зерттейтін ғалымдар лейкоциттің өзін: «нейтрофил, эозинофиль, базофил, моноцит, лимфоцит» деп бірнеше тайпаға таратады. Лейкоциттің негізгі құрамын нейтрофилдер анықтайды. Олардың үлес салмағы 50-70 %. Алайда қанмен бірге тұла бойды айналып жүгіргенде олардың 1 % ғана «қызыл керуенге» ілесіп, қызмет бабында жүреді. Негізгі бөлігі тканьдерде, не болмаса сүйектің кемігенде «күтіп алушы полк» резервінде дем алып жатады. Бұл резерв отрядтар организм ішінде тегі бөтен, түрі жаман, ниеті бұзық, зиянкес микроорганизмдер пайда болғанда жаппай «атқа» қонады. Мидан «жау шапты» деген дабыл естілгенде бір де бір нейтрофил қарап тұрмайды. Олар әп-сәтте кеміктердің қалтырыс-қуыстарынан, ұсақ үңгірлерінен шұбырып шыға бастайды.
Бұлар лейкоциттердің алда жүретін «аламан қолы» іспеттес. Жау тиіп, соғыс өрті бұрқ ете қалған қауіпті аймаққа «арнайы жасақ» ең бірінші болып жетуге міндетті. Құдайдың құдіретіне таңқалмасқа шара жоқ! Олардың денелерінен жоқ жерден жыбырлаған қолдар шығып, капиляр тамырларының қабырғасын тесіп өтіп, микроб түскен жерге ілезде жетіп барады. Микроскоппен үлкейтіп қарағанда бұл кәдімгі қиян-кескі ұрыстың нағыз өзі дерсіз. Аламан қол келген бойда малғұн микробтарды жан-жақтан қоршап, қамап ұстауды ұйымдастырады. Қолға түскендерін «әй-шәйға» қаратпастан жұлмалап, боршалай бастайды. “Аттан” құлаған дұшпандарын сол мезетте аш қасқырдай талап, жеп тастайды. Көзге зорға көрінетін нейтрофильдердің қай жеріне шебер Алла азу тіс орнатып, қай жеріне қорытқыш асқазан жасады десеңізші! Бір ғана нейтрофил өзінің басын қатерге тіге отырып, 20 -30 бактерияны өлтіруге қабілетті. Қызық мына арада, өлген микробтың мәйіті қанмен бірге ағып жүрмейді. Оларды біздің «сақшылар» шайнап, жұтып, қорытып, жоқ қылып жібереді!

Екінші кезекте тұрған эозинфилдер лейкоциттің 1-5 % ғана құрайды. Бұлар организмде «шекарашы» қызметін атқарады. Олардың басым көпшілігі микроорганизмдер ішке кіріп кетуі ықтимал дейтін аймақтарда яғни тері, тыныс алу жолдары мен ас қорыту және зәр шығару жолдарында «күзетте» жүреді. Олар мұнарада ұйықтамай дүрбі салып отыратын сақшыларға қатты ұқсайды. Оларға жүктелген міндет – ағзада микробтар көбейіп, қан айналымына араласып кетпей тұрғанда шапшаң шара қолдану. Ебін тауып ішке қарай еніп кеткен «пысықтарды» шөжелетпей «жөргегінде» тұншықтырып өлтіру. Одан кейін лейкоциттердің бір-ақ процентін құрайтын базофилдер армиясы тұрады. Олар қабынып, ісінген жерлердегі қанның кептеліп тұрып қалмауы үшін гепариндер шығарады. Ал гистаминдер тарылып тұрған капилярдың қабырғасын кеңітіп, созады да мазасызданып тұрған клеткаларға таза қанды молынан жеткізіп береді.
Лейкоциттің 2-10 % құрайтын моноциттерге ұлық Алла «үй сыпырып, тазалау» міндетін жүктеген. Бұлар инфекция түскен ауданға нейтрофилдерден соң келіп жетсе де шешуші шайқасты осылар жүргізеді. Бұлар армияның ішінде арнайы жасақталатын «Альфа», «Арыстан» секілді арнайы жасақтың жаужүрек жігіттері секілді. Жалғыз ғана моноциттің жүз бактериямен «жекпе-жек» ұрысатын шамасы бар. Шебер Алла оларға соғыс өнерінің барлық айла-тәсілін молынан үйреткен. Моноциттер жәй кезде де қарап жатпай иммунитет өндірумен айналысады. Олар организмге ұрланып кірген басқыншы микробтармен соғысқанда олардың түр-түсін, қуатын, шамасын, төбелесу тәсілдерін жаттап қалуға тырысады. Келесі жолы дәл осы микробтың туыстары не болмаса кейінгі ұрпағы араға уақыт салып организмге қайта келетін болса моноциттер көп ойланып жатпайды. Әбден зерттеліп, қыр-сыры мәлім болған таныс жауды моноциттер ту-талақай етіп талқандап жібереді.


LIMFOCITI

Лейкоциттегі саны жағынан ең көбі лимфоциттер олардың үлес салмағы 20-40 % шейін жетеді. Бұлардың басқалардан айырмашылығы лимфоциттер қанның құрамынан жырылып шығып, тканге кіріп кете алатын болса дәл солай келген ізімен тканнен кері қарай шығып, қанға қайта түсе алады.
Енді тромбоциттерге келсек. Оларды қаннан жасалған пластинкалар деп те атайды. Тромбоциттер эротроциттер секілді әбден жетілген кемел клеткалар емес. Әрі ғұмырлары да өте қысқа. Бас аяғы 8-12 тәуліктен соң бақиға аттанады. Бірақ бұлар дене жарақаттанып тамырдан қан аққанда қызыл «байлықтың» бәрі ағып, рәсуа болмас үшін қанды ұйытып тастайды. Тромбоциттер болмаса кез келген адам баласы майда-шүйде жарақаттан-ақ зардап шегіп, мезгілсіз өлер еді. Қан ұйымаса жырылған теріден жылымшы қан жыл бойы ағып тұра береді. Тыныш күндері тромбоциттер клеткаларға тамақ таратумен айналысады.

Дерек көзі: degdar.kz

Санжар Керімбай

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер