Аттың жалына қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады
11.08.2020, 18:01

Аттың жалына қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады

Бүгінгі Түркістан облысы, Отырар ауданында мәдениет (театр актері) пен атбегілік өнерін қатар ұстанған Жұмахан Халықұлы атты азамат өткен. Өзінің бізге құда болып келетіні де бар. «Шүберегім қара болғанымен ішім ақ» деп отыратын ол кісі қайтқанда бүкіл ел-жұрт қайғырған. Ол ұтымды сөздері, ақ пейілділігі мен қарапайымдылығы, еңбекқорлығы мен адалдығы, белсенділігімен ел құрметіне бөленген жан еді. Әсіресе, марқұмның ата-бабасынан дарыған жылқы малына байланысты сыншы-білгірлігі, «Бұл өмірде сәйгүліктен асқан сұлулық жоқ» деген ел ішінде қанатты сөзге айналып кеткен пайымы таң қалдырмай қоймайды.

Жұмекең туралы ұлы Досхан, тіптен, «Жаны жайсаң Жұмахан» атты ол туралы естеліктердің басын топтастырған жинақ та шығарған. Досханның еске алуынша, жылқы малының болмысында басқа түліктерде болмайтын барша қасиетін жақсы танып, зерделей білген әм әңгімелерінің көбінде жылқыға қатысты теңеулер айтып отыратын болған. Тіпті, «Менің қазығыма 28 дүлдүл ат байланыпты» деп, шетінен аттарын атап, түстерін түстеп, қай ат қай айғырдан түсті, мына жылы түскен құлын еді» деп нақ айтып отырған көрінеді. Кейде қаражат керек болып, бетіне қарап отырған аттары пұлданып кеткенде, «аһ-уһ» деп жата алмай, үйге сыймай кетеді екен. Екі-үш апта өткен соң ішіндегіні айтып: «Бір жерден бұрынғы осылай қолдан шығып кеткен өзіміздің аттардың тұяғын көрдім, соны алмасам болмайды» деп, әйтеуір, бір үйлестіріп, сол атты үйге әкеліп қазығына байлайтын болыпты. Сосын кейбір қалжың құмар достары «Ат кәйф» деп айдарласа, оларға: «Шүкір деңдер, мен картаға құмар, қатынға құмар емеспін, мен асыл текті жылқы малына құмармын, бұған өзім шүкір деймін» деп жауаптаған.

Қош, айтпағымыз бұл емес, айтайын дегеніміз, алпыс алты жасқа қараған уақытында (2013 жыл 27 ақпан) өмірден озған осы Жұмекеңнің көзі тірісінде басын бастап, аяқтай алмай кеткен «Жылқыға деген құрметім» атты қолжазбасы хақында. Онда өмір бойы атсейіс ретінде көрген-білгені, түйгені, өзге әріптестерінің тәжірибесі, ат бабы, бәйгелер, тіпті Николай патша заманынан бергі оңтүстікке даңқы шыққан жүйріктер шежіресі мен тарихына қатысты біршоғыр мәліметтер бар. Бірақ оның басты құндылығы – қазақ руханияты мен діни танымындағы жылқының орнын терең таразылап бергені десек артық болмас. Оның әр тұсына көз жүгіртіп оқыған адам ретінде айтар болсақ, халқымыздың көп асыл қасиеті осы жылқы малына деген етенелігінен болған ба дейсің!

Марқұмның өзі қолжазбасын: «Мен жазушы, не ақын емеспін. Мал маманы да емеспін. Мен мәдениет қызметкерімін. Бірақ жылқы малын сүйемін, құрметтеймін, сыйлаймын, бағалаймын, халқымыздың өміріндегі, тарихындағы алатын ерекше орнын терең түсінемін, әрі бұған ризамын. Сондықтанда жылқы жөнінде өз білген көргенімді, қариялардан естігендерімді жинақтап қағаз бетіне түсіріп естелік ретінде қалдыруды жөн көрдім» деп, кішіпейілділікпен бастаған. Әйтпесе, ол кісінің ат бапкерлігін атырап жұрты түгел біледі. Өкінішке қарай, ол толғам-пайымдары аттың жүрісін жіктеген жеріне келгенде шорт үзілген. Бұл турасында ұлы: «Көзі тірісінде бізге бұл қолжазбаны көп ұстата бермеуші еді. Көзі тірі болса халыққа пайдасы тиер әлі көп дерек қалдырар ма еді, кім білген?» деп пұшайман болады. Тағдырдың салған ісіне амал қанша!

Десе де, сол аяқталмаған кітаптың қазақ иманы мен дегдарлығын қайрай түсетін тұстарын екшеп беруді қол көріп отырмыз. Жылқы тақырыбы аясында болса да, құдайға қараған ата-бабаларымыздың қан тазалығын сақтау, сырбаздық, тазалық және тағы да басқа Ислам қағидаттарымен ұштасқан, діліне сіңген мінездерінің түпкі мәнін ұққандай боламыз.

Сонымен, ондағы бірқатар ой-пікір, ұсыным, тұжырымдардан үзінділерге назар аударалық:

«Адам жылқы мінезді» деген жалпы ұғым бар. Жылқыда адамның адалдығы, тазалығы, еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы сияқты көптеген қасиеттері бар. Жылқы лас шөпті жемейді, лай суды ішпейді, лас жерге жатпайды.    

.-.-.-.-.-.-.

Малда да «текті», «тексіз» деген сөз бар. Әсіресе, жылқы малында тектісі болған. Текті айғыр үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тараған ұрпаққа шаппайды. Өз үйіріне буаз биені қабылдамайды. Оны теуіп, шайнап қуады, терлетіп, мұздай суға зорлап кіргізеді. Әйтеуір оның құлынын тастатып, содан кейін барып үйірге қабылдайды. Мұндай қасиеттер бура не қошқарда, не бұқада жоқ.

.-.-.-.-.-.-.

Жылқы малының қәдір-қасиеті ұшан теңіз. Ол мінсең, көлігің, жесең, тамағың, ішсең, сусының, кисең, киімің. Жылқының еті де дәрі, сүті мен қаны да дәрі. Қазысының майы адамның сүйегін балқытады. Сынықшылар сол май арқылы адамның теріс біткен сүйегін бұзып, қайта салып отырған. Буаз биенің қанымен қашырылған саулықтар 2-3-4-дейін қозы туған. Мұны «Талапты» совхозының мал мамандары іске асырғанын көзімізбен көрдік.

.-.-.-.-.-.-.

Атам қазақ: «Қой – береке, түйе – ғазиз, ал аттың жалына қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады» дейді. Жылқы төрт түліктің төресі. Тәкәппар, сезімтал, кірпияз, кербез, киелі де қасиетті жануар. Ұлт болып қазақ қазақ болып қалғаны үшін ат пен анаға қарыздар.Осыншама кең байтақ жерді бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды. Бізге ұрпаққа аманат етіп тапсырды. Осының бәрі желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы, мойындауымыз керек. Тарихқа жүгінсек, өзінен-өзі айғақтап тұр.

.-.-.-.-.-.-.

Жанындай жақсы көретін атын ұры-қарыдан сақтау үшін аяғына кісен салып ұстаған. Кісен туралы: «Кісен атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деген нақыл сөз бекер айтылмаған. Ұры-қары бұрында да болған, қазір де бар.

.-.-.-.-.-.-.

Жылқы малының ерекшелігі, ол – маңқа, қолқадан басқа ешқандай дертпен ауырмайды, құрттамайды. Жылқыда өт жоқ. Сондықтан оның еті ерекше.

.-.-.-.-.-.-.

Ат баптауға таңғы, кешкі салқынмен төңіректі (ыңғайлы жер) айналып шауып, аттың артық терін де үгіп қояды. Екі айдың үстінде осындай діттеген шаралар жүзеге асырылады. Солайша тұлпардың тері тұщып, өзінің межелеген күш-қуатына жетеді. Соңғы ескі құмалағы түсіп, іші тазарады. Күніне үш-төрт рет құмшыққа аунатып тұру керек.

.-.-.-.-.-.-.

«Шынсейістер ат қояр, желіде тұрған құлынға» демекші, оны танымаса, кісі атбегі бола ма?! Кейбір атбегілер таңдап алған құлынды тіл-көзден, басы артық даурықпа сөзден аулақ болу үшін жұрт көзінен жырақтау жерде ұстап, ерекше күтімге алады. Құлын, тай, құнан шыққанша екі биені кезек емізіп, не қысырақтың сүтін беріп өсіреді.

.-.-.-.-.-.-.

Жылқы өзінің тұяғынан қатты адамға ғана бағынады.

.-.-.-.-.-.-.

Қарабайыр мен түркімен арғымағынан туған жылқыны «будан» деп атаған. «Арғымақ атқа көп міндім, садаға кетсін буданнан. Ер жігітпен дос болдым, садаға кетсін туғаннан» деген. Өйткені, буданның бір түп жусан азығы, бір түп жусан қазығы. Будан ат екі түп жусанмен басыңды жаудан құтқарады. Ол күй таңдамайтындығымен, төзімділігімен, жүйріктігімен бағалы.

.-.-.-.-.-.-.

Қазақ жылқыны пір тұтқан. Жылқыны басына ұрмайды, киесі ұрады. Біздің елтаңбамызда да қос пырақтың басы бейнеленуі де бекер емес. Бақсы-балгерлер ақыл-есі ауысқан адамдарға жылқының қу басымен аластап, ауруын қу басқа «көшіріп», кісі баспайтын жерге көміп тастайтын болған. Егер оны өзге адам басып кетсе, ауру сол адамға ауысып кетуі мүмкін.

.-.-.-.-.-.-.

Жылқыны өзге адамға сатқанда, сыйлағанда оның ноқтасын (бас жіп) бермейді. Кие өзге адамға көшіп кетуі мүмкін. Тұқымы үзілмей жалғасып келе жатқан жылқының сілекейін, не жалынан үзіп алып қалады. Бұл кие кетпейді, «үйіме де қалсын» дегенді білдіреді.

.-.-.-.-.-.-.

Жаңа туған баланың кіндігін, сүндеттелген ұлдың кесілген етін жылқының жалының астына байлайды. Сонда ол адам өр мінез әрі ат үстінде өмірін өткізетін елжанды азамат болып өседі.

.-.-.-.-.-.-.

Арабтар ұл туса – «жерді, елді қорғайды» деп, оған ер-тұрманымен ат сыйлаған. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың жауынгері болады деп дайындаған, тәрбиелеген. Мұндай дәстүр орыс казактарында да бар. Полкке әр жауынгер өз атымен келетін болған.

.-.-.-.-.-.-.

«Жігіттің сорлысын аттың жалдысы теңейді» демекші, атсыз адам – дәрменсіз адам, ол жауынгерлікке қабылданбаған. «Атсыз атасының ақысы кетеді», «Атқа мінсең, байдың баласысың, жерге түссең, жетімдігің еске түседі» деген де бар (бұрынғы кездегі сөздер ғой). Қасиетті жылқы малы қазақ үшін жаралған секілді. Қазақ пен оның кең даласы жылқы үшін жаралған сияқты. Бірінсіз-бірінің қүні де, сәні де, мәні де жоқ. Мүмкін, менің бұл ойым теріс те болуы мүмкін. Бірақ Пайғамбарымыз «Ат бағу адамға сауап әпереді» деген екен.

.-.-.-.-.-.-.

«Құлын жатырына, бала нағашысына тартады», «Алып анадан, ат биеден», «Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір», «Жүйрік атта жал болмайды, ер жігітте мал болмайды», «Жылқы тәңірдің жердегі елшісі». Міне, қараңызшы, халқымыз жылқы малын қалай қастерлей білген, шіркін!

--------------------------------------------------------------------

Қорытынды орнына немесе Жұмекеңнен қалған көп хикаяның бірі

Ертеректе бір кісі бәйге атын жоғалтады. Жануар өз өңірінде аламан бәйгенің алдын бермейді екен. Жер-көктен қарайды, еш таба алмайды. Содан үйінде құса болып жатады. Аяқ жетер жердегі барлық бәйгеге барып қарайды. Жоқ. Атының түсі күрең төбел көрінеді, «Қарлығаш» деп атайды екен. Сондай бір бәйгеде әлдебір тұлпар озып келеді, әлгіге «Қарлығаш» десе, жүйрік бұрылып қарайды. Байырғы иесі аттың шылбырына жармасады. Жылқының түсі өзгеріп, шұбарланып кеткен. Ұры үш ай бойы қараңғыда ұстап, оның бүкіл денесіне ыстық су сеуіп, өңін аударған екен. Содан егесі мен ұрлаушы биге жүгінеді. Би екеуінен аттың ерекше белгілерін сұрайды. Ұрлаушы аттың түрін, түсін, жалын, құйрығын, сауырын, мойнын, шоқтығының биіктігін дәлелдеп бағады. Иесі «Қасасының түбінде алақандай меңі бар еді» деп, сол дәлелденіп, қарсыласын жеңеді. Сонда би: «Ат-тон айыбыңды төлеп, тұлпарын қайыр» деп шешім шығарады.

Ұрлаушы айыбын төлеу үшін ат иесін үйіне шақырады. Өзінің жақын досын да қонақтарға қосады. Дастархан жайылған сәтте бір жалаңбұт бала келіп, дәмге араласады. Сонда досы: «Ей, балаңды алып кет, оның да борбайынан бір белгі табылып, бұдан да айырылып қаларсың» деген екен.

.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.-.

І. P.S. а) Жұмахан Халықұлына Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова кезінде «Ер – азамат енді қайда өзіңдей» деген жыр жоқтау арнаған.

 

Сен даланың перзенті едің бақ қонған,

Сұлулықты түзден іздеп аттанған.

Ұрпағына жылқы мінез қазақтың,

Дүниеде қызық бар ма көкпардан?

 

Аспандағы ұшқан құспен жарысқан,

Сәйгүлікті танушы еді алыстан.

Атбегінің білігіне таңқалып,

Үздігетін, үзеңгісін қағысқан.

 

Мол еді оның, мейірімі, қайыры,

Мол еді оның, парасаты, пайымы.

Мейіріңді қандыратын сөйлессең,

Сияқтанып бұрынғының шайыры.

 

Сексеуілді жағып қойып көз ілмей,

Таңның атып кеткені де сезілмей.

Дархан мінез, әңгімешіл, сауықшыл,

Ер азамат, енді қайда өзіңдей.

 

Ұлықтаған тура жолды, текті ізді,

Жаратушы жаныңызды етті ізгі.

Аталы сөз ақтарылар шағында,

Ажал делдал арғы бетке өткізді.

 

б) Қажы Бекбатыр Әйменов «Жылқы мінезді жан досым Жұмаханға!» деген естелігінде былай деген:

«Қазақ жақсы кісіні «Түсі жылы», «Иман жүзді кісі екен» деп ішкі дүниесінің мақұлдауын білдіреді. Ал сонда «Түсі жылы» деген түсінікті. Енді «Иман» сөзі араб тіліндегі «ә-мә-нә», Иманның негізі қолмен ұстап, көзбен көретін нәрсе емес, тек жүрекпен сезетін, ішкі дүние көрінісі.

Хазіреті пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету. Әрі бұлардың хақтығына шын көңілімен сену болып табылады: «Иман – сенім». Міне, менің осындай досым Жұмахан!

 

ІІ. P.S. Жұмахан Халықұлы жазбасының барлығын бір мақала шегінде жариялау мүмкін болмады. Ол мүмкін де емес. Алайда «теңіздің дәмі тамшысынан білінсін» деп, ішінен сүбелі жерлерін іріктеп берген болдық. Дейтұрғанмен, қандай да бір ғылыми немесе әдеби айналымға қосам деушілер табылып жатса, толық мәтінін немесе белгілі бір бөліктерін әруаққа сілтеме бере отырып, ұрпақтарының рұқсатымен зерттеулерде жариялау ықтимал. Дәл бұған ұлы Досхан да қарсы еместігін жеткізген.

 

Мәдениеттанушы-лингвист

Абылайхан Қалназаров

Дерек көзі: kazislam.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер