Белгілі бір мемлекетте қандай да бір мәселелер туындаса, келеңсіз оқиғалардың бірден-бір себебі сол саланың тиімді тура жолға қойылмағандығында жатыр. Тәуелсіздігімізді алған уақытта елімізде бұрын соңды болмаған діни экстремизм, терроризм деген екі дүниеде де жақсылық әкелмейтін лас идеология келе бастады.
Бұл теріс жолға арбалған қазақ жігіттері мен қаракөз қарындастарымызда ілікті. Жалпы діни экстремистік, террористік жолға еру себептері әр түрлі. Сол кезеңде дінде дұрыс бағыт көрсетіп, діни ілімге шөлдеп келген қара халыққа, тұшымды жауаптармен шөлін қандыратын, дін ілімі бойынша жоғарғы оқу орнын тәмәмдаған мамандар тапшы болды.
Тәуелсіздігіміздің басында дін маманы түгіл, сыртқы саясатын өз қолына алған әр мемлекетке бірінші қажет болған елшілік, дипломат, мемлекеттік қызметкер кадрлары жетіспеді. Әлемдік картада жаңа бір тәуелсіз мемлекет пайда болған ел үшін, бірінші кезекте күштің барлығы мемлекеттік қызметкерлерді дайындауға жұмсалды. Бір Еуропа ойшылы айтқандай әр мемлекет мәңгілік ел боламын десе үш бағытты бірдей алып жүруі қажет. Ол: әскери, экономикалық және руханият бағыттары.
Егерде бірі қалса, қалған екеуінен ертелі кеш мемлекет үшін пайда жоқ. Үшеуінде бірдей алып жүруі тиіс. Тәуелсіздігіміздің он жылында бұл тұжырымнан біз алғашқы екі бағытты ұстандық. Кейіннен үшінші бағытқа мән бердік.
Діни ілімді халыққа жеткізетін дін мамандарының тапшылығынан, еліміздің жастары бұл ақпаратты түрлі шетелден келген шейхсымақтардан алды немесе күмәнді шетел оқу орындарына өз бетімен түсуге аттана бастады. Жас ілім талап етуші бұл руханиятты ізденіс жолында көптеген идеологиялық қателіктерге әкеліп соғуы мүмкін екендігін білмейді.
Санасы қиын діни үкімдерді саралайтын дәрежеге жетпеген, мектеп табалдырығын енді аттаған түлек теріс ағымдарға ілігуі мүмкін. Кең байтақ жері бар қазақ еліне көзі тиген арам пиғылды экстремисті топтар, діни идеология арқылы елге бүлік салу мүмкін екендігін біледі. Шетелдере бұл салада түрлі оқу гранттарын бөліп, түлектерді қызықтырып оқуға шақырады. Қиналып жүрген студенттерге қаржылай көмек береді.
Бұның барлығы ертең сол діни оқу орнының белгілі бір көздеген мақсаттарын, түлектің еліне оралғанда саналы немесе бейсаналы түрде орындауы керек болады. Белгілі бір діни үкімдерді шығару, іске асыру т.б. нәзік мәселе. Осыны білмеген кейбір студенттер елге оралып, оқып келген елінде ғана жүретін діни үкімдерін жүргізгісі келеді. Немесе сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін діни іліммен берге әкеліп насихаттайды.
Бұл екеуі де әрине дұрыс емес. Ел ішінде бүлік тудыруға әкеледі. Жастарымыздың діни ілім жолындағы жақсы ниетін жоғалтып алмауымыз қажет.
Дана қазақ «Көш жүре келе түзеледі» - дейді. Қазіргі таңда Құдайға шүкір мемлекетіміз тарапынан дін жолында біраз жұмыстар атқарылды. Діни ілімді шетел оқу орындарынан алу қажеттілігі жоқ. Діни танымдық орындары ретінде университет, колледж, медресе мен мешіттер салынды. Ең бастысы осы оқу орындары әлемдік деңгейдегі білім бере алатын, Phd доктор, магистр дәрежелі ұстаздарға толы. Студенттердің діни ілім алуына барлық жағдай жасалған. Осының барлығы Алланың берген нығметі. Соны бағалай білуіміз керек.
Дерек көзі: http://cipr.kz/zhaalytar/shetelde-dini-ilim-aludy-aupi.html