Бейсен Құранбектің ардақты аталары
08.09.2022, 14:51

Бейсен Құранбектің ардақты аталары

Бүгінде Бейсен Құранбек десе елең етпейтін қазақ жоқ. Өмірден ерте кетсе де, кәсіби-журналистиканың ғана емес, азаматтықтың, адамгершілік пен ізгіліктің үздік моделін өз ғибрат-өнегесімен ұсынып кеткен жан. Бір сөзбен айтқанда, қазақ жігіттеріне деген ел сенімін қайта тірілтіп, мәнді де мағыналы тірлік кешудің осы таңдағы бірегей стандартын қалыптастырған қайраткер тұлға.  

Әрине, оны ақша бұлттардан жасап, айпері, періште деуден аулақпыз. Тірісінде де діни орта түсінігіндегідей терең діндар болмаған. Бірақ жүріп өткен жолы мен артындағы қайырлы істері әулие дегізерліктей-ақ.

Адам баласын айтпағанда, жәндік екеш жәндіктерге де құрметі бөлекше, мысалы, үйдегі өрмекшіге жақсылықтың хабаршысы, ал құмырсқаға дастарқаннан түсіп қалған ырыс-несібені жинаушы деп қарайтын кісі туралы басқа не деуге болады? Үйге келген қонақтар: «Үйлеріңде құмырсқа қаптап кетіпті ғой», - десе, «Ә, бұлар біздің квартиранттар ғой», - деп күліп жауап беретінін көзкөргендер жыр қылып айтады.

Ал көмек-жәрдемін, қызметін, қамқорлығын, жақсылығын көргендердің жүрекжардылары мен естеліктері БАҚ пен әлеуметтік желілерді жауып кетті. Әлі де толастар емес. Қазірдің өзінде түмен-түмен деуге болады.

«Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары кәдуілгі ел білетін қалыпты ақпараттық бағдарламалар болудан бұрын елдің мұң-мұқтажын шешетін, көп болып ұйысатын, ойласатын, құдайын табатын орын болып кеткені тағы да шын. Оның ерекше рухани құбылыс болғанын ешкімге жылы сөз айтпайтын қатыгез сыншылдар да мойындап үлгерді

Осы «сом алтын» Бейсен қайдан шықты? Аяғының аспаннан салбырап түспегені анық.

Бүған түрліше жауап беруге болады. Жауап та беріле бермек. Тек солардың ішінде әзірше көңілге ең қонымдысын мұраттас жан-жолдастарының бірі Санжар Керімбай жазған «Бейсен және болмыс» кітабы («Отбасы хрестоматиясы», 2021) беріп тұр десек, артық айтқандық емес.

Ондағы берілген басты жауап – тарихи тізбек.

«Әдетте қоғамда «Адамды не қалыптастырады? Тәрбие ме, тегі ме?» деген түбі жоқ талас бар. Екі тараптың да өз теориясын дәлелдейтін уәждері жетіп артылады. Қанмен келген қасиет – болмыстың ашылуына қосымша қолдау. Ал оған жүйелі түрде рухани тәрбие берілсе, нұр үстіне нұр болады» дейді бұл орайда кітап қисыны.

Рас, бұл шешуші фактор емес. Бірақ тек дегеннің де өз дегенін істемей қоймайтыны шындық қой.

Сауалдың көкесі: Бейсеннің өз атасы мен нағашылар тізбегі қайдан келді?

Ауылдас ақсақалдардың жеткізуінше, Бейсеннің жеті атасы да молда болған адамдар көрінеді. Бәрі де осы Жетісу өңірі, қазіргі Қызылжар ауылының төңірегін мекендеген. Руы – Қара қаңлы. Өз әкесі Абай болғанымен, шал-кемпірдің қолында бұлаған. Атасы Жанысбек бауырына басып, Шәкәрбану әжесін «апа» деп өсіпті. Атасының өзі де пірге қол берген, уәзипасы бар, сөзі дуалы, елге қадірлі ақсақал болыпты.

Кітап авторы да жоғарыдағы деректерді куәландыра отырып бүй дейді:

«Жанысбек сегіз жасында әке-шешеден жетім қалған. Ол білімге ерекше құмар болып, ауылға бір молда келіпті десе, бір жерде біреу бала оқытып жатыр десе, арнайы іздеп барып, білім үйренеді екен. Байлар баласын оқытуға молда жалдаса, ол сол үйге барып қызметке жалданады. Қорасын тазалап, қи ойып, ақысына ілім алады. Ақыры алты жыл білім жинап, «Әптиекке» дейін жетеді. Сөйтіп жүргенде 1930 жылдардағы молдаларға қарсы зобалаң басталып кетеді. Жанысбектің артына адам түсіп, қуғынға ұшырайды. Ерте есейген бозбала бой тасалап, жекжаттарын паналайды. Сол тұста Қапалда мал дәрігерінің оқуы ашылып жатқан болатын. Мұны естіген салт басты, сабау қамшылы Жанысбек салып ұрып сол оқуға барады. Ол оқуды бітіріп, өмір бойы мал дәрігері болады. 1941 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылдың аяғында ауыр жараланып елге оралды. Ұрыстарда батырлығымен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Харьковте аяғынан, Смоленскіде білегінен ауыр жарақат алған. Жарақатының ауыр болуына байланысты құжаттарға «өлді» деп те жазылып кеткен. Үйіне қара қағаз келеді. Ол кезде Шәкәрбану әже он алты жаста екен. Байының өлгеніне көзі сенгенімен, көңілі сенбепті. Әкесі алып кетпекші болып келгенде де уәж айтып, өзінің орнына ерінің ер-тоқымын ұстатып, кетпей қалып қалады жәнеден мұнысы қайырлы болып шыққан».

Әжесі Шәкәрман (Шәкәрбану) да құдайына жақын адам болыпты. Жалайыр ішіндегі Мырзадан. Қашқын деген аталары Меккеге жаяу барып, қажы атанған екен. Кей аталары сопылық та құрған дейді (Ол кезеңді әже былай деп еске алыпты: «Апта сайын біздің үйге біраз адам жиналады. Әкелеріміз бізге алдын ала шай қойдырады. Үлкен кісілер ішке кірген соң жүз метр жерден үйді торуылдатып қояды. Сөйтіп «Хасби рабби жәл Алланы» айтып, зікір салатын. Зікір біткен соң бәрі терлеп-тепшіп шай ішетін»). Оның төркінінде сөз ұстап ақын, шешен, күш ойнатып көкпар тартып, күреске түскендер де көп болыпты. Тіпті біреулері көкпарда, тағы бірі балуандық етіп, күрес үстінде дүниеден өткен.

Бір айта кетерлік жайт, Жанысбек пен Шәкәрбану соғыстан бұрын отау құрған. Бірақ соғыс аяқталғанша бала тұрмай, шетіней берген екен. Өстіп жүріп, 1948 жылы дүниеге Бейсеннің әкесі Абай келеді. Баланы бүкіл ауыл мойынға бұршақ салып тілеп алған деседі. Жанысбек ауылға қадірлі адам болған соң оның бір перзентке зар болып жүргені бәрінің жанына батады. Сол кезде ауыл халқының дұғасына қосып, Абайды Құдайдан сұрап алады. Кейін де «Ауылдың баласы» деп біліп, бірдеңе бүлдіріп қойса да, ешкім бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді. Абай аға ғылым-білімге құштар болып, он төрт-он бес жасқа келгенде зооветеринарлық техникумда оқиды. Оны бітірген соң әскерге барып, Қиыр Шығыста борышын өтейді. Орысша өте сауатты болғасын әскерде кеңсе хатшысы (писарь) болып қызмет етеді. Қайтып келген соң ветеринарлық міндетіне кірісіп, өмірінің соңына дейін кәсіп қылады. «Абай кітапты көп оқитын еді. Философияға жақын. Білімі анау-мынау профессорды сөзден сүріндіретіндей. Орыс тіліндегі, қазақ тіліндегі көне сөздерді айтып, этимологиясын талдап отырғанды ұнататын» деп сипаттаған замандастары.

Оның жұбайы, яғни Бейсеннің туған шешесі – Ямалиға деген жан. Оның да әкесі Бәйімбет деген молда болыпты. Бұдан бөлек емшілік қасиеті де болған-дүр. Есінен адасқан, жын соққан науқастарды да дем салып емдейтін аузының дуасы болыпты.

Осы жерде Бейсен тағдырына қатты әсер еткен мына бір жайтты айтпай кетуге болмайды:

Бейсен дүниеге келген кезде Абай алыс бір совхозда жұмыс істеп, үйіне аптасына бір рет қана келіп кетіп жүреді. Бір күні әкесі Жанысбек қария ұрсып:

– Әй, бала, ер адам үш күннен артық салт басты жүрмеуі керек. Мына әдетіңді қоштамаймын. Ертең жұмысқа кетерде келінді бірге ерте кет. Жұбайың қасыңда болғаны жақсы. Сонда біздің көңіліміз тыныш болады, – депті. Ол кезде Бейсен тоғыз айлық, емізулі сәби.

– Әке, мына кішкентай Бейсенді қайтеміз? Мен тұрып жатқан үйде нәрестеге қолайлы жағдай жоқ, – дейді. Әкесі:

– Бөпеңді біздің кемпірге бер! Сол бағып қарайды, – десе керек. Содан Ямалиға апа бөпесін енесіне тастап, ертесіне Абайға еріп, совхозға бірге кетеді. Шәкәрбану әже мұны бауырына басып қала береді. Сәби жылаған сәтінде омырауын аузына тосса, Жасаған құдыретімен жібіп, сүт шығыпты. Осылайша Бейсен әжесінің баласы болып кетеді. Абайды – аға, Ямалиғаны –жеңге деп атайды. Есейген соң ғана әке-шешесін анық сезеді. Бірақ әжесінің кенже ұлы болып қала береді.

Дейтұрғанмен бұл жерде ата фактор-ықпалының басым болғанын атап өту керек. С.Керімбайдың жазуынша, Жанысбекті бүкіл ауыл ерекше құрметтеген. Оның екі себебі бар:

Біріншіден, ол күллі ауылға шарапаты тиген адам. Ел арасында «Жанысбек ашаршылықта бір қауым елді аман алып қалған» деген әңгіме бар. Ауылды Жанысбек пен оның құрдасы әрі досы Ақбота деген жігіт құтқарып қалады. Осы ерлігі үшін бүкіл ауыл ол кісінің атын атамай «Жәшаға», «Жәкем» дейді екен. Тіпті ауылдың үлкендері де ол екеуіне қарсы келмей, сыйлап өткен дейді. Жұрт Жанысбекті Қызылжар ауылының іргетасын қалаған адам деп те айтады. Жанысбек өте еңбекқор, малмен бірге бау-бақшаға да жақын болады. Қысы-жазы бір тынбайды, егіні бітік шығып, ағаштары жемістен иіліп тұрғандайын.

Екінші себебі – молдалығында етін. Бірақ ол кісінікі өлім-жітімде жаназа шығарумен шектелетін құрғақ молдалық болмапты. Куәгерліктерге қарағанда, әр күні сағаттап отырып зікір айтып, көзінен моншақ-моншақ жас ағып отырған. Сондықтан төңіректің бәрі оны әулиедей көрген. Сол діндарлығы үшін бала кезінен басталған қуғын өле-өлгенше тоқтамапты. Тіпті беріде «заман түзелді» деген кездерде де газет беттерінде атаны даттап, «діншіл», «ескі көзқарастың адамы» деген мақалалар шығып жатады. Өзін ғана емес, балаларын да қыспаққа алып, талай мәрте комсомолдар жиналысына салыпты. Ақыр соңында кейбірі «Құранбек» деген фамилиясын «Құрамбек» деп өзгертуге мәжбүр болады. Соған қарамастан Жанысбек қария құдайшылығынан бас тартпай күресіп өтеді.

Енді әулет өміріндегі маңызды датаға тоқтала кетелік.

1968 жылы ауыл адамдары атаны молда сайлайды. Жаркентте атақты Тоқпай қажы деген кісі өтіпті. Қызыл империяның кезінде үш рет қажыға барған, өз ажалын бір апта бұрын айтып, екі күн бұрын ағайын-туысқа хабар жөнелткен әулие екен. Сол кісі Жанысбектің білімін жоғары бағалап: «Бұдан артық молда таппайсыңдар. Осы кісіні сайлаңдар», - деп сәлем айтады. Жанысбек ақсақал «Аяғым ақсақ, қолым шолақ, молдалыққа жөнім жоқ» деп бас тартады. Бірақ жұрт «Бұл туабітті кемістік емес, Отанды қорғаймын деп жүріп жараландың. Бұл кемдігің есептелмейді», - дейді. Сөйтіп Жанысбек ақсақал 1985 жылға дейін молдалық қылады.

«Адамды не қалыптастырады? Тәрбие ме, тегі ме?» деген сұраққа қайта ораламыз. Бейсеннің тегіне байланысты инсайдерлер берген қолда бар материалды мүмкіндігінше бердік. Ал тәрбиесіне байланысты оның өзі «Менің атам – жаратылысы ерекше жан болатын. Сырттай қатал мінезді көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, бауырмал болатын. Қазір өткенге үңілсем, ол кісі ешқашан мені отырғызып қойып, «Балам, адал бол! Мықты бол! Әділ бол!» деп әңгіме айтпапты. Ол кісі артық сөйлемей, тек өзінің ісімен көрсететін және тапсырма беріп орындататын. Менің бойыма атамның ең алдымен сіңірген жақсы қасиеттері – еңбексүйгіштік пен тазалық» деп кезінде ағынан жарылған-ды.

Сондай-ақ ол: Біздің үйден қонақ арылмайтын. Атамның кең пейіл құшағы мен апамның мол дастарқаны алыс-жақын туысқан да, көрші-көлеңге де, еш туыстығы жоқ мүсәпірге де дайын тұратын. Қонақ келгенде біздің қолымызға құмған мен орамал бергізіп, үлкендердің қолына су құйғызатын. Қонақтар кететін мезгілде, олардың сырт киімін, аяқ киімдерін кигіздіріп, қызмет қылуды үйрететін. Бұл кішіпейілдік, қамқорлық сабақтары екен» деп те естелік айтқан.

Ал әжесі қақында: «Таңғы бес шамасы. Көрші бөлмеден күбірлеген дыбыс шығады. Бұл апамның дауысы. Жасы тоқсан беске келсе де, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тәртібі бойынша таңнан намазға тұрады. Жамбасындағы сынықтың салдарынан намазды отырып оқуға мәжбүр. Ақ орамалын бүркеніп, аппақ жайнамазын алдына төсеп жіберіп, менің ақ апам жүзін құбылаға жөнелтіп, үрім-бұтағының тілеуін тілеп отырғанда, бетіндегі бір ғасырдың бедері тәрізді әжімдері жазылып, түрі нұрланып кетеді. Апамның өмірі мен үшін бір көркем фильм сияқты. 1924 жылы дүниеге келген апам үш жасында анадан жетім қалған. Заманның тыныш кезінде жәрмеңкеге мыңдап қой айдаған байдың қызы, сол байлықтың жұрнағын да көрмеген. Айнала ашаршылық, аштық, «бай-кулак, байдың тұқымы» деген айдармен алдарындағы малды тартып алған, өздерін отбасымен жер аударып, жол салуға қара жұмысқа айдап әкеткен. Апам бойжетіп қалған кезде әкесі «Қойынында Құраны бар, жүрегінде иманы бар адам, осының етегінен ұста» деп, менің атама қосқан екен» деп бір ақтарылған жәнеден Бейсекең.

Бұл жерде айтпай өтпеуге болмайтын тағы бір деталь бар. Жанысбек жыр-дастан, аңыз-әңгіме, қисса-ертегіні көп біледі екен. Бала-шаға, ауыл жастарын ортаға алып ескінің әңгімелерін айтқанды жақсы көрген. Бейсен әріп танитын жасқа келгенде түрлі дастандарды әкеліп, дауыстап оқытқызатын көрінеді. Бір жерін қате оқып қойса, түзетіп отырады. Яғни тұтас дастанды жатқа білген. Балалары: «Атамыз өзі жатқа білетін дүниені неге бізге оқытып, әуре қылады», – деп түсінбейді. Бірақ кішкентайынан жыр-дастан оқи беріп, кеуделерінің құндылыққа қалайша толып қалғанын байқамай да қалған. Кейін осы оқыған жыр-дастаны рухани ұстынын бекітіп, өмірден сүрінуге, адасып қадам басуға мүмкіндік бермейді.

Бұл деген тегі басты рөл ойнамайды, бірақ тегі мен тәрбие қатар келсе, Бейсендей қоршаған ортасы мен өз қоғамына мән дарытатын, дәуірін дүбірлететін тұлғаның өсіп-өніп шығатынына бір мысал болса керек.

Тектанушылар адам қан арқылы тұқымның 7 күшінің біреуін немесе бірнешеуін алатынын растайды, Оны ғылымда «қақылар» деп те атайды екен. Яғни табиғатта денсаулық, байлық, сәттілік, білім, күш, миссия (қызмет) және махаббат қақылары бар.

«Күштің берілуінің де үш түрі бар: қан арқылы рулық берілу, адамнан адамға ауысу және дәстүр аясында тәрбиелеу (үйрену). Қан арқылы берілу – қазіргі түсінікте генетика. Бұған қабілеттер, таланттар, сонымен қатар көзқарас-дүниетаным, жад элементтері кіреді. «Ішкі мәртебе» дейтін күн астында – өмірдегі белгілі бір орынға деген құқық та тиесілі қақы ретінде қанмен беріледі» дейді тек мәселесімен айналысатын психологтар. Тағы да «Құдайдың әділдігі – барша адамзат қан күшін алады. Бірақ оны бәрі бірдей пайдалана бермейді» дейді. Олардың дәлелдеуінше, тек қуаты пайдаға асу үшін оны барынша сезініп, бағалап, бағытын аңдап, дамыту керек. Әрине, бұл жерде әркімнің өз таңдауы, ерік-жігеріне көп нәрсе байланысты. Көбінесе адамдар пенделікпен керісінше жасайды. Ата-бабалардың күш-қуаты түрлі себеппен қабылданбайды. Мұның басты себептерінің бірі – адам күш сапасы мен оның уақыт шындығындағы көрінісін шатастыратыны екен. Ол тіптен ұрпақтың қалай дүниеден өтуіне дейін де әсер ететін жүйеге ие ұқсайды. Мәселен, Жанысбек ақсақал өлетінінен бір сағат бұрын далаға шығып, күнге қарап отырады да: «Дүние сарыаяқтың ішіне толды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді. Осыны шайқап алмасаңдар болғаны», - депті. Бұл 1985 жылы мамыр айында айтылған сөз. Содан соң үйіне кіріп: «Бәйбіше, төсегімді сал. Бұл сенің соңғы салған төсегің шығар», - дейді. Үйге қарамолда Ысқақ деген кісіні алдырып, Ясин сүресін оқытады. Өзі соған ілесіп оқиды. Сүре оқылып біткен соң қария бала-шағасына қарап, «Ұстамаңдар, «қидым» деп айтыңдар» дейді. Балалары кезек-кезек «қидық, әке», «қидық» дейді. Сол кезде ол кісі де бір рет терең тыныстап, жүріп кетеді. Бұл кезде Жанысбек ақсақал тоқсан жасқа таяған. Енді Бейсеннің де ауыр дертін мойындап, қандай саналылықпен, тағдырды қабылдаумен өмірден өткенін қара!

Шәкәрман әженің де аузынан Алласы түспеген құдайшыл кісі болғанын шегелей кету керек. Оның да жасы жүзге таяп, бақиға аттанғанша қолынан тәспісін тастамай, намазын қаза қылмағаны ағайын арасында жыр болып айтылады.

Қош, Жанысбек қарияның соғыста аман қалуының мынадай да бір хикаясы бар көрінеді: 1930 жылдардан бастап Совет Одағында репрессия басталады. Шағын ұлт өкілдерін бір елден, екінші бір жерге көшіріп қудалау науқаны жүреді. Сондай бір кезеңде еврей ұлтының бірнеше өкілі осы Жетісу өңіріне жер аударылыпты. Қуғын-сүргінге ұшыраған барлық ұлысты қазақ елі кері теппей, бауырына басады. Наны мен айранын аузына тосып, басындағы күркесімен, астындағы көрпесімен бөліскені. Өз кезегінде, Жанысбектің де әлдебір жақсылығына бір ғалым риза болып, оған кішкентай Құран Кәрімді сыйлапты. Құранның көлемі сіріңкенің қорабынан да кішкентай. Бойтұмар ретінде тағуға ыңғайланып жасалыпты. Ұзындығы – 3,5 см, ені – 2 см. Арнайы салып жүретін футляры да бар. Әріптері көзге көрінбейді. Сондықтан футлярдың ішінде арнайы үлкейткіш шынысы (лупа) және бар. Жанысбек соғысқа аттанғанда да осы бойтұмардай Құран кітапшасы өзімен бірге жүрген деседі. Мүмкін қан кешкен ұрыстар кезінде ажалдың аузынан тірі қалуына осының да шарапаты болған шығар. Анығын бір Алла біледі. Бүгінде бұл қасиетті кітап Бейсеннің үйінің төрінде ілулі тұр. Одан бөлек ол шаңырақта бірнеше ескі қисса кітабы мен дұғалар жинағы да көздің қарашығындай сақтаулы. Бәрі де төте жазумен жазылған. Бұлар да атасынан мұраға қалған.

Қазір жерлестері Бейсенге ресми түрде Түркия президенті Ердоғандай шын момын, ізгі де ілімді діндар-молдалардың ұрпағы деп қана баға беруге мәжбүр. Шынтуайтында, ол айтып өткендей елі үшін от кешкен қаһарман батырдың да ұрқы. Өкініштісі, 1985 жылы Жанысбек қария Совет Одағының батыры атағына ұсынылады. Бірақ мұрағаттардағы кей құжаттарда шейіт деп көрсетілгендіктен ол атақ берілмеген. Бұл жерде бар болғаны формальдылық қана болып тұр.

Бейсеннің де қысқа болса да нұсқалы өмірін шола отырып оның да аталары тәрізді Алла құдіреті, ғайыпқа сенетін иманын ешқашан ашық көрсетуге тырыспағанын көреміз. Бәрі ішінде қайнап, ісінде өріліп, алдымен өз-өзімен алысып жеңген сөздің тура да, ауыспалы да мағынасында палуан болған (Айкидодан жоғары дан иегері) деуге болады. С.Керімбай да «Ол «менмін» деген тақуаға нәсіп болмаған биік мәдениетті өз күшімен игеріп алған. Мұсылмандық діни сенімінің өзі қазақы салт-дәстүр деңгейінде ғана байқалатын. Тұсау кесу, азан шақырып ат қою, құран оқыту, жеті шелпек пісіру, шілдехана жасау сияқты кәделерді қаза жібермейтін» деп тұжырады..

Бейсен ғұмырдан бір нәрсе анық байқалады. Күнтізбенің әр күнін мән мен мағынаға толтырып, мүмкіндігінше сол күнге адами із қалдыруға тырысқан нағыз салих. Қорғансыз студенттің бір жылдық оқу ақысын төлеп жіберу, кейде мекемесіндегі немесе бағдарламасына кейіпкер болған жағдайы жоқ жастарды үйлендіріп, тойына атсалысу, тіптен сонша атақ-абырой, басшылық мансабына қарамастан жүкшілерше зат көтеріп, әріптестің көшуіне жәрдемдесу, елдік мәселелер деп, үлкені бар, кішісі бар, тағысын тағылар кете береді. Бір сөзбен айтқанда, транцедентті байлық арқалап маңынан өткен ситуативтік құндылықтың біреуін де қалт жібермеген. Оның бос кеткен бір күні жоқ десе де болады. Ал бұл тамырдағы қанның шақыруы мен көзая көрген дәстүрлі тәлім-өнегесінің, атадан балаға ауысып жұғысқан қасиеттердің, сондай-ақ өзінің де дұрыс өмірлік позиция ұстап таңдауының жемісі екені даусыз. Яки тектік-миссиялық дегдар сценарий-бағдарламаны сәтті іске асырып кету. Оны «Біздің Бейсен» деген естелік кітабы (Құрастырушылар: Е.Айдабосын, Р.Тұрғанбай, А.Жүндібаева, А.Рахаддин, Ж.Шыңғысхан. «Ел-шежіре» баспасы, 2020) рухынан да көруге болады.

«Адамдар брендке айналғанда тұлғаға айналады» деп жатады. Бейсен жаңа замандағы қазақы мұсылманшылықтың қас бренд үлгісі-тін. Қазақ бой түзеуге тиіс, жан-дүниесі, ойына шақтауға тиіс, қазаққа нақ керек биік стандарт.

Марқұмның жары Гүлмира Зербай «Өзінің өлімі де кім екенін көрсетті» деген болатын. Расымен де, ол дүниауи-әлеуметтік емес, ата-баба жолына сәйкес моральдық мәртебеге ұмтылуы арқылы қандай асылдардың сынығы һәм кімдердің тарихи тізбегі екендігін әйгіледі. Тектің күш-қуатын шашпай, қайта ұлғайтып, эстафета сәтті тапсырылды. Енді оның ұрпақтарының емтихан-сынақ сапары басталды.

 

"Мұнара" газетінде жарық көрген "Бейсен Құранбектің асыл аталары" мақаласының автор тарапынан толықтырылған кең нұсқасы,

мәдениеттанушы-философ, PHD докторант

Абылайхан Қалназаров

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер