Төлеубек Мұқашев: Қызылорданың тарихтағы саяси және рухани миссиясы ерекше
17.10.2025, 13:11

Төлеубек Мұқашев: Қызылорданың тарихтағы саяси және рухани миссиясы ерекше

Қызылордада мәслихат төрағалары бас қосты.

 

Қызылорда, 17 қазан. Бүгін Сыр өңіріне облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары аймақтың даму бағыттарымен танысып, тәжірибе алмасу мақсатында арнайы бас қосты. Бұл маңызды сапар ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанына және Қызылорда қаласының Қазақ АКСР астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.

Жұмыс сапары аясында мәслихат төрағалары Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Кездесуге «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашов, сондай-ақ Қостанай, Ақмола, Алматы, Жетісу, Ақтөбе, Абай, Ұлытау, Түркістан, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстық, Шымкент және Астана қалалық мәслихаттарының төрағалары қатысты.
Сонымен қатар, жиынға Қызылорда облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов пен облыстық мәслихат депутаттары да қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы жергілікті өкілді органмен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел дамуына қосқан үлестері үшін қатысушыларға алғыс білдірді.
Басқосуда мәслихат төрағаларына Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толуына арналған естелік сыйлықтар мен арнайы тартулар табыс етілді.

Қызылорда облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бұл – облыс әкімдігі мен мәслихаттың өзара ықпалдастығының, халық мүддесіне бағытталған бірлескен жұмыстың нәтижесі.

Бұл ретте жиында сөз алған Төлеубек Мұқашев: «Бүгінгі кездесуіміз – тарихи тұрғыдан да, қазіргі заманның рухы тұрғысынан да ерекше мәнге ие. Себебі біз Қызылорданың – Қазақ мемлекетінің астанасы болғанына 100 жыл толуын атап өтіп отырмыз. Бұл – ұлт тағдырындағы аса маңызды белес. Қазақ мемлекеттілігінің қайта түлеу кезеңінде дәл осы Сыр елінде жаңа замандағы алғашқы мемлекеттік институттар қалыптасты, алғашқы заңнамалық шешімдер қабылданды, тұңғыш ұлттық басқару құрылымдары жүйеленді» деді.

Сондай-ақ ол Қызылорданың тарихтағы саяси және рухани миссиясын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қызылорда тек астана ғана емес, қазақ рухының жаңғыру ордасы болған. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Елдес Омаров, Темірбек Жүргенов сынды тұлғалар ұлтты өрге сүйреген мемлекеттік идеяларды жүзеге асырды.

Бұдан бөлек мәслихаттар төрағасы Сыр өңірінің ежелгі ерлік тарихына да кеңінен тоқталды:

«Сақ, ғұн, қаңлы, түркі және оғыз дәуірлерінде де бұл аймақ ұлы қағанаттардың астаналары орналасқан саяси өңір болды. Жент, Сығанақ, Асанас, Өзкент, Баршынкент, Жанкент қалаларының даңқты тарихы – соның айғағы. Әбілқайыр ханның билігі кезінде Сығанақ Көшпелі өзбектер хандығының орталығы болды. Кейін Қазақ хандығы дәуірінде де бұл өңір астаналық мәртебесін жалғастырды».

Т.Мұқашев қазіргі заманда мәслихат институтының қоғамдағы рөлі ерекше күшейіп келе жатқанын да атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыру бағытының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне жаңа серпін бергенін айтты.

«Біздің басты міндетіміз – халық пен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі рөлімізді нақты іспен дәлелдеу. Мәслихат депутаттары жергілікті халықтың үні мен мүддесін қорғаушы, әлеуметтік әділеттіліктің алдыңғы шебінде тұруы керек. Бұл – тек саяси міндет емес, азаматтық жауапкершілік, мемлекетшілдік мәдениет көрінісі», – деп тұжырымдады.

Айта кетейік, Қызылорда облысының тәжірибесін ерекше үлгі ретінде атап өтуді де ұмытпады:

«Өңірдің дамуына қатысты шешімдерді қабылдауда мәслихаттың белсенді ұстанымы мен қоғаммен ашық диалог орнату мәдениеті – республикаға үлгі боларлық тәжірибе. Сыр өңірінің депутаттық корпусының табанды еңбегіне алғыс айтамын».

Осы қатарда төрағаның «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ел көлемінде тәжірибе алмасу, үздік бастамаларды тарату және депутаттардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарымен таныстырғанын атап өту керек. Бұл мақсатта бірлестік әзірлеген «Мәслихат депутаты қандай болуы керек?» трактаты мен «Мәслихат депутатының күнделік кітабы» сияқты оқу құралдары депутаттардың кәсіби мәдениетін арттыруға бағытталған.

Сөз соңында Төлеубек Мұқашов Сыр елінің халқына ризашылығын білдіріп:

«Қызылорда – тарих пен тағылым тоғысқан қала. Оның рухани және саяси маңызы мәңгілік. Біз сол тарихи сабақтастықты сақтай отырып, жаңа дәуірдің талаптарына сай кәсіби әрі халықтық мәслихат моделін қалыптастыруымыз қажет. Бұл мерейтой – ұлттың мемлекетшіл рухының мерекесі. Сыр еліне – гүлдену, мәслихаттарға – табысты жұмыс, халқымызға – береке мен бірлік тілеймін!» – деп түйіндеді.

Мұндай басқосулар өңірлер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайтып, жергілікті өкілді органдардың тиімді жұмыс істеуіне жаңа серпін береді.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер