Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында округтерде өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру мәселесіне арналған арнайы жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды silteme.kz.
Кеңес «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Төлеуұлы Мұқашевтың модерациясымен өтіп, онда пилоттық жобаның стратегиялық-тактикалық мақсаттары айқындалып, оның жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және аумақтық дамуды басқаруға халықтың қатысуын арттырудағы маңызы атап өтілді.
Өз сөзінде Т. Мұқашев алыс аудандарда өзін-өзі басқару тетіктерін енгізуде жүйелі тәсілдің қажеттігін, округтердің институционалдық базасын күшейтуді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жергілікті қауымдастықтар арасындағы іс-қимылды үйлестірудің маңызын атап өтті.
«Пилоттық жоба аясында мәслихат депутаттарының өз округтерінде Кеңестер қалыптастырылып, олар аумақтың өзекті мәселелерін анықтау, бюджет қаражаты мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдау, азаматтар мен билік арасындағы тұрақты әрі тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталады. Кеңестер әкімдіктермен бірлесе отырып жергілікті дамуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыспен қамтуды арттыруға және қалалар мен ауылдарда ЖҚШ арқылы қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға жәрдемдеседі. Жобаның іске асырылу барысы тұрақты түрде мониторингтен өткізіліп, нәтижелері бойынша нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Ол 2026 жылдың соңында қорытындыланады», - деп атап өтті РҚБ төрағасы.
Жиын барысында өңірлік мәслихаттардың төрағалары пилоттық жобаны іске асыруға қатысты бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева Кеңестердің қызметін құқықтық тұрғыдан нақтылау мақсатында құжаттамаға «қоғамдастық мүшелері» ұғымы мен тиісті терминологиялық тіркестерді енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар ол жеке қосалқы шаруашылықтарға (ЖҚШ) қатысты бағыттарды қолданыстағы ауыл шаруашылығы бағдарламаларымен үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко өз облысында Успен ауданында пилоттық жобаны өткізу жоспарланып отырғанын хабарлап, Кеңестердің құжаттамасында мақсат-міндеттермен қатар атқарылатын жұмыстардың нақты индикатор-көрсеткіштері айқындалуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол барлық 20 өңір үшін жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, тиімділікті бағалауға арналған KFI (Key Functional Indicators) әзірлеуді ұсынды.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев әр өңірдің әлеуметтік-мәдени менталитеті мен ерекшеліктері ескерілуі қажет екенін атап өтіп, оңтүстік өңірлерде Кеңестер құрамына кейбір әлеуметтік топтарды тарту қоғам тарапынан біркелкі қабылданбауы мүмкін екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол аталған бастама аясында ішкі туризмді дамытудың әлеуеті жоғары екенін айтып, бұл бағытты Кеңестер жұмысының бір басымдығы ретінде қарастыруды ұсынды.
Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев жергілікті деңгейде шешім қабылдау сапасын арттыру үшін партиялық құрылымдар мен аса белсенді қоғамдық ұйымдарды Кеңестердің жұмысына барынша кеңінен тартудың маңыздылығын атап өтті.
Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға мүдделі азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға жәрдемдесу, олардың жаңа бастамаларын қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін көтерді. Бұл, оның айтуынша, ауылдық жерлерде экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын ұлғайтуға ықпал етеді.
Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев қалалар мен облыстар халқының санына қарай депутаттар санын пропорционалды түрде көбейту мәселесін көтеріп, мәслихаттар аппаратын институционалдық тұрғыдан күшейту, штат санын ұлғайту және қызметкерлердің еңбекақысын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл шаралар жергілікті өкілді органдардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.
Кеңес қорытындысы бойынша келесі шешімдер қаралып, қабылданды:
– 20 өңірдің әрбірінде пилоттық жобаны іске асыру үшін бір ауданды таңдап, жұмыс бастау мен күн тәртібін түзу;
– округтерде пилоттық жобаны іске асырудың бірыңғай ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерін айқындау;
– мәслихаттар, әкімдіктер және жергілікті өзін-өзі басқару институттары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту;
– өзін-өзі басқару саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
– пилоттық жобаны кезең-кезеңімен ауқымдандыру жоспарын әзірлеу;
– жобаның іске асырылу нәтижелерін мониторингтеу және бағалау жөніндегі жұмыс тобын қалыптастыру.
Кеңеске қатысушылар бұл бастамалардың түпкі мақсаты жергілікті жерлерде мәслихат депутаттарының рөлін арттыру, олардың институционалдық позициясын күшейту және тиімді жұмыс істеу кеңістігін кеңейту екенін бір ауыздан атап өтті.
Сонымен қатар қатысушылар эксперименттік форматтан ашықтық, жауапкершілік және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысу қағидаттарына негізделген орнықты жергілікті өзін-өзі басқару моделіне кезең-кезеңімен көшу қажеттігіне де кеңінен тоқталды.
Кездесу соңында Т. Мұқашев пилоттық жобаны іске асыру халықтың нақты қажеттіліктеріне және аумақтардың дамуына бағдарланған заманауи жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастырудың негізі болуы тиіс екенін атап өтті.
Жұмыс кеңесіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ өкілдері, қалалық және облыстық мәслихаттар төрағалары қатысты.
Айта кетейік, бұл пилоттық жоба 2025 жылдың желтоқсанында осы Сенат қабырғасында жергілікті өзін-өзі басқару кеңестерін құру жөніндегі жобаны талқылауға арналған арнайы жиын барысында мақұлданып, жүзеге асыруға екпін берілген еді. Ол басқосуға ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары, Кеңес төрағасы Жақып Асанов, Сенат жанындағы Кеңес мүшелері, өңірлердің мәслихат төрағалары, депутаттар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысқан болатын.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.